Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Шығармалар жинағы

21 қараша 2013, Бейсенбі
Категориясы: Әдістемелік көмек
Кіріспе.
Мектепте берілетін білім негіздері – мейілі ауызша, мейілі жазбаша болсын, бәрі де тіл арқылы меңгертіледі. Оқушылар ана тілін жақсы білуі, тіл байлығының мол және сауатының жоғары болуы – ғылымның басқа салаларын терең білуіне, ақыл - ойының кеңеюіне жол ашады. Сондықтан тіл мен әдебиет пәні мұғалімдеріне жүктелер жауапкершілік пен атқарар істің жүгі жеңіл емес екені баршамызға мәлім. Оқушы айтайын деген ойын дұрыс жеткізе білу керек. Сол үшін әр сабақта тіл дамыту жұмыстарын өткіземіз. Тіл дамыту жұмыстары ауызша да, жазбаша да болады.

Ал, осы «Шығармалар жинағына» Қосағаш ауданындағы оқушыларға шығарма жазуда үлгі болсын деп жинақтап отырмыз. Осындай жинақтардың жоқтығынан оқушыларымыз шығарма жазуға шорқақ. Сол себептен шәкірттерге үлгі болсын деген мақсатпен осы үлгіні жазуға ойландық. Осында шығарманы рәсімдеуге қойылатын қандай талаптар бар екенін, қалай жазу керектігін көрсетуде. Ұлы Абай қарасөздерін жазғанда: «Кімге қажет болса, сол жазып алсын, не оқып көрсін, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі» деген еді. Әрине, Абай Құнанбаев - теңдесі жоқ ғұлама. Бірақ болмасаң да ұқсап бақ дегендей, осы жинақ Қосағаш ауданында қазақ тілін білемін деген жас шәкірттерге өте пайдалы демекпіз. Сонымен бұл жинаққа Халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған оқушылардың да шығармалары еніп отыр. Үлгі болсын деген мақсатпен Қазақстанда тұратын отандастарымыздың да шығармаларын кіргізіп отырмыз.

Оқушылардың өздері шығарған өлеңдерін де енгіздік.
Шығарма жазуға байланысты естелік.
1. Таңдаған тақырыбыңды әбден ойлан
2. Тақырыбыңды ашатын жоспар құр, жоспарың нақты жасалсын.
3. Эпиграф таңда. Тақырып пен негізгі идеяны ашуға сәйкес алынсын.
4. Тақырыбыңа байланысты тірек сөздерге зер сал.
5. Шығармадағы пікірлердің реті мен жүйесін сақта.
а) тақырыптан ауытқыма;
ә) негізгі бөлімге дәлел келтір;
б) негізгі пікірлер жүйесін сақта;
в) қорытынды негізгі пікір төңірегінде жазылсын.
6. Шығарма тіліндегі сөздердің айқын, сөйлемің орамды, түсінікті болсын.
7. Сөйлемде стильдік жағынан қателік жібермеуге тырыс.
8. Шығарманы оқыған кезіңде, тыныс белгі қателеріне ерекше назар аудар, ұмытып кетпес үшін, байқаған қателеріңді бірден қойып, сауатты жаз.
9. Дәптердегі ақжиек (абзац) сақталып, әріптердің түзу жазылуына назар аудар.

Шығарманы жазғанда қойылатын талаптар.
1. Шығарманың тақырыбы тырнақшаға алынбайды. Цитата алғанда ғана тырнақша қоямыз.
2. Эпиграф парақтың оң жағына тырнақшаға алынбай жазылады. Эпиграфқа алынған жолдардың авторының фамилиясы эпиграфтың астына жақшаға алынбай жазылады. Қай шығармадан алынғанын көрсеткенде, шығарманың аты тырнақшаға алынады.
3. «Жоспар» сөзі бар болса, эпиграфтың астына, эпиграф болмаса, шығарма тақырыбынан кейін жол ортасына жазылады. Жоспар дегеннен кейін қос нүкте қойылады.
4. Жоспар үш бөлімнен тұрады: I Кіріспе.
II Негізгі бөлім.
III Қорытынды.
а) Әр бөлім рим цифраларымен белгіленеді, одан кейін нүкте немесе жақша қойылмайды.
ә) Негізгі бөлім араб цифраларымен (жақшаға алынбай) белгіленген аз дегенде екі тармақтан тұрады. Әр тармақтың атынан соң нүкте қойылады.
б) Егер шығарма үлкен (көлемді) болса, жоспардың кіріспе, қорытынды бөлімдері де тармақтарға бөлінеді.

5. Шығарма бөлімдерінің, тармақтарының атауларын келесі жолға тасымалдауда рим, араб цифраларының астыларына сөз жазылмайды, цифралар оқшау тұрады.

6. Шығарма бөлімдерінің, тармақтарының атауларынан кейін нүкте қойылады. Келесі атау бас әріппен жазылады. Егер тармақ тармақшаларға бөлінсе, тармақшаның соңынан нүктелі үтір қойылады. Бұл жағдайда тармақша атауы кішкене әріппен жазылады. Соңғы тармақшаның атауынан кейін нүкте қойылып, келесі тармақ не бөлім атауы бас әріптен басталып жазылады.

7. Шығарма бөлімдерінің, тармақтарының атаулары аз сөзге көп мағына сыйғызуы, мазмұны ауқымды болуы қажет. Мысалы «Абайдың табиғат лирикасы» деген шығарма тақырыбына ұқсас жалпылама атау жоспарларының бөліміне атау бола алмайды. Оның орнына «Абайдың табиғат лирикасының өзіндік ерекшелігі» деген сияқты атау жазған дұрыс.

