Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Абайдың педагогикалық еңбектеріндегі тәрбиенің мәні

21 маусым 2020, Жексенбі

Абайдың педагогикалық еңбектеріндегі тәрбиенің мәні
Қазақ халқының бір туар ғұлама Ұлы Абайдың кез - келген педагогикалық еңбектерін дұрыс түсініп игеру арқылы ғана, шынайы халқымызға тән тәлім тәрбиеміздің қайнарынан қанып ішуге мүмкіндік ашамыз. Сондықтан ғана Абайдың ұрпағына өсиет етіп қалдырған «... мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла...» деген сөзінің мәніне түсінеміз. Кемеңгерлікке жеткен жанның қос қанаты - ойшылдық пен ұстаздық бірін - бірі толықтырып, ғажайып үлкен үндестіктерге жететінін аңғарамыз. Міне, осы тектес ойшылдарымыздың бірі - қазақ халқының ұлы данышпаны Абай Құнанбай баласы екені анық.
Біріншіден, Абайдай данышпанның ешкімге ұқсамас шәкірттік ғұмыры дер едік, екі жыл - ауыл молдасында оқыса, үш жыл - медресе қабырғасында болды.
Екіншіден, оның өмір сүрген ортасының өзі, бұрын соңды өткен шебер ғұламаларының тіршілігіне ұқсамайды. Өйткені, адамзат тарихындағы ірі тұлғалардың барлығы да, университеттік білімдерімен қоса, күнделікті араласып отырған білімпаз орталары болған.
Үшіншіден, жалпы әлеуметтік деңгей мен отарлық сипаттағы қоғамдық ортаның зұлымдыққа толы жан төзгісіз ерекшеліктері және жаппай сауатсыздықпен қараңғы жатқан халықтың дәрменсіз күйі дер едік.
Ал, Абай болса сол үш кластық медресе оқуынан кейін, сонау феодалдық дәуірдегі қарадүрсін пенделердің ортасында өмір сүрді. Ол сол ортаның тас қараңғы зұлматынан серпіле шығып, бүкіл айналасындағы түн - түнекті сейілте нұрландырып қана қоймай, оған ақыл парасатқа толы адамдықтың ұрығын еккен ғұлама еді. Ол өзін - өзі тәрбиелеп жетілдірумен, ойшылдық білім мен ілімнің көптеген салаларында, аса биік мұраттарға жеткен кемеңгер ойшыл деп санаймыз.
Міне, осыдан келіп Абай нәр алған данышпандықтың бастауы неде? Қайнар көзі қайда? т. с. с сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Ең әуелі шоқтығы биік болып көрінетін құдіреттің бірі - осы біздер тәппіштей талдап отырған халық педагогикасының маңызы мен мәнінде жатқандығы айдан анық. Осыншама мол қазынаның ішінде, ұрпақ тәрбиесінде ала бөтен орны бар, халқымыздың болашағына арнап қалдырған аксиомалық ұғымдары еске түседі. Соның бірі -«... Алып анадан туады» дейтін тылсым сыры әлі ашыла қоймаған ұлағатты сөз бар. Абай феноменінің бірі болғанда да - бірегейі осы болса керек.
Ол анасының құрсағында – жүрек тәрбиесі - жетіліп туған алып кендігін қадап айтқым келіп отыр. Тіпті, бұл жүрек тәрбиесі халқындағы ұғымымыздың – мысалы ретіндегі баламасы деуімізге әбден болады. Өйткені, Құнанбайдың төрт әйелінің ішінде, тек осы Ұлжанның балаларының ғана бағасы бөлек. Басқасын айтпағанның өзінде, бір Абайдың өзі - ақ көп нәрсені терең ойлануға жетелейді.
Оны дүниеге әкелген мейірімді ананың парасатымен, бауырына басып тәрбиелеген дарқан мінезді Әженің шапағаты, жүрек тәрбиесі, оянып келген сәбиді, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық тәлімнің алтын бесігі мен тербей отырып ер жеткізгенін көруге болады.
