Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Алдаркөсе мен Шықбермес Шығайбай

28 сәуір 2019, Жексенбі
Категориясы: Оқушыларға
Алдаркөсе мен Шықбермес Шығайбай
Ерте - ерте ертеде, ешкі құйрығы келтеде Шықбермес Шығайбай дейтін бай болыпты. Төрт түлігі сай болыпты. Шықбермес Шығайбай үйіне ешкімді қондырмайды екен, қондырса, дәм бермейді екен. Үйіне кісі келсе, ол:
- Шық - әй!- дейді екен. Осыдан жұрт оны Шығайбай атап кеткен екен.
Қайтсем де, қалай болса да Шығайбайдан дәм татам деген талайлардың тауы шағылыпты.
Алдар десе, Алдар - ау! Алдардың алдамайтыны, арбамайтыны жоқ деген атақ та осы кезде елден - елге жайылды. Ел аузындағы мәтелге айналды.
- Әй, Алдарың қанша қу болса да, Шықбермес Шығайбайды алдай алмас,- дейді жұрт. Бұл сөз Алдарға жетеді. Шықбермес Шығайбайдың атын Алдар да естиді. «Шықбермес Шығайбайды мырза етпесем, Алдар атым құрысын»,- деп Алдар Шықбермес Шығайбайдың елін іздеп, сапарға шығады. Күн - түн жүреді. Ақырында, елден іргесін аулақ салған ен далада жалғыз үй қонған Шығайбайдың үйіне келеді.
«Бұл қу не істеп отыр екен?» деп, атын алысқа тұсап, өзі білдірмей келіп, жабықтан сығалайды. Шығайбай қазы тіліп, бәйбішесі нан илеп, тоқалы бас үйтіп, қызы тырнаның жүнін жұлып отыр екен.
«Осыдан татпасам, Алдар атым құрысын» деп жылмың етіп: «Кеш жарық!»- деп кіріп барады. Бұлар да жылдам екен, Алдар «кеш...» дегенді айтып болғанша, қолдағыларын жасыра - жасыра қойып, Шығайбай таспаны, бәйбіше ұршықты, қызы тігіліп жатқан көйлекті, тоқалы көсеуді қолдарына алып отырыса қалады. Түк білмегенсіп, қолдарындағы іспен болып отырғансып, жайбарақат бола қалады.«Әй, әбден - ақ әккіленіп алған екенсіңдер, мызғымас қу екенсіңдер» дейді Алдар ішінен. Амандасқансып, қол алысқансып, байға сүйкене барып, төр алдына отырып алады.
«Әй, көсе екенсің, жұртты құртқан қу ма екенсің? Жүрісің жылмаң екен, жырынды болған сұм ба екенсің? Қу болсаң да, сұм болсаң да, менен дәм тата алмассың» дейді бай ішінен.
- Қайдан жүрген сұмсың? Қайда барасың? Не естіген, білгенің бар?- дейді бай Алдарға. Алдар көтеріле түсіп, күлімдеп, желдіре жөнеледі: - Көрген білгенім көп. Жолда келе жатып, үлкен сары жылан көрдім. Жуандығы тап өзіңнің астыңдағы қазыдай.
Артық - кем қып асырмай,
Шын айтқанды жасырмай:
Таспен ұрып жібердім,
Күң астындағы басындай. Былш етіп иленіп,
Бәйбіше астындағы қамырдай.
Өтірік болса, сақал жұлынсын,
Қыз астындағы тырнадай. Бәрін де осының көріп келдім,
Асыңды асшы, ұрламай,- дейді.
Осыны айтқаннан кейін бай:
- Шоқ түссін тіліңе!- деп астындағы қазысын лақтырып тастайды.
- Тілің кесілсін!- деп бәйбіше астындағы қамырын лақтырады.
- Жағың қарыссын!- деп тоқал басты лақтырады.
- Ішің кепсін!- деп қыз тырнаны лақтырады.
- Қазанда аса бер, бәйбіше,- дейді бай, «амал қайсы» деген пішінмен.