8. Жоспар бөлімдерінің атауларында етістік (тұйық райдан басқа) болмайды. Мысалы, «Абай қазақ халқының ұлы перзенті болып табылады» деп жазуға болмайды. «Абай - қазақ халқының ұлы перзенті» деген дұрыс.

9. Жоспар тақырыптары сұраулы сөйлем болмаған жөн.

10. Егер жоспарда цитата қолданылса, оны тырнақшаға алып, автордың фамилиясы цитатаның соңынан жақшаның ішіне жазу қажет.

11. Шығарма жоспарға сәйкес азат жолдар арқылы жазылады.

12. Шығармада кездесетін мезгіл көрсеткіштері цифрамен: ғасыр – рим цифрамен, жыл, күн – араб цифраларымен, басқа сандар сөзбен жазылады. Ғасыр атауы араб цифрамен жазылмайды, жазылып кетсе, қатеге саналмайды, ол үшін бағаны төмендетуге болмайды.

«Ескендір» поэмасындағы зұлымдықтың өкілі.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сия ма айтыңдаршы?
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.
А. Құнанбаев.

Теңдесі жоқ ақын, қазақтың жаңа сипатты жазба әдебиетінің көшбасшысы, ағартушы - демократ, есімі дүниеге кең тараған А. Құнанбайұлының айбынды тұлғасы бүгінгі күні қазақ әдебиетінің асқақ аспанында аңыздағы асыл бейнедей жарқырайды. Абай бүгінгі күнгі біртұтас шаңыраққа бірігіп отырған халықтардың келешегін болжаған кемеңгерлер арасынан өзін құрмет тұтып қастерлейтін оқушылар мен достарын тапты. Оның шығармалары көптеген тілдерге аударылды.
Қазақ халқының ғажайып ұлы Мұхтар Әуезов Абай туралы өзінің роман – эпопеясында ыстық ілтипатпен, тамаша шеберлікпен көрсеткен. Міне, содан соң абай даңқы елімізге, одан тыс жерлерге бұрынғысынан да кең таралды. Сөйтіп, ел жайындағы әңгіме Батыс пен Шығысты емін – еркін шарлауға шықты.

Абай поэзиясы – қазақ поэзиясының шыңы. Оның қаламынан туған «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба», «Сегіз аяқ» және басқада өлеңдері өнегелі сөзге айналды. Ғұлама ақынның «Ескендір», «Әзімнің әңгімесі», «Масғұт» атты үш поэмасы бар. Бірақ ақын поэма жазуды мақсат етпеген, сондықтан да оған аз тоқталған деп ойлаймын. Соның ішінде «Ескендір» поэмасында айтылған оқиға қазақ топырағынан тыс жатыр. Бұдан ғана емес, сонымен қатар өзге халықтардың тарихына да қалам сілтегендігін аңғарамыз.
Поэманың аты айтып тұрғандай, оқиға оның басты кейіпкері Ескендірге байланысты өрбіп отырады. Ескендірдің шын аты Александр Македонский. Ол – Мысыр елінің патшасы. Ақын поэмасының басында Ескендірді былай таныстырады: «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары оған мекен
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен»,-
деп, оның қызғаншақ, көрсе қызар, мақтаншақ екенін аңғартады. Жиырма бір жасында таққа отырған Ескендірдің бойы толған жауыздық пен дүние қоңыздық екендігін ақын былайша көрсеткен.
Сұмдықпен әскер жиып қаруланды,
Жақын жерге жау болып тура аттанды.
Көп елді күтінбеген қырды – жойды.
Ханды өлтіріп, қаласын тартып алды»,- дейді.
Әр ханды жаулап алған сайын оның байлыққа деген құлқыны арандай ашыла түсті. Ескендірдің атын естіп – ақ қорыққан қошеметшілері «Ханның ханы, патшаның патшасы», - деп атағын талай жерге апарған. Атағы мен даңқы, байлығы мен шаттығы тасыған патша есепсіз әскер жиып, естіген елін жаулап ала берген. Жер жүзін жаулап алмақшы болған Ескендірдің алдынан қиыншылық шыға келеді.
«Сандалды сар далада су таба алмай,
Шөлдеген жұрт қайтеді, бос қамалмай?
Қызметкердің бәрін де өлтірмекші
Болыпты шөлдегенде шыдай алмай», - деген жолдардан оның төзімсіздігін, өз адамын өзі өлтірер қанішер екенін көреміз.
Жол – жөнекей мөлдір су, тәтті бұлаққа кезігіп: «Бұл неткен су? Не де болса бір бай елден шыққан болар, шапшаң өрлеп, шаһарын алыңдар», - деп жарлығын шашады. Ол су ішіп аман - есен қалғанына қанағаттанбай, сол жауыздығына жол беріп, елін жауламақшы болады.
Осы поэма негізінен әділдік пен жауыздықтың тартысынан құралған. Жауыздыққа жетелейтін нәрсе күншілдік, қызғаншақтық, аранының ашылуы, тоймайтын жебірлік, озбырлық екендігін А. Құнанбаев көрсете келіп, соған қарсы әділдік, даналықты ұсынады. Оны поэманың мына жерінен көруге болады. Сұм патша бұлақ бойымен жүріп отырып, қақпасы бекітулі алтын қорғанға келеді. Өзін күзетшімін деп таныстырған шал: «Қақпаны саған ашар рұқсат жоқ, бұл – құдайға бастайтын қақпа»,- дейді. Амалы құрыған патша жұртқа мақтанып көрсететін сый сұрайды. Берген сыйлықты ашып қараса, ішіндегісі адамның бас сүйегі екен. Осылайша қақпа мен адамның көз сүйегін әділдікке бастайтын жолдың символы ретінде алып, ол жұмбақты ақылға шештіреді. Ақылдың иесі – Аристотель арқылы Ескендірдің жауыздығын өзіне мойындатып, қан төгуден бас тартқызады. Оны поэманың мына жерінен көруге болады. Аристотель Ескендірге:
«Бұл адам көз сүйегі, - деді ханға, -
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр, көзіне құм құйылғанда», - дейді.
Ақын әрі ғалым, әрі адамгершілік иесі – Аристотельге Ескендірді бағындырып, бас игізеді, әділдікке жауыздықты жеңгізеді. Ескендір образы арқылы хан мен патшаны бейнелеп, халықты ел жаулағыш патшадан жирендірмек болса, Арестотельді әділдіктің үлгісі қылып, айтайын деген ой – пікірдің қазығы етеді. Ақын айтқандай, әрқашан жауыздықты әділет жеңіп отырады. Неміс – арам ниет басқыншыларының дүние жүзін жаулап болған жауыздығын да әділдік жеңіп, олар өз жерлерінде талқандалды.

