Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Дүние жүзінің саяси картасы

11 мам 2013, Сенбі
Категориясы: География
Дүние жүзінің саяси картасы

Мақсаты: Оқушыларда дүние жүзінің қазіргі саяси картасы туралы түсінік қалыптастыру, оның өзгеруіне әсер етуші факторды анықтау; елдердің типологиясын белгілеу; елдердің басқару формалары мен әкімшілік - аумақтық құрылымын түсіндіре және бағалай алуы; картамен және оқулықпен жұмыс жасау дағдыларын дамыту.
а) Білімді қалыптастыру: Оқушыларға дүние жүзінің саяси картасының қалыптасу кезеңдері туралы толық мағлұмат бере отырып, олардың дүние жүзі саяси картадан мемлекеттердің орналасуымен астаналарын жаттату.
б) Тәрбиелік: Оқушыларға адамгершілік тәрбие бере отырып, әдептілік ережелерін бойына сіңірген, мүмкіндігінше дамыған азамат тәрбиелеу.
в) Дамытушылық: Оқушылардың дүние жүзі саяси карта бойынша мемлекеттерді есте сақтау қабілеттілігін дамыту.
Сабақтың түрі: Жаңа тақырыпты таныстыру сабағы.
Көрнекі құралдар: оқулық, атлас, дүние жүзінің саяси картасы, жалпы ақпарат құралдарының материалдары, глобус.

Сабақтың барысы:
а) Ұйымдастыру.
ә) Үй тапсырмасын сұрау.
б) Жаңа тақырыпты таныстыру.
в) Бекіту.
г) Үйге тапсырма беру.
д) Бағалау.

Дүние жүзінің саяси картасының қалыптасу кезеңдері. Дүние жүзінің қазіргі саяси картасының қалыптасуына адамзаттың тарихи - әлеуметтік даму кезеңдерінің ықпалы зор. Бұл - өте ұзаққа созылған, мыңдаған жыл тарихы бар процесс. Адамзат қоғамының дамуы бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізді. Осыған сәйкес дүние жүзінің саяси картасының қалыптасуының да әр түрлі кезеңдері бар. Қоғам дамуының негізгі заңдылықтарына сүйене отырып, дүние жүзі саяси картасының қалыптасуын төмендегідей кезеңдерге бөлеміз: ежелгі, ортағасырлық, жаңа және қазіргі заманғы. Осы себепті саяси картаны «дәуір айнасы» деп бекер айтпаймыз.

Ежелгі кезең (б. з. Үғ. дейін) – алғашқы қауымдық құрылыстың соны мен құл иеленушілік дәуірді толық қамтиды. Жер шарындағы ең алғашқы мемлекеттік құрылымдар - Египет, Ежелгі Қытай, Парсы патшалығы, Финикия, Ассирия, Ежелгі Грекия мен Рим империясының және басқаларының дамуымен немесе күйреуімен сипатталады. Осы мемлекеттер әлемдік өркениетке зор үлес қосты. Сол кезеңде жер бөліктеріндегі негізгі келбетті өзгерістер әскери күш қолданысы арқылы жеңіске жеткендердің есебінен жүзеге асырылды.

Келесі ортағасырлық кезеңде (Ү - ХҮғғ.) саяси картаның қалыптасуы феодализм заманымен тұтас келеді. Феодалдық мемлекттердің саяси билік құрылымдары құл иеленушілік құрылыстан гөрі күрделі әрі жан - жакты еді. Оларда жер аумақтарын жаулап алу мүддесі айқын байқалып отырды. Осы себепті ұлан - байтақ жерді мемлекеттер үнемі бөлісумен келді. Ол заманда жер шарының көптеген аймақтарының саяси картасы өте тұрақсыз еді. Ондай мемлекеттер сапында: Византия, Араб халифаты, Киев Русі, Шыңғыс хан және Осман империялары, Франция мен Англия, т. б. болды.
Жаңа кезең (ХҮ ғ. Соңынан - ХХ ғ. Басына дейін)- капитализм дәуірінің пайда болуына, өрлеуіне және орнығуына сәйкес келеді. Капиталистік қоғамдық қатынастардың бас кезінде болған Ұлы географиялық ашулардың өзі Жаңа Дүние материктеріне жол салып, дүние жүзі картасын үлкен өзгеріске ұшыратты. Ол адамзат баласына жат құбылыс - отаршылдық,

Құлдар саудасы және еріксіз түрде өз діндерін жергілікті ұлт өкілдеріне күштеп таңуға ұласты. Әсіресе дүние жүзінің саяси картасын бөлісу жолындағы күрес отаршыл мемлекеттер арасында ХІХ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың бас кезіне дейін барынша өршіді. Мұны біз Африка материгі мысалынан айқын көреміз. 1876 жылы осы материктің бар - жоғы 10% - ы еуропалық мемлекеттердің отары болса, ал 1900 жылы бұл көрсеткіш 90% - дан асты. ХХ ғасырдың басында дүние жүзінің саяси картасы түгелдей өзгеріп, ендігі жерде оны күштеп қана қайта бөлуге тура келді. Ол ірі державалар арасында әскери - саяси топтар құруға және оны қайта бөлісу үшін болған аймақтық қақтығыстар мен Бірінші дүниежүзілік соғысқа әкеліп соқты.

