Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Сәкен Сейфуллин өмірбаяны, өлеңдері

15 қазан 2019, Сейсенбі
Категориясы: Ақын-жазушылар
Сәкен Сейфуллин (1894-1938 жж.)

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысы Ақмола уезі, Нілді болысының Бірінші ауылында (қазіргі Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданы) туған. Сарыарқаның сағымды даласы, мөлдір сулары, толқыған Нұра, Есіл өзендерінің бойы, алыстан көз тартқан Аба, Ор тауларының бауыры – болашақ ақынның балалық шағы өткен, жаз жайлау рахатын көріп, алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаған, қыстың боранды ұзақ түндерінде қиял-ғажайып, ерлік оқиғаларға толы батырлар жырын естіп, мың түрлі сырмен адам жүрегін елжіретер ән мен күй тыңдаған, айт пен тойдың қызығын көріп, айтыс пен бәйгені қызықтаған алтын бесік, ыстық ұясы.

Табиғаттың дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқынды шашты, қыр мұрынды, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Сәдуақас деген есімінің орнына, еркелетіп Сәкен атап кеткен.
Сөзге шешен, домбырашы, саятшы, аңшы Сейфолланың көп істері, әрекет, қимылы, мінез қалыбы болашақ ақынның өр, қайсар, әділ болып өсуіне әсер етеді. Еркелікті білмейтін, орынсыз күлкіге, жылауға жоқ тұрымтайдай бала шешесі Жамалдың ертегілерін тыңдаудан жалықпайды. Ауыл молдасынан тілін сындырып, арабша хат танып, қисса-хикаяны өзі оқи алатын деңгейге жеткен Сәкенді «Орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен», - деп Нілді зауытына жібереді.

Тоғыз жасында ауылдан кетіп, Кенішке келген Сәкен бір орыстың сиырын бағып, пешке тас көмір жағып, су әкеп, әр түрлі жұмыстар істей жүріп, әуелі сол үйдің кемпірінен бір жыл орысша тіл үйреніп, екі жыл зауыт мектебінде оқиды. Кешке ата-ана алақанына салған бақытты бала, бүгін кісі есігінде. Кешке кеш жатып, кеш оянған ұйқыдағы жайбарақат ауылда болса, бүгін түтіні аспанға шаншылған зауыт, балғаларды дүрсілдете соғып, көк темірді сағызша илеген ұсталар, есе, теңдік бостандық талап етіп ереуілге шыққан жұмысшылардың арасында. Жеті қат жер астындағы шыңырауға түсіп, көздері ғана жылтырап, шаршап-шалдығып шахтадан шығып келе жатқан кеншілер, сан алуан машиналарды жүргізіп, тас қопарып жатқан жұмысшылар, жатақ үйлер, ауыр тұрмыс, тартысты өмір суреттері алғыр, зерек, есті бала жүрегіне ыза, намыс, кек болып байланды. Кейін олар ақынның көптеген шығармаларына арқау болады.

Сәкеннің жан-жақты білім алуы, азаматтық-әлеуметтік көзқарастарының қалыптасуы, шығармашылық қадамының басталуы оның 1908-1913 жылдары Ақмолада приходская школада, қалалық училищеде, 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыған жылдарымен тығыз байланысты. Тырнақ алды адымын Нілді зауытында қалжың өлең жазудан бастаған жас дарын қазақ фольклорын, Абай шығармаларын, орыс, Еуропа әдебиеттері классикасын игеруге талаптанады. «Айқап» журналына хабар, сын, мақала, бірнеше өлең бастырады. 1914 жылы жиырма жастағы семинарист Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылып шығады.

