Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Доспамбет жырау

15 қазан 2019, Сейсенбі
Сабақтың тақырыбы: Доспамбет жырау
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Өз заманында жақсы тәрбие алып, көргені, білгені көп болған, парасатына білімі сай білгір адам Доспамбет жыраудың өмірі, шығармашылығы туралы түсінік беру.
Дамытушылық: Жырау өлеңдерінен ақын ойын, оның өмірлік мақсаттары мен үміттерін, рухани әлемін, адамгершілік тұрғысы мен көзқарасын білуге жетелеу. Туындыларының рухы өр, мазмұны терең, тілі жеңіл нақышын таныту.
Тәрбиелік: Оқушыларды ақын жырларының астарындағы адами қасиеттер иесі болуға ұмтылдыру, елін сүюге, ұлтын ұлықтауға тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже:
а) Доспамбет жыраудың өмір жолы туралы кеңірек түсінік алу;
ә) Ақынның жырларында көбірек айтылатын туған жері туралы деректер іздеп, табу;
б) Топпен жұмыс жасап, өз ойларын ашық айта білуге, бір - бірін тыңдауға дағдылану.
Сабақтың түрі: жаңа білімді меңгерту.
Сабақтың әдісі: зерттеу сабағы.
Сабақтың көрнекілігі: интербелсенді тақта арқылы көрсетілетін слайдтар, суреттер, бейнебаян.
Сабақтың барысы: 1. Ой шақыру.
Интербелсенді тақтадан Б. Тілеухановтың орындауында Доспамбеттің «Айнала бұлақ басы Тең» толғауы тыңдатылды. Қобыз сарыны жыршының зор, әсерлі дауысымен үндескенде оқушыларды тарих қойнауына саяхатқа бастап кеткендей күйге бөлендік.
Сыныпты 3 топқа бөлдік.
1) «Ізденгіштер»,
2) «Зерттеушілер»
3) «Сарапшылар»
Сабақ 5 бөлімнен тұрады:
I. Оқушы зерттеулері.
1). «Доспамбет - жырау, қолбасшы, батыр»
2). «Азаулының Ыстамбулдан несі кем?»
3). «Айдаметке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан...»,
4). «Есақай, Қосай екі ұл
Азау билеп өсерін.»
5). «Рухы өр, мазмұны терең жырларының өзіндік ерекшелігі.»
II. Салыстыру.
III. Бекіту кезеңі.
IV. Үйге тапсырма.
V. Бағалау парағын үлестіру.
«Ізденгіштер». 1. «Доспамбет - жырау, қолбасшы, батыр»,
Доспамбет жырау (1490 - 1523) - жырау, қолбасшы, батыр. Доспамбет жырау қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрді. Кіші Ноғай ордасында әскери қолбасшы болды. Дешті Қыпшақты көп аралаған, Бақшасарайда, Стамбұлда болған. Қырым ханының жағында көптеген әскери жорықтарға қатысқан. Доспамбет жырау тайпааралық ұрыстардың бірінде 1523 жылы Астрахан маңында қаза тапты.
1588 жылдың 25 - ші шілдесімен таң¬баланған құжатта Доспамбетті “Доспамбет ата” деп хаттаған. Демек, ол сол кезде 60 пен 70 арасындағы ақсақал жастағы адам болған. Жыраудың 1591 жылғы Мәскеуге сәтсіз жорықта қатты жараланып, Азауға жете алмай жолда өлген сыңайы бар. Осы деректерді саралай келгенде Доспамбет 1520 - 1591 жылдар аралығында өмір сүрген боп шығады.
Доспамбет жырау өз басын өлімге тігіп, сан рет қанды шайқастарға қатысқан ата қонысын үлкен сүйіспеншілікпен толғайды. Жырау ел қорғау, жорық тақырыбына арналған жырларында елі мен жері үшін өлген ердің арманы жоқ деп, отаншылдық рухты бәрінен биік қояды. Өзі туған Азау қаласын «Азаулының Ыстамбұлдан несі кем?!» деген жолдарына қарағанда Доспамбеттің көргені, білгені көп, білімді адам екенін аңғарамыз. Және Азау қаласының аты ақын шығармаларында жиі кездеседі.
