Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Жүрегімде жақсылық

31 қазан 2016, Дүйсенбі
Категориясы: Бала-бақша
Жүрегімде жақсылық
Білім беру саласы: Өзін - өзі тану
Ұйымдастыру оқу іс - әрекетінің түрі: Әлеуметтік орта
Мақсаты: "Жақсылық" ұғымының адамгершілік құндылық ретіндегі мәнін ашу. Балаларды « қамқорлыққа», «өзіне және өзгеге» деген қамқорлық ұғымдарымен таныстыру, балалардың санасына, өзіне, жақын туыстарына, достарына деген қамқорлық сезімін қалыптастыру және дамыту.
- Балаларды адамдарға, айналасындағыларға қамқор, кішіпейіл, мейірімді, қайырымды болуға үйрету;
Білімділік: өзара достық, «жақсылық» ұғымдары, адамгершілік құндылықтары жөнінде түсінік беру. Адам бойындағы құнды қасиеттер туралы түсініктерін кеңейту.
Дамытушылық: Өзін және айналасын сүюге, жақсы көруге деген ниеттерін ояту.
Тәрбиелік: Қоршаған ортаға жақсылық жасай білуге тәрбиелеу.
Технологиялық қамтамасыз ету: Интерактивті тақта, слайд, Акт қолдану, Видео: «Жүрек соғысы», Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену», Үлестірмелі суреттер, Видео сюжет: «Жақсылық жанды жадыратады», Жақсылық тамшысы, Караоке ән: «Достар»
Оқу іс - әрекет жүрісі: Балалар тәрбиешімен бірге шеңбер құрып тұрады. Фариза Оңғарсынованың «Достар» өлеңін караоке арқылы тыңдап, тәрбиешімен бірге қосылып айтады.
Әңгімелесу:- Балалар, бұл өлең не туралы айтылған?
- Балалар: Өлеңде достық туралы айтылған.
- Тәрбиеші:- Жақсы болу дегенді қалай түсінесіңдер?
- Балалар: Айтқанды тыңдау, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу.
- Дилназ: Мейірімді, қайырымды, ізгілік сияқты қасиеттері бойында бар адамды - жақсы адам дейміз.
- Тәрбиеші:- «Жақсылық»деген сөзді қалай түсінесіздер?
- Айзере: Жақсылық жасау дегеніміз өздерің айтқандай адамдарға, айналаға, табиғатқа, қайырымдылық пен қамқорлық жасауды, көмек көрсетуді білдіреді. Адамдардың бір - біріне жиі жақсылық жасауы оларды жақындастырады, достастырады. Олардың бір - біріне деген сыйластығы артады. Жақсылық жасау - адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Жақсы адам қол ұшын беруге, жәрдем етуге, жанашырлық танытуға, көмек көрсетуге, қолдау жасауға әрдайым дайын тұрады. Риясыз жақсылық жасау - биік адамгершіліктің белгісі.
Тәрбиеші:- Дұрыс айтасыңдар балалар. Өзі жақсы адамның айналасы барлық уақытта да, жақсылыққа толы болады. Ол жақсылыққа толы ортада өзін ерекше бақытты сезінеді. Өйткені оны адамдар, айналасы жақсы көреді, сыйлайды, онымен достасқысы келеді. Осындай жетістіктерге ол өзінің жақсы істері, жақсылықтары арқылы жетті. Сондықтан халық:«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,- дейді. Мен де сендердің жақсылықтарың, жақсы істерің туралы жиі айтқым келеді. Сендер де өз достарыңның жақсылықтарын мақтан тұтасыңдар. Сол себепті шамамыз жеткенше, қолымыздан келгенше адамдарға, айналаға жақсылық жасап жүрейік. Өйткені жасаған жақсылық зая кетпейтіні, оның шарапаты өзіңе, жақындарыңа, тіпті еліңе тиетінін сендер де жақсы білесіңдер. Алғысқа бөленіп, ризашылыққа кенелесіңдер.
- Адамдар бір - біріне қалай жақсылық жасай алады?
- Ал өздерің ше?
- Мен анама көмектесемін!
- Мен інімді, бөпемді ойнатамын, жыласа жұбатамын.
- Балалар бүгін біздер «Алтын жүрек» қалашығына саяхатқа шығамыз. Ол елге
бару үшін өз жүрегіміздің қандай екенін білейікші.
Тәрбиеші: -. Қане, оң алақанымызды жүрегіміздің тұсына қойып, лүпілдеп
соққан кішкене жүрегіміздің дүрсіліне бір сәт құлақ түріп кӛрейікші.
Интерактивті тақтадан: «Жүрек дүрсілі» видео сюжет көрсетіледі.
- Жүректеріңнің соғысын сезесіңдер ме?
- Біздің жүрегіміз қандай, не деп соғады екен?
Гүлназ:- Менің жүрегім мейірімді!
Бекжан:- Менің жүрегім қамқоршы
Абулхайыр:- Менің жүрегім жылы!
Айару:- Менің жүрегім қуанышты!
Мунира:- Менің жүрегім адал!
Дилназ:- Менің жүрегім сезімтал!
Аружан:- Менің жүрегім нәзік!
Гүлсезім:- Менің жүрегім - әділ!
Ислам: Менің жүрегім - шыншыл!
Айзере: Менің жүрегім - әдемі!
Нұрасыл: Менің жүрегім - әдепті!
Айым: Менің жүрегім - құштарлыққа толы!
Дулат: Менің жүрегім - бауырмал!
Тәрбиеші:- Балалар, қазір орыс халқының ұлы жазушысы Л. Н. Толстой атамыздың «Катя мен Маша» Әңгімесін тыңдап көрейік. Ал Әсемай мен Аружан бұл әңгімені бізге сахналап береді.
Әңгімелеу. «Катя мен Маша» Л. Н. Толстой.
Катя ертемен саңырауқұлақ теруге кетті. Машаны да ертіп алды. Маша кішкентай еді. Жолдарында өзенше бар еді. Катя Машаны арқалады. Өзі шұлығын шешіп алды да, сумен жүрді.
- Мықтап отыр. Маша, бірақ менің мойнымды қыспа. Қолымды босат, әйтпесе мен дем ала алмаймын. Сөйтіп Катя Машаны алып шықты.
- Катя қандай қыз?
- Сендер де өз іні-қарындастарыңа қалай қамқорлық көрсетесіңдер?
Балалар: Катя жақсы қыз. Ақылды, қамқоршы, мейірімді қыз.
Абулхайыр: Мен бөпемді ойнатамын.
Бекжан: - Мен қарындасым жыласа жұбатам.
Қандай дәйексөз білеміз?

