Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Мысық пен мысықайлар

25 шілде 2013, Бейсенбі
Категориясы: Бала-бақша
«Мысық пен мысықайлар» картинасына әңгіме құрастыру тақырыбына ашық сабақ конспектісі

Білім беру саласы: Қатынас
Бөлімі: Тіл дамыту
Тақырыбы: Мысық пен мысықайлар
Мақсаты: Шығармашылықты әңгіме құрастыруды жетілдіру.
Бағд. мазмұны: 1. Картинада нақты нысананы бөліп алуды және оған ат қоя білуді үйрету. Жұмбақ мазмұнын аша білуді үйрету.
2. Бөлініп алынған нысадарды сызба арқылы қосуды, олар жайында шығармашылықты әңгіме құрастыру дағдыларын қалыптастыру. Зат есімдерді сипаттауды жаттықтыру. Зейіндерін, естерін, байқағыштықтарын, шығармашылықтарын, қиялдарын дамыту.
3. Достыққа, бір - бірін тыңдауға, үлкен сөзін бөлмеуге тәрбиелеу. Өз ойларын толық айтып, өз көзқарасымен дұрыс бөлісуге тәрбиелеу.
Құралдар: «мысық пен мысықайлар» картинасы, ақ қағазда салынған мысықтың қаңқасы, «сиқырлы» фломастерлер, нысандардың үлгілері, медальондар, сиқыршылар суреттері, сиқырлы таяқша, мольберт.

Сөздік жұмыс: мысықайлар, үлпілдек, алаша, ойынқұмар
Билингвалды компоненттер:
мысық – кошка
мысықайлар – котята
үлпілдек – пушистый
жүн – шерсть
мейірімді – добрый

Психожаттығу «Шаттық шеңбері»
- Балалар біз қазір әдемі шеңбер құрып бүгінгі күнге алғысымызды білдіріп, бір – бірімізге жылы лебіздер айтып, шаттық сыйлайтын боламыз, сөйтіп көңіл – күйімізді бір көтеріп аламыз.
Тәрбиеші бүгінгі болатын жайттардың, сабақтың сиқырлы болатынын атап өтеді.
- Сонымен сиқыр басталды. Балалар, біз қазір әдемі сиқырлы сөздермен суреттеп, мына алдарыңда тұрған мысықтың суретін салып шығамыз. (тақтада ақ қағазға салынған мысықтың жай денесі, басы болады). Кәне әдемі сөздеріңді аямай, мысықты суреттеңдер.
- Мысықтың әдемі көздері бар (мысыққа көздер салынады)
- Мысықтың ұзын мамық құйрығы бар (құйрығы салынады)
- Мысықтың тікірейген екі құлағы бар (құлақтары салынады)
- Мысықтың майысқан әдемі мұрттары бар (мұрты салынады)
- Мысықтың оймақтай ауызы бар (ауызы салынады)
- Мысықтың ұлпа жүндері бар (жүндері салынады)
- Мысықтың мықты төрт аяғы бар (4 аяғы салынады)
Сөйтіп, мысық суреттеледі, қандай сурет шыққанын өздері байқайды. Міне біз осындай әдемі сөздермен керемет сурет салып шықтық.
«Жақсы, жаман» ойыны
- Балалар, мысықтың жақсы жағы қандай? (тышқан ұстайды, ауырған жеріңді басады, бала болып ойнайды, еркелейді)
- Жаман жағы қандай? (тырнайды, сүт көп ішеді, иірімді тарқатады).
- Дұрыс, сонда біз мысықты көбіне мейірімді, нәзік деп айтамыз.
- Енді бүгінгі сабақта осы суретімізді сиқырлап жіберсек қайтеді. Ол үшін бізге «сиқырлы таяқша» керек. Сендер көздеріңді жұмыңдар, ал мен сиқырлаймын.
- Сиқыр – сиқыр болады, ғажайыпқа кенелтеді. (таяқшамен ауада иректер жасалады).
(балалардың көздері жұмулы тұрғанда, тез арада мольбертті теріс қаратып, артындағы үлкен картинаны бұра қоямыз).
- Міне керемет, балалар, сиқыр деген қандай екен. Мынау не? Картина. Онда не салынған «Мысық пен мысықайлар» салыныпты.