«Зерттеушілер» 2. «Азаулының Ыстамбулдан несі кем?»
Азаулы қаласының аты өз еңбегін жаңаша жыл қайыруымыздың І - ші ғасырында жазған Страбонда кездеседі. Азик деп хаттаған. Скандинавия жарты аралының жұрты христиандық дәуірге дейінгі құдайын Один деп атаған. “Эдда” дастанының мәтініне жүгінген Н. М. Карамзин: “Эдда аңыздары бойынша скандинавиялық мұсылман Один Азгард қаласының түлегі” дейді (Н. М. Карамзин... Том І. Гл. ІІ. Прим. - 25. 9 - б. ).
Грек тарихына қатысты деректерден білетініміз: Азақтың Киммерлік Боспор атанғаны, ал Азов теңізінің Меотида делінгені. Меотида саздағында ежелгі заманнан нәсілі алан азық тайпасы орыс жылнамаларындағы касогтармен (қасахтармен) аралас бірге тұрған. Сөйтіп, бұл теңіз жағалауындағы қолтық Азау теңізі, ал ондағы генуялық ежелгі қала Азаулы атанған.
Қара теңіз жағалауын монғолдар меншіктеген кезде Азаулы өзіне кеп құятын Тана өзенінің атымен Тана аталды. Ол Алтын Орданың “оң қанатының” астанасы болды. Византия, Генуя, Венеция саудагерлері Алтын Ордамен осы Тана арқылы сауда жасады.
1462 жылы Махмет паша Константинопольді алып, Византияны күйретті. Кешікпей оның Қара теңіздің терістік жағалауларындағы отары Очаков, Қафа, Тана, Ақерменді өзіне қаратты. Осы кезден бас¬тап Тана қайтадан Азаулы атанып, Тақыт елі, Ноғайлы, Терістік, Кавказ, Мәскеумен сауда - саттық қаласына айналды. Азаулыда түріктің әскері (наместнигі) отырды. Мәскеу князьдігі Азаулыда елшілік және сауда - саттық өкілеттігін ұстатады.
Доспамбет жырау осы Азаулының не сол тараптағы көшпелі тайпаның түлегі. Жыраудың:
Айнала бұлақ, басы Тең,
Азаулының Ыстамбұлдан несі кем.
Азаулының Аймадет
Ер Доспамбет ағаның,
Хан ұлында несі жоқ,
Би ұлынан несі кем.
Тәңірінің өзі берген күнінде,
Хан ұлынан артық еді менің несібем – деген жолдарында біраз деректік мәлімет бар (Бес ғасыр жырлайды. Алматы, 1989. 32 - б. ). Ол Азаулының ағасы. Қырым тарапында қала, ұлыс, ру басшыларын “аға” деп ұлықтаған. Доспамбет өзін хан нәсіліне де, би нәсіліне де жатқызбайды, Аймадет қауымынан екенін мақтанышпен атайды. Аймадет – Дешті Қыпшақ пен Ноғайлыда кездеспей¬тін ру. Толғаудың “Айнала бұлақ, басы Тең” деуі бекер емес. Тең, Тан, Тана, Дөң, Дон – бәрі бір өзен. Азау теңізіне құятын осы өзеннің бойында туып өскен жыраудың Азаулыны Ыстамбұлмен шендестіре сөйлеуінде мән жоқ емес. Азаулы түрік патшасына бағынышты қала еді. Доспамбеттің Стамбулда болуы да ғажап емес.
Жыраудың “Тоғай, тоғай, тоғай су” толғауындағы:
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кетсем өкінбен, – (Сонда. 34 - б. ) деген жолдар ойға қалдырады.
«Сарапшылар» 3. «Айдаметке оқ тиді
Айдаметке оқ тиді,
Отыз екі омыртқаның буынынан..., немесе
Азаулының Аймадет
Ер Доспамбет ағаның,
Хан ұлында несі жоқ,...
