Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Омыртқалы жануарлардың қанайналым жүйесінің құрылысы

04 тамыз 2016, Бейсенбі
Категориясы: Биология
Күнделікті жоспар биология 6 сынып

Сабақ: 41.
Тақырыбы: §43. Омыртқалы жануарлардың қанайналым жүйесінің құрылысы
Сабақтың мақсаты: омыртқалы жануарлардың қанайналым жүйесінің құрылысын түсіндіру; адамның тұлға ретінде қалыптасуын, адамгершілік тәрбиеге баулу; өз беттерімен іздену дағдысын қалыптастыру.
Сабақтың әдісі: түсіндірмелі
Сабақтың типі: құрастырылған

І Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру кезеңі
Қанайналым жүйесін неліктен «тасымалдау жүйесі» дейді? Қанды бұл жүйеге шығарып, қайтарып отыратын қандай мүше?
Шұбалшаң, ұлу, шаян (өзен шаяны), шаршылы өрмекші, зауза қоңыздың қанайналымы туралы қанның жүректен қантамырларына, одан тиісті жұмыс атқарып қантамырлары арқылы өкпеге келіп, қайтадан жүрек арқылы осы жолын қайталайтынын білдіңдер. Енді шұбалшаңның қайайналым жүйесін шартты сызбамен (мұны дәптерге сызып алу керек) көрсетіңдер;
а) осындағы «жүрекшені», сақиналы қантамырларды және арқа, құрсақ қантамырларын анықтап, әрқайсысын сызықшамен көрсетіп жазыңдар. Қан қалай, қандай бағытпен, «жолмен» денені айналып шығады?
ә) «өкпе» дегенімізбен шұбалшаңда өкпе жоқ қой. «Өкпе» деп атағанымыз дененің қай мүшесі? (атауын ата);
б) шұбалшаңдағы қанайналым неліктен «тұйық жүйе» деп аталады?
Шаянның «өкпесінің» атауы қандай еді? (Қандай ортада мекендейтінін еске түсіріңдер). Қанайналымы қандай қызмет атқарады?
Бунақденелілердің қанайналымы қызметінің шаян мен өрмекшіден ерекшелігі қандай?

ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру кезеңі
Балық омыртқалы жануарларға жатады. Балықтың жүрегі екі қуысты; ол дененің құрсақ жағында орналасқан. Қан жүрек қарыншасынан желбезектерге қарай шығатын ірі қантамыры – құрсақ қолқасына өтеді. Қарыншаның қақпақшасы қанның кері ағуына мүмкіндік бермейді. Бұл қан, көмірқышқыл газы көп болғандықтан, вена қаны деп аталады. Оның түсі қызыл қоңыр болады. Желбезекке келгенде құрсақ қолқасынан оңға және солға қарай қантамырлар таралады. Олар желбезекте ұсақ қылтамырларға тармақталып, оттегіне қанығады да, артерия қанына айналады. Артерия қан тамырлары жинақталып, хорданың астында созылып жатқан арқа қолқасына құйылады. Қолқадан дененің барлық мүшелеріне қылтамырлар тармақталады. Ондағы әр түрлі ұлпаларда артерия қаны оттегін беріп, көмірқышқыл газын және түрлі қажетсіз өнімдерді сіңіреді де, вена қантамырымен ағып, жүректің құлақшасына құйылады. Ол жиырылып, қан қарыншаға өтеді. Сөйтіп балықтың қаны бір шеңбер жасап, бүкіл денені айналып шығады. Сондықтан балықтың қанайналым жүйесін біршеңберлі қанайналым жүйесі дейді.

Қосмекенділердің жүрегі үш бөлімді, қарыншадан және екі құлақшадан тұрады. Қан дененің барлық мүшелерінен вена қантамырымен жүректің оң құлақшасына құйылады. Бұл қанда көмірқышқыл газы көп. Сол жақ құлақшаға өкпеден оттегін сіңірген қан құйылады. Құлақшалар жиырылған кезде қарыншаға екі құлақшадан біраз қан өтіп, артерия мен вена қаны араласады да, денесіне аралас қан тарайды. Қарыншадан ірі артерия қан тамыры шығып, ол денені бойлап артқы жағына қарай ағады. Одан көптеген қылтамырлар шығып, бүкіл ұлпаларды торлайды. Оларды оттегімен, қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Артерия біртіндеп вена қанына айналып, вена қантамырымен жүрекке қарай ағады.

Бақаның қанайналым жүйесінде екі шеңбер бар. Қанды жүректен бүкіл денеге тарататын артерия қантамырлары мен денеден жүрекке оралатын вена қантамырын үлкен қанайналым шеңбері деп атайды. Қанның өкпе мен теріге баратын, одан жүрекке қайта келетін тармағы – кіші қанайналым шеңбері деп аталады.
Жорғалаушылардың жүрегі, қанайналым жүйесі бақанікіне ұқсас. Бұларда жүрек үш бөлімді: қарыншадан, екі құлақшадан тұрады. Олардың бақадан ерекшелігі жүрек қарыншасы жартылай пердемен екі бөлімге бөлінеді. Бірақ перде қарыншаны толық бөлмегендіктен артериялық қан мен веналық қан (бақамен салыстырғанда) аз мөлшерде болса да араласады. Сондықтан қосмекенділер мен жорғалаушылардың ағзасында зат алмасу баяу жүреді де, дене температуралары тұрақсыз, қоршаған ортаның температурасына тәуелді болады. Ауа райы салқын солтүстік аймақтарда қосмекенділер мен жорғалаушылардың сирек таралғаны және жылы аймақтарда қыста ұйқыға жататыны содан. Бұларды салқын қанды жануарлар дейді.