Қазіргі саяси картаға тарихи - географиялық шолу. Қазіргі заманғы, яғни саяси картаның қалыптасуындағы ең жаңа кезеңнің басталуы Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуымен тұспа - тұс келіп, ол бүгінге дейін созылуда.
ХХ ғасырдың басында жер шарында тәуелсіз дербес мемлекеттер саны 55 болса, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары олардығ саны 81 - ге жетті. Бұл елдердің Исландиядан басқасы өз саяси тәуелсіздіктеріне қол жеткізе алған Азия құрлығының жас мемлекеттері болды. Олардың қатарында осындағы аса ірі елдер – Үндістан, Индонезия, Пәкстан, Филиппин, т. б. бар (2 кесте) Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар аралығы мен одан кейінгі уақыт қазіргі саяси картаның бірінші немесе алғашқы кезеңі деп аталады. Бұл кезең Ресей, Австрия - Венгрия, Осман империяларының ыдырауымен, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) т. б. мемлекеттердің құрылуымен және социалистік жүйе елдерінің саяси картада пайда болумен сипатталады. Сонымен бірге осы кезең аймақтық қақтығыстар мен дүниежүзілік соғыстарды болдырмай, ауыздықтау сипатында құрылған халықаралық ұйым - Ұлттар Лигасының (ҰЛ) (1920 ж), әсіресе қазіргі кезеңдегі аса беделді Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) (1945ж) құрылуымен ерекшеленеді.

1950 жылдардың соңында егеменді мемлекеттердің саны 92 - ге жетті. Енді Азия елдерімен қатар Африка құрлығындағы елдер де саяси бостандық алды. Ең алдымен, оның солтүстігіндегі араб елдерінің көп бөлігі, оның артынша тропиктік Африкада - Гана (1957ж) ең бірінші болып, ал келесі жылы Гвинея өз тәуелсіздіктерін алды. 1960 жыл «Африка жылы» болып есептелінеді. Өйткені осы жылы аталған материктің 17 елі өз егемендіктеріне ие болды.

1990 жылы планетамызда егеменді ел 171 - ге жетті. Алайда осы жылдың мамыр айында, ұлттық - этникалық құрамы негізінде екі Йемен - Солтүстік және Оңтүстік Йемен Араб мемлекеттері қосылып, Арабия түбегінде жаңа мемлекет - Йемен Республикасы пайда болды. Ал қазан айында екі Герман - Батыс және Шығыс Германия мемлекеттері бірікті. Келесі жылы Берлин қаласы Германия Федерациялық Республикасының астанасы болып жарияланды. Осы себепті 1991 жылдың қаңтары картасында дүние жүзінің саяси картасында егеменді мемлекеттердің саны 169 - ға дейін қысқарды.

1991жылдың қыркүйек айында Балтық маңы елдері - Латвия, Литва және Эстония тәуелсіздіктерін алды. 1991 жылдың соңында КСРО ыдырағаннан кейін, оның орнына егеменді, жас тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Олар: Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь, Молдова, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Армения және Грузия республикалары. Осы аталған мемлекеттер енді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құрды.

Югославия Социалистік Федеративтік Республикасында басталған саяси науқан қарулы қақтығыстар мен соғысқа айналып, ақырында оның ыдырауына әкеліп соқтырды. Югославияның құрамындағы бұрынғы одақтас республикалардың орнына келесі тәуелсіз мемлекеттер пайда болды: Словения, Хорватия, Босния және Герцеговина, Македония. Тек Сербия мен Черногория республикалары ғана алғашқы - Югославия Одағына бірікті.
1993 жылдың қаңтарында Чехословакия Федерациялық Республикасы өзінің бірігіп өмір сүруін тоқтатып, оның орнында тәуелсіз екі мемлекет: Чехия және Словакия республикалары құрылды
Қазіргі кезде дүние жүзінің саяси картасында 200 - ден астам егеменді мемлекеттер бар. Бүгінгі таңда Біріккен Ұлтар Ұйымына 194 мемлекет мүше (1 кесте) Жоғарыдағы жаңадан құрылған мемлекеттер БҰҰ - ның құрамына, оның Бас Ассамблеясы сессиясының шешімі бойынша қабылданды.

Қазіргі саяси картадағы тәуелді елдер мен жер аумақтары. Егеменді мемлекеттермен қатар қазіргі кезде дүние жүзінде 30 - дан астам отар немесе тәуелді елдер мен жер аумақтары бар деп есептелінеді Көптеген елдер Палестина мемлекетінің өміршеңдігін мақұлдайды. Ал кейбірі оны қолдамайды, себебі ол автономиялық құрылымнан (1994ж) әлі егеменді елге толық айнала қойған жоқ

Тәуелді елдерді шартты түрде екі топқа бөлуге болады:
1. Отарлар, яғни БҰҰ – ның тізіміне ресми түрде тіркелген тәуелді аумақтар, бұларға бостандық берілуі қатаң түрде талап етіледі.
2. Негізгі аумақтар деп сөз жүзінде аталатын, ал іс жүзінде отар жер, бірақ олар БҰҰ - ның тізіміне кірмеген. Себебі оларды басқарушы мемлекеттердің мәлімдеуінше, олар «еркін қауымдастықтағы мемлекеттер» т. б. болып табылады. Мұндай жерлер Мұхиттық аралдар мен Кариб теңізі алабында жиі кездеседі. Бұл елдердің барлығы дерлік жер аумағы және халқының саны жағынан шағын мемлекеттер.

