Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Омыртқалы жануарлардың тынысалу жүйесінің құрылысы

04 тамыз 2016, Бейсенбі
Категориясы: Биология
Күнделікті жоспар биология 6 сынып

Сабақ: 37
Тақырыбы: § 39. Омыртқалы жануарлардың тынысалу жүйесінің құрылысы
Сабақтың мақсаты: омыртқалы жануарлардың (балықтардан сүтқоректілерге дейін) тынысалу жүйесінің құрылысымен таныстыру, әрбір ағзаның өзіндік ерекшеліктерін атап көрсету; адамның тұлға ретінде қалыптасуын, адамгершілік тәрбиеге баулу; өз беттерімен іздену дағдысын қалыптастыру.
Сабақтың әдісі: түсіндірмелі
Сабақтың типі: құрастырылған

І Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру кезеңі
Тыныс алу деген не?
Тыныс алғанда ағза қандай газдан тазарады?
Аэробты ағзалар мен анаэробты ағзалардың тыныс алуында қандай ерекшеліктер бар?
Әр жәндіктің газалмасатын ең негізгі құрылымын (мүшесін) анықтап, сан мен сәйкес әріпті қосып дәптерге жазыңдар.
1. Гидра ---------------------Ә. Бүкіл денесі
2. Бақұлу-------------------- Г. Шапанша қалтасы
3. Шұбалшаң ----------------Б. Тері жабыны
4. Қоңыз (қиқоңыз) --------А. Демтүтікшелер
5. Шаршылы өрмекші ------В. Ауа қапшығы

Тыныс алудың негізгі мәні неде?
Тыныс алудың тіршілікке қажетті қуаттың пайда болуына қандай қатысы бар?
Жасушалардың жаңаруына қатысы бар ма? Қандай?

ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру кезеңі
Тынысалу мүшелері мен мүшелер жүйесінің негізгі ерекшелігі жануарлардың даму деңгейімен, тіршілік ететін ортасына тікелей байланысты. Мысалы, суда тіршілік ететін жануарлардың көпшілігінде тынысалу жүйесінің негізгі мүшесі – желбезек.
Ал енді бүкіл тіршілігі суда өтетін балықтардың тынысалуы қандай мүшелер арқылы қамтамасыз етіледі? – деген сұраққа сендердің «Балық желбезек арқылы судағы еріген оттегімен тыныс алады» деп жауап беретіндеріңе сенеміз.
Балық желбезегі 3 - 4 жұп желбезек доғаларынан құралады. Әр доғаның бір жағында желбезек жапырақшалары, екінші жағында желбезек талшықтары болады. Оны сыртынан желбезек қақпашасы жабады.
Балық суды толассыз «жұтады». Су ауыз қуысынан желбезек жапырақшаларына барып, сол арқылы суда еріген оттегін қанға сіңіреді. Денедегі көмірқышқыл газы суға қосылып, желбезек қақпашасы арқылы сыртқа шығады. Қанға сіңген оттегі одан әрі қайда, не үшін тасымалданатыны өздеріңе мәлім.
Қыс кезінде суқойманың бетін мұз басқанда адамдар әр жерден ойықтар жасайтыны естеріңде болар. Ойықтар не үшін қажет?
Судағы еріген оттегімен суда тіршілік ететін кейбір жануарлардың дернәсілдері балық сияқты тыныс алатыны белгілі.
«Дүниетану» оқулығынан «Балам суда, өзім құрлықта тұрамын» деген әңгіменің кейіпкерін естеріңе түсіріңдер.
Хордалылардың тынысалу жүйесінің тыныс жолына сәйкес келетін мүшелерінің реті: танау тесігі  көмекей  кеңірдек  өкпе. Бұл жүйедегі газ алмасатын ең негізгі мүше – өкпе. Басқа мүшелердің қызметі – негізінен алғанда өкпеге ауа жеткізу. Олар ауаның тазалығы мен қалыпты температурасы болуын қамтамасыз етеді.
Өкпе құрылысының жалпы сұлбасы мен қызметі барлық омыртқалыларда бірдей. Ерекшелігі – тек бұл мүшенің даму деңгейіне ғана тән. Сондықтан тынысалу жүйесімен танысуды қосмекенділерден бастайық.

