Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


"Дауылпаз ақын - ел мақтаны" Махамбет Өтемісұлының өмірі, шығармашылығы

04 шілде 2013, Бейсенбі
9 сынып
Сабақтың тақырыбы: «Дауылпаз ақын - ел мақтаны»
Махамбет Өтемісұлының өмірі, шығармашылығы

Сабақтың мақсаты:
1/ ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырлармен халықты күреске шақырып үндеген Махамбеттің ақындық дарының өлеңдері арқылы оқушыларға түсіндіре отырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш салған ерекше қасиетін оқушы бойына дарыту
2/Өмірі мен өлеңдерінің ерекшелігін аша отырып, күйлері, термелері жөнінде түсінік беру. Ерлікке, Отанды қастерлеуге шақыру.
3/ Өршіл жырлары арқылы ерлікті ту еткен Махамбеттің ерлігін қастерлеуге баулу, елінің адал азаматы болуға тәрбиелеу.

Сабақтың типі: Жаңа сабақты меңгерту.
Сабақтың түрі: Ашық журнал.
Сабақтың әдіс - тәсілдері: баяндау, ойды жинақтау.
Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, слайдтар, видео, үнтаспаға жазылған күй

Сабақтың эпиграфы:
Махамбет
Махамбет...
Білмеймін жел ме, сел ме
Жырда онымен бір тұлға теңесер ме?
Әділетсіз дүниенің қабырғасын
Махамбетше сөгер жан кездесер ме?

Сабақтың жүрісі: 1. Ұйымдастыру. Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру, сабаққа дайындығын бақылау.
2. Жаңа сабақ.
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
- Оқушылар бүгін бізде ерекше сабақ. Ашық журнал түрінде өтетін сабағымызда Махамбеттің ақындық дарыны, күрескер ақындығы, айтулы күйшілігі жайында әңгімелеп, ой қозғамақпыз. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Әуезов Махамбеттің ақындық құдіретін жоғары бағалай келіп, былай деп жазды:

«… Махамбет бұрынғы, соңғы қазақ ақындарының ішіндегі ең бір күштісі деп саналуға тиіс. Махамбет жырлары өз заманындағы ең қанды, ең әсерлі сөз, көпшіліктің өз үні, өз тілі, өз арман талабы». Бұл классик ақынымыздың шығармашылығына берілген әділ баға деп білуіміз керек. Жауынгерлік рухтағы өршіл жырлардың інжу маржанын ұрпағына мұра еткен Махамбет – ерлік пен намыстың ақыны. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді жыраулардың жалғасы Махамбет – сан ғасырлар бойғы тәуелсіздікке ұмтылған бабалар рухының нақты көрінісі. Олай болса Ашық журналымыздың бірінші бетін ашпастан бұрын «Республикалық Махамбет оқулары - 2012»оқуларының 2 - орын иегері, сонау Тасшағыл ауылынан келіп қатысып отырған қонағымыз - оқушы Русланұлы Расулдың орындауында Махамбеттің «Арыстан одан кім өткен?» өлеңіне кезек берейік. 1 - бет «Күреспен өткен ғұмыр» 1 - слайд.

/Интерактивті тақтадан интернет желісі бойынша Махамбет Өтемісұлы жөнінде деректі фильм көрсетіліп жатады./

Мұғалім сөзі: Қазақ халқы талай қиын кезеңді талай басынан кешірді. Елін, жерін көзінің қарашығындай қорғаған, оның мүддесі үшін қабырғасы қайысып, қасық қаны қалғанша қорғап болуды мақсат еткен дара – тұлға батырлары болған. Олар сабырдың тәуекел мен арманның түлегі. Міне осындай көрнекі өкілдердің бірі - Махамбет Өтемісұлы. Ол - тасқындаған қайраттың ғана емес, ең алдымен, кең толғап, кем пішер кемеңгер ақылдың көрінісі. Махамбет Нарын өлкесінде өмір сүріп, « қара қаза, сары бала қамы үшін» ашық қимылға шыққан, халықты соңына ерте білген. Ол ерлікті, өрлікті өзі ғана жасамай, бүкіл поэзиясына ерлікті ту етті, оны кейінгі ұрпаққа өлмес мұра етіп қалдырды. Олай болса берілген сызбаға назар аударайық
Сызба. 2 - слайд

Махамбет Өтемісұлы
1846 жылы Қараой өңірі, қазіргі Атырау облысының Махамбет ауданында дүниеге келген қазақтың әйгілі ақыны, күйші композиторы.
Отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі халықты патшалық, хандық өкіметке қарсы қарулы көтеріліске шақырған алғашқы қазақ жыршысы
/Осы сызба арқылы ақын өмірінен мәлімет беремін./

Менің атым – Махамбет,
Жасқұстағы Жәңгір хан
Ісінен болдым құса - дерт.
Атасы өткен Айшуақ
Соны көзі көрді ғой:
Менің атам Өтеміс
Елдің қамын жеді ғой - деген жалынды отты сөздерін еске ала отырып мына көрініске назарымызды салайық.

