Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Абайдың қара сөздері

14 желтоқсан 2017, Бейсенбі
Қазақ әдебиеті 9 сынып
Сабақтың тақырыбы: Абайдың қара сөздері
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік. Қарасөз туралы теориялық түсінік беру, Абай қарасөздерінің сипатына тоқталу, тақырыптық жағынан талдау, өзіндік ерекшеліктерін, мағынасын ашу;
2. Дамытушылық. Оқушылардың ой - өрісін, өмірлік көзқарасын, сыни
ойлау, байланыстыра сөйлеу дағдыларын жетілдіру;
3. Тәрбиелік. Абай қарасөздерінің тәрбиелік мәніне назар аударту,
адамгершілікті, ізгілікті дәріптеу.
Сабақтың типі: жаңа білімді меңгерту
Сабақтың түрі: ізденіс сабақ
Әдіс - тәсілдері: проблемалық ізденіс, талдау, ойын, топпен жұмыс, модульдік оқыту технологиясының әдістері
Көрнекілігі: Абайдың қарасөздері, слайд
Пәнаралық байланыс: өзін - өзі тану, Абайтану, өмірмен байланыс

Сабақтың барысы.
1. Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылармен амандасу, түгендеу. Сабаққа назар аудару.
2. Үй тапсырмасын тексеру кезеңі.
Үйге А. Құнанбаевтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі жатқа мәнерлеп оқуға берілген.

3. Өткен тақырыпты пысықтау кезеңі.
а) «Сен - маған, мен - саған» ойыны. Топтар бір - біріне өткен тақырып бойынша сұрақ қояды.
ә) «Бөшкеден шыққан бас қатырғылар»
▪ Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны туралы ғалымдардың қандай пікірін білесіңдер?
▪ Абайдың ән өлеңдерін атаңдар.
▪ Реалистік сипаттағы шығармаларына қандай өлеңдері жатады?
▪ Абайдың алғашқы өлеңі қандай?
▪ Махаббат лирикасына жататын шығармаларын атаңдар.
▪ Ақынның «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деуінің мәні неде?
▪ Ақын өлеңдерінің өміршеңдігі туралы айт.

4. Жаңа сабаққа даярлық кезеңі.
Күн ретін, сабақ тақырыбын хабарлау. Абайдың шығармаларын топтастыру арқылы оның қарасөздерін арнайы бөліп алып қарастыру мақсат етіп қойылады.

Жаңа сабақ.
а) Мұғалімнің кіріспе сөзі.
Қарасөз туралы теориялық түсінік беру.
Қарасөз ▪ проза) – көркем әдебиеттің үлкен бір саласы. Өлең сөзден бір айырмашылығы – онда сөз ырғағы еркін, өлеңдегідей қандай да бір белгілі өлшемдер болмайды. Қарасөздер саясат, публицистика, философия тұрғысында жазыла береді. Қара сөзбен жазылған көркем шығармада өмір құбылыстарын, әр түрлі уақиғаларды баяндау тәсілі айрықша болады.
Ал Мұхтар Әуезов қарасөз туралы: «Жалпы алғанда Абайдың қарасөз дейтін мұралары көркем прозаның өзінен бөлек, бір алуаны болып қалыптасады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуаны көркем сөз түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді» [М. Әуезов. 20 томдық шығармалар жинағы 20 - т., 218 - 219] деп пікір айтқан. Демек, Абайдың қарасөздерінің өзіндік ерекшелігі – олар нақыл, өсиет түрінде келеді.

ә) Абайдың қарасөздері.
Абайдың толық жинағында 1890 - 1898 жылдар аралығында жазылған шығармалары «қарасөз» деп аталады. Абайдың қарасөздері – философиялық шығармасы. Жалпы саны - 45. Бұған «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» деген тарихи мақаласы да қосылады.
Абай қарасөз жазудағы мақсатын өзінің 1 - сөзінде былай деп береді:
«... Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде - кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ». Бұл - ел қамын ойлаған ұлы ойшылдың өмір, қоғам, тіршілік, адамдар арасындағы қарым - қатынас жөніндегі көзқарасының жиынтығы, философиялық ой топшылауы еді.
1956 жылы Абайдың қарасөздерін алғаш жеке зерттеу объектісі ретінде қарастырып, оны ХІХ ғасырдағы жазба әдебиетте үлкен орны бар прозалық шығарма деп бағалаған – Х. Сүйінішәлиев. Бұдан бөлек С. Мұқанов, Қ. Бейсенбиев, Т. Әлімқұловтардың зерттеу еңбектері бар. Ұлы ақынның бұл философиялық мұраларын шет тілдеріне аударған Ғ. Мұқанов, С. Санбаев. 1933 жылы М. Әуезов қарасөздердің мағынасына қарай өзінше жүйелеп орналастырған.

Мәтінмен жұмыс. Топтарға Абайдың қарасөздерін бөліп оқыту.
1 - топ тапсырмасы: Абай қарасөздерінен қандай ерекшеліктерді байқадың?
Тұжырым жасау.
▪ Сөйлемдері қысқа, мағынасы терең;
▪ Оқушыға ой саларлық, ғибрат беруді көздей құрылған;
▪ Қарасөздерінің көпшілігінде философиялық сұрау беріп, сол сұрауға өзі жауап беруге тырысады;
▪ Кейбір қарасөздері өзімен - өзі кеңесу, ой - пікір білдіру үлгісінде құрылады. Бұл – Батыс, орыс ойшылдарының көп қолданған әдісі. Ғылым, көркемөнер, этика мәселелері туралы өз көзқарастарын білдіруде олар осы әдісті кеңінен пайдаланған.