Қазақ тілі – ана тілім.
Сүйемін туған тілді – анам тілін
Жөргекте жатқанында берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты,
Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным...
С. Торайғыров.
Тіл қай ұлтта болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – қай елдің болса да мақтанышы. Ол - атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиіс.
Амал не, туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Тіпті туған тілден безетін сорақыларды да көргеніміз бар. Мұндайларды кездестіргенде, Паустовскийдің: «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік», - деп ашына айтқаны ойға келеді.
Өкінішке орай, соңғы кезде көптеген жастар ана тілінде тұрпайы сөйлейді. Төл тілінде сөйлеуден безу - ақ сүтін беріп, асыраған анаңды ұмытумен бірдей. Ана тілі - ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Құрметті ақынымыз Қадыр Мырзалиевтің:
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,-
Өз тіліңді құрметте!» - деп тұжырымы – жастармен қатар үлкендерге де қойылатын талап.
Қазақ тілі – өзінің даласындай кең п1шілген жайдары тіл. Оған қысылып – қымтырылу асығып – аптығу ерін ұшынан шүлдірлеп – былдырлау мүлде жат. Қазақ нені айтса да ауызды тастырып айтады. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің ерекшелігі – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқақ әуенділігі – шырқап салар әніндей. Шешендердің аузынан шыққан қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз келісім, іштей үйлескен ырғақ болады.
Өткен ғасырдың басында қазақтың тұңғыш ғалымы, әрі рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тіл, діл дін және жазу. Осылары болса ғана әр халық өзінше халық. Егер бұлардан айырылса, ол ел болудан қалады. Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады», - деген еді.
Дүниеде ана тілінің адамға беретін рахат – ләззатының орнын басқа еш нәрсе толтыра алмайды. Кейде қазақ болып туғаным үшін және ең бай сұлу тілде сөйлегенім үшін өзімді бақытты сезінемін. Қазақ тілім – шын шебердің қолынан шыққан домбыра тәрізді деп өз тіл туралы шығармамды аяқтаймын.


Мұрзағұлтегі Айымгүл
11 – сынып оқушысы. 2005 жыл.