деген өлең жолдарынан Аймадет сөзін жиі байқаймыз. Сондай - ақ, Доспамбет жырларында үш жерде өз кіндігінен болған ұлдарының аты аталады:
Білмеймін мен жаман күн
Болатсыз қылыш кесерін,
Айналасы алты жылдың ішінде
Есақай, Қосай екі ұл
Азау билеп өсерін.
(Сонда. 32 - б.)
Қосақай, Қосай, ер Досайдың анасы
Хан қызындай сұлтанның....
(Сонда, 33 - б.)
Есақай, Қосай екі ұл
Алдыңызға жыр құшақлай,
Жылап шықса не айтарсыз? – өлең жолдарында оның ұрпақтары туралы да айтылып кетеді.
«Зерттеушілер» 3. «Айдаметке оқ тиді
Жыраудың:
Айнала бұлақ, басы Тең,
Азаулының Ыстамбұлдан несі кем.
Азаулының Аймадет
Ер Доспамбет ағаның,
Хан ұлында несі жоқ,
Би ұлынан несі кем.
Тәңірінің өзі берген күнінде,
Хан ұлынан артық еді менің несібем – деген жолдарында біраз деректік мәлімет бар (Бес ғасыр жырлайды. Алматы, 1989. 32 - б. ). Ол Азаулының ағасы. Қырым тарапында қала, ұлыс, ру басшыларын “аға” деп ұлықтаған. Доспамбет өзін хан нәсіліне де, би нәсіліне де жатқызбайды, Аймадет қауымынан екенін мақтанышпен атайды. Аймадет – Дешті Қыпшақ пен Ноғайлы да кездеспейтін ру.
«Ізденгіштер» 4. «Есақай, Қосай екі ұл
Азау билеп өсерін.»
Ал, ақын ұрпақтарына келсек, ауызша айтылып, көп жылдардан кейін хатқа түскен жырда ауытқушылық болмай тұрмайды. Үнемі “екі ұл” дей келіп, бір жерде үш ұлдың, ал ұзын ырғасы төрт ұлдың аты аталады: Есақай, Қосақай, Қосай, Досай. Доспамбеттің өзі “екі ұл” деп анық көрсеткен. Дұрысы сол болса керек: Есақай мен Қосақай.
Бұлай деп тұжырымдауымызға кейінгі кездің қосалқы деректері мұрындық болды. Алаш зиялыларының көзін көрген, мұрағаттарды талмай ақтарған қарт қаламгер Ғалым Ахмедов ақсақал Доспамбет ұрпақтары туралы құнды дерек қалдырды. Ол мұрағат¬тан 1862 жылы 10 маусымында “қашқын татар” Қазақай үстінен жазылған арызды Орта орданың сұлтаны Мұхаммеджан Баймұхамедовтің 1863 жылы 25 - ші наурыз¬да тексерген мәліметтерінде ұшырастырады (Ғ. Ахмедов. Алаш болғанда. Алматы, 1996. 165 - 169 - б. б. ). Сөйтсе, Қазақайдың Нұралы заманында Қобаннан ауып келгені рас екен. Қазір қазаққа сіңісіп, қалыптасқан тәртіпті бұзбай, 21 шаңырақ болып тұрып жат¬қанын хабарлайды тәптіш жүргізуші.
Ғалым ақсақал ел арасындағы кәрі көз, көне құлақтардан сұрап білсе, олар бұл әулеттің шежіресін сайрап береді. Қазақай, Исақай деген екі ноғай қашып келіп, қазақ арасында молда боп, тұрып қалғанда, Иса¬қай еліне кері қайтады. Екіншісі Шалқар өңірінде аты құрметке бөленіп, “Қазақай ахун” атанады. Ғалым ақсақал осы Есақай мен Қазақайды Доспамбет жыраудың ұлдары Есақай, Қосақай деп біледі. Көңілге қонымды уәжге ұйымасқа лаж жоқ.
ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Теке (Орал) қаласында Мырзалы дегеннің үйінде кердері Әубәкір мен адай Нұрым ақын айтысады. Сөзді Нұрым бастайды:
Мен келдім Мырзалының ордасына,
Жолықтым қасындағы молдасына.
