Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Мағжан Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңіндегі отансүйгіштік рух

22 сәуір 2016, Жұма
Категориясы: Оқушыларға
Атырау қаласы
№11 Ы. Алтынсарин атындағы
орта мектептің 7 сынып оқушысы
Нұрпейіс Дина

Мағжан Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңіндегі отансүйгіштік рух

Зерттеу жобасының тақырыбы:
Мағжан Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңіндегі отансүйгіштік рух
Проблемасы:
М. Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңіндегі отансүйгіштік рухты насихаттау, бүгінгі күнмен үндестігін дәлелдеу.
Проблеманың шешу болжамы:
«Сүйемін» өлеңі халықты, жалпы адамзатты сүюге шақырып, елжанды ұрпақ қалыптастыруға ықпал ететін тағылым көзі екеніне көзімізді жеткізу.
Пәні мен нысанасы: Әдебиет, «Сүйемін» өлеңі
Мақсаты:
Ақын өлеңдері бүгінгі жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолында баға жетпес құндылыққа ие екенін саралау.
Міндеттері:
«Сүйемін» өлеңіндегі азаматтық үн мен туған елге, жерге деген сүйіспеншілікті айқындау;
Ақынның тілдік шеберлігіне талдау жасау.
Әдіс - тәсілдері:
Материалдарды жинақтау, сараптау, талдау, зерттеу, жүйелеу
Қорытынды:
М. Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңі - жастар тәрбиесі үшін бірден - бір өнеге мектебі

Мазмұны
І Кіріспе
Мағжан – сыршыл ақын
ІІ Негізгі бөлім
2. 1 «Сүйемін» өлеңі – отансүйгіштік тәрбиенің қайнар көзі
2. 2 Ақынның тілдік шеберлігі
ІІІ Қорытынды
Бүгінгі күнмен үндескен ақын рухы
Пайдаланылған әдебиеттер

Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзия әлеміндегі қайталанбас жарық жұлдыз. Мағжан поэзиясының құдіреттілігі сол – ол оқырмандарына көтеріңкі көңіл – күй, бойға рух, жанға жігер береді. Өлеңдерінің құдіреттілігі сол – жастардың қанындағы ұлттық рухты күшейтеді, отаншылдық сезімін арттырады. Мағжан өлеңдері жастарды елін, жерін сүюге тәрбиелейді.

Мағжан өлеңдеріндегі ең басты тақырып – ел мен жер тағдыры. Өмірге құштарлық, айналасындағы адамдарға, туған табиғатқа, жер - анаға ғашықтық туралы ойлар – Мағжан өлеңдерінің басты сипаттарының бірі. Ақын нені жырласа да, ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сырлы, сазды, көркем.

Ж. Аймауытов: «Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетіндей» үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында жоқ. Мағжан не жазса да, сырлы, көркем, сәнді жазады. Қай өлеңді алсақ та, ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жан дүниесінің күйзелуі, көңілінің кірбіңі көрініп тұрады. Ақын өлеңін оқысаң, еріксіз бір сезім туғызады. Әлде мұңайтады, әлде өкіндіреді, әлде қуантады, әлде жігер береді,» - деп дәл лайықты бағасын берген екен. Сондай - ақ Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Қай шығармасында да Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Оған дәлел болатын өлеңдері көп, соның бірі - «Сүйемін» өлеңі.

"Сүйемін" атты өлеңін ақын қартайған анасына, күнделікті тұрмыстың
жетегінде жүрген қарапайым жарына деген сезімін суреттеуден бастайды. Өлеңде жүрекке жылы, көзге таныс сурет бар. Ана да, жар да әркімге қымбат екенін еске салып, Отанды сүю отбасынан басталатынын меңзегендей.. Одан кейін ақын:
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін.
Сағым сайран кұрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қыс – ақ кебін, жаз – сары.
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахарасы,
Сарыарқа деген жерім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол Арқамды сүйемін! – деп, өзінің туған елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігімен жалғастырып әкетеді. Бұл өлеңінде ақын анасына, жарына, жалпы адамға деген махаббатын туған жерге катысты сезімімен ұштастырған.
Мағжан атамыздың ақындық шеберлігіне таңдай қақпасқа амалың жоқ, өйткені осы бір төрт шумаққа қазақтың бар болмысын, қазақтың анасын, жарын, елін сыйдыра қойған.