Даланың дара ұстазы.
Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін, ең алдымен азаттық пен білім керек.
Шоқан Уәлиханов.
Жоспар:
I Кіріспе
1. Халық перзенті – Ыбырай.
II Негізгі бөлім
1. Адамдық қасиет таратушы ұлы педагог.
2. Табиғат танудағы ақын ұстаздығы.
III Қорытынды
3. Даланың данышпан ұстазы.
Әр халықты болашаққа бет алған тарихи даму жолында өшпес
жұлдыздай болып есімі ерекше аталатын ірі тұлғалары болады. Соның бірі қазақ сахарасында өмір сүрген, халықтың данышпан перзенті, даланың дара ұстазы – Ыбырай Алтынсарин.
Ыбырай – өз заманының ірі қоғам қайраткері, тұңғыш педагогі. Қазақ балаларына білімнің кілтін ұстатып, тұңғыш мектеп жүрегі болған алғаш мектеп ашушы. Халықты қараңғылық бұғауынан құтқарып, көңілдеріне көрікті ой, көздеріне нұрлы сәуле тастап, көкіректерін оятуды көздеген халық қамқоршысы. қазақтың жан сезімін, ішкі дертін тап басып тани білген тамыршысы. Өнер - білімнің қандай жолға апаратынын, оқудың мұратқа жеткізетіндігін тұңғыш рет қазақ даласына паш еткен дара ұстаз.
Ыбырай шығармаларының өзекті тақырыбы өнер - білім, еңбек, тәрбие болды. Осындай асыл қасиеттер арқылы жас ұрпақты ұқыптылыққа, адамгершілікке баулиды. Адамгершілік қасиеттерді «Шеше мен бала», «Бір уыс мақта», «Мейірімді бала», «Әдеп», «Әділдік» деген шығармаларынан көруге болады. Ал «Байлық», «Өрмекші құмырсқа, қарлығаш» және «Қыпшақ Сейітқұл», «Бай баласы мен жарлы баласы» атты әңгімелері жастарды еңбекке баулиды. Ыбырай: Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық,- деп жастарды өнер - білімге шақырады. Соларға арнап «Қазақ хрестоматиясы» атты кітапты тұңғыш рет қазақ тілінде шығарады. «Бұл кітап жасөспірімдерге ғана емес, сонымен бірге жалпы халыққа арналады»,- деп жазды Ыбырай. «Қазақ хрестоматиясының» тілі жаттық, ойы терең еді. Ол кітапқа оқыған адамға ой тастайтын, көңілге тоқырлық мәні терең де астарлы шығармалар енгізді. Сол кездегі халықтың ой - санасы ғылымнан гөрі өлеңге, әңгімеге жақын болған еді. Ыбырай сондықтан да, осы кітапты сол халықтың ой - санасына негіздеп шығарған. «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесінде бай баласы Асанды жарлы баласы Үсемен салыстыра отырып суреттейді. Үсен - қиыншылықты көп көрген, сол қиындыққа қарсы тұра білетін, еңбексүйгіш бала. Ал Асан осыған қарсы. Осы шығарма арқылы Ыбырайдың айтайын деген ойы еңбексүйгіштікке, қиындыққа төзе білуге, ақылдылыққа, өнерге тәрбиелеу.
«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» шығармасы - көпті көрген әкесі мен жаңадан гүл жарып келе жатқан жеткіншек арасындағы әңгіме. Мұнда әкесі баласына өрмекші, құмырсқа қарлығаш арқылы өмір сүрудің әліппесін түсіндіріп, жақсылық пен жамандықтың жігін ажырата білетін халге үйретеді және кішкене жәндіктердің босқа жатпай өз тамағын табу үшін тырбанып жүргендігін айта келіп: «Сен де өз тамағыңды адал ниетпен тауып жеуге үйрен» өйткені «Ісі жоқтың асы жоқ», Бекерден тәңірім безеді» демекші, «Сен де уақытыңды босқа өткізбей таза еңбек ет», - дейді.
«Әке мен бала» әңгімесіндегі кейіпкерлер де басқа адамдар емес, әкесі мен баласы. Бұл әңгімеде жазушы бір ғана әкесі арқылы бүкіл ата - ананың балаға деген тәрбиелік жолын көрсетеді. Бірақ оның негізгі айтайын деген ойы бұл емес, басқа еді. «Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жүмысқа тап боларсың, азға қанағат етпесең, көптен құр қаларсың», - деп жастарды қанағатшылыққа, жалқаулыққы қарсы тұруға шақырады.
Міне, осы әңгімелерден де Ыбырайдың ұстаздық тұлғасын анық қөруге болады. Өйткені ол айтайын деп мақсат тұтқан ойын шығармалары арқылы оқушы қауымға анық та, түсінікті етіп жеткізеді.
«Атымтай Жомарт» әңгімесінде біріншіден, байлық қолдың кірі екендігін, екіншіден, баймын деп аспау керектігін, үшіншіден, еңбекпен табылған нанның тәттілігін, төртіншіден, «Бақ басқа қонған құс, ұшады да кетеді» деп имандылықтан шықпай, кем - кетіктерге қол ұшын беріп көмектесу салауат екендігін уағыздайды.
«Бақша ағаштары» атты шығармасында атасын бағбанға, баласын ағашқа теңейді. Атасының баласына «қисық ағаштары болса, кесіп тастау керек» деп айтуының өзінен де жаман қылыұтардан арылтып, жақсылыққа баулитындығын көреміз. Бала кішкентай кезінде қандай тәрбие алса, кейін өзінің бойынан табылатын қасиеттер де сондай болмақ. Бұдан шығатын қорытынды «Ұяда не көрсең, ұшқанда слны ілерсің». Осы әңгіме арқылы түйінделетін негізгі ой тәрбие, ата - анамен бала арасындағы қарым - қатынас. Міне, біз бұл әңгімеден «тәрбие бесіктен басталады» деп қорытқан Ыбырайдың данышпан ұстаздығын көреміз.
«Сараңдық пен жинақтылық» әңгмесінде аз нәрсені азсынбай қадірін біліп жинасаң, жақсылыққа жететіндігіңді, сол арқылы халыққа пайдаң тиетіндігін айтады. Өйткені қандай нәрсе болмасын бірден көбейіп кетпей, аздан құралады. Сондықтан да бұл әңгіме ұқыптылыққа, жинақтылыққа, қанағатшылыққа үйретеді.
«Салақтық» әңгімесінде жазушы Кәрім деген шешен арқылы салақтықты сынайды. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деп бірінші өлімнен достары алып қалып еді, екіншісіне өзі барып қайта ұрынды. Бұдан әңгіменің аты айтып тұрғандай - ап салақтықтың ауру екендігін, тазалық болмаған жерде істің алға баспайтындығын айта келіп, салақтықтан тазалықтың рөлі басым екендігім жастарға үлгі етіп отыр.
«Мейірімді бала» шығармасында бір төренің қатал заңға тап болып, қолы кесілетін уақыт таянғанда, қыз бала әкесінің бар күнәсін өз мойнына алып, ол үшін жауып біреуін де бір үлкен ерлік іс деп айтуға болады. Бұл әркімнің де қолынан келе бермейді. Қыз баланы осындай ерлікке апарудың себебі неде? Өйткені балның әкесіне сүйіспеншілігі сонша зор. Яғни бұл әңгімеден әке мен қыз баланың аралығындағы мейірімділікті көреміз.
Дүниедегі ең ескірмес мұра, сарқылмас дәулет өнер - білім деп түсінген Ыбырай «Кел, балалар, оқылық» деп өлең жазады. Ұлы педагог:
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырық жағылар...
... Мал - дәулеттің байлығы
Бір жұтасаң жоқ болар,
Оқымыстың байлығы
Күннен - күнге көп болар,-
деп, мал - дәулетті өнер - білімге қарсы қояды. Тіршілікте мал - мүліктен гөрі өнер - білімнің маңызы күшті деп түсіндіреді.
Сиса көйлек үстіңде
Тоқуменен табылған...
Өнер - білім бпрлығы
Оқуменен табылған,-
деп, өнердің еңбектің еш қиындықсыз келмейтіндігін айтады. Адамға еңбек ету парыз екендігін, онсыз ешнәрсе өнбейтіндігін, еңбек - өмір кілті екендігін уағыздайды.
Оқу білген адамдар
Май тамызған қылыштан,-
деп, оқу арқылы аңсаған арманыңа қол жеткізуге болатындығын сол кезде ертегіде айтылып жүрген ұшқыш кілем, қазіргі ұшақ, тыңғыш, қазіргі радио, телевизорларды қиялдамай - ақ, өнер білгеннің нәтижесінде өмірге пайдалануға болатындығын айтады.
Әлпештеген ата - ене
Қартаятын күн болар,
Қартайғанда жабығып,
Шал тоятын күн болар.
Ата - енең қартайса -
Тіреу болар бір оқу,-
деп, мал кетсе де білім кетпейтіндігін, тіпті оқу арқылы қартайға ата - ананы да асырауға болатындығын айтады.
Табиғат адам үшін жаралыпты,
Бар қызық табиғаттан таралыпты,-
деп, С. Торайғыров айтқандай, адам мен табиғат егіз. «Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың мұны айтар тілі жоқ» дегендей, табиғатсыз өмір сүру мүмкін емес. Табиғат - адам баласының ғұмыр кешетін тіршілік ортасы. Табиғатқа өлең арнамаған бірде - бір ақын жоқ. Соның бірі - Ыбырай. Ол табиғатқа арнап «Өзен» өлеңін жазады. Бұл өлеңнен тіршіліктің тамырын, жомарт бейнесін көз алдымызға келтіреміз. «Ағаш жапырағымен көрікті» демекші, өзен де өзінің сабдырлап бір қалыпты ағауымен, тіршіліктің кқзі болуымен құдіретті. Оның адамға әкелген сыйы да өлшеусіз.
Тас таста, алтын таста сынамаққа
Сонда да аққан өзен қалыбында,-
деген жолдарында мен өзінмен деп тасымайды, «Сен де сол сияқты бол, асып - тасыма, істеген жақсылығың үшін ешкімге міндет етпе» деген ойды көруге болады. Міне, бұл өлең адамның жақсы көңіл күйін білдіретін қарапайым өлең сияқты болып көрінгенімен де, мәні тереңде жатқан, жастарға үлгі - өнеге, тәлім - тәрбие беретін қаншама астарлы ой жатыр.
Сондықтан, біз бұл өлеңнен де Ыбырайдың ағартушылық, ұстаздық көзқарасын айқын көреміз
Сонымен, қорытындылай келе Ыбырай Алтынсарин ізгілік отын адал жүрегінде мәңгілік орнатқан, жарық жұлдызды алаулаған отқа айналдырған, жазушылық қызметінің түп қазығын оқумен, өнер - біліммен сабақтастырған, ақындық шабытына дем беріп, жазушылық қиялына қанат бітіретін зор нысанасын қараңғы қазақ халқының көзін ашып, көкірегін оятуға арнаған даланың дара да, данышпан ұстазы деп танимын.

