Негізгі > Бала бақша > Жұмбақ математика

Жұмбақ математика


15-04-2017, 14:36. Орналастырған: Koktem
Үздік ұстаз бәйгесіне
Жұмбақ математика
Білім беру саласы: «Таным».
Бөлімі: Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру.
Мақсаты: 1 - ден 5 - ке дейін тура және кері санау, геометриялық пішіндерді ажырату; жұмбақ құрастыру, логикалық тапсырмаларды орындау арқылы балалардың тілін, ой – өрісін, ойлау қабілетін дамыту. Ұйымшылдыққа, топпен жұмыс істеуге, тапқырлыққа, ізденімпаздыққа тәрбиелеу.
Көрнекілік: сандар, пішіндер, суреттер, асықтар, екі түрлі сандық, дидактикалық ойынға қажетті пішіндер, сыртында 5 - ке дейінгі сандар жазылған «вагондар», үлестірмелі материалдар
Билингвалдық сөздік: сандар - цифры, пішіндер - фигуры
Белсенді стратегиялар: топтық жұмыс, «миға шабуыл» әдісі, «жұмбақ құрастыру» әдісі.

Мотивациялық - қозғаушылық
Шаттық шеңбері
Кіп - кішкентай баламыз
Өсіп - өніп толамыз
Күнге қарай талпынып
Көкке қанат қағамыз
Әлемдегі бар адамға
Тек жақсылық тілейміз

Сәлеметсіздер ме, апайлар!
Сәлем, достар дейміз.
Шеңберде тұрған балаларға дөңгелектің, төртбұрыштың, суреттерін тарату және дөңгелекті алғандар бір үстелге, төртбұрышты алғандар бір үстелге бөлініп отырады.
1 - топ «дөңгелектер» тобы, 2 - топ «төртбұрыштар» тобы болады

Ұйымдастырушылық - ізденістік

Балалар, біз бүгін сендермен 1 - ден 5 - ке дейін тура және кері санауды, геометриялық пішіндерді ажыратуды, жұмбақтар құрастырып, оны шешуді үйренуді жалғастырамыз. Ол үшін ұлттық «Ханталапай» ойыны арқылы интеллектуалды жарыс ұйымдастырайық.
Ойын шарты: ойын барысында берілген тапсырмаларға дұрыс жауап берген топ қоржынына асық салып отырады. Ойын соңында қай топ көп асық жинаса, сол топ жеңімпаз болады.
Алғашқы жарысты бастайтын топты анықтау үшін екі топтан бір баладан шығуы тиіс.
Тапсырма: «Ханталапай».

Талапай - ау, талапай,
Табылды ойын, алақай!
Асықты алға шашамыз,
Талапайға басамыз
Шарты: шашылған асықты кім көп жинаса, сол топ жарысты бастайды.
Екі топтан бір баладан шығып «Ханталапайға» қатысады

1 - Тапсырма:
1 - ден 5 - ке дейін тура және кері санау
( қазақша, орысша, ағылшынша)

2 - Тапсырма:
«Сан қатары»
2 топтан бір - бір бала тақтаға шығады, «адасқан вагондарды» ретімен орналастырады
1.... 2..... 3..... 4..... 5
5.... 4..... 3..... 2..... 1

3 — тапсырма:
«Суреттегі заттарды сандармен сәйкестендір»
(үлестірмелі материалмен жұмыс)
Мысалы: 3 санының жанына 3 мысық бейнеленген суретті қою керек, т. с. с.
Тапсырманы дұрыс орындаған балалар өздерінің сандықтарындағы асық санын көбейтеді.

4 - Тапсырма - Логикалық сұрақтар.
(Әр дұрыс жауап үшін бір асықтан беріледі)

1. Апасы Сезімге дүкеннен төртбұрышты үш доп әкелді. Сезім біреуін Аянатқа берді, біреуін Мерейге берді. Сезімде неше доп қалды?
(төртбұрыш доп болмайды)

2. Балабақша ауласында өсіп тұрған қайың ағашында 2 алма бар екен. Бір алманы торғай жеді, біреуін қарға жеді. Қайыңда неше алма қалды?
(қайыңда алма өспейді)

3. Аспанда неше жұлдыз бар?
(аспанда көп жұлдыз бар)
4. Бір қоянның құлағы нешеу?
(бір қоянда екі құлақ болады)

5. Екі аюда неше бас бар? (екі бас бар)

Сергіту сәті:
Аяқтарды топылдат,
Алақанды сартылдат,
Оңға да, солға да
Бұрыламыз, оңай - ақ

Басымызды шайқаймыз,
Қолымызды бұлғаймыз.
Оңға да, солға да
Бұрыламыз, оңай - ақ,

Секіреміз биікке,
бәрімізге көңілді
Оңға да, солға да
Бұрыламыз, оңай - ақ

Дидактикалық ойын: «Сандарға үй жасаймыз".
(әр балаға ішінде геометриялық пішіндер бар конверт беріледі)
Шарты: берілген пішіндерден құрастырып үй жасап шығу. Қай топ бірінші құрастырса, сол топқа бір асық беріледі.

5 - тапсырма - Жұмбақ құрастыру -
Шарты: балалар өз ойларынан бөлмедегі бір затты геометриялық пішінге ұқсатып жұмбақ жасырады.
Мысалы: өзі тік төртбұрыш, барлық үйлерде болады, біз оны ашамыз, жабамыз, құлып салып қойсақ ешкім үйге кіре алмайды –( есік) т. с. с.
Әр дұрыс құрастырылған жұмбаққа бір асықтан беріледі

6 - тапсырма - Санамақ айту
Шарты: екі топтан бір баладан шығып санамақ айтады.
Әр санамаққа бір асықтан беріледі.
М: Бір дегенім - білім,
Білім жарық күнің.
Екі дегенім - еңбек,
Еңбек бәрін жеңбек.
Үш дегенім – үміт,
Үміт артар жігіт.
Төрт дегенім – төзім,
Төзе білем өзім.
Бес дегенім – бесік,
Шықтық содан өсіп

Қортынды - рефлексиялық

- Балалар, бүгін біз не үйрендік?
(1 - ден 5 - ке дейін тура және кері санауды, геометриялық пішіндерді қайталадық.)
- Қандай ойын ойнадық?
(«Ханталапай» ойынын ойнадық)

Екі топтың қоржынындағы асықтарды санап жеңімпазды анықтау, қошемет көрсету, мадақтау.

Күтілетін нәтиже:
Білуі керек: 1 - ден 5 - ке дейінгі сандарды тура және кері санай білуді,
геометриялық пішіндерді ажыратуды
Нені игерді: жұмбақ құрастыруды, логикалық сұрақтарға жауап беруді
Нені білді: «Ханталапай» ойынын, топпен жұмыс істеуді, ұйымшыл болу керектігін.

Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы
Солоновка ауылы, «Балауса» балабақшасының тәрбиешісі
Захарьянова Гульбаршын Какановна

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.

Кері қайту