Өзі секілді семинария бітірген сол тұстағы қазақтың жас оқығандары сияқты Сәкен де еңбек жолын Сілетті-Бұғылы деген жерде ауыл мұғалімі болудан бастайды. Қазақ даласының астан-кестеңін шығарған 1916 жыл оқиғалары, әсіресе әлемді дүр сілкіндірген 1917 жылдың алапат толқыны Сәкенге қатты әсер етті. Әр түрлі өлеңдер жазып жүрген тіпті әлі балалық мінезден арылмаған жас ақын ақпан Революциясы болып, патша құлатылғаннан кейін Ақмолаға келеді. Тартыстың бітімсіз күресі аз уақыт ішінде романтик жыршыны тез ширатып, тіпті оның шығарма жазуға қолын да тигізбей, әлеумет қайраткері, саяси күрескер етіп шығарады. Сәкен Сейфуллин түрлі қызметтер атқара жүріп, қазақ әйелдеріне теңдік беру, дін басыларды ауыздықтау, бұрынғы дәулет, байлық, әкімшілік-билік иелерін тізгіндеу, кедей-кепшік, жұмысшы, жалшыға күш беру, әлеуметтік іске тарту секілді сан алуан саяси шараларды жүзеге асырады. 1917 жылы жазған «Бақыт жолында» драмасы 1918 жылы Ақмола жастарының күшімен сахнада қойылады.

Басқа да революционерлермен бірге Сәкен қол-аяғы шынжырланып Колчак түрмесінде отырады, аш-жалаңаш, қорлық-зорлық көріп Анненковтың азап вагонының тауқыметін тартады. Тоғыз айға созылған бұл тамұқ тақсіретінен ер жүрек ақын 1919 жылы наурыз айында Омбы тұтқын лагерінен қашып шығып құтылады. Мыңдаған шақырым жаяу-жалпы, арып-ашып жүріп, ол ақыры Түркістан өтіп, Әулиеата (қазіргі Жамбыл) атырабында Кеңес өкіметін орнату жұмыстарына белсене қатысады.

1920 жылы Қазақ Автономиялы Республикасы құрылғанда, Сәкен Сейфуллин Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі, Жер-су Комиссиясының төрағасы, ал ІІІ Кеңестер съезінде, 1922 жылдың қазанында Қазақстан Комиссарлар Кеңесінің төрағасы етіп сайланады. Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің (ВЦИК) мүшесі ретінде КСРО көлемінде шешілетін күрделі саяси, әлеуметтік, шаруашылық мәселелерді талқылауға қатысады (1922-1925 жылдары). «Еңбекші қазақ» газетінің (қазіргі «Егемен Қазақстан») «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз») журналының редакторы болған Сәкен Сейфуллин қазақ кеңес баспасөзінің басында тұрды. 1925-1937 жылдар арасында Жазушылар одағында, басқа да орындарды басшылық қызметтерде бола жүріп, жоғары оқу орындарында ұстаздық етті. Кең құлашты қоғам қайраткері, адал, шыншыл ақын С. Сейфуллиннің даңқы алысқа тарады.

Сәкен қарбалас, аласапыран күндері тынышталып, бейбіт өмір арнасына түскен уақытта негізгі өмірлік мұраты қаламгерлік екенін әбден ұғынады. Барлық қайрат – күшті талант-дарын, жігерді көркем сөзбен туған халқына қызмет етуге жұмсайды. Оның қаламынан туған «Асау тұлпар» (1922), «Домбыра» (1924), «Экспресс»(1926), «Тұрмыс толқындары» (1928), «Көкшетау» (1929), «Альбатрос» ()1933 , «Қызыл ат» (1933), «Социалистан» (1927), «Жер қазғандар» (1917), «Қызыл сұңқарлар» (1920), драмалары туды. «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), «Батырлар» (1933), «Қазақ әдебиеті» (1932) зерттеу еңбектері – қазақ фольклоры мен әдебиетінің көп материалдарын жүйелеп, озық әдебиеттану принциптері негізінде жазылған, танымдық – тәрбиелік мәні жоғары туындылар. Сазгер ретінде Сәкен Сейфуллин қазақтың жаңа музыкасының дамуына өзінің тамаша әндерімен үлес қосты.
1936 жылы қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Сәкен Сейфуллиннің әдеби қызметінің 20 жылдығы тойланып, әлеуметтік ерекше қызметі ескеріліп, оған Еңбек Қызыл Ту ордені берілді. Сталиннің жеке басына табыну кеселінен жазықсыз жалаға – репрессияға ұшыраған Сәкен Сейфуллин 1938 жылы 26 ақпанда мерт болды. Әкесі Сейфолла репрессияға ұшырады.