Бүгінгі күні ақын өлеңдерінің ішінде «Сүйемін» өлеңі әр қазақ баласына ең жігер беретін, рухты көтере алатын өлең деп айта аламын. XXІ ғасырда өмір сүріп жатсақ та ақын өлеңдері өз өміршеңдігін жоймақ емес. Заманға сай көкейтесті мәселе, тақырып деп айтуға болады, оқыған адамға Отанын, жерін бар кемшілігімен қатар сүюге шақырады. Бұл шығармадан оның бір асып толқыған көңіл - күймен жырлаған отанға, жерге, елге деген сүйіспеншілігін, зор құрметін анық байқаймыз. Түсінген адамға 4 шумақ өлеңде сонша кемел ақыл, таусылмас сыр, кішкентай жүректің алып махаббаты сыйып жатыр.
Көзінде көк нұры жоқ,
Жабайы ғана жарым бар,
Немесе
Алдындағы малымен,
Бірге жусап, бірге өрген, - деген ұнамсыз, құлаққа жағымсыз сөздермен сипаттай тұра, «неге екенін білмеймін - сол анамды, жарымды, елімді, жерімді сүйемін!» - деп әдейі осылай кемшіліктерін санамалау арқылы бәрібір менің елімді шексіз сүюіме оның бойындағы ешқандай кемшілік қарсы бола алмайды деп әлемге жар салғандай.

Сонымен қатар сезімінің бүкпесіздігіне назар аударту үшін, өлеңнің әр шумағының соңына «неге екенін білмеймін» сөзін қайталау амалын қолданады. Бұл әдіс өлеңнің көркемдік қуатын одан сайын арттырып, оңай есте сақтауға әсер етіп тұр.
Өлең 4 шумақтан, әр шумақ 7 - 8 буынды 9 тармақтан тұрады.
1 шумақта күңгірт эпитетін жалаң қолданбай, күлдей теңеуімен тіркестіру арқылы күлдей күңгірт шаш деп анасының шашының ағаруға жақын қалғанын, әбден қартайғандығын шебер суреттейді. Көз дегенің – сұп - сұр көр тармағында көзді көрге ауыстыру арқылы метафора жасап, ана жанарының тас қараңғы соқыр екенін және оны сұп - сұр эпитетімен ұтымды үйлестіріп, сұп - сұр көр деп көрдей қараңғылықта өмір сүріп отырған ана бейнесін көз алдыңа әкеледі.
Қарапайым сөздер Мағжанның ақындық шеберханасынан асыл – жақұттай жарқырап, сан құбылып басқа өң мен түрге малынып шығады. Оған дәлел 2 шумақтағы көк нұр, жұмақ жыр, жалынсыз, усыз құшақ, жабайы ғана жар секілді эпитеттер мен жыландай, құрандай теңеулерінің ақын жарының бейнесін көркем сомдауға қызмет етуі.
3 шумақта басқан, киген, көрген, жүрген, өрген деген есімше тұлғалы етістіктерді өзге сөздермен тіркестіре отырып,
Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген,
Жүрген ескі заңымен, - деуі арқылы сол кездегі халқының, яғни Алаштың келбетін шынайы, дәл жеткізе білген.
Сағымы сайран құрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қыс – ақ кебін, жаз – сары.
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахарасы, - деп келетін соңғы шумақтағы сағымның сайран құруы өте ыссылықты, боранның ұлып тұруы өте суықты бейнелеп туған жер табиғатын паш етеді. Бұдан кейінгі қысты кебінге, жазды сарыға ауыстыру арқылы жасалған метафора (сары деп шөптің сарғаюы қуаңшылықты айтып тұрса керек) алдыңғы жолдарды одан сайын айқындап, бояуын қанықтыра түскен.
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,- тармақтарында жоқ сөзін қайталау арқылы өзінен кейінгі тұрған мәңгі өлік тіркесінің мағынасын айқындауға тамаша жымдастыра білген және Сарыарқаның сүреңсіз кейпін көрсеткен. Менің ойымша, ақын дәл осылай табиғатты бейнелеу арқылы, біріншіден, елінің ештеңеден бейхабар, тыныш, айқай - шусыз қалың ұйқыда жатқанын айтқысы келсе, екіншіден, өліктей суық болса да, мен елімді шексіз сүйемін деп өзінің махаббатының құдіреттілігін жеткізгісі келіп тұр. Әйтпесе туған еліміздің сұлулыққа тұнып тұрған жерлері көп емес пе?
Әр шумақтағы 7 тармақтың анам бар, жарым бар, елім бар, жерім бар деп бар сөзінің қайталануы да өлеңге ырғақты әр беріп тұр.
Қазіргі жастар, яғни біздер де анамызды сүюден басталатын Отанымызды шексіз сүйеміз. Әр бала мен осылай сүйем деп айта бермесе де, өз елін риясыз сүйетініне шүбәм жоқ. Өйткені дәл осы өлең мен оқитын 7 сыныптың бағдарламасында бар, жатқа айтқан сыныптастарымның көздерінен ұшқын, от және мақтаныш сезімдерін көргендей болдым. Мағжанның бұл өлеңі әр қазақ баласының жүрегінде бұғып жатқан туған жерге деген ұлы сезімді дөп басқан деп айтар едім.
Сондықтан Мағжан атамыздың «Сүйемін» өлеңі бүгін де, ертең де, кемел келешекте де жүрегі қазақ деп соққан әр азаматтың отансүйгіштік рухын көтеріп, жігер беруге қызмет ете беретіні сөзсіз.
«Тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін жас жеткіншектерді мемлекетшіл, отаншыл рухта тәрбиелеу – кезек күттірмейтін мәселе. Қазіргі таңда ұлт ретінде сақталудың бірден - бір жолы – бала бойына елжандылық пен ұлтжандылық рухын орнықтыру екені көп дәлелді керек етпейді», - деп президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың ұсынып отырған сындарлы саясатының басым бағытының бірі жас толқынның бойына отаншыл сананы қалыптастыру екенін бәріміз де білеміз.
Қорыта келгенде, бүгінгі таңда заманымыздың басты талаптарына айналып отырған рухы биік, елжанды ұрпақ тәрбиелеу ісінде, Мағжан өлеңдерін пайдаланудың маңызы ерекше.