Әркімдер жүйрік жігіт дегеннен соң
Көңілім тоқтамады бармасыма.
Жолықпай бұл қазағым жүрген шығар
Кесетін қорғасынды алмасына.
Қазақай арғы атам ақын болып,
Ол дағы ерген екен хан қасына!
1972 жылы Қазанда “Қазақтың тойбастары” деген кітап басылып шығады. Сондағы Сабыр ақынның бір жол шумағында:
Қазақайдың тұқымы,
Ақын Нұрым баласы,
Сабыржан жырау аталған, – делінеді.
Сөйтіп, қазақ әдебиеті тарихы үшін аса маңызды дерек алдымыздан шығады. “Қырымның қырық батырының” ең сұңғыла жырлаушысы Нұрым ақын болғаны баршаға аян. Қашаған мен Мұрын “Қырық батырды” Нұрымнан үйренгендерін айтқан. Ал Нұрым болса, атасы Қазақайдан алған болады да, әйгілі эпосты жеткізушілер қатары Қазақай есімді жаңа жыраумен толығады. Нұрым Шыршықұлының адайдың Қосай арысының Сүйіндік тақтасына жататыны белгілі. Қазіргі шежірелік түзілімде Сүйіндіктен тарайтын үш атаның бірі - Доспамбет. Доспамбеттің өзі бар да, тарихи деректер негізінде шаң - тозаңнан енді арылтып отырған тікелей ұрпақтарының аты жоқ. Қиыр жайлап, шет қонған Доспамбет ұлдары Есақай, Қосақай аттарын адай шежірешілері жадынан түсіріп алған. Нұрым Шыршықұлының Сүйіндік тақтасының өкілі екендігін білгенмен, арғы жағы анық болмағандықтан оған да Сүйіндік кестесінен орын табылмапты. Доспамбет жыраудың тікелей ұрпақтары деп біз атаған Есақай, Қосақай – Шыршық Нұрым - Сабыр желісінде талай аталардың есімі түсіп қалғаны даусыз. Ит арқасы қиян ауып, көшіп - қонған жұрттың ойында із - түзсіз өшіп кететіндер аз болмайды. Доспамбет жырында Қосай аты қабаттаса қоса айтылатыны бар. Ол Доспамбеттің ұлының аты емес, Қосақай қазаққа кеп сіңіскенде қабылдаған руының аты.
Қосақай тұра - келе Қазақай атанған. “Қырымның қырық батырының” көптеген нұсқалары қазақ арасына осы Қазақай арқылы жеткен. Қазақай оларды әкесі Доспамбет жыраудан үйренген. Демек, “Қырымның қырық батырының” алғашқы нұсқаларын әрі шығарушы.
«Ізденгіштер» 5. «Рухы өр, мазмұны терең жырларының өзіндік ерекшелігі.»
Доспамбет жыраудың ақындық мұрасы бізге толық жеткен жоқ. Халық ауыз әдебиетінде, жекелеген қолжазбаларда сақталып қалған шығармалары ХІХ ғасырдың басында әр түрлі әдеби жинақтарға енген. Кеңес өкіметі кезінде табылған толғаулары М. Мағауин жинап, құрастырған «Алдаспанда» (1971жылы) жарияланды.
Жырау өлеңдерінен ақын ойын, оның өмірлік мақсаттары мен үміттерін, рухани әлемін, адамгершілік тұрғысы мен көзқарасын білуге болады. Туындыларының рухы өр, мазмұны терең, тілі жеңіл, нақышты. Бұқар жырау мен Махамбеттің шығармашылығында Доспамбет әсері айқын байқалады. Оның азғана жырларының өзінен - ақ оның жырды түйдек - түйдегімен ағытатын дауылпаз жырау болғаны аңғарылады. Доспамбет жыраудың жырлары ертеректе 1893 жылы М. Османовтың «Ноғай уа құмық шығырлары» атты жинағына енген. Кейін 1896 жылы В. Радловтың «Халық әдебиетінің үлгілері» деген жинағына басылды. Оның жырлары «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «XV - XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды», т. б. сан алуан хрестоматия, жинақтарда үздіксіз жарияланып келді. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том «Зерттеушілер» 5. «Рухы өр, мазмұны терең жырларының өзіндік ерекшелігі.»
