Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ана тілі – жүрек үні (ауызша журнал)

13 желтоқсан 2012, Бейсенбі
Ана тілі – жүрек үні
Ауызша журнал
8-сынып
Орындаған: А. Даулова А. Тәжиева

Мақсаты: балаларды ана тілімізді құрметтеуге тәрбилеу, тіл біздің ертеңіміз, тіршілігіміз, бабаларымыздан қалған мұрамыз екенін түсіндіру. Шешендікке, тапқырлыққа, сөз қадірін түсіне білуге үйрету.

Көрнекілігі:ақын-жазушылар портреті, нақыл сөздер, кітаптар көрмесі, интерактивті тақта.
Жүргізуші:Құрметті ұстаздар, оқушылар!Бүгін біз сіздердің назарларыңызға «Ана тілі -жүрек үні» атты ауызша журнал ұсынып отырмыз.

Бұл журнал 22 қыркүйек Тілдер күні мерекесіне арналады.
Журнал 4-беттен тұрады. Ана тілге деген сүйіспеншілік бала кезден басталады. Ана тілі-халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын мәңгілік біріктіретін ең сенімді құралы болып табылады. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды , отанымызды танып білеміз. Ел жұртымыздың, туған жеріміздің ерекшелігін, қасиетін ана тіліміз арқылы қабылдап, соған деген махаббатымызды ана тіліміз арқылы жеткіземіз. Біздің ана тіліміз-қазақ тілі. Қазақ тілі-дүние жүзіндегі ең бай, беделді де, бейнелі тілдердің бірі.

Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас, -деп ұлы Абай атамыз таңырқап, тағзым еткен болса, Елбасымыз Н. Назарбаев «Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде» деген. Біздер ұшқыр ойлы, өткір тілді, ана тілінің тұғырын биікке көтеретін еліміздің ұланымыз. Құрметті ұстаздар, ата-аналар сіздерді мемлекеттік мереке Тілдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Оқушылар осы ана тіліміздің мәртебесін биікке ұшыратын сұңқары, бәйгенің алдын бермес тұлпары болуларыңа тілектеспін!Мереке құтты болсын!
Ән: «Тәуелсіз қазақ елі»
Орындайтын:Н. Жаңабай
Жүргізуші:Тіл тарихы-ел тарихы, тіл тағдыры-ел тағдыры. Себебі, елімізбен тіліміз болашақ үшін бірнеше тарихи бұралаңдар мен шатқалдардан адаспай, сүрінбей, ақыры мақсатына жетті. Тарих пен тіл-тамырлас. Ана тіліміз бүгінде барлық Қазақстан халықтарының мәртебесі, мақтанышы. Журналымыздың 1- ші беті: «Ардақтап ата тарих, ана тілін» деп аталады.

Дархан:Менің ана тілім-қазақ тілі. Қазақ тілі әлемдегі 15 миллион қазақтың ұлттық тілі аталып келген болса , тәуелсіздік алғаннан кейін ана тіліміздің мәртебесі өсіп, Қазақстан Республикасының мемлекттік тілі деп Ата Заңымызбен бекітілді.

Шахноза:Бұл сонау желтоқсан оқиғасынан кейін қабылданған Қазақстан Республикасының жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы қаулысының нақты жалғасы еді. 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Ол бірінші шілдеден бастап конституциялық күшіне енді.
Ақбаян:Егемендік алғаннан кейін 1997 жылы 11 шілдеде Қазақстанда Тіл туралы Заң қабылданды. Мемлекеттік тіл қазақ тілі болып саналады. Қазақ тілі-өте бай, терең мағыналы көркем тілі. Тіл туралы Заң 27 баптан, 6 тараудан тұрады.

Жібек:Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев 1999 жылғы қаңтардың 20 күнгі Жарлығына сай жыл сайын қыркүйектің 22 күні - Қазақстан Халықтарының тілдері күні болып аталып келеді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл құдіретін тұғырына қондыруда игі істермен жалғасын табуда.
Жандаулет: Қазақ тілі - Қазақстан халқы үшін әдебиет, мәдениет, ғылым мен білім , оқу-ағарту тілі. Қазіргі қазақ тілі кез келген әдебиетті басқа тілден аударуға түрлі стильде сөйлеп, жазуға мүмкіндігі мол кемелденген тіл.
Ғалымжан:Бүгінгі ана тілін ардақ тұту, өз Отанын сүйетін әрбір адамның азаматтық борышы мен парыхы. Әр адамның жүрегіне шуақ құятын мерейлі сәті болмақ!

