Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Дала жұлдызы — Ыбырай Алтынсарин

10 наурыз 2017, Жұма
Тақырыбы: Дала жұлдызы — Ыбырай Алтынсарин.
Мақсаты: 1. Ы. Алтынсарин туралы түсініктерін кеңейту.
2. Ы. Алтынсариннің шығармаларымен таныстыру.
3. Білімге деген ынталарын, құлшыныстарын арттыру. Ыбырай Алтынсариннің өмір - тарихымен тереңдете танысу, шығармаларынан үлгі - өнеге, өсиет алу.

Өту барысы:
«Кел, балалар, оқылық!» өлеңімен басталады.
Бір Құдайға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Істің болар қайыры
Бастасаңыз алдалап,
Оқымаған жүрегі
Қараңғыны қармалап,
Бір құдайға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей - ақ, табылар.
Мал дәулеттің байлығы
Бір жұтасаң жоқ болар,
Оқымыстың байлығы
Күннен – күнге көп болар,
Еш жұтамақ жоқ болар.

І жүргізуші: Құрметті қонақтар мен оқушылар! Бүгінгі сыныптан тыс әдеби кешімізді қазақ балалар әдебиетінің атасы, ағартушы, аса көрнекті ағартушы, этнограф ғалым, қазақ әдеби және жазба әдеби тілінің негізін қалаушы ақын әрі жазушы, қазақ халқының адал перзенті, ұлттық мақтанышы, қазақ педагогика ғылымының негізін салушы, сөз зергері, аудармашы, қоғам және мәдениет қайраткері
- ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығына арнаймыз.

ІІ жүргізуші: Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазіргі Қостанай облысы Затобол ауданында дүниеге келеді. 3 - 4 жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожаның қолында өсіп, тәрбиеленеді. Атасы Балқожа би өз аймағының атақты кісілерінің бірі болған. Ел ішіндегі көп билікті қолында ұстаған би, Орынбор әкімшілігінің алдында да беделді, белгілі кісі болған. Атасы Ыбырайдан үлкен үміт күтіп Орынбордағы орыс - қазақ мектебіне оқуға береді. Бидің ондағы мақсаты, әрине, немересінің бала оқытып, педагог болуы емес, әкімшілік орындарда жұмыс істеп, шенеунік, орысша оқыған "төре" болып шығуы, ата - анасын асырауы. Балғожа бұл ойын Орынборда оқып жүрген жасөспірім Ыбырайға жолдаған өлең - хатында былайша білдірген:

Үміт еткен көзімнің нұры – балам,
Жаныңа жәрдем берсін Хақ тағалам.
Атаң мұнда анаңмен есен - аман,
Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың.
Шырағым, мұнда жүрсең не етер едің,
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!

І жүргізуші: 1850 жылы Орынбор қаласында қазақ балаларына арналған жеті жылдық мектеп ашылған еді. Жаңа ашылған мектепке қазақ жерінен 30бала, олардың ішінде 9 жасар Ыбырай да оқуға қабылданып, орысша оқып, тәрбие алды. Ыбырай мектепте сабақты ынта қойып оқиды, 1857 жылы оқуын "өте жақсы" деген бағамен бітіріп шығып, 1859 жылдың тамызына дейін өзінің туған елінде тілмаштық қызмет атқарады. Қалада оқып, қазақ даласына беймәлім жаңалықтардан хабардар болып, ой - өрісі кеңейген зерделі бозбаланың екі жылдай елде болуы — қазақ қоғамының жағдайын тереңірек түсініп, жаңаша сезінуіне, өзіндік ойға келуіне мүмкіндік береді. 1859 жылы Ыбырай Алтынсарин атасының жақсы танысы, сыйлас кісісі — Орынбордағы Шекаралық комиссияның төрағасы, шығыстанушы белгілі ғалым, профессор В. В. Григорьевпен жақын танысады. Ол Ыбырайға қамқорлықпен қарап, оған өзінің бай кітапханасын еркін пайдалануына жағдай жасайды. Ыбырай Григорьевтің кітапханасынан орыс жазушыларының шығармаларын, орыс және дүние жүзі ағартушы - педагогтерінің еңбектерін, ұлы адамдардың өмірі жайындағы кітаптарды алып, бас алмай оқыған. Мерзімдік басылымдарды оқып тұрған.

ІІ жүргізуші: Ыбырай Алтынсарин өз шығармашылығы арқылы туған халқын білім алып, өнер үйренуге шақырды, жастарды ізгілік пен жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиеледі.
«Өнер - білім бар жұрттар» өлеңі.
Өнер - білім бар жұрттар
Тастан салай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып - жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды;
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді;
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай,
Білгендерге осылар
Бәрі - дағы анықтай,
Білмегенде танықтай;
Біз де бекер жатпалық,
Осыларға таныспай;
Ат өнері білінбес
Бәйгеге түсіп жарыспай;
Желкілдеп шыққан көк шөптей
Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті - ау алысқа - ай,
Ұмтылыңыз, қалыспай.
Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
Өнер – жігіт көркі деп
Ескермедік мақалды...
Біз болмасақ сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды

І жүргізуші: Өз бетімен көп ізденіп, білім қорын молайта келе, Ыбырай туған халқына пайдалы болуды мақсат етеді. Оның ынтасы ағартушылыққа ауады. 1865 - 4 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болып келеді.