Енді ойын ойнаймыз. Ойынның аты «Дүрбі».
Тәрбиеші сиқырлы таяқшасымен дүрбілерді жанап өтеді, сонда олар сиқырлыға айналады. Енді алақанымызды домалатын жасаған дүрбімізбен біз қазір картинаны қарастыратын боламыз. Ендеше бізге көмекке «Бәрін бөл» сиқыршысы келеді. Ол қазір бәрін жеке – жеке бөліп тастайды. (балалар нысандарды атап, бір – бірден картинадан бөліп ала бастайды, ал тәрбиеші оларды тақтаға іледі).
Ойын «Шеңберде не тұрады?»
Тәрбиеші тақтадағы нысандарды сұрайды, мына шеңберде не тұрады екен? Мынада ше?
- Мысық тұрады.
- Ол қандай?
- Үлкен.
- Тағы не бар?
- Мысықайлар.
- Олар нешеу?
- Үшеу.
- Мысық не істеп жатыр?
- Ештеңе, ол балаларына қарап жатыр.
- Олар қандай жануарлар?
- Үй жануарлары.
- Біз тез бағдарлау үшін, ендеше осы мысық пен мысықайларға ат қояйық. Мысалы, үлкен мысық – Бағлан болсын, кішкене сары мысықай – Алтынай, сұр мысықай – Еркетай, қара аласы – Томпақ. Енді біз суретті қарастырғанда мысықтарды атымен атайтын боламыз.
- Балалар, бізге тағы бір қонақ келіп қапты, оның аты «Бәрін қос» деген сиқыршы екен. Бұл сиқыршы барлығын бір – біріне қосып жүреді екен. Ендеше қазір сендермен тағы бір ойын ойнаймыз.
Ойынның аты «Дос іздеймін».
- Қазір мына тақтадағы шеңбер ішінде тұрған нысандарды біз бір – бірлеріне қосамыз. Ол үшін бізге «сиқырлы фломастер» керек. Сиқырлы фломастер шеңбер ішіндегі заттарды бір – бірлерімен достастырады.
(балалар нысандарды өзара қоса бастайды)
- Неге мысықты алашамен қостың?
- Өйткені ол алаша үстінде жатыр.
- Неге Бағланды Еркетаймен қостың?
- Өйткені ол оның баласы.
- Неге Алтынайды сүтпен қостың?
- Өйткені ол сүт ішіп жатыр.

(осылай тақтадағы нысандар өзара шым – шытырық болып қосылып жатады).

Енді дем алайық. Кімнің үйінде мысық бар, сендерді мысықты қалай еркелетесіңдер?
СЕРГІТУ СӘТІ
- Май берейін, құрт берейін,
- Құйрығыңды бұлғаңдатшы (қимылмен көрсетіледі, мысықтың құйрығын сипаймыз).
- Балалар, бізге қонаққа «Бәрін естіп тұрмын», «Бәрін қолыммен сипаймын» сиқыршылары келіпті. Олар бізді картинаның ішіне шақырып жатыр. Барамыз ба? Ендеше тағы да көзімізді жұмамыз. Мен сиқырлы таяқшамен сермейін. (көз жұмылып, таяқша сермеледі).
Ойын «Картинаға ену»
- Балалар, міне картинаға ендік, енді мысықтар отбасын шошытып алмау үшін, тыныш жүреміз. Кәне «Бәрін естимін» сиқыршысы бірдеңе айтқысы келеді екен. Ол: мен мысықтың пырылын естідім – дейді. Сендер не естіп тұрсыңдар?
- мен Алтынайдың сүт ішкенін естідім, ол ерке екен.
- мен Еркетайдың жіппен ойнағанын естідім. Тырнақтары қышып тұрған соң, жіпті тарқатты.
- мен Томпақтың мияулағанын естідім. Ол анасының жанынан шықпайды.
- мен себеттің құлағанын естідім. (осындай болжамдар айтылады) Үстел үстінде тұрған себет ауыр.
- Енді «Бәрін қолыммен сипаймын» деген сиқыршымыз бірдеңе дейді. Ол: «мен алашаны сипадым, ол қатты екен» деді. Сендер ше?
- мен себетті сипадым, ол бұдыр.
- мен Бағланды сипадым, ол жұмсақ екен.
- мен Еркетайды сипадым, ол кішкентай, нәзік екен. (т. с. с. шағын әңгімелер құрастыра беруге болады).
- Енді көзімізді қайтадан жұмайық, картинадан шығып, тобымызға қайтайық. Сиқырлы таяқшамен сермейін.