Ән: «Қазақ елі»
Орындайтын: Д. Ахмет
Жүргізуші:Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін де, жауласқан елдердің арасын келісімге келтіртін де, күлгенді жылатып , жылағанды жұбатып алатын осы тіліміз. Ана тіліміздің ой тереңдігін, құдіреттілігін, қазына екендігін дәлелдейтін көріністерді тамашалайсыздар!
Журналымыздң 2-ші беті- «Тіл-қымбат қазына» деп аталады.
Жүргізуші: Ортаға от ауызды, орақ тілді үш биімізді шақырамыз.
Төле би: Атың жақсы болса,
Ер жігіттің пырағы.
Балаң жақсы болса,
Жан мен тәннің.
Жалғанда ойлап тұрсаң, бірлік керек,
Бірлікті ойлаған соң тірлік керек.
Ағайынға ала көз бола қалсаң,
Аузыңнан несібеңді біреу жемек.

Қазбек би: Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан еліміз.
Елімізде құт-береке қашпасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басынан сөз асырмаған елміз,
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм-тұзды ақтай білген елміз.

Әйтеке би: Ашу деген – ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген-дария,
Алдын тоссаң торқырар.

Аяулы ұрпақтарымыз!
Елді, жерді қорғаңдар.
Досқа мейірімді болыңдар.

Көрініс: «Жетес бидің тапқырлығы»
Сыр өңірінің белгілі азаматы Кемал деген кісі жолаушылап жүріп, серіктерімен Жетес бидің үйіне түседі. Ыстық ықыласпен құшақ жайған үй иесі қонақтардың алдына сары майға бөктіріп, қазан жаппай нанын әкеліп қояды. Алпамыстай алып денелі кісілер нан мен майды бұйым көрмесе керек, өз-өздерімен күбірлесіп сөйлейді. Біреу бес саусақты батыра салатын етті, екіншісі ішті бөктіріп, қарын аштыртпайтын жентті әңгіме етіп отырады. Бұл сөзді құлағы шалған Жетес би:
-Сөз жақсысы- ләббай,
Ас жақсысы - қазан жаппай.
Біреу ет дейді,
Біреу жент дейді.
Бірақ соның бәрі сары майға салған
Сары нанға жетпейді.
Алып отырыңыздар!- дейді
Сонда Кемал:
-Жетес-ау, дұрыс қой. Сары майға батырылған нанға еш нәрсе жетпейді. Бірақ жанымдағы серілер үш жүзге атағы түгел жайылмағанмен, Кіші жүзге есімі толық белгілі әйгілі Қыстаубайұлы Жетестің отбасынан ет жемей кетпейді. Мен неғылайын, мен неғылайын?!-деген екен.
Тауып айтқан Кемалға Жетес би риза болып, мал сойғызып, қонақтарын жайлаған деседі.
Жүргізуші: Хақымыздың ойлы азаматтары ғасырлар бойы ана тілімізді барша өнерден жоғары бағалады. Ана тілі деп атауының өзі де сондықтан болса керек.

Ана тілін жырлап өткен талайлар,
Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар.
Қасиетті менің ана тілімде
Өшпес мәңгі алаулаған арай бар, - дегендей егемендік алғалы елімізге оралған қандас бауырларымыздың да жүрегі “тіл” деп соғады екен.
Ән: Туған жер
Орындайтын:Каналбек А.
Журналымыздың 3-беті «Тіл деп соққан жүрегі» деп аталады.
1-Оқушы-Рахымжан:Егемендік алғалы дара жолдың жалғасып келе жатқаны шындық. Бұл тіл қазақ халқын бар әлеиге паш еткен ұлы Абайдың, қазақ әліпбиінің атасы Ахметтің, сырлы да сұлу шығармаларымен күллі әлемге танымал болған Мұхтардың тілі.
2- Оқушы-Әсел: Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы сахараны мекендеген қазақтың Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шохай, Ахмет Байтұрсынды біртуар ұлдары ХХ ғасырдың өзінде тәуелсіз Алаш мемлекетін құруға бекер белсене кіріспеген болар. . . .
Мағжан Жұмабаевтің «Ана тілі» атты өлеңінде:

Ерлік, елдік, бірлік қайрат, бақардың,
Жауыз тағдыр жойып не бардың.
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!-деп жырлаған.
3- Оқушы-Аманай:Аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан Сұлтанмахмұт Торайғыров та ана тілін арының туы еткен.
Сүйемін туған тілді-анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнін, - деген өлең жолдарын тебіренбей оқи алмайсың.
4- Оқушы-Ақбаян:
Адам қанша болғанымен дарынды әрі табанды,
Туған жерін сүймей тұрып сүймек емес ғаламды.
Өзге ананың мазмұнына , мерейіне тор құрар
Алдыменен өз анасын сүйе алмаған сорлылар.
Нарық ғасыр бәрін сатып жібере ме алтынға,
Кім қалады сол алтынға сатылмайтын қалпында
Жалғандық бар ұлтсыздардың беделімен даңқында,
Ана тілін сыйламаған.
Сыйламайды халқында!