Осыны негізге ала отырып, Мағжан Жұмабаев шығармаларын насихаттау үшін төмендегідей ұсыныс енгіземін:
Мағжан Жұмабаевтың Отан, туған жер, ел тақырыбындағы шығармалары мектеп бағдарламасына көптеп енгізілсе;
«Мағжантану» факультативтік сабағы жүргізілсе..
Мен осы зерттеу жұмысымда Мағжан Жұмабаевтың «Сүйемін» атты өлеңіне ғана тоқталып өттім. Ақын шығармашылығы бойынша жан - жақты талдау жасалған дүниелер жазу – алдағы уақыттың міндеті.
Отансүйгіштік рухты Мағжан атамыздың поэзиясы ешқашан сөнбек емес.

Толық нұсқасын жүктеу
14 521
0
  • 60
2 дауыс


Жаңалықтар
М. Жұмабаевтың «Шолпы» өлеңін талдау
М. Жұмабаевтың «Шолпы» өлеңін талдау
Мағжан атамның рухымен сырласа отырып, оның ұлттық құндылық екенін, қазіргі заман жастарына маңыздылығы
Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы
Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы
Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығының қыр - сырларын меңгеруге, мазмұнына тереңдей бойлай отырып, шығармаларына жан - жақты талдау жасауға ықпал ету.
Мағжан Жұмабаев "Сүйемін" өлеңі
Мағжан Жұмабаев "Сүйемін" өлеңі
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, "Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі"ММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Аққұлова Күнжамал
Қазақ халқының ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев
Қазақ халқының ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев
Ақтөбе қаласы, №31 ОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қоспанова Гүлзифа Дүйсембайқызы
Мағжан Жұмабаев «Сүйемін»
Мағжан Жұмабаев «Сүйемін»
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы Қарашоқат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ахет Гүлден Ермекбайқызы
Тау жынысы деген не?
Тау жынысы деген не?
Павлодар облысы, Екібастұз қаласы, Солнечный кенті, №28 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Хожамбергенова Амина
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×