Құлагер - аттың тұлпары.
Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жалтаң қаққан.
Мінсең - ат, ішсең - қымыз, жесең - қазы,
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан.
Атты артық көрген елміз міңген тақтан.
Қызық - ақ біздің бәйге қырда шапқан
Шыдарма қазақ жаны ұшып кетпей.
Аттарға шаң шығарып келе жатқан.
Ергеней Маратұлы.
Қазақ халқы қонақжайлы, көшпелі, атқа мініп ойын сауық салған елміз. «Ат – адамның қанаты»,- деп бекер айтылмаған. Бүкіл өмір бойы адамның жан серігі жылқы, биенің сүтін ішсең шипа, дәрі, мінсе көлік, жесе күшті тағам. Ата - бабаларымыздың заманынан бері аты бар үйді ең бай, беделді жанұя деп есептелген. Қазіргі заманда Қосағаш ауданында бәйге, теңге алу, аударыспақ сияқты ұлттық ойындар жақсы дамып келеді. Ауданымыздың сері жігіттері, Имамағызамтегі Ынтымақ, Чоюнов Седембал, Дилеков Мирон, Жатқамбайтегі Мейірім, Мұғыражтегі Болатжан, Әбілғазытегі Жанайдар, Ачубаев Гена өздерінің жүйрік аттарын қатырып, бәйгеге қосып жүр. Сонымен қатар, ала жаздай бие сауып, қымызбен ауданымызды қамтамасыз ететін аталарымыз және жігіттер де аз емес. Олар: Қожатегі Бекжан, Нұғымантегі Серикжан, Мұхтархан және Сәбетхан аталарымыз. Жылқыны қазақ халқы өте қадірлеген. Бес жастағы ұлын сүндеттеген соң, оған тайды сыйлыққа беріп, оған отырғызған.
Әдебиет сабағында батырлар жырын, Абайдың «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» өлеңін оқыған кезде мұғаліміміз ат туралы талай қызықты әңгімелер айтқан. Сондай - ақ үлгі болар Қобландының – Тайбұрылы, Алпамыстың Байшұбары, Ақан серінің – Құлагері туралы бізді қызықтырып талай әңгімелерді баяндаған еді. Ат десе ішкен асымды жерге қоя салып жүгіре жөнелетін мен, үйге келе сала, бірден «Құлагер» поэмасын оқуға кірістім.
«Құлагер» поэмасының негізгі кейіпкері – Сарарқа өңірінің ардагер ақын - әншісі Ақан сері Қорамсаұлы және оның жүйрік тұлпары Құлагер туралы екен. Ілияс жансүгіров өзінің шығармасында Ақан сері өміріндегі трагедияны көрсеткен. Мұнда тарихи шындық суреттеліпті. Ақанның серігі – Құлагер. Ол талай жарыстарда бәйгенің алдын бермеген, Арқа еліне танымал жүйрік. Құлагерді Ақан Шөкетай деген кісіден бір ат, бір сиыр және жиырма бес сом ақша беріп сатып алған. Ол жүйрігін қайда жүрсе де жанынан тастамаған. Құлагер сондай мықты ақылды ат болған. Құлагер дөненінде шабысқа түсіп, алдына жан салмайды. Сол заманда ел – елде ас – жиындар көп болатын. Сонда болған бәйге жарыстарда үш жүз, төрт жүз аттың алдында жеке – дара озып келіп жүрген. Міне, осылайша Құлагердің даңқы үш жүзге тараған екен. Ақанның Құлагерден басқа өзінің сүйген құсы Қараторғайы мен жүйрік тазысы Базарала болған. Жер – жерден Ақан жүйрігінің даңқын естіп, атын, құсын, итін сатып алуға келушілер көбейеді. Бірақ қанша мал, дүние берсе де, сері үш досынан айырылғысы келмейді. Өйткені бұл оның саяткерлік тірлік – тынысымен біте қайнасып кеткен үш бірдей тірегі болатын. Бірде осындай жүйрігін Керей руынан шыққан Сағынайдың асына мініп келеді. Аста көптеген сайыстар өткізіледі, атап айтқанда, балуан күрес, ат жарыс, түйе жарыс сияқты. Осында болатын бәйгеге Құлагерді көп дайындайды. Бұл бәйгегеүш жүз жиырма үш ат қосылады. Бәрінің алдында келе жатқан Құлагерді Ақанмен өштесіп жіргенБатыраш, Қотыраш деген байлар соққыға жығып өлтіреді.
«Құлагерді» оқығанда, мен де Ақан серімен бірге күйіндім, оны аяп, аяулы жануарды мерт қылған жауыздарға лағнет айттым. Қаншама елдің мақтанышы болған жүйрікке жандары қалай ашымай өмір сүріп жүрген адамдар қазіргі кезде болмаса екен деп тілеймін. Одан да халқымның серігі, көлігі, ішсе шипа болатын қымызы мол болып, үйір – үйір жылқы, жійріктері көбейе берсе екен деп, өз шығармамды аяқтаймын.
Самархантегі Данияр 7 «В» сынып, 2012 жыл.

