Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Көңілімнің сыры - Мұқағали жыры

09 ақпан 2016, Сейсенбі
Көңілімнің сыры - Мұқағали жыры
Мұқағали атамның өлеңдеріне деген менің махаббатым анамның ықпалымен туды деп ойлаймын. Себебі, есімді білгелі анам маған жас ерекшелігіме сәйкес Мұқағали атаның өлеңдерін іріктеп, жаттатып жүрді. Жиын - тойдың барлығында мен сол өлеңдерді орындап беремін. Мені туған - туысқандар кейде "Мұқағали атасының" шөбересі деп те атайтын болды. Осылайша, күні - бүгінге дейін жаттаған өлеңімнің бас - аяғы елу - алпысқа жетіпті. Өткен жылы аудандық "Мұқағали оқуларына" қатысып, бірінші орынды иелендім.
Менде Мұқағалидың "Жырлайды жүрек" атты өлеңдер жинағы бар. Менің анам - қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Бұл кітапты 4 - сыныпты оқып жүргенімде анамнан өзім қызығып сұрап алған болатынмын. Сол кезден бастап күні бүгінге дейін бұл кітап менің қолымнан түскен емес. Мұқағали атаның осы жинақтағы барлық өлеңдерімен таныстым. Кітапты өзімше бірнеше тақырыптарға топтап та алдым. Олар: табиғаттың тылсым сырлары туралы, адам және адамгершілік қасиет туралы, ана мен бала тақырыбындағы өлеңдер, арнау өлеңдер, қызы Майгүлге арнаған топтама өлеңдері, махаббат сезімі, өмір туралы толғаныс, поэмалары т. б. Бұлардың әрқайсысы маған өзінше тың әсер етті. Бірінде қайғырып мұңдандым, көзіме жас келді, еңіреп жыладым. Келесі бір өлеңдерінде кеудемді қуаныш пен мақтаныш сезімі кернеді. Кім - кімнің де тамыр жаяр топырағы, алтын бесігі - туған жерім, оттан да ыстық болар Отаным, көңілі дарқан, кең пейіл халқыммен мақтандым. Тағы бірде ақынды шын жүрегіммен аядым. Әттең сол кезді қайта келтіретін сиқыр күш болса, жанынан табылып, көңіліне демеу болғым келді. Алақаны балаға айдынды қоныс бола білген - анамның, асқар таудай қорғаным - әкемнің, ата қоныс, мекенім, алтын бесік - туған жерімнің, қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы болған ана тілімнің алдындағы жауапкершілігімді сезіндім. Мұқағали жыры - көңілімнің сырын тауып, шөлдегенде сусындатып, сарайымды ашты, рақатқа бөледі. Енді мен де Мұқағалиша өлең жаза бастадым. Отаныма арнадым, Елбасыма арнадым, ата - анам, бақытты балалық шағыма арнап өлең жаздым. Сондай - ақ, сүйікті ақыным Мұқағалиға жыр шумағын арнадым. Қабыл алыңыздар!

Мұқағалиға арнау
Қанаттанып, түлеген Қарасазда,
Жоққа көніп, қуанған болса азға.
Наркеуде бір жан еді жаны нәзік,
Жыр арнаған ұйқыдағы аққу қазға.

Жүрегімен жырлаған үш бақытын,
Жыр ғып өріп, асылын, сөз жақұтын.
Өмір - өзен жырлап өте шықты,
Тәңірдің өлшеп берген уақытын.

Мұқағали шоқ жұлдыз ғой сөнбейтін,
Әрбір сөзі жүрегіңді тербейтін.
Мұқағали - сиқырлы да, сырлы күш,
Жырларымен көңіліңді емдейтін.

Өлеңдері жанға жылу береді,
Қайта - қайта оқи бергім келеді.
Ғажайыптан тосын келетін бір күштер,
Жүрегімді қуанышқа бөледі.
12 683
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Мұқағали атама
Мұқағали атама
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қ. Пірімов ауылы, Қ.Күлетов атындағы № 92 орта мектебінің 7 – сынып оқушысы Қожамберген Айзере
Бүгін менің туған күнім!
Бүгін менің туған күнім!
Дайындаған: Ақпейіл Курманбаева
«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!...»  (Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби-сазды кеш)
«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!...» (Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби-сазды кеш)
Жезқазған қаласы Дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік ерлер лицей-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бакирова Сандуғаш Шарафиденқызы
Мұқағали Мақатаев
Мұқағали Мақатаев
Жамбыл обылысы, Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылы, Г. Орджоникидзе атындағы мектеп- гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Кемпрекова Жанар Жансериковна
Мұқағали Мақатаев “Бүгін менің туған күнім” (электронды оқулық)
Мұқағали Мақатаев “Бүгін менің туған күнім” (электронды оқулық)
Мұқағали Мақатаев "Бүгін менің туған күнім" (электронды оқулық). Ерлан Шарапиев Өзбекстан Қарақалпақстан Республикасы, Мойнақ ауданы №18орта мектебінің Қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушысы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×