Қосмекенділердің басым көпшілігі (көл бақа, құрбақа және басқалар) өкпемен тыныс алады. Оларда тыныс алуға тері де қатысады. Себебі қосмекенділердің өкпесі нашар дамыған. Өкпесі сырттан келетін ауамен жанасу бетінің аумағы шағын болғандықтан, газ алмасуды жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан қосымша газ алмасу – тері арқылы жүреді.

Қосмекенділердің жұп өкпесі сопақша пішінді, сондай - ақ қапшық тәрізді. Өкпеде ұяшықтар бар. Олар қылтамырлармен торланған.
Қосмекенділерде ауа өкпеге ауыз қуысының түпкі жағы (алқымының) көтеріліп, төмен түсуі арқылы енеді. Алқымы төмен түскенде ауыз қуысы кеңіп, танау тесігі арқылы ауа енеді. Алқымы көтеріліп, таңдаймен жанасқанда, танау тесіктері жабылады, ауа жұтқыншақ арқылы өкпеге өтеді, газ алмасады.
Бақа суда да, құрлықта да тері арқылы тыныс ала береді. Қосмекенділердің терісі – жұқа, жұмсақ. Сырты теріасты безінен бөлінетін сілемейлі шырышпен шыланып, ылғалданып тұрады. Мұндай тері ауаны да, суда еріген оттегін де жақсы өткізеді.

Қосмекенділердің суда тіршілік ететін дернәсілдері тек желбезекпен тыныс алады.

Жорғалаушылардың терісі мүйізді қабыршақпен қапталған. Олардың тері бездері болмайтындықтан құрғақ. Сондықтан олар тері арқылы тыныс алмайды. Өкпесінің пішіні, жалпы құрылысы қосмекенділерге ұқсас. Дегенмен көлемі және ауамен жанасу беті аумақты әрі көп ұяшықты.

Құстардың өкпесі жақсы дамыған, тығыз ұяшықты өкпенің ішіне ауатамыр (бронхылар) тарамдалған. Ауатамыр тармақтарының өкпемен жанасатын жерлері, бүкіл өкпе қылтамырларымен торланған. Кейбір демтүтіктік ауатамыр тармақтары өкпеден өтіп, әр түрлі ішкі мүшелердің аралықтарына енеді. Сөйтіп кеңейеді, ауа қапшықтарын түзеді. Бұл қапшықтардың тарамдары түтікті сүйектердің ішіне, бұлшықеттер арасына, тері астына дейін тарайды. Ауа қапшықтарының көлемі өкпенің жалпы көлемінен 10 есе артық. Олар құс денесін ұшу кезінде қызып кетуден сақтайды, әрі салмағын жеңілдетеді. Әрине, ең негізгі қызметі тыныс алуға қатысады.

Ұшу кезіндегі құстың тыныс алуы қанат қағысымен байланысты бұлшықеттердің жұмысынан байқалады, мысалы, қанат көтерілгенде құстың көкірек қуысы кеңейіп, ауа қапшықтары созылады. Ауа өкпеден алдыңғы ауа қапшықтарына өтеді. Өкпе және артқы ауа қапшықтары сырттан кірген ауамен толады. Қанат төмен түскенде көкірек қуысы кішірейеді. Артқы ауа қапшықтарындағы оттегіне бай ауа өкпеге сығылып келеді. Өкпедегі көмірқышқыл газы сыртқа шығарылады. Сөйтіп қан оттегімен екі рет қанығады. Алғашында көкірек қуысы кеңігенде сырттан келсе, екінші мәрте көкірек қуысы тарылғанда, артқы ауа қапшықтары нан келеді. Құстардағы бұл құбылыс қосарлы тынысалу деп аталады.

Сүтқоректілердің өкпесінде ауатамырлар таралып, оның төменгі ұштары өкпе көпіршіктерімен аяқталады. Өкпе қылтамырлары да жиі тор түзеді. Осыдан сүтқоректілердің өкпесі қанды оттегімен жақсы қамтамасыз етеді. Тыныс алуды қабырға арасындағы бұлшықеттер мен көкірек, құрсақ қуыстарын бөліп тұратын көкеттің жиырылып, босаңсуы қамтамасыз етеді.
Сүтқоректілердің көмекейінде дыбыс сіңірлері жақсы дамыған. Жануар әр түрлі дыбыс шығарып, өз туыстастарына, үйіріне қауіп - қатер туралы, өзінің қай жерде екені және т. б. туралы хабар беріп, білдіреді.