Бәйбіше а салады да: - Піс, қазаным бес ай!- дейді. - Отырайын он ай!- деп Алдар етігін шешіп тастайды да: - Кер тағының терісін келер жылы киермін,- деп төрге орнығып отырады. Қазан түнімен қайнайды, бірақ түсірілмейді. Алдар да отырады.
«Мынау кәпір қашан жатады?» деп, үн жоқ қасарысып бай да отырады. Ақырында, ұйқысы келіп, шыдай алмай:
- Әй, кемпір, төсек сал,- дейді. Бәйбішесі төсек салады. Үй іші ұйықтаған кезде, Алдар орнынан тұрып, қазандағы етті сүзіп алып, оның орнына тулақты турап салып қояды. Бір уақытта бай тұрып, бәйбішесін оятады.
- Мына ит ұйықтады білем. Түсір асыңды тез. Уақытымен асымызды жегізбеді - ау, ит!- деп сыбыр етеді. Бәйбіше қараңғыда асты түсіреді. Бай пышақты қолға алып жіберіп: - Жат, жігітім, жат! Сазайың – осы!- деп аузына бір кесегін асап жіберсе, тісі өтпейді. Олай қидалайды, былай қидалайды, болмайды. - Етіңе не болып кеткен, өңкей шандыр!- деп әйеліне ұрсады. Түйіліп қалып, май сұрайды. Ақыры, Алдардың келгенін біліп, амалсыз аштан - аш жатады. Таңертең Шығайбай жолға кетпек, болып, бәйбішесіне қонаққа көрсетпей маған нан беріп жібер, - дейді. Әйелі ошақта пісіп жатқан нанды оттан ала салып байдың қойнына тыға қояды, Мұны көре салып Алдар жүгіріп шығады. - Е, байеке! Енді бұдан бұлай жолығамыз ба, жоқ па? Ақтық рет қазақ дәстүрімен достарша көрісіп айрылысалық,— деп, бара сала байды құшақтайды. Оттан жаңа шыққан нан байдың кеудесін күйдіріп кетеді.
- Ау, жарайды енді! - деген сайын қаттырақ қыса түседі.
- Ау, мына итжегірді ит жесін! Мә деп, қойнынан нанды лақтырып тастайды. - Ә, байеке, ит жегенше мен жейін, - деп, Алдекең барып нанды қолына алады. Бай дүзге аш кетеді.
Бай екінші күні тағы жолға шығарда бәйбішесіне бір торсық айран құйғызып, оны, көрсетпей ішінен байлап алады. Бай енді шығуға ыңғайланғанда Алдар:
- Байеке, мен сіз келгенше жүретін шығармын амандасып қалайын дейді де, құшақтаса амандасқан болып торсықтың тұсынан қысады. Торсықтағы айран төгіліп Шығайбайдың мазасын кетіреді. Торсықты амалсыздан Алдарға беріп Шығай бұл жолы да аш кетеді. Көседен құтыла алмаған соң, бай Қөсенің атын сойып алмақ болады. Байдың мұнысын тағы естіп қойып, атына барады. Атының қасында байдың да аты тұр екен. Өз атының маңдайындағы қасқасы болмаса, екеуінің ешбір айырмашылығы жоқ екен. «Маған ойлайтын зиян болса өзіне тисін» деп, өз атының қасқасына сиырдың шикі боғын жағып, жоғалтады да, бай атының басына бор жағып, қасқа ат қылып қояды. Сөйтеді де, орнына келіп жатып ұйықтап қалады. Алғашқы күнгі етті жеп қойған да Алдар екенін біледі. Біледі де ішін ыза кернеп: «Тұра тұр, бәлем!» — дейді. Алдар ұйықтады - ау деген кезде сыртқа шығып, Алдардың атын жарып тастайды.
- Міне жігітім сазайың! - деп, өзінің істеген ісіне көңілі толып қуанып, төсегіне келіп жатып, ұйқыға кетеді. Таңертең бай орнына« тұрып жатып, Алдарға айтады:
- Мына кемпір қасқа ат өліп жатыр дейді. Сенің атың болу керек жарылып қалған. Сорлы, атыңды бақпай қазан бағып жүрген не қылған адамсың! - деп қарқ - қарқ, күледі.