Көрініс:
Сарайда отырған Жәңгір хан. Айналасында Баймағамбет сұлтан, сарайдың билері, уәзірлері, т. б.
Жәңгір хан Махамбетті шақырып: - Ау, Махамбет! Арамызда шыққан от ауызды, орақ тілді ақын емессің бе? Жырла мені мақтап мына жұртқа.

Махамбет: - Айтсам айтармын хан Жәңгір, жұртқа жасаған ісінді. Қарапайым халықтың ақысын жеп, табаныңа таптамадың ба мына жұртты?
- Хан емессің қасқырсың,
- Қас албасты басқырсың.
- Достарың келіп табалап,
- Дұшпаның келіп басқа ұрсын.
- Хан емессің аянсың,
- Айыр құйрық шаянсың.
- деп, айта бергенде Жәңгір хан: - Тоқтат! Жетеді енді.
- Оқушылар, Махамбеттің бойындағы ер жүрек, батырлығын, қайсар, тік мінездігілігін неге баласақ болады?
- Намысқа тырысқан жігерлі, күшті де көсем тұлғаға балаймыз./оқушы жауабы/
- Ендеше «Аудандық Махамбет оқулары - 2013» байқауының жүлдегері Мүрсәлім Дастанбек Махамбеттің «Мұнар күн» өлеңін оқып береді.

2 - бет. Махамбет – дауылпаз ақын! 3 - слайд
ӨЛЕҢДЕРІ
Ерлікке, елдікке шақыратын
«Мұнар күн»
«Ұлы арман»
«Біртіндеп садақ
асынбай»
«Ереуіл атқа ер
салмай»
«Жалғыз дүние»
«О, Нарын!»
Исатайға арналған
«Исатай деген ағам бар»
«Арғымаққа оқ тиді»
«Тарланым», «Соғыс»
«Мінген ер», «Мінгені
Исатайдың Ақтабан - ай»
«Исатай сөзі»
«Арыстан одан кім өткен?»

Мұғалім:
Махамбеттің өлеңдерінің бастан аяғына дейін жырлаған негізгі өзекті тақырыбы – жастарды елін, туып өскен жерін қорғау үшін «жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды тоқтатып» есі үшін құрбан болған елдің арманы жоқ, туған халқы, елі үшін кездескен қиыншылықты жеңе білуге жас ұрпақты үгіттеді.
Махамбеттің:
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығуға
Қас үлектен туған катепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Біздің бүйткен бұл іске, - деп аталатын өлең жолдарында жастарды қандай ма болмасын қиындықты жеңе білуге туып өскен Отанын елін сүюге, елжандылыққа тәрбиелеуге жас ұрпақты үндеді. Махамбеттің «Қызғыш құс» өлеңінде де ақынның еліне деген сүйіспеншілігі тамаша өрнектелген. Ақын психологиялық параллелизмді шебер қолдана отырып, қызғыш пен өз тағдырын салыстырады. Махамбет көл қорыға қызғыштай елі үшін отқа түседі:

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айырылып,
Жалғыздықпен болдым дос.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Ел қорыған мен едім
Мен де айырылдым елімнен
Көл қорыған сен едің,
Сен де айырылдың көліңнен.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырлармен халықты күреске шақырып үндеген Махамбеттің ақындық дарыны ерекше.
Өлең - тәрбие құралы. Көне заманнан бері халқымыз тәрбие құралы ретінде ертегі, аңыздарды, батырлар жырлары мен дастандарды, өлеңдер мен терме, баталарды, мақал - мәтелдерді, қанатты сөздер мен шешендік өнерді, ырым - тиым сөздерді тиімді пайдаланып, ұлттық дәстүрімізді жалғастырып отырды. Көтеріліс кезінде Исатай бастаған қолдың алдында тұрып, оларды Жеңіске жетелеп, ұран көтеріп, өлеңмен жігер берген Махамбет ақынның басты құралы - өршіл жырлары болды.

Көтеріліс жеңіліске ұшыраса да, ол өз рухын жоғалтпады. Халықты көтеріліске қайта шақырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш салады. Амал не, қараңғы халық ойын түсінбеді, оның өлеңінің құдіретіне бас исе де, ақын соңына ермеді. Патша әскерінің қаруынан сескенген халық ақынның өлеңмен шақырған үндеуіне құлақ аспады.

Мұғалім сөзі: Облыстық Махамбет оқулары - 2013» байқауының жүлдегері Мизамов Кенесары Махамбеттің «Мен, мен едім, мен едім»термесін орындап береді.