ІV. Бекіту.
Көпжасушалы жануарлардың тынысалу жүйесінің құрылысы ағзаның даму деңгейіне, тіршілік ортасына қарай біртіндеп күрделене түседі:
– ішекқуыстыларда (гидра), құрттарда, былқылдақденелілерде газалмасу дененің сыртқы тері жабыны арқылы жүреді;
– шаянтәрізділер желбезекпен, суда тіршілік ететін ұлулар, өрмекшітектестер өкпе қапшықтарымен, бунақденелілер демтүтікпен (трахея) тыныс алады;
– құрлық ұлулары өкпесі арқылы тыныс алады;
– суда тіршілік ететін омыртқалылар – балықтар және қосмекенділердің дернәсілдері желбезек арқылы тыныс алады;
– құрлық омыртқалыларының (қосмекенділер, жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілер) тынысалу мүшесі – өкпе.
Тыныс алудың негізгі мәні – ағза оттегімен үздіксіз қамтамасыз етіліп, одан көмірқышқыл газы үздіксіз шығарылуы, яғни газалмасу болып табылады.

Үй тапсырмасы. § 39 оқып, 90 - суретті салу. Табиғатта, тірі табиғат мүйісінде немесе өз үйіңде жануарлардың тыныс алуының ағза тіршілігіндегі маңызын аңғартатын құбылыстарды бақылап жүріңдер. Мысалы, суға кездейсоқ түсіп кеткен шыбынның (немесе басқа бір жәндік) жайы қандай болатынын бақылап, қорытынды жасаңдар.
20 927
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Көпжасушалы жануарлардың қозғалуы. Тірек - қимыл жүйесінің құрылысы
Көпжасушалы жануарлардың қозғалуы. Тірек - қимыл жүйесінің құрылысы
Қозғалу және оның маңызы. Ағза үздіксіз қозғалыста тіршілік етеді. Қимыл - қозғалыстың түрі өте көп. Тіпті ұйқыда жатқан жануарды мұқият қарап, бақыласаңдар, денесінің алуан түрлі қимылдап - қозғалып жататынын байқайсыңдар.
Көпжасушалы жануарлардың зәр шығаруы және зәршығару жүйесінің құрылысы
Көпжасушалы жануарлардың зәр шығаруы және зәршығару жүйесінің құрылысы
Жануарлар ағзасы айналадағы ортадан қорек, газ және суды үздіксіз денеге жеткізіп, оларды өңдеп, одан өз тіршілігін қамтамасыз ететін қажетті заттарды алады. Сырттан келген және өңдеуден түзілген қажетсіз заттарды денесінен шығару да тіршілік үшін
Көпжасушалы жануарлардың тыныс алуы
Көпжасушалы жануарлардың тыныс алуы
Тыныс алудың мәні және маңызы. Астың қорытылуы кезінде органикалық заттардың жай заттарға ыдырауы және олардан ағза жасушаларына, ұлпаларына, әр түрлі мүшелеріне тән органикалық заттардың қайтадан түзілуі үшін оттегі керек.
Биология пәнінен 6 - сыныпқа арналған Күнтізбелік - тақырыптық жоспарлау (барлығы 51 сағат)
Биология пәнінен 6 - сыныпқа арналған Күнтізбелік - тақырыптық жоспарлау (барлығы 51 сағат)
Биология пәнінен 6 - сыныпқа арналған Күнтізбелік - тақырыптық жоспарлау (барлығы 51 сағат)
Көпжасушалы ағзалардың тыныс алу жүйесі
Көпжасушалы ағзалардың тыныс алу жүйесі
Қызылорда облысы, Жанақорған ауданы, Қожакент ауылы, №184 негізгі мектебінде биология пәні мұғалімі Сарманова Лиза
Омыртқалы жануарлардың көбею ерекшеліктері
Омыртқалы жануарлардың көбею ерекшеліктері
Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, №2 Абай атындағы лицейде биология пәні мұғалімі Садықанова Бикеш Жекенқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×