Доспамбет жырау жырларынан оның мұрат - мақсаты, түсінік - талғамы, дүниеге көзқарасы анық аңғарылады. Отан қорғау, елге, жерге деген сүйіспеншілікті бейнелейтін жырларында қырым, ноғай, қазақ жұртының іргесі бүтін, ешкімге бас имейтін ел болып отырған заманды аңсау сарыны байқалады.
Жырау ол заманды қайтып келмес бақытты өмір ретінде толғайды. «Айнала бұлақ басы тең», «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Азау, азау дегенің», «Арғымаққа оқ тиді», «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын, Ақ Жайық» т. б шығармалары бар. Жырау өткен өмірді жырлағанда туған ел, өскен жерге деген ыстық махаббатын келер ұрпақ болашағымен байланыстыра сипаттайды. Олардың да ертең еліне қорған, тірек болуын қалайды. Доспамбет жырау өз басын өлімге тігіп, сан рет қанды шайқастарға қатысқан ата қонысын үлкен сүйіспеншілікпен толғайды. Жырау ел қорғау, жорық тақырыбына арналған жырларында елі мен жері үшін өлген ердің арманы жоқ деп, отаншылдық рухты бәрінен биік қояды. Ол серілік пен сақилықты, дарқандықты, қонақжайлылықты ата - бабадан келе жатқан асыл дәстүр ретінде дәріптейді.
«Сарапшылар» 5. «Рухы өр, мазмұны терең жырларының өзіндік ерекшелігі».
Доспамбет жырау шығармалары қазақ поэзиясы тарихында өзгеше көркемдігімен, екпінді ырғағымен ерекшеленеді. Жырау айтайын деген ойының қуатын еселеп арттыру үшін қайталауларды жиі қолданады. Сөйтіп, оларды ұтымдылықпен пайдаланып, ойдың әсерлілігі мен өткірлігін күшейте түседі. Доспамбет жыраудың ерлік пен елдікке үндейтін толғаулары Бұқар жырау, Махамбет сынды өзінен кейінгі ақындарға елеулі әсер еткені байқалады. Бұл дәстүр толыса, кемелдене келе жаңа сипатқа ие болды. Жыраудың шығармалары біздің заманымызға толық жетпеген. Оның жырларының көпшілігі жорық үстінде қолма - қол айтылған. Сондықтан ел жадында сақталғандары ғана бізге жеткен. Доспамбет өлеңдерінен аллитерация, ассонанс, анафора, эпифоралар теріп алу.
Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен.
Тоғынды сарты нар жегіп,
Көз түзедім, өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен.
Қалаға қабылан жаулар кіргей ме?
Қабырғадан дұспан жалдап жүргей ме?
Қатарланып, қарланып,
Қайран ер қарт күреңге мінгей ме?
II. Салыстыру.
Тағы бір ерекшілігі Махамбет жырларының Доспамбет сарынымен үндестігі.
1 - оқушы. Доспамбет жырау
1 - өлең. Қоғалы көлдер, қом сулар
Қоныстар қонған өкінбес
Арыстандай екі бұтын алшайтып
Арғымақ мінген өкінбес
Кілең бұздай кілшейтіп
Көбелер киген өкінбес...
2 - өлең. Айналайын Ақ Жайық
Ат салмай өтер күн қайда
Еңісі биік боз орда
Еңеке кірер күн қайда
Қара бұлан терісін
Етік қылар күн қайда
Күдеріден бау тағып
Кіреуке киер күн қайда
3 - өлең. Арғымаққа оқ тиді
Қыл майқанның түбінен
Аймадетке оқ тиды
Отыз екі омыртқаның буынынан...
... Жағдайсыз жаман қалып барамын
Жанымда бір туғанның жоғынан
2 - оқушы. Махамбет ақын
1 - өлең. Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік боз орда,
Еңкеймей кірер күн қайда?
Қара бұланның терісін
2 - өлең.
Етік қылар күн қайда?