5- Оқушы-Айжан:
Тілім менің-ең бірінші байлығым,
Тілім менің-арқа сүйер айбыным.
Тілім менің, сен арқылы сезінем
Шабытымның шалқар сезім айдынын
Тілім менің, бөгеу қойдың тасқынға,
Арқау болдың шежіре, жыр, дастанға
Тілім менің ұрпағыңмен мың жасап
Мерейімді ту ғып көтер аспаға!
Тілім менің, азығысың жырымның,
Жырым менің –қазығысың тұғырдың,
Жаным жүдеп, жабырқаған сәттерде
Тілім сенің шуағыңа жылындым.
Тілім менің, бойымдағы ар-намысым
Тосар мені өмірде әлі сын.
Сен жасасаң, менде шатпын өлгенше,
Сен қымбатсың өз халқыңның бағы үшін.
6- Оқушы-Жібек:
Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиеті мұрамыз- ана тілі. Тілімізді шұбарлап сөйлеуге жол бермеуіміз керек. Ана тілі- ар өлшемі. Осы орайда ақын Қ. Мырза Әли:
Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!- деген өлең жолдары еріксіз ойымызға оралады.
7- Оқушы-Шахноза:Ана тіліміздің шұрайы мен шырайына сонау ерте замандардан-ақ шетел саяхатшылары, ғалымдарды ерекше мән берген. Ұлы Пушкин қазақ даласына келгенде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сияқты жырларымызға тамсана, әйгілі ғалым Радлов «Қазақта тамаша шешен сөйлеп, әңгіме айтуды ұнатады: аса бай поэзияға ие» деп жазған.

Тарихың тұр санаңа өткел тастап,
Өз тіліңде ойлау, сөйлеу, тоқталған сәттен бастап,
Бүкіл баба рухымен байланысың кесілер.
Тағдырыңнан ата ғасыр шамын солай өшірер
Қатеңді әбжіл түзетпесең, толыққанды жоқ тірлік.
Біз бабалар сүйегіне, сеніміне бақ құрдық,
Бақ құрдық та ұлтсыздық, кеңістікке ат бұрдық,
Өз тіліңді жерсінбеудің,
Өз анаңды менсінбеудің,
Арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық?
Ол- рухы мүгедектік әрі ұлттық сатқындық.

Ән:Ана тілі
Орындайтын: Есбол Асқар
Жүргізуші:Қазіргі таңда ана тілімізге жаны ашып жүрген ақын ағамыз Мұхтар Шаханов. Ақын «Тілін сыйламаған адам ұлтын сыйлауға қабілетсіз. Тіл - әр ұлттың ең ұлы анасы. Әлемдегі өркениетті дамыған елу мемлекеттің құрамына ену идеясын біз де қуаттаймыз, қолдаймыз. Бірақ елуінші емес, бірінші номерлі мемлекетке айналсақ та тіліміз бен рухымыздан айрылсақ бұл біз үшін өліммен тең»деген екен. Төлеген Айбергенов «Сағыныш » атты өлеңінде:
«Жалғасын сен айт, сен айт бұл әннің,
Жабылып кетсем егер мен.
Ғұлама жылдар суырлатқанда парағын»;- деп ақынға үлкен сенім артқан. Қазір Мұхтар ағамыз сол сенімді ақтап, әлемдік поэзиядан орын алған тұлға.
Журналымыздың 4-беті
«Тіл және біз» деп аталады

Нұртуған:
Ғаламдық жаһандану үрдісінің қалқасында,
Бір өзі бір мемлекетті асырай алатын байлардың
Бейлікке бас ұрған еліккіш адами қойлардың
Және оған ашынған қоғами ойлардың ортасында
Ұлттық болмысын қорғауға намыстанған
Басынан бақайшағына дейін орыстанған
Кейбір космополит басшыларымыздың арқасында
Тоқтай ма қазақтың Тілдік-Аналық-Рухы пайызы?. . .
Замана тұрса да қиратқыш ойларға жүкті боп,
Ғажап қой , әлемде әлемде тамырсыз өсімдік тіпті жоқ.
Жаңаша жол іздеп таусылды табандар,
Табиғи заңнан тыс тамырсыз адамдар.
Неліктен қазіргі қоғамда саналмақ мықты боп,
О, космополит туысқан ойланыңыз.
Өзіңізді билікке, байлыққа байладыңыз,
Тағы депутатықтан, депутаттыққа сайланыңыз
Ұлтымыздың ертеңіне нүкте қойғаныңыз,
Тамыр заңдылығын зорлықпен жойғаныңыз