Осы уақытқа дейін зерттеліп жеткен деректер де, Абайдың туған анасы - Ұлжан да, адамдықтың алғашқы әліппесін үйреткен әжесі - Зере де, аймағына аттары аңызға айналған, аса аяулы, инабатты жандар болған. Осындай аналардың бауырында тәрбиеленген зерделі сәбидің - ақыл тәрбиесі де - бесік жырынан бастау алып, халқымыздың ұланғайыр фольклорлық әдебиетінің айдынында құлаш ұрғанын білеміз.
Абай тұнығынан қанып ішкен, бастаулардың алғашқы көздері Дулат жыраудың берген тәлімі де аз болған жоқ. Жалпы, Абайды тәрбиелеген өмір мектебінің шынайы көріністерін, заманымыздың заңғар жазушысы, ойшыл - ұстазымыз М. О. Әуезовтың «Абай жолы»атты эпопеясында барынша терең тебіреніспен жазылған. Бұл еңбек қазір адамзат игілігіне айналып отыр. Абайдың өзі де ес біле бастағаннан - ақ шәкіртікке жан - тәнімен беріліп, тәрбие мен тәлімге ерекше ынтызарлық танытады. Ол өз бойындағы білім мен ілім жолындағы тәлімнің аздығына өкінішті екенін де жасырмаған:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Абай адам баласының тіршілігіндегі тәлім - мен тәрбиеге ерекше мән беріп, өмірінің ақырына дейін өзінің ағартушылық міндетін терең сезініп өткен.
Ол өзінің жазып қалдырған педагогикалық еңбектерінде ойларын жалпылама айтпай, саралай бөліп салалай жіктеп көрсетуге ерекше мән берген. Мәселен, «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба»,- дей келіп, адам мінездерін жақсы да, жаман әсер ететін сипаттарды тарата жіктеп даралай түсіндіріп береді. Абай өзінің поэтикалық сөз қуатының күші мен тұжырымдарын топтастыра жинақтап, «Бес нәрседен қашық бол»: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, саусақпенен санағандай; «Бес нәрсеге асық бол»: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой дейді. Мұнан артық нақтылық, бұдан артық терең тәрбиелік сөзді табудың өзі қиын. Жалпы, Абайдың педагогикалық көзқарастарына инабат (этика ) категорияларын даралай көрсетіп талдауға тырысқанын байқау қиын емес.
Ұлы Абай еңбектерінде талдау жасау кезінде ұққанымыз ақыл - парасат туралы сөз қозғаған. Бұл өмірге келген әрбір адам да бақытты болғысы келеді. Сөз жоқ, олар өзінің барлық саналы ғұмырында, игілікті тіршілік үшін, талпынатындықтары да рас. Адамзат алыптарының жеткен жері де, тапқан жауаптары да бір түйінге келіп тірелетінін түсінгендей боламыз. Ол – аспаннан келіп түсетін алма - ғайып құбылыс емес екен, қайта адамның жан - дүниесінде қалыптасқан мінез - құлығы мен ұжданынан ғана негіз алатындығын анықтайды.
Былайша айтқанда, бақыт - тікелей адам тәрбиесіне тығыз байланысты көрінеді. Олай болса, адамдардың мінез - құлығы мен ұжданы және ақыл - парасаты, адам тәрбиесінің алғашқы физиологиялық кезеңдерінде, әсіресе оның ұрық тазалығы мен ана құрсағындағы тәрбиеге байланысты қалыптасқандығын осы уақытқа дейін ескермей келгенімізді еске түсіреді.
Ендеше, бұл пәни жалғандағы бақытсыздығымыздың негізгі себепкерлері, дұрыс қалыптасып жетілмеген мінез - құлқымыз бен ішкі жан - дүниеміздегі инабатымыз бен имандылығымызда екен. Осындай тұжырымды Абайда құптайды. Оның ұсынатын тәрбие қақындағы тәлімі, Фараби мен Дауани жүйелерімен тікелей жалғаса астасып жатыр.