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға.

Кім ұғады оқушының тілегін,
Кім ұғады оқушының жүрегін.
Ұғатын кім үйден аттап шыққан соң,
Ұғатын сіз сияқты ұстаздар деп білем.
Әдебиет сабағынан «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген тақырыпқа шағын шығарма жазған едік. Адам баласы үшін қасиетті, ең ардақты сөздің бірі - ұстаз. Ұстаз күн сәулесіндей өз шуағы шәкірттеріне шашады. Ұстаз екінші анаң. Мен шығармамды әрі ұстаз, әрі аяулы ана, әрі ақылшы әже болған адам - Чәмчәбән Бөкешқызына арнағым келді.
Алаш Қожабайұлы атындағы Төбелер орта мектебінің еңбек сабағының мұғалімі Чәмчәбән Бөкешқызы бүкіл ауыл тұрғынына ғана емес, аудан, Ресей көлеміне аты шыққан ұстаз. Ол кісінің өз сабағына шеберлігі жетерлік адам, әр баланың жан дүниесін танып, ақылын айтатын жан. Өз оқушыларының жарқын болашағына жол ашып, еліне тірек болар азамат қылып, әрбір баланы өз баласындай сүйіп, мейірімділігін көрсетеді. Апайымыз біздің мақтанышымыз. Чәмчәбән апайдың ұстаздық етіп, жас ұрпақты тәрбиелеп, еңбекке баулып, біліммен сусындатқанына биыл табаны күректей тұп - тұра 44 жыл толыпты.
Иә, иә, бұл - аз уақыт емес, бірақ апайымыз балаға үйретуден еш уақытта жалыққан емес. Осы ұстаз өте қарапайым, адамгершілігі зор, жұмсақ мінезді, ақылды келешек үшін тырмысып, жан аямай күрескен адам. Еңбек еткен жылдарында оқушыларды көп нәрсеге үйретті. Бізде сабақ бермесе де, мен ол ұстазды сыйлаймын, маған өте ұнайды. Чәмчәбән апай үнемі ортамызда жүре беріңіз! Осы ұстаз апамның алдында әрқашан бас иемін!
Төбелер орта мектебінің 8 - сынып оқушысы

Қожабайтегі Асылдос
2011 жыл.