Ойланыңыз...
Сан ғасыр атанған ар елі , нар елі.
Ғаламға әйгілі ұлтымыз бар еді.
Сол ұлтқа өмірін арнаған
Және оны жаудан да, даудан да қорғаған,
О тоба, бар еді өз ата-бабамыз.
Бар еді өз ана тіліміз, санамыз.
Енді ертең қалайша өткен шақ рухын қорлап,
Тарихты сезімді босанып кетпестей торлап,
Тек көңіл шаттығын қорғап,
Мәңгүрт боп сорлап қаламыз?
Біз кеше кім едік, ал енді қайда барамыз?
Жәнібек:Өз ана тілін - анасын мойындамағандар үшін,
Кереғар келетін ғалами, адами заңғарға,
Осынау қауіпті мәңгүрттік аңғарға,
Ойы мен бойын қамағандар үшін,
Оның қасірет - қуатын пайымдамағандар үшін,
«Жүргендер үшін космополиттік ауызбен демалып,
Қазақстандық ұлт», әрине таптырмас жаңалық.
Енді 2030-жылға біздің басшыларымыз
Тілін, рухын сақтаған қазақ халқымен бар ма?
Немесе тілі жойылып, түрі ғана қалатын,
Әні жойылып, үні ғана қалатын
Жаңа «Қазақстандық ұлт» парызымен бара ма,
Кім бағып нұсқайды адасқан, шатасқан санаға.
Жүргізуші:Тілін сүйетін құрметтейтін. Ұлтжанды оқушыларымыздың тілегіне кезек береміз.
Асқар:Қазақ тілі - ұлы Абай, Шоқан, Мағжан, Мұхтар; Ғабит, Сәбит аталарымыздың тілі! Менің тілім!
Мен сонау ғажайып сырға толы ана тілімде сөйлей алатыныма, осы тілмен біліп алып, болашақ кәмелеттік өмірге жолдама аларда ана тілімде өз ойымды жеткізіп отырғаныма қуанамын!
Мәңгі жаса – менің ана тілім!
Жүргізуші: Ән:Ана
Орындайтын:Н. Жаңабай

Айжан:Ә. Тәжібаев: «Болдым, толдым деме, ізден. Ізденгендердің бәрі мұрат - мақсатқа қол жеткізген. Ана тіліңді қадірлейтін нағыз халықтық өнерлі азаматы бола аласың» деген екен. Ендеше, мен ана тілімді дәріптеп, құрметтеймін! Ана тілімнің болашағы зор болатынына сенемін.
Жүргізуші:Ана тілі бүгінде барлық Қазақстан халықтарының мәртебесі, мақтанышы. Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Енді осы ана тіліміздің өрісін кеңейту, қолданыс аясын барынша ұлғайту біздің міндетіміз.
Құрметті ұстаздар! Оқушылар! Осымен «Ана тілі- жүрек үні» тақырыбындағы ауызша журналымыз аяқталды. Сау болыңыздар!
11 512
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қазақ тілі – ертеңім, болашағым
Қазақ тілі – ертеңім, болашағым
Қазақ тілі – ертеңім, болашағым Сүйемін туған тілді, анам тілін, Бесікте жатқанымда - ақ берген білім. Ең алғаш сол тілменен сыртқы шықты, Сүйгенім, ұнатқаным, жек көргенім.
Білімді бала қыр асар, Құтты болсын, тілашар!
Білімді бала қыр асар, Құтты болсын, тілашар!
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, №9 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Басенова Ақмарал Камаловна
Өнер алды – қызыл тіл
Өнер алды – қызыл тіл
Атырау қаласы, №11 Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сұлтанова Сара Қадимқызы
Тілім менің – тірлігім менің
Тілім менің – тірлігім менің
Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебі Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Анар Арыстанғалиева “Тілім менің – тірлігім менің” ашық журнал
Ана тілі - жүрек үні
Ана тілі - жүрек үні
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы, №100 орта мектебінің кітапханашысы Тәжиева Алтынай Шәймерденқызы
Ең бірінші бақытым – тілім менің
Ең бірінші бақытым – тілім менің
Ең бірінші бақытым – тілім менің» тақырыбында өткізілетін танымдық сағатымызға қош келдіңіздер! Оқушыларды ана тілімізді құрметтеуге тәрбиелеу, тіл – біздің тіршілігіміз, бабаларымыздан қалған асыл мұра екенін түсіндіру.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×