Мәселен, әл - Фараби «Жақсы мінез - құлығы мен ақыл күші болып, екеуі біріккенде ғана - адам бақытқа жетіп, адамшылық қасиеттерге ие болмақ...». Мысалы, ұлы Абай да: «... Жас бала да анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлардың бәрі тәннің құмарлығы, бұлар болса, тән жанға қонақ үй бола алмай, һәм өзі өспейді, қуат таппайды»деп барлық баланың мінезіне сипаттама беріп түсіндіріп кеткендігін Абай еңбектерінен оқығанбыз.
Байқап отырсақ Абайдың жаңа туған балада пайда болатын жан мен тән тазалығы туралы сипаттарының бәрінде адам мінездерінің көріністерін баяндайды. Мінезсіз адамдар ең әуелі өзінің ақылын тоздырады екен де, сонан бүкіл тіршілігінің мәні мен сәніне өздері қиянат жасайтын көрінеді. Ал, ана құрсағында негіздері қаланып туса да, адам мінездерін тәрбиелеп жетілдіруге болатынын аңғартады.
Тіпті, Абай өзінің 32 - қара сөзінде:- «... ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауаты бар. Сол - мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілділікпен, иә біреудің орынсыз сөзіне, иә бір кез - келген қызыққа, шайқалып қала бересің, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң - оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенде қыларлық, тұрам дегенде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын?! Бұл - бір ақыл үшін, ар үшін болсын!...», деп айдан анық етіп нақтылай түседі. Міне, бұдан артық жазылған педагогикалық еңбекқор бар ма?- деп ғалым педагог Советхан Ғаббасов өзінің «Халық педагогикасының негіздері» атты еңбегінде сипаттайды. Әрі қарай жоғарыда аталған еңбегінде тәрбиелі адамдардың бойларынан байқалатын: ұят пен ар, ізгілік пен мейірім, имандылық пен инабатты, бір сөзбен айтқанда – ұждан деген ұғымға сыйдырамыз.
Ал, адам табиғатындағы ұждан атты қасиеттің тербелетін бесігі, тек жүрек тәрбиесі мен ғана үндесіп жататындығы белгілі. Оның да бірте - бірте бастау алып, қалыптасар мезгілі - адам тәрбиесінің ана құрсағындағы уақыты мен деңгейлес келетіндігінде екенін ерекше ескеруіміз керек. Бұл заңдылықты бұдан былай ескермесек, дер кезінен кешігіп қағаберісі қалдырсақ, өмір бойы орны толмас өкінішке айналары анық. Адамдықтың осыншама ұланғайыр қасиеті, ана құрсағындағы жетілетін аз ғана мерзім ішінде, жаңа өсіп келе жатқан жан иесі - өзінің аса күрделі тән құрылыстарын ғана марқайтып қоймайды. Сонымен қоса, жан - дүниесінің сергектігі мен сезімталдығын да түйсіктендіре, яғни, түйсіктік ақылдың сан - сала арнасын қалыптастырады екен.
Жалпы осынау бір табиғат шебердің тылсым сырлы жұмбағын ақыл - парасатқа бай, мінез - құлықтары келіскен аналар ғана, телегей терең түйсіктері мен ішкі бес сезімдерінің құдыреті арқылы аңғара білген. Тіпті олар тең аңғарып қана қоймай, «алпыс екі тамырларын иіте мейірленіп» ана құрсағындағы жан иесінің - жарық дүниеге келгенше - ақ жүрек тәрбиесін жан - жақты жетілдіруге тырысқан. Бұл сияқты тылсымның сырын, тек «мыңнан бір ана ғана»ішкі түйсіктерімен түсінген. Олар сондықтан да, «аяқтары ауыр» кездерінде сезімтал күйге ауысатын көңіл - күйлердің өте нәзік, бай әсерлерін, үнемі өсіп келе жатқан жан иесінің түйсік сезімдерін жетілдіруге бағыттап отырады.
