Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Менің анам - мұғалім

10 наурыз 2017, Жұма
Категориясы: Оқушыларға
МЕНІҢ АНАМ - МҰҒАЛІМ!
Халықаралық 8 - наурыз аналар мерекесіне арналады
Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған...
Түн. Ұйықтап кетіппін. Түн жарымда шамның жарығынан ояндым. Анам ояу отыр екен...
Алдында жайып қойған ескіріңкіреген фотосуреттер. Көзіне қарасам, көзі жасаураған тәрізді. Шаршағанннан ба, әлде шәкірттеріне деген сағыныштан ба, әлде...
«Мен, оятып жібердім бе деген», көзінен өкініштің де ізін байқадым.
Мен бұл сәтке таңданған жоқпын. Маған таныс жайт еді. Өйткені менің анам - мұғалім!
Менің анам мектепте мұғалім, ал үйде ана...
Мен анамның мамандығы мұғалім болғанына мақтанамын, кейде аяп кетемін... Иә, иә аяп кетемін...
Күні - түні ізденуден бір сәт таймайды. Мүмкін менің анамның басы компьютер болса, жанып кетер ме еді...
- Кім білсін? Әзілдеймін, әрине...
Бір қызығы кейде мен де анама ұқсап мұғалім болғым келеді. Неге дейсіз ғой? Анам тарих пәнінің мұғалімі. Біз қолымыз қалт етсе, немесе шай үстінде тарихқа үңіліп кетеміз. Кейде өзімше анаммен пікір алмасу сәтінде дауласып қалатын кезім де болады. Сондай сәттер маған қызықты.
Маған ұнайтыны: Мен өз халқымның тарихын, салт - дәстүрін, тәрбиесін күнделікті анамнан бойыма сіңіремін, ол маған «баға» үшін айтылып жатқан жоқ, ол анамның тәрбиесі...
Ең қатты ұнайтыны: Анам сол кейбір тарихи кесенелерге жазғы демалысы кезінде көзімен көруге барады, мені де ала барады. «Көзбен көріп барып, балаға жеткізсем кеңірек мәлімет бере аламын»,- деп сондай кездерде ерекше қуанышқа бөленіп, бір сезімге беріліп кетеді. Ішінен бірдеңелер айтып, өз - өзімен күбірлеп, бірдеңелерді жазып алып жатады. Үйге келгенде үй тіршілігі, тағы да сабаққа дайындықтан қолы босамайтын анам. Қыдырып жүрсе де шәкірттеріне бірдеңелерді дайындап жүреді. Бәрібір де осындай сәттерде маған анаммен сөйлесуіме, анаммен жақын болуға мүмкіндік туады.
Кейде мен анамды басқа балалардан қызғанатын кезім де болады. Бір күні мен сахнаға шығып қойылым қоюға дайындалып жаттым. Анамның сыныбындағы Ақбота есімді қыз да сол күні сахнаға шығып ән айтатын болды. Менің анам маған емес Ақботаға көбірек алаңдап, «айналайын, сен айта аласың»,- деп еркелетіп те қояды. Киетін киіміне дейін түн ортасы ауғанша дайындап шыр - пыр болды. Ал, мен мынау дұрыс па десем де, бұрыс па десем де иә деп жауап берді. Міне, осы кезде әйтеуір ішімді белгісіз бір күй ашу ма, ыза ма, қызғаныш па кернеді.
Ақбота шын мәнісінде жақсы орында шығып, іс - шара соңында ерекше аталып өтті. Сол кезде мен анама жалт қарадым. Анамның көзіндегі қуаныш алыстан - ақ байқалып тұрды. Мен де сол сәтте анам үшін қатты қуандым. «Шәкірт жетістігі - ұстаз еңбегінің жемісі»,- деп бекер айтылмаған ғой. Бұл менің анамның еңбегінің жемісі. Бұндай сәттер менің анамның шәкірттері үшін түн ұйқысын бөліп, түнімен жасаған еңбегінің жемісі.
Сол сәтте мен түсінемін де, мақтан тұтамын. Тек маған емес анамды мектептегі оқушылары да, ата - аналары да құрмет тұтады. Мұндай кезде жүрегімді қуаныш кернеп, бар әлемге «Менің анам - мұғалім!»,- деп айқайлағым келеді.
Шәмші ақынымыздың «Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған»,- деген жолдары еріксіз есіме оралып «Әлемнің жарығын, сыйладың бар елге»,- деп өзімше ыңылдап қоямын.
«Ана бір қолымен бесік тербесе, екінші қолымен әлемді тербейді»,- деген мақал бір жағынан осы мұғалім - аналарға да қатысы бар шығар.
Мен үшін «түн ұйқысын төрт бөліп, түнде бесік таянған» анам, қазір шәкірті үшін түнде қалам таянып отыратынына мен куәмін. Жалғыз мен емес барлық анасы мұғалім балалар куә.
Бұл менің «мұғалім - анам» жайлы ақтарып отырған сырым, аналар мерекесіне қарсы шабыт беріп отыр ғой. Ендеше барлық «мұғалім аналарды» мерекелерімен құттықтап, «осы күнге жеткізген анама мың алғыс»,- дей отырып, «Менің анам - мұғалім!» деген мақтанышпен ойымды аяқтаймын.

СҚО, Тайынша ауданы,
Чкалов селосы, «№2 Чкалов орта мектебі» КММ
9 - сынып оқушысы Бақыт Жанель
Жетекшісі: Бөгенбаев Байғали Рахманбердиевич
7 125
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Менің анам - асыл адам
Менің анам - асыл адам
Аналар өте мейірімді жандар. Олар бізді өте қатты жақсы көреді. Аналар бізді аман болғанымызды тілейді. Бізді дүниеге әкелгенде, ақ сүтін беріп, аялап өсірді.
Ағылшын тілінен тест жұмысы 2 сынып
Ағылшын тілінен тест жұмысы 2 сынып
Ағылшын тілінен тест жұмысы 2 сынып. 1, Ағылшын тілінде неше әріп бар: а) 26 в) 24 с) 28
Көңілімнің сыры - Мұқағали жыры
Көңілімнің сыры - Мұқағали жыры
Мұқағали атамның өлеңдеріне деген менің махаббатым анамның ықпалымен туды деп ойлаймын. Себебі, есімді білгелі анам маған жас ерекшелігіме сәйкес Мұқағали атаның өлеңдерін іріктеп, жаттатып жүрді
Оқушылар шығармашылығынан үзінділер
Оқушылар шығармашылығынан үзінділер
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, №7 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бекова Жамила Асанқызының оқушылары шығармашылығынан үзінділері
Анама хат
Анама хат
Ақтау қаласы, №14 орта мектебінің 4 сынып оқушысы Нұрлан Нұрсұлтан
Жан анашым (студент шығармашылығынан)
Жан анашым (студент шығармашылығынан)
Алматы облысы, Талдықорған қаласы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Әміржанова Меруерт
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×