Ойын «Иә - жоқ»
Тақтаға бір жүргізуші бала шығады. Ол тәрбиешіге картина ішінен қандай затты жасырғанын айтады. Балалар оны бағдарлау арқылы тауып алға тырысады
- Ол сол жақта ма? (Иә не жоқ дейді)
- Бағланның қасында ма?
- Себеттің алдында ма?
- Жерге жақын ба? (т. б. балалар сұрақ қоя береді, ал жүргізуші дұрыс табылса, жауабын атайды).
Ойын «Кейіпкерге айнал»
- Балалар қазір мен сендерге мына медальондарды кигіземін, сосын сиқырлы таяқшаммен сиқырлаймын. Сендер сол медальондағы кейіпкерлерге айналып кетесіңдер.
Медальондар: себет, үстел, Бағлан, сүт, тәрелке, алаша, Еркетай, Томпақ, Алтынай.
Кейіпкерге айналған балалар өз атынан әңгіме айтады:
- Мен Бағланмын, үлкенмін, балаларымды жақсы көремін. Олар ерке. Сүт ішкенді ұнатады.
- Мен Еркетаймын. Атыма сай еркемін. Сүт тәтті болған соң оны ішкім келе береді.
- Мен Томпақпын. Кішкентаймын, көбінесе анамның жанында ұйықтағанды жақсы көремін.
- Мен үстелмін. Қаттымын, мені ағаштан жасайды. Менің үстіме көп заттар қойылады.
- Мен Алашамын. Т. б.
(әңгіме құрастырылады)
- Балалар сонымен картинаны қарастырған қызық болды ма? Біз оны әлі басқа қонақтармен қарастыратын боламыз. Енді осы картина бойынша шағын әңгіме құрастырып көрейікші. Әңгіменің басы, ортасы, аяғы болатынын барлығың білесіңдер ғой. Суретте нелер бар екен? Олар не істеп жатыр? (1 - 2 баланы тақтаға шақырып әңгіме құрастырылады).

Қорытынды
- Балалар маған сендердің әңгімелерің өте ұнады.
- Қалай ойлайсыңдар, сөзбен кім әдемі суреттеді? Кім суретші екен?
- үй тапсырмасы: үйде осы айтылған әңгімеге байланысты суретті өздерің ақ қағазға бояумен салып келесіңдер. Келесі жолы сол суреттерді қарастырамыз.
- Суретке қандай ат қойсақ екен? Кім ойлап табады?
-«Мысықтар», «Мысықтар отбасы», «Мысықайлар ойнап жүр», «Мысық пен мысықайлар». Барлық қойылған аттарың тамаша. Негізі бұл картинаның суретші қойған атауы «Мысық пен мысықайлар».
12 501
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Күшік пен мысық
Күшік пен мысық
Ауылдағы көршілес екі үйдің бірінің ала мысығы болды. Бір күні қара күшік көршінің бағына кіріп, сонда жүрген ала мысықты тура қуды. Мысық қашып барып, алма ағашына шығып кетті.
Торғай мен мысық
Торғай мен мысық
Балаларға өлеңді есте сақтауға, тәрбиешіден кейін қайталауға үйрету. Сөйлеу мәнері мен дауыс ырғағының көркемдігін қалыптастыру.
Мақта қыз бен мысық
Мақта қыз бен мысық
Мақта қыз үйін жинап жүреді. Дән тауып алады. Мақта қыз мысықты шақырады. Мақта қыз: Мысығым менің қайдасың? Мяу? Келе ғой.
Қыс қызығы
Қыс қызығы
Картинадан нақты нысананы бөліп алуды және оған ат қоя білуді, жұмбақ мазмұнын аша білуге үйрету
Қыс қызығы
Қыс қызығы
Монолог тілін дамыту; бөлініп алынған нысандарды сызба арқылы қосуды, олар жайында шығармашылықты әңгіме құрастыру дағдыларын қалыптастыру. Тіл байлықтарын кеңейту: қыс қатты, аязды, қар сықырлайды, жылтыр, тайғақ.
Менің сүйікті мысығым
Менің сүйікті мысығым
Атырау обылысы, Қызылқоға ауданы, Миялы селосы, «Жасұлан» балалар бақшасы тәрбиеші Телманова Әсия
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×