Адамзат қаумына жаппай белгілі емес, осынау тылсымның сырын сезінген дана халқымыз:- «Алып анадан туады» деген де, ол табиғат та осындай бір құбылыстың бар екенің білген тәрізді. Мұны, орасан үлкен ақындық та ғұламалық түйсікпен ұлы Абай да сезген. Осының айқын дәлелдей, ақынның өз сөзіне жүгініп көрелік:
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар,-
--------------------------------------
Дей келеді де, Жүрек тербеп, оятар баста миды - деп Абай данышпан таңғажайып уақытынан озған тұжырым жасайды. Егер осы ойды біз салыстырмалы түрде, жүкті әйелдің көңіліндегі сан алуан сезім күйлерін әуенге теңесек, ол құрсақтағы жан иесінің ұйықтап жатқан жүрегін оятса, сонымен қабаттаса бірге жетілген ұждан ғана орнықты сипат алса керек. Осылайша негізін дер кезінде тереңнен алған жүрек тәрбиесі ғана, келешекте адам бойындағы ақыл - парасаттың сан қилы сырларын ашып, оны кемелдікпен толысқан кемеңгерлікке дейін жетілдіреді. Осылайша, кезеңді сәттерінен кеш қалмаған адам тәрбиесінің қос қанаты болып саналатын - жүрек тәрбиесі мен ақыл тәрбиесі - домбыраның қос ішегіндей үндесе бірін - бірі жетелей дамитын сипатқа ауысады.
Абай айтайын «нұрлы ақылға» бай «толы адамның» тұлғасы осылайша қалыптасса керек. Жалпы өзінің педагогикалық тәрбие жүйесінде, Абай жүрек қалыптастыратын, ұжымдық сипаттарға ерекше мән берген. Ол адамның ғұмыр тіршілігінде жүректің орнын ешнәрсемен салыстырмай жеке дара етіп алдынғы қатарға қояды. Бұл арада да Абай Фарабидей ұстазының ақ - адал шәкірті ретінде танылып отыр. Тіпті, Абайдың айтуынша ақылдың тереңдігін күшейтетінде жүрек деп біледі. Сондықтан да ол:
Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,,
Бар тамырды қуалар,- деп, адам тәрбиесінің Темір қазығын жүрекпен байланыстырып отыр.
Абай қашан да өз ойларын өлеңмен жазса да, немесе қарасөзбен өрнектесе де, телегей терең тұңғиықтың сырларын меңзеп қана, ыммен айтады. Біздің осы күнге дейін, Абайды түсініп оқи алмай жүргеніміздің бір себебі осында жатса керек - деп ғалым С. Ғаббасов баяндап өткен.
Абай өзінің 14 – қара сөзінде: «... Тірі адамның жүректен аяулы жері болама?» Біздің қазақтың жүректері кісі дегені - батыр емес пе? Онан ары қарай рақымшылдық, мейірбандық, уа, әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіңе ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар - жүрек ісі... асықтық та – жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың - тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақта - адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып ала аларлық - жүректе жігер, қайрат, байлаулықтың жоқтығынан азады деп түйіндейді». Міне, Абайдың педагогикалық еңбектері ұрпақ тәрбиесінің – Темірқазығы - деуіміз де осыдан.
Адам тәрбиесінің жүректің орынын ерекше бағалауды Абай сонау шығыс ойшылдары - әл - Фараби, ибн - Сина, Жүсіп Баласағұн, Ғұламаһи Дауани, Әлишер Новли, Жүсіп Қарабағидан - тарата дамытқан. Адамның дүниетанымының дұрыс қалыптасуына, шешуші қызымет атқаратын, түйсік пен ішкі және сыртқы бес сезімдер (хауас, хауас сәлим, хауаси хамса заһири), гуманистік тұрғыдағы сүю (иман гүл), сонымен қоса, ақыл, әділет, рахым ілімдеріне ерекше мән беріп қоймай, оны барынша халық педагогикасымен үндестіре қарауға тырысқан.
Бүгінгі күні, болса да нарықтық экономиканың қыспағында өмір сүріп жатқан тіршілік тауқыметі оңайға соқпай тұр. Мал тауып жан басын асырауда біреулер адал еңбек етіп жүрсе, біреулер алдап арбап, арам дүние жинап жүргенін пендешілікпен түсінбей жүргенін білмейсің. Бұл жерде сөз етіп отырғанымыз адал еңбек, арам пиғыл, надандықпен дүниеқоңыздылық, ең негізгісі имансыздық тәрбиесі мен нәр алып жатқанына өкінерсің.