Халқын сүйген жүрек
(Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларындағы күрескерлік рух).
Жоспар:
І Кіріспе
1. Сөз көсемі – Ахмет.
II Негізгі бөлім:
1. «Адам қайғысы – заман қайғысы.
2. Маса – қазақ оқушысына естілген екінші ұран.
3. Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ...
III Қорытынды:
1. Ахмет – ағартушы, публицист.
2. Ахмет – ұрпақ атасы.

Ахмет Байтұрсынұлының жасаған барлқ еңбегі, қорлығы,
көрген азабы, болашаққа сенген үмітарманы туған халқы
үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге
арналған. Сондықтан да туған халқын жан - тәнімен сүйген
асыл азаматтың есімі ел есінде мәңгі сақталмақ.
(Р. Нұрғалиев.)
Өмірдің толымды болуы сезімге байналысты, бірақ сезім адам рухының шырқап шыққан биік шыңы емес. Адамның мәңгі өлмейтін рухының артықша қасиеті гүлдей нәзіктік пен тастай қаттылықты бірдей сақтай алатын жұдырықтай жүргендегі ақыл - парасатында. Ал ақылдылықтың ең соңғы, ең жоғарғы көрінісі – «сезім – от, ой тазалық». Осындай сезім отың ой тазалығына жеңдірген, қазақ аспанында жұлдыздай болып жарқыраған сөз көсемі – Ахмет Байтұрсы
Адам қайғысы – заман қайғысы болғанын көрген Ахмет саналы өмірін туған елдей ел болмас деп, өз халқын адам сезімінің айнасы сезімтал жүрегімен сүйгендіктен сол халықтын мешеу болып артта қалғандығын, өмір озып, ажар тозғандығын айтып, олардың ыстығына күйіп, суығына тоңа білді. Абай: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп күңіренсе, Ахмет қылыш қанатты сұңқардай сөз сыбырға, іс жыбырға айналған уақытта «Түсіне қарап ішіне түңілме, күшіне қарап ісіне түңілме» деп маса болып ызыңдады.
Ызыңдап ұшқан(дары) мынау біздің маса,
Сап – сары аяқтары ұзын маса...
... Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса, - дейді.
Қандай ұйқы? Оқусыз білім жоқ, білімсіз күні жоқ екенін түсінбеген надандықтын ұйқысы. Міне, Ахмет осындай қасіретті ұйқыға душар болған туған халқына маса болып ызыңдап аз да болса көңілдеріне көрікті ой, көздеріне нұрлы сәуле тастап оларды оқуға, өнер – білімге, рухани мәдениеттілікке ер тынысы – еңбек екенін түсіндіріп, еңбекқорлыққа шақырғысы келді.
«Маса» жөнінде зертеуші Қайым Мұхамедханов: «Маса» - патша заманындағы қазақ халқының басынан кешкен аса ауыр хал – ахуалын айнытпай суреттеп берген шыншыл көркем шығарма. Қазақ әдибиетінде ешқашан тарихтың маңызын жоймаитын дәуір туындысы», - деп жоғары баға береді. Ал Мұхтар Әуезов: «Маса» - қазақ оқушысына естілген екінші елшілдік ұран», - деп сипаттайды. Ахметтің өзі өлеңдер жинағын «Маса» деп алуы да тегін емес. Маса – символ: қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық – осылардың бәрі, Ахметтің бейнелеуінде қазақты шағуға дайын тұрған жылан, өлең иесі аяқтары ұзын, сары маса болып, ызыңдап ұйықтап жатқан халықты оятпақшы:
«Мысалы, қазақ малшы ұйықтап жатқан,
Жыланды бәле делік аңдап баққан.
Бәленің түрін көрген мен сары маса
Қазақты оянсын деп сөзбен шаққан».
Ұйықтағысы келсе ұйықта жата бермей ме? Неге оятады. Өйткені қазақ:
«Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ.
Жел соқса, құйын қуса жылжи беру
Болғандай табан тіреу ешнәрсе жоқ».
Алды – артын аңдымай, оқымаған миы ашып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір жерден сөз шығармай, күш сынасқан, күндестік шырқын бұзған, бірліктен, берекеден, шын пейілден жұрдай болған, дерт болып кірген алтыбақан алауыздық.
«Ұлы той көппен көрген жалғыз мен бе, -
Деп отыр, не болса да жұртпен көрдік»,-
деп, әр іске салғырттықпен қарап еңбек қуып қазынаға жолықпай, ермек қуып бәлеге жолыққандығын, дүниенің көзі, ырыстың тізгіні, жанған шырақ білім екендігін түсінбей не болса да жұртпен бірге көппен көрген ұлы той деп көне салатынын айтады. Міне, бұл «Қазақ қалпы» өлеңі сол кездегі өмір сүрген қазақ халқынын портретін дәл айқындап береді. Бұдан біз Ахметтің нағыз елін сүйген, сүйгендігінің арқасында дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады демекші, сүйікті жұртының жаман қасиеттерін дәл көрсете білген, түзелер деп үміт күтіп, сол үмітін талабының жетекшісі, талабын табыс кілті жасаған реалист суреткер екенін көрүімізге болады.
Кімде – кім тағдырдың жазуымен, тіпті өз еркінен тыс, тек өз табиғатының ереешелігімен, дүниенің бергі қабатын ғанакөрмей, соның ар жағында жатқан сырларды ұғы алса, аңғал болмыстың көлегейінен жай адамның көзі ажырата алмайтын сонау беймәлім алыс қиырларды қырағы көзімен шала алса, міне, сол адам суреткер деп А. Блок айтқан осы бір даналық тағлымы Ахметке де айтуға болады. Өйткені Ахмет заман шындығын дәл көре білген, сол көргенін бойына біткен дарынды таланты мен жыр жолдары арқылы өрбіткен шыншыл, суреткер ақын. Ал ақын – заманының, жағдайдың ортаның түлегі. Көзбен көрген, жүрекпен сезген, бастан кешірген оқиғалар оның көңілінің түкпірінде, миының қатпарында ұзақ сақталады. Міне, Ахмет - осындай шындықты тура бейнелей алған суреткер ақындығымен бірге ортақ тақырыпты әңгіме қозғаған публицист, білімді биікке көтерген ағартушы. Ол кездегі көреген көзді зиялыларға ортақ мәселе ақылдың тозбайтын тон, білімнің таусылмайтын кен екенін ұғынбай білім - ғылымнан кенже қалған, малын бағып, марғау жатқан қазақ халқын сол қараңғылықтан, сол марғаулақтан көзін ашып, көкірегіне ой салып, ояту еді. Ахмет болса өзінің алдындығы мақсаты осылай әңгіме қозғау деп біледі. Оны өз өлеңдерінде де ашық білдіреді:
«Баяғы қалпы,
Баяғы салпы.
Бұ неткен жұрт ұйқышыл?
Болсын кедей, болсын бай
Жатыр бейқам жым - жырт жай»-
деп күңіренсе, тағы бір тұста:
«Емшегін еміп,
Анаға сеніп
Бала ұйықтайды жастықпен.
Қымызға қанып,
Қызарып жанып
Бай ұйықтайды мастықпен.
Шалап ішкен кедей мас,
Мына жұрттың түрі оңбас!»
Бұл жерде бала мен байдың ұйқысы жастық пен мастықтан болсын, ал кедей
жұртына не жоқ, шалапқа мас болып ұйықтау деген қайнаған қалың сор дегенді айтады. Сондықтан:
«Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа,
Жөн сілтедім жақын емес, алысқа.
Өзге жұрттар өрге қадам басқанда,
Дедім сен де қатарыңнан қалысна!»-
деп, қазақ халқын оқу - білімге шақырған өзінің ісінің дәлелін айқындап көрсетеді. Ал публицистикалық мақалаларында бұл ойын бұдан өткірірек тілмен батыра айтады: «Надандық, өнерсіздік ата жолымыз болған соң олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерден жолдан қағылғанымыз - бәрі надандықтың кесапы». «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ»,- деп қазақ балаларының сауатын ашу үшін соларға арнап көптеге шығармалар жазады. Соның бірінде былай дейді:
«Балалар, бұл жол басы даналыққа,
Келіңдер түсіп байқап қаралық та!
Бұ жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра қалалық па?!
Даналық өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер іздеп тауып алалық та!»
Мұнда Ахмет «даналық» деп сауаттылықты, білім, ғылымды игеруді, ал «бұ жол» деп оқуды айтады.
«Білімнің басы - бейнет, соңы - зейнет» екенін айтып, бірақ та оқыса, аңсаған арманына жетуге болатынын айтса, енді бір өлеңінде елдік, ұлттық бостандығы жоқ, отаршылық күй кешіп отырған, ғылым - біліммен де теңдесе алмайтын көшпелі жұртына ақын былай дейді:
«Қазағым елім,
Қайқайып белің
Сынуға тұр баянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның
Аш көзіңді оянып.
Қанға жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?!»