Өткен күндер суреті.
Тұңғыш «Өткен күндер» өлеңдер жинағы Қазандағы «Матбуғат Кәримия» баспасынан басылып шыққанда, Сәкен Сейфуллин жиырма жаста еді. Кітапқа енген өлеңдердің әлеуметтік-қоғамдық мазмұны, көркемдік-эстетикалық ерекшелігі, поэтикалық-ақындық қуаты қаламгердің табиғи үзік талантын, азаматтық позициясын, пәлсапалық дүниетанымын анық көрсетіп береді. Бұл тұста баспадан кітап болып шығып жатқан қазақ жазушыларының шығармалары некен-саяқ, ұлы ақын Абай туындыларының басылғанына не бары бес-ақ жыл өткен еді.

Сәкен жинағындағы өлеңдер идеялық тұрғыдан алғанда ағартушылық, демократтық бағытта, сыншыл реализм әдісінің арнасында жазылғандығын көреміз. Жас ақын қазақ өміріндегі, халық тұрмысындағы маңызды әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, оған көркемдік, эстетикалық талдау жасайды.
Патша отаршылығы, қазақ елінің қараңғылықтан көзі ашылмағандағы, қазақ байларының надандығы мен топастығы, өздері бірікпей, жан-жаққа тартқан ел басшыларының берекесіздігі, тектес саяси-әлеуметтік тақырыптарды қозғау, кедейлік, жоқтық зардаптары, білімге үндеу оларға халық мұраттары тұрғысында жауап іздеу жас ақынның азаматтық ой-өрісін көрсетеді. Бұл идеялар «Мұра», «Түс», «Кім басшы аға халыққа», «Қазақ сабағы», « Надан бай», «Жетімге», «Інішегіме» өлеңдерінің бәріне тән.

Оқу – білім қуып, жастай қалға кеткен жас өспірімнің елге деген сағынышы, туған жерге деген махаббаты, ауыл көріністерін, ел тұрмысын, этнографиялық жәйттерді бейнелейтін «Жайлауға көшу», «Жайлауда қымыз ішу», «Айт күні» өлеңдерінен жақсы көрінеді. Бұл туындыларда есте қалар қанық бояумен салынған табиғи суреттер, бірте-бірте жойылып бара жатқан, қазақтың кешегі өмірінің белгілері - өткен күндер картиналары бар.
Ұшқын атқан алғашқы ғашықтық, махаббаттың нұрлы сәулесін жырлауға да жас ақын қаламы бейім, бұл ретте Абай ықпалы мол.
Әлеуметтік айқын позиция, халықтық идея, бейнелі тіл орамы, мәдениеттің өлең кестесі бар «Өткен күндер» жинағы қазақ әдебиетіне тегеурінді талант келгендігінің айғағы болды.

Өлеңдері

Ақсақ киік
Ананың хаты
Бурабай
Біз
Біздің жақта
Қырда
Тергеген болсаң айтайын
Орман
54 811
0
дауыс
Загрузка...
Оқи отырыңыз
Сәкен Сейфуллин
Сәкен Сейфуллин
Сәкен Сейфуллин - қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақ КСР - інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған.
Сәкен Сейфуллиннің өмірбаяны
Сәкен Сейфуллиннің өмірбаяны
Сәкен Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысы Ақмола уезі, Нілді болысының Бірінші ауылында (қазіргі Қарағанды облысы, Ақадыр ауданы) туған.
Сәкен Сейфуллин. Ақсақ киік
Сәкен Сейфуллин. Ақсақ киік
Сәкен Сейфуллин (Сәдуақас) (1894 - 1938) Қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, қоғам қайраткері.
«Ақсақ киік» Сәкен Сейфуллин
«Ақсақ киік» Сәкен Сейфуллин
Бастауыш сынып мұғалімі Жолшибекова Индира Тұрғанбекқызы
Сәкен Сейфуллинге 125 жыл «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» әдеби кеш
Сәкен Сейфуллинге 125 жыл «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» әдеби кеш
Кештің мақсаты: Жас ұрпақты еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігі үшін күрескен, Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармаларын оқып білуге баулу, ақынның өз заманындағы саяси - қоғамдық көзқарасын таныту, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу.
Сәкен Сейфуллин «Тұлпарым»
Сәкен Сейфуллин «Тұлпарым»
Ақтөбе обылысы Алға ауданы Жерұйық негізгі мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Тлеуова Акнур
Пікірлер (0)