Ұлы Абайдың кемеңгерлігі сол, осынау замана тосқауылдарына төтеп бере отырып жеткен, үш түрлі ілімнің сырларын терең ұғынып, олардың сипатынан – қазақ халқының ежелден келе жатқан тәлімінен етене жақын екенін танығаннан кейін, оның принциптерін өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде де кең түрде пайдаланған. Ол – осы ілімдерді, келешек ұрпақ тәрбиесінде пайдалануды барынша арман еткен. Бұл туған жұртына тілеген - Абай армандарының бірі ғана десек болады.
Жалпы, Абай өзінің айналасындағы өнер қуған шәкірттерімен білім, ғылым, өмір көріністері мен тұрмыс тәлкектерін, адам мінездерімен кісілікке лайық келбеттерін шешіле талдап, тежеусіз пікір алысуды үнемі жетілдіріп отыруға тырысқан. Мысалы шәкірттерінің біріне - шығыс ойшылдарының еңбегімен танысуды тапсырса, екіншісіне - батыс мәдениетіндегі өнер мен әдебиеттің даму бағыттарына зер салуды тапсырады.
Абай ағартушылығының бір аса күрделі саласы, білім мен ғылымға үйренуді үнемдеумен қоса, ерінбей еңбек етудің қадір - қасиеті мен баяндылығына тәрбиелеу болып табылады. Тек, еңбек қана адамның тұрмыс жағдайларын да, жан - дүниесінің жақсылық сезімдеріне бөленуін де қамтамасыз ететіндігін, ол өзінің барлық шығармаларына арқау етеді.
Бүгінгі таңда тек қана ұлтымыздың Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Әбіш Кекілбаев т. б. қоғам қайраткерлерінің белсенділікпен ұлт намысы туралы ой қозғап жүрген азаматтарымызды ғана білеміз.
Егемендік алған күннен бастап, біз қозғап отырған мәселе төңірегінде біршама мәселелер шешілгенімен, Абайдың аңсап кеткен заманының оңынан туғанын барша қазақ түсіне бермейтіні ашынып айтпасқа амалың жоқ.
Қазіргі таңда ешкімге жалтақтамай - ақ қазақ ұлтының төл тілінде сөйлеуге ұмтылыс жасағанда толық шешілмек.
Қорыта келгенде, Абай айтып кеткен сөз маржандарын келешектің мәңгілігімен мұраттары үшін ұсынған мына өзінің тұжырымдарымен аяқтағанды жөн көрдік:
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!- дей келе Абайдың адам тәрбиесі хақындағы педагогикалық көзқарастары аса үлкен мәнге жетіп, әліде болашақ ұрпақтың көкірегін оятар демекпіз.

1 636
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Абайдың дүниеге көзқарасы
Абайдың дүниеге көзқарасы
Абайдың дүниетанымында оқу оқып, білім алу жоғары орында, ол орыс зиялыларынан ғылымды үйрену керектігін басып айтқан. Үнемі ақиқат жағында болғандықтан, оны ғалымдар рационалист деп есептейді.
Абай және орыс әдебиеті
Абай және орыс әдебиеті
Абай, оның өмірі, шығармашылығын қалай меңгергенін анықтау. Өз бетінше іздендіруге, шығармашылық жұмысқа үйрету. Оқушылардың логикалық ойлауын дамыту, сөздік қорын байыту.
Абайдың ең жақын адамдары (сөзжұмбақ)
Абайдың ең жақын адамдары (сөзжұмбақ)
Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Новорыбин орта мектебі - бақшасы Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Хажат Алма
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе
Әйтеке би ауданы, Комсомол селосы, Т. Жүргенов атындағы орта мектептің бастауыш класс мұғалімі: Искакова Шаригул Садуакасовна
Абайдың ән-күйлері (шығармашылық жұмыс)
Абайдың ән-күйлері (шығармашылық жұмыс)
Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы № 6 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жолдасова Айкенже Жалмағанбетқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×