Жалпы отарларға келетін болсақ, олардың көбісін метрополия бірінші кезекте әскери стратегиялық мақсатта пайдаланылуда, сол сияқты отарлар олардың басқа да саяси - әлеуметтік және көлік - экономикалық қызығушылықтарын туғызуда. Сондықтан отаршыл - метрополиялар оларды мүмкіндігінше өз қолында ұстап тұруға тырысуда. Осы себепті де Испания мен Ұлыбритания арасындағы Гибралтардың мәртебесі туралы тартыстың шегі жоқ сияқты. АҚШ - тың көптеген әскери - әуе және әскери - теңіз базарлары оның отар аралдарында және онымен қоса Ұлыбританияға қарайтын Үнді мұхитындағы Чагос архипелагының аралдарында (олардың ішінде Диего - Гарсия да бар) орналасқан. Сонымен қатар осы Гибралтар бұғазындағы Испанияға қарасты Перехиль аралдары үшін Испания мен Марокко арасындағы талас та, мароккондық аумақта орналасқан испандық - Сеута және Мелилья (бұларды 1640 жылы Испания жаулап алған) қалалары төңірегіндегі дау-дамай да өршіп тұр.

Франция өзінен шамамен 17000 км арақашықтықта орналасқан Полинезияны 1958 жылдан өзінің «теңізден арғы аумағы» деп жариялап, онда (Муруроа аралы) мұхит кеңістігінде әлі күнге дейін ракеталық - ядролық қаруын сынақтан өткізуін тоқтатпай отыр. Ал Францияның Оңтүстік Америкадағы тағы бір отары - француз Гвианасы «теңізден арғы департамент» болып саналады. Оның Куру қаласы маңында 1968 жылы салынған ғарыш орталығы мен ғарыш айлағын Франциямен қоса бірнеше Батыс Еуропа компаниялары да Жердің жасанды серіктерін ұшыруға бірлесіп пайдалануда.

Жаңа тақырыпты бекіту:
1. «Саяси карта - дәуір айнасы» деп неге айтамыз?
2. Қазіргі саяси картаның бірінші және екінші кезеңдеріне тоқталып, онда болған нақтылы өзгерістерді атап көрсетіңдер.
3. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі ең беделді әрі үлестіруші орган. Оған не себепті кейбір елдер мүшелікке енбей отырғанын түсіндіріңдер.

Үйге тапсырма: $ 1 Дүние жүзінің саяси картасының қалыптасуы және мазмұны.
Бағалау.
40 714
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Дүниежүзінің Табиғат ресурстары және олардың түрлері
Дүниежүзінің Табиғат ресурстары және олардың түрлері
Табиғат ресурстары мен олардың жіктелуі, табиғат ресурстары түрлерінің дүние жүзі бойынша таралуы мен әркелкі орналасу туралы білімдерін беріп, жетілдіру
Қазақстанның физикалық географиясы нені оқытады? Қазақстанның және Батыс Қазақстан облысының географиялық орны мен шекаралары
Қазақстанның физикалық географиясы нені оқытады? Қазақстанның және Батыс Қазақстан облысының географиялық орны мен шекаралары
Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы туралы баяндау. Қазақстанның физикалық географиясы нені оқытады? Географиялық білім көздеріне сипаттама беру. Қазақстанның және Батыс Қазақстан облысының шекараларын, аумағын, географиялық координаталарын, географиялық
Дүние жүзінің саяси картасы
Дүние жүзінің саяси картасы
Семей қаласы, Т. Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектеп география пәні мұғалімі Ожанова Құралай Болатқызы
Дүние жүзінің саяси картасындағы мемлекеттер. Қазақстан әлем картасында
Дүние жүзінің саяси картасындағы мемлекеттер. Қазақстан әлем картасында
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, «Бейнеу гимназиясы» география пәні мұғалімі Іңірғалиева Нұргүл Нұрқызы
Дүниежүзіне аймақтық шолу
Дүниежүзіне аймақтық шолу
Байқоңыр қаласы, № 8 Ю. А. Гагарин атындағы мектептің География пән мұғалімі Измамбетова Айбарша Итеменовна
10-cыныпқа күнделікті сабақ жоспары 68 сағат (жаратылыстану бағыты)
10-cыныпқа күнделікті сабақ жоспары 68 сағат (жаратылыстану бағыты)
10-cыныпқа күнделікті сабақ жоспары 68 сағат (жаратылыстану бағыты)
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×