- Алдар тұрып:- Қандай қасқа екен? Боқ қасқа болса менікі болар, бор қасқа болса сіздікі болар, - дейді. Бай құдайдың ұрғанын біледі де, орнынан тура жүгіреді. Жүгіріп барса, айтқанындай өліп жатқан байдың бор қасқасы екен. Бай күйіп кетіп, Алдарға келіп:- Жоғалт қараңды сұм! Мен сені енді көрмеймін, - деп шығып кетеді. Сыртқа шығысымен қатынына:
- Тез жөнелт, - дейді. Бай анадай, жерге шыққан кезде жақындап барып, Алдар:
- Етігім жыртылып шұлғауым шығып жүр, Бізіңді беріп кет дейді. Байдың бергісі келмейді. Алдар жабысып жібермейді: Ақыры болмаған соң:
- Ә, алсаң алшы, антұрған! Ал да қараңды жоғалтшы, кәпір - дейді.
Алдар «алғысты жаудырмалатып, күліп, қала береді. Бай кетісімен оның бәйбішесіне жүгіріп келіп:— Ал қызыңыз «Бізбикені киіндіріңіз, - дейді.
- Е, не үшін?- Баймен келісіп, мен қызыңызды алып кететін болдым.
- Жоғал әрі, сұм! Саған қыз беретін бе еді бай, - дейді.
- Әйтпесе өз құлағыңмен естіп қал деп, сыртқа шығып, көп жерге барып қалған байдың артынан айқайлайды:
- Әй, бай! Бізбикені бермей жатыр мына бәйбішең,- дейді.
- Әй, қатын! Бер бізді! Жоғалт сол кәпірдің көзін, - деп айқайлайды бай.
- Әні, естідің бе? - дейді Алдар қасында тұрған әйелге.
- Мына кәрі ит алжыған ба өзі! Елді құртқан бір қуаяққа беріп құтырған ба?
- деп, таң қалады әйелі. Қатын - қалашқа бой берген Алдар ма? Анау - мынау дегенге көнбестен жасауын буып, қызды атқа мінгізеді.
«Алдардың ойыны осылай болады» деп, еліне тартып отырады.
Ертегілер еліне саяхат, ертегілер жинағы
4 636
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Аңыздар. Алдар көсе мен Шықбермес Шығайбай
Аңыздар. Алдар көсе мен Шықбермес Шығайбай
Аңыз жанры туралы түсінік қалыптастыру; сөздік қорын, тіл байлығын дамыту, адалдыққа тәрбиелеу; іздену, ойлау, өздігінен тұжырым жасауға баулу.
Алдар көсе Шықбермес Шығайбай
Алдар көсе Шықбермес Шығайбай
Ертегі әлеміне қызығушылықтарын қалыптастыру. Ертегілердің ұқсастығы мен ерекшеліктерін анықтау. Ым - ишара, дауыс ырғағы, ойын атрибуттарын қолданып таныс әдеби шығармалар негізінде кейіпкерлердің бейнелерін жасау. Ертегі кейіпкерлердің сипаты
Алдар мен Алтын балық ертегісі
Алдар мен Алтын балық ертегісі
Көркем әдебиет арқылы балаларға саусақ театры арқылы балалардың тілін, қызығушылығын арттыру және эстетикалық тәрбие берудің әдістерін анықтау және оларды үрдісті ұйымдастыру әрекетіне енгізу.
Наурыз – Ұлыстың ұлы күні
Наурыз – Ұлыстың ұлы күні
Бүкіл түркі халқының ұлық тойы - Наурыз мерекесін ұлттық салт - дәстүрмен, әдет - ғұрпымызбен байланыстыра насихаттап, ұрпақтардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.
Тест қазақ әдебиеті 9 сынып
Тест қазақ әдебиеті 9 сынып
Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Есперлі негізгі мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Киікбаева Гүлназ Бағырамқызы
Жылу құбылыстары Шық бермес Шығай байдың үйінде
Жылу құбылыстары Шық бермес Шығай байдың үйінде
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Қоскөл ОЖББМ – нің физика пәні мұғалімі Шамғонова Дидар Нұрланқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×