Құстар мен сүтқоректілердің жүрегі төрт бөлімнен тұрады. Жүрек қарыншасының пердесі оны толық екі бөлімге бөліп, қан араласпайды. Дене мүшелеріне таза артерия қаны таралып, өкпеге вена қаны келеді. Бұл жануарларда зат алмасу қарқынды жүреді. Дене температурасы тұрақты, қоршаған ортаның температурасына тәуелді емес. Оларды жылықанды жануарларға жатқызады. Бұл жануарлар жер бетінің барлық аймақтарында таралған.

ІV. Бекіту.
Сонымен, көпжасушалы жануарларда шұбалшаңнан бастап қанайналым жүйесі болады. Қанайналым жүйесінің құрылысы жануарлардың әр түрлі топтарында түрліше және даму деңгейіне қарай біртіндеп күрделенеді.
Әріппен белгіленген қанайналым жүйелерінің қайсысы қандай жануарға тән екенін анықтап, әріп пен жануар нөмірін қосып дәптерлеріңе жазыңдар және түсіндіріңдер.
А. Жүрегі екі бөлімді. Қанайналым жүйесі бір шеңберлі. Организмі оттегіне бай таза артериялық қанмен қамтамасыз етіледі (неліктен?). (3. Балық)
Ә. Жүрегі үш бөлімді. Ағзасы веналық және артериялық қан бірдей мөлшерде араласқан қанмен қамтамасыз етіледі (неліктен?). Қанайналым жүйесі екі шеңберлі. (4. Құрбақа.)
Б. Жүрегі үш бөлімді. Ағзасы артериялық қаны көбірек аралас қанмен қамтамасыз етіледі. Канайналым жүйесі екі шеңберлі. (1. Кесіртке.)
В. Жүрегі төрт бөлімді. Ағзасы таза артериялық қанмен қамтамасыз етіледі (неліктен?). (2. Арқар; 5. Құс.)

Қосмекенділер мен жорғалаушылар солтүстік аймақтарда өте сирек таралған. Мұның себебі неде? Бұған қанның қандай қатысы бар?
Құстар мен сүтқоректілер жүрегі құрылысының жорғалаушылар жүрегі құрылысынан қандай артықшылықтары бар?
Бұлардың дене температурасының тұрақты, орта жағдайларына тәуелді еместігін қалай түсіндіруге болады?
Үй тапсырмасы. § 43 оқу, 93, 94, 95 - суреттерді салу.
17 834
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қанайналым мүшелері – жануарлардағы тасымал
Қанайналым мүшелері – жануарлардағы тасымал
Қанайналым жүйесіне кіретін мүшелерді біледі. Ашық және тұйық қанайналым жүйесін ажыратады.
Омыртқасыз жәндіктердің қанайналым жүйесінің құрылысы
Омыртқасыз жәндіктердің қанайналым жүйесінің құрылысы
Шұбалшаңның қанайналым жүйесі әр буылтықта жеке болады. Сақиналы қан тамырлармен өзара байланысқан ірі арқа қантамырынан және құрсақ қантамырынан тұрады. Бұл екеуінен қылтамырлар тарамдалып, теріні және зәршығару, асқорыту, жүйке жүйесі, т. б. ішкі
Көпжасушалы жануарлардың зәр шығаруы және зәршығару жүйесінің құрылысы
Көпжасушалы жануарлардың зәр шығаруы және зәршығару жүйесінің құрылысы
Жануарлар ағзасы айналадағы ортадан қорек, газ және суды үздіксіз денеге жеткізіп, оларды өңдеп, одан өз тіршілігін қамтамасыз ететін қажетті заттарды алады. Сырттан келген және өңдеуден түзілген қажетсіз заттарды денесінен шығару да тіршілік үшін
Биология пәнінен 6 - сыныпқа арналған Күнтізбелік - тақырыптық жоспарлау (барлығы 51 сағат)
Биология пәнінен 6 - сыныпқа арналған Күнтізбелік - тақырыптық жоспарлау (барлығы 51 сағат)
Биология пәнінен 6 - сыныпқа арналған Күнтізбелік - тақырыптық жоспарлау (барлығы 51 сағат)
Көпжасушалы жануарлардың қозғалуы. Тірек-қимыл жүйесінің құрылысы
Көпжасушалы жануарлардың қозғалуы. Тірек-қимыл жүйесінің құрылысы
Атырау қаласы, Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші Өнер Академиясының биология пәнінің мұғалімі Альмира Рахимова
Омыртқалы жануарлардың қанайналым жүйесінің құрылысы
Омыртқалы жануарлардың қанайналым жүйесінің құрылысы
Атырау қаласы, Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші Өнер Академиясының биология пәнінің мұғалімі Альмира Рахимова
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×