Журналдың 3 - беті. Махамбет – күйші 4 - слайд

«Жайық асу» «Қайран Нарын»
«Жауға шапқан» «Жұмыр қылыш»

«Өкініш» «Исатайдың Ақтабаны - ай» «Шілтерлі терезе»

Мұғалім сөзі: Махамбет ақын мен Махамбет батырдың осы қасиеттерін біз күйші Махамбеттен, композитор Махамбеттен де анық байқағандаймыз. Егер біз Махамбет тағдырын ел кегін жоқтаған кескекті ердің ереуіл ғұмыры деп танитын болсақ, оның жырларын сол ереуіл өмірдің поэтикалық шежіресі деп білеміз. Мынау жеті күй бізге сол асқақ ақын, асқаралы азаматтың жүрек соғысы мен жүрек тынысының үнмен жазылып қалған кардиограммасындай көп жайды аңғартып, көп нәрсені түсіндіріп тұр. Мұнда да Махамбеттің сол таныс даусы, таныс шабыты, Махамбет жүрегінің сол таныс дүрсілі.

«Исатайдың Ақтабаны - ай» баяғы ереуіл атқа ер салғандардың дегені болып, тастары өрге домалап тұрған қайран дәурендерін жарқылдатып көз алдыңа тосса, «Шілтерлі терезе» сол өктем көңіл, өр жүректің торға түскен торғайдай бұлқынған, бірақ қиянатшыл тағдырға көнбей тайталасқан арпалыс халынан зар төккендей. Онда да тауы шағылып, таусылған мүскіннің мүсәпір жылап - сықтауы емес, намысына қыл бұрау түсіп, бұлқынған арыстың арпалысып буырқанғаны естіледі. Біз осы хал, осы әуенді Махамбеттің «Өкініш» атты күйінен де жақсы аңғарамыз. Онда қалт жіберіп, қапы соққан кісінің ызасы тепсінгенімен, «мұны неге істедім» деп өкінген өксік жоқ. Күйдің әуен бітімі оның Исатайдан айырылып, көтерілістің дағдарысқа ұшыраған тұсында туғанын аңғартқан. Бірақ сондай жер жарылып, аспан шытынаған кездегі күйші жүрегі неткен сабырлы, күйші зары неткен мәнді, ұстамды!

Махамбет күйінің бір бояудан ғана тұрмайтынын қапысыз таныта алатын шығармалар санатына «Жұмыр, Қылыш» пен «Қайран Нарынды» жатқызуға болады. Орындаушылар «Жұмыр, Қылышты» Исатайдан айрылып, жалғыз жортқан Махамбетті Баймағамбет сұлтанның қанды қақпанынан құтқарып қалған байбақты батырлары Жұмыр мен Қылышқа арналған деседі. Осылай болуы ғажап емес. Күйде шалт қимылды батырлыққа лайық аршынды ырғақ, адуын серпін бар. Ол күмбірлей төгілген қоңыр сазбен ара жігі білінбей әдемі жымдасқан. Ал, «Қайран Нарын» Махамбеттің ақындық творчествосының басты арнасына айналдырған туған ел, туған елдің мүддесі мен мерейі жолындағы кес-кесте ұрыс тақырыбына арналған. Күйден «аһ» ұрған зар, қайнаған ыза, езілген мұң, серпілген арман, ашылған күндей шуақты қиял қатар білінеді.
Олай болса « Аудандық Махамбет оқулары - 2013» байқауының күй жанры бойынша жүлдегері Болатбекұлы Наурызбек Махамбеттің «Қайран Нарын»күйін орындап береді.

Ақыры жетті күн бүгін,
Ақырып теңдік сұраған.
Түнектің түріп түндігін,
Ат міндің сұлу құладан.
Парызың бүгін өтелген,
Әр ізің жатыр жаңғырып.
Азаттық туын көтерген,
Ақынның жыры мәңгілік!- дей отырып ашық журналымызды аяқтай отырып, Махамбет туралы алған білімдерімізді мына берілген кесте бойынша толтырып берейік..
Үнтаспадан «Жұмыр қылыш» күйі орындалады.

INSERT кестесі
Білемін Білдім Білгім келеді

Қорытынды. Топтастыру статегиясы
Үйге тапсырма: Махамбет «Тарланым». Өлең құрылысына талдау жасау.
73 395
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы
Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы
Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы туралы өздігінен білім ала отырып, өзара білім алмастыру. Өлеңдерінің тақырыбы мен автор идеясын ашу, әдеби теориялық тұрғыдан талдау жасау дағдыларын қалыптастыру.
Жалынды ақын – Махамбет
Жалынды ақын – Махамбет
Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы, Тоқмұхамедов атындағы №14 орта мектептің музыка пәні мұғалімі Ильясова Гулзира Кенесовна
Қайран, Нарын
Қайран, Нарын
Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Қайыңды ауылы, Абай атындағы орта мектеп музыка пәні мұғалімі Докина Фарида Таңбайқызы
Махамбет - күрескер ақын
Махамбет - күрескер ақын
Атырау облысы, Атырау қаласы, Геолог поселкесі, Қ. И. Сәтбаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мурзагулова Гүлжан Жардемқызы
Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы
Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы
Ақтөбе қаласы, №33 қазақ орта жалпы білім беру мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Ксупова Базаркул Жарылкасыновна
Махамбет Өтемісұлының өмірі, ерлігі
Махамбет Өтемісұлының өмірі, ерлігі
[right]Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Дөң орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмағазина Гүлсім Шаймерденқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×