Дәйексөз
Бекжан:«Нағыз адамдық - өз ойың мен ісіңді жақсылыққа бағыттай алу»Яғни күнделікті өмірде әрбір ісімізді, ниетімізді тек қана жақсылыққа бағыттай алсақ, бізді қоршаған орта, туған жеріміз көркейіп, бауырларымыз, достарымыз өздерін бақытты сезінеді.
Айым: «Жақсылық жасау да – бақыт...»
Тәрбиеші: Жақсылық туралы қандай тақпақ білеміз? Кім айтады?

Дилназ: Жақынды досты аяла,
Қанаттың сонда талмады.
Барыңды жұрттан аяма,
Жақсылық жерде қалмайды.

Айару: Жайдары жүзбен жарқыра,
Қатыгез болу - сол қайғы.
Қайырымды бол халқыңа,
Жақсылық жерде қалмайды.

Тыныштық сәті. «Нұрға бөлену»
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ - қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін. Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек - қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты. Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастады. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді. Нұр бірте - бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан - жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, апайларға, ата - анамызға, достарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын. Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан - жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір - түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын». Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.
«Жүрегімде жақсылық». (Сурет бойынша әңгімелету)
Балалар алдарындағы суретті әңгімелеп береді.

Дидактикалық ойын: «Иә, жоқ»
Мен бәріне әрқашан,
Көмектесуге дайынмын
Осындай іс болғанда
Мен әрқашан деймін иә - иә - иә!
Үлкендерді сыйлаймыз ба?
Ағаш отырғызамыз ба?
Анамызға көмектесеміз бе?
Балаларды ұрамыз ба?
Інімізді киіндіреміз бе?
Мысықты тамақтандырамыз ба?
Құсқа жем саламыз ба?
Ауаны ластаймыз ба?
Гүлге су құямыз ба?
Ұяны бұзамыз ба?
Жақсылық жасаймыз ба?

Қимылды ойын: «Көлеңке»
Видео сюжет: «Жақсылық жанды жадыратады»
Жүректен жүрекке: «Жақсылық тамшысы» Балалар қолдарындағы тамшыны ғажайып сөз айтып тақтаға іледі.
Тәрбиеші: Міне, біздің жақсылық тамшыларымыз үлкен теңізге айналды. Біреуге жасаған кішкентай жақсылықтың өзі осындай үлкен жақсылыққа айналады.
Тәрбиеші:- Біз «Алтын жүрек» қалашығында не үйрендік?
Балалар: Жақсылық жасауды үйрендік.
Тәрбиеші: Жақсы сөз – жақсы тілек,
Болайық ізгі ниетті.
Жақсылық ойлап кісіге,
Тілейік үлкен – кішіге – деп тамаша сөздермен «Жақсылық жасаған бақыт» - деп айналаңа жақсы істер жасап, қуантсаң, көңілін әрдайым қуанышқа толып,
бақытты боласың. Әрдайым жүрегімізде мейірімділік пен жақсылық болсын!

Атырау қаласы,
КМҚК №25 «Еркемай» балабақшасы.
Умбеталиева Лайлим Маханбетовна
Ортаңғы топ тәрбиешісі
5 144
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Жақсылыққа жақсылық
Жақсылыққа жақсылық
Үлкендермен достармен сыйластық қарым-қатынас мәдениетін дамыту. Достықты қадірлей білуге үйрету, адамгершілікке тәрбиелеу.
Жақсылықпен жаным дос
Жақсылықпен жаным дос
Сабақ мақсаты: Жақсылық жасаудың адам өміріндегі маңыздылығы жөніндегі түсініктерін кеңейтіп, жақсылық жасаудың құндылық ретіндегі мәнін ұғындыру.
Жүрегімде жақсылық
Жүрегімде жақсылық
Атырау қаласы, №8 «Ақбота» шипа – жай, бөбекжай - балабақшасы мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Гилажова Айгул Мауфихқызы
Жүрегімде жақсылық
Жүрегімде жақсылық
Бастауыш сынып мұғалімі Бекберлиева Арайлым Биржановна
Жақсы сөз жарым ырыс
Жақсы сөз жарым ырыс
Ақтөбе облысы Шалқар қаласы №5 орта мектебінің өзін өзі тану пәні мұғалімі Құдабаева Айгүл Болатбайқызы
Жүрегімде жақсылық
Жүрегімде жақсылық
Білім саласы: Әлеуметтік орта Бөлім: Өзін - өзі тану
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×