2 - топ тапсырмасы: Абай қарасөздерінің тақырыптары қандай?
Қарасөздерін оқу, тақырыбына қарай топтастыру.
▪ Өмірбаяндық: 1 - сөз.
▪ Халықтарды салыстыру: 2 - сөз.
▪ Қазақ сахарасын билейтін әкім, тергеуші, соттар жайында: 3 - сөз.
▪ Күлкі туралы ойлаған ойы, сыны. 4 - сөз.
▪ Қазақтың мақал - мәтелдері туралы: 5 - сөз, 29, 24 - сөз.
▪ Ел мінезін суреттеу: 6, 8, 9, 10, 14, 19, 21, 22, 23, 26, 29, 30, 33, 39, 40, 41, 42, 43 - сөздер.
▪ Жас баланың психологиясын еске алып талдаған сөз: 7 - сөз.
▪ Білім, ғылым, өнер туралы: 18, 25, 31, 32 - сөздер.
▪ Дін, мораль, тәрбие жайындағы ойлар: 12, 13, 16, 27, 28, 35, 36, 38, 45.
▪ Адамгершілік, ар - ұят мәселелері: 11, 15, 17, 18 - сөз.
▪ Өмір туралы толғаныстары: 20 - сөз, 34 - сөз
▪ Нақыл сөздерден ғана тұратын қарасөзі: 37

3 - топ тапсырмасы: берілген қарасөздердің түйінін тауып оқыңдар.
Үлгі: 18 - сөзінде өзекті ой мына сөйлемдер арқылы берілген:
«... Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақтық».
Дәптермен жұмыс.
Абайдың тек афоризмнен тұратын 37 - сөзін дәптерге түсіру, мағынасын ауызша түсіндіру.
Өмірмен байланыс.
1. Берілген нақыл сөзді қандай мақал - мәтелмен байланыстыра айта аласың?
2. Осы нақылға деген өмірлік көзқарасың қандай?
«Өзің үшін еңбек етсең, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың».
«Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес».
«Қайратсыз ашу - тұл, тұрлаусыз ғашық - тұл, шәкіртсіз ғалым – тұл».

5. Білімді бекіту.
«Кім тапқыр?» ойыны арқылы бүгінгі сабақты қорытындылаймын.
1. Абайдың қарасөз жазудағы мақсаты не?
2. Қарасөз деген не?
3. Абайдың қарасөздерінің тақырыптары?
4. Қарасөздерінің ерекшеліктерін атаңдар.
5. Абайдың қарасөздерін зерттеген, шет тілдеріне аударған кімдер?
6. Қандай нақыл сөздерін білесің?
7. Абай қарасөздерін қай жылдар аралығында жазған?
8. Абай қарасөздерінен қандай тәлімдік ой түйдің?
6. Білімді бағалау.
Бағалау белгішелері арқылы оқушылардың өзін - өзі бағалауы.
7. Үй тапсырмасы.
Абайдың 25 - сөзін жатқа оқу.
3 297
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Абай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»
Абай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»
«Қазағым», «елім», «жұртым» дей отырып, Абай халық басындағы мұңға қинала сөйлейді. Іске жоқ, жыртың - жыртың мағынасыз күлкі, қу сөзді, мылжың, бөспе, күндіз күлкі, түнде ұйқы бұзу себебі - өз малына өзі ие емес сорлы.
Абайдың қарасөздері. Он жетінші қарасөзі
Абайдың қарасөздері. Он жетінші қарасөзі
Абайдың қара сөздерін әдебиет теориясы тұрғысынан талдай отырып, әр оқушының өз тапсырмасын орындауына қолайлы орта туғызу, оқушыларға ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының өмірі, шығармашылығы туралы тереңірек ұғындыру
А. Құнанбаевтың өлеңдері (күнделікті сабақ жоспары)
А. Құнанбаевтың өлеңдері (күнделікті сабақ жоспары)
Абай Құнанбайұлының алдына қойған мақсаты қараңғы қазақтың көзін ашу, көңілін ояту оларды мәдениетті елдердің қатарына қосу еді. Осы мақсатпен ол оқушыларды оқу - білімге шақырған «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі еді.
Абай Құнанбаевтың алтыншы, он тоғызыншы қара сөзі
Абай Құнанбаевтың алтыншы, он тоғызыншы қара сөзі
Қарасөз туралы теориялық түсінік беру, Абай қарасөздерінің сипатына тоқталу, тақырыптық жағынан талдау, өзіндік ерекшеліктерін, мағынасын ашу; Оқушылардың ой - өрісін, өмірлік көзқарасын, сыни ойлау, байланыстыра сөйлеу дағдыларын жетілдіру
Абайдың қара сөздері
Абайдың қара сөздері
Қызылорда қаласы, №138 Абай атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Пірімова Әсем Әбдірахманқызы
Абайдың қара сөздері. Он жетінші қара сөзі
Абайдың қара сөздері. Он жетінші қара сөзі
Ақтөбе қаласы, № 5 ОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Еспембетова Айнаш Жолшыраковна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×