Күдеріден бау тағып,
Сауыт киер күн қайда?
Күмбір - күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда
Қоғалы көлдер, құм, сулар
Кімдерге қоныс болмаған?
Саздауға біткен құба тал
Кімдерге сайғақ болмаған?
Басына жібек байлаған
Арулар кімнен қалмаған?
Таңдап мінген тұлпарлар
Иесін қайда жауға салмаған?
3 - өлең
Ер жігітке оқ тиді,
Қыл мықынның түбінен.
Жантайып жатып көп іштім,
Жаздықтың шалшық көлінен.
Қайтейін енді, дүние - ай,
Жағдайсыз кетіп барамын
Қасымда көмектің кемінен.
III. Бекіту кезеңі.
Ер Доспамбет бейнесін топтастыру арқылы шығару.
1. «Азаудың ер Доспамбет ағасы»
2. «дулыға киген» Доспамбет,
3. «туған айдай нұрланған» Доспамбет,
4. «топ бастаған» Доспамбет,
5. «тоғай қонған» Доспамбет,
6. «ару сүйген» Доспамбет
7. Азаулының Аймадет
Ер Доспамбет ағаның,
8. «астына қарт күреңді мініп»,
9. «болат қылыш асынып»
10. «күңіреніп күн түбіне жортқан»,
11. «садақ толған сайгез оқ өткеріп»,
12. «арғымақтың талдай мойнын талдырып»
жаумен талай шайқасқан батыр жігіт болған
«Апырым, ер Доспамбет!»
IV. Үйге тапсырма. «Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен» тақырыбында ойтолғау жазу.
V. Бағалау парағын үлестіру.

Атырау облысы, Исатай ауданы,
Зинеден ауылы Ю. Гагарин атындағы орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Жарылғасова Гүлшат Ғилажқызы
33 977
0
  • 20
1 дауыс
Загрузка...
Оқи отырыңыз
Қазақ халқының шығармашылық дәстүрі
Қазақ халқының шығармашылық дәстүрі
Қазақ халқының шығармашылық дәстүрі Конспект Қазақ халқының ауыз әдебиетінде жыраулар поэзиясы ерекше орын алады. Әйгілі Сыпыра жырау – Қазақстанның батысында өмір сүрген қазақ пен ноғайға ортақ тұлға. Ауыз әдебиетінде Асан Қайғының Жәнібек ханмен
Қазтуған жырау (күнделікті сабақ жоспары)
Қазтуған жырау (күнделікті сабақ жоспары)
Ол өзін "айдаса қойдың көсемі", "сөйлесе қызыл тілдің шешені", "буыршынның бұта шайқар азуы", "бидайықтың көл жайқаған жалғызы" деп таныстырады. Қазтуған жырау тайпалар көсемі, отты биі, әскербасы, орақ тілді шешен, арқалы ақын болған.
Шалкиіз жырау «Би Темірге бірінші толғау»
Шалкиіз жырау «Би Темірге бірінші толғау»
Шалкиіз Тіленшіұлының толғауларының басты тақырыптары, жырларының адамгершілік қасиеттерді насихаттауымен, ақыл - нақыл мен өсиет сөздерінің молдығымен ерекшеленетінін ұғындыру. Толғауының мазмұнын игерту. Тәрбиелік: дүниедегі жақсылық атаулыға
Ақтамберді жырау
Ақтамберді жырау
Астана қаласы, №36 орта мектебінің қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі Тұрсынхан Г. Т
Сыр сүлейі - Нұртуған
Сыр сүлейі - Нұртуған
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Аққұм бекеті, Негізгі білім беретін №221 Аққұм мектебі Музыка пәнінің мұғалімі Серібаева Баян Төлепбергенқызы
Доспамбет жырау
Доспамбет жырау
Доспамбет жырау (XVI ғасыр) Доспамбет өз заманында жақсы тәрбие алған, парасатты білгір адам болған. «Азаулының Стамбулдан несі кем» деген жолдарынан Доспамбеттің көргені, білгені көп, білімді адам екенін аңғарамыз. Өз толғауларында ақын өзін «Ер
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.