Бейнежазба. «Сабақ беру кезі».
ІІ жүргізуші: Ыбырай мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы – оқулық деп санайды. Ол балаларға ана тілін аса ұқыптылықпен үйретеді, шағын көркем шығармалары арқылы оларды жақсы мінез - құлыққа баулуды көздейді.
Слайд - шоу. «Ыбырай шығармалары»

Қазақ биі «Сағым».
І жүргізуші: Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерінде үгіт, өсиет түрінде береді. Сондай әңгімелерінің бірі – «Әке мен бала» әңгімесі.
Көрініс. «Әке мен бала».

ІІ жүргізуші: Қазақтың тұңғыш педагогы, ақын - жазушысы, балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін Н. И. Ильминский «Ыбырай Алтынсарин туралы есте қалғандардан» деген атпен арнаулы кітап бастырып шығады. Қазақ әдебиетінде педагог - жазушының көркем бейнесі жасалды.

1 - оқушы: «ХІХ ғасырда қазақ даласынан шығып, орыс, Еуропа мәдениетіне қолы жеткен оқымысты, халық ағартушысы дәрежесіне көтерілген әрі педагог, әрі ақын - жазушы Ыбырай Алтынсариннің өз халқының келешегі үшін істеген еңбегі зор» - Қ. Жұмалиев.

2 - оқушы: Н. И. Ильминский өз естелігінде: «Мен Ыбырай Алтынсаринмен отыз жылға жуық таныс едім. Мен оған шын ықыласыммен берілдім, әсіресе, оның орыс біліміне ерекше құмарлықпен ұмтылып, ол білімнің қазақтар үшін де керек екенін ешқашан есінен шығармайтындығын айрықша бағалайтын едім», – деп жазды.

ІІ жүргізуші: Ыбырай Алтынсарин қазақ арасынан шыққан тұңғыш кемеңгер адам еді, ол қараңғы көшпелі өз халқының ішіне европалық цивилизацияның жарық сәулесін таратқан. Бұл Ыбырай Алтынсарин еңбектеріне берілген зор баға күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.

І жүргізуші: Ұлылар ұлағаты өркениеттің өр тауларына жетелейді. Ыбырайдай асыл бабаның таза, мөлдір, кәусар бұлағынан нәрлене білейік, рухани әлдене білейік ағайын.

ІІ жүргізуші: Ендігі кезекті біз сіздермен викторина ойынына кірісіп, ұстаз тарихын, еңбектерін қаншалықты білетіндерімізді тексеріп көрелік.
1. Ыбырай Алтынсарин кім?
2. Қай жерде туып өсті?
3. Қостанай қаласында қандай мектеп бар?
4. Биыл Ыбырай Алтынсарин нешеге толды?
5. Ыбырайдың атасының аты кім?
Ал осы кешімізді тамаша әнмен аяқтайық.
6 684
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Ыбырай Алтынсарин 1841 - 1889 жж
Ыбырай Алтынсарин 1841 - 1889 жж
Үміт еткен көзімнің нұры – балам, Жаныңа жәрдем берсін хақ тағалам. Атаң мұнда анаң мен есен – аман, Сүйіп сәлем жазады бүгін саған. (Балқожа)
Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесі туралы
Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесі туралы
Балалар, суретте кімді көріп тұрсыңдар? Ыбырайдың қандай өлеңдерін, ертегілерін, әңгімелерін білесіңдер? Оқушылар жауап береді. Бүгінгі сабағымыз қазақтың тұңғыш педагогы Ыбырай Алтынсарин әңгімелеріне арналады.
Тілашар ертеңгілігі
Тілашар ертеңгілігі
Оқушылардың тілін дамыту, мектеп, мұғалім, оқушы, оқулық, туралы түсініктерін қалыптастыру. Үлкенді құрметтеу, сыйлау, еңбекті бағалау. Отбасына, туған жеріне құрмет көрсете білуге тәрбиелеу.
Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы
Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы
Ақтөбе облысы, Алға қаласы, В. И. Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Ешбаева Кенжегүл Өтелбайқызы
Ыбырай Алтынсарин – ағартушы, педагог
Ыбырай Алтынсарин – ағартушы, педагог
Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Ақжар қазақ орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Қалитова Гаухар Кентайқызы
Ыбырай Алтынсарин – ағартушы, педагог
Ыбырай Алтынсарин – ағартушы, педагог
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Сенек ауылы, Қашаған Күржіманұлы атындағы орта мектебінің тарих, география пәні мұғалімі Кенесариева Нұржанат Шаудирбайқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×