Асықпандар, артымызда қазы бар,
Терген талай сүйектерің қазылар,-
деп, түбінде әділеттіліктің, шындықтың жеңетініне, болашаққа сенім білдіреді.
34 055
0
  • 60
4 дауыс


Жаңалықтар
Бастауыш сынып оқушыларының жазбаша тілін дамыту мәселелері
Бастауыш сынып оқушыларының жазбаша тілін дамыту мәселелері
Қай тілде болса да жатық сөйлеп, сауатты жазу үшін, сөздерді бір - бірімен байланыстырып сөйлеу білу қажет. Ол тіл дамыту жұмыстарының алуан түрлерімен ұштасады.
Мазмұндамалар жинағы
Мазмұндамалар жинағы
Бұл жинаққа 1 - сынып оқушыларына шағын әңгіме, мазмұндама жазуға арналған материалдар енгізілген
Шығарма. Қыс
Шығарма. Қыс
оқушыларды жазбаша байланыстырып сөйлеуге, жазбаша тілін қалыптастыру, ә) оқып берген мәтіннің мазмұнын, негізгі кезеңдерін қалдырмай жазуға үйрету
Абайдың қарасөздері. Он жетінші қарасөзі
Абайдың қарасөздері. Он жетінші қарасөзі
Абайдың қара сөздерін әдебиет теориясы тұрғысынан талдай отырып, әр оқушының өз тапсырмасын орындауына қолайлы орта туғызу, оқушыларға ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының өмірі, шығармашылығы туралы тереңірек ұғындыру
Оқушыларды сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу
Оқушыларды сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу
Ақтөбе қаласы, №41 жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі Аймағанбетова Ильмира Қожайқызы
Шығарма жазуға үйрету жолдары
Шығарма жазуға үйрету жолдары
Қызылорда қаласы, №215 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Манат Бекетова
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×