Би билеу адамның көңіл - күйін көтереді
Би билеу адамның көңіл-күйін көтереді. Билеу сонымен қатар түрлі қозғалыстарды жасау арқылы қан айналымы жақсарып, бой жеңілдеп, ми тамырлары кеңейеді екен. Биді спортқа жатқызудың да өзіндік себебі бар. Өйткені би көп энергияны қажет етеді. Адам өз - өзін үнемі шынықтырып отыруы тиіс.
Физикалық жаттығуларды жасап, дене шынықтыруға қызықсаңыз, би билеуді де әдетке айналдыру сізге қиынға соқпайды. Қазіргі таңда би билеп үйренуге мүмкіндік мол. Ол үшін түрлі үйірмелер жұмыс жасауда. Сіздің тек ынтаңыз болса, сол жетіп жатыр. Бидің түр - түрін үйреніп алуға болады. Есесіне сіз бидің түрлі жаттығуларын жасау арқылы тәніңізбен қоса, жаныңызды да шынықтырасыз.
Жалпы би өнері – әуеннің ырғағымен дене қимылы арқылы көрсетілетін өнер. Әрбір өнер адамзаттың сезімін, қайғы - қасіретін, ойын, неше түрлі бүгінгі, кешегі, тарихи немесе фантастикалық оқиғаларды адамдарға өзіне тән амал - тәсілдермен жеткізуге тырысады. Әр өнердің өзіндік ерекшелігі бар. Би өнері – тілсіз өнер. Оның да айтар мағынасы болуы керек. Мұнда адам ойындағы, жүрегіндегі жазуды би тілімен жеткізе білу басты шарт. Ол үшін қолдың, дененің, саусақтың, буынның әр қимылы үлкен рөл ойнайды.
Британ маманы Х. Эллис би арқылы екі адам бір - біріне қуатты физиологиялық импульс бере алады десе, келесі бір мамандар дене қозғалысының астарында жан қозғалысы жасырынып жатыр дегенді айтады.
Би - еркіндік белгісі. Бидің де өзі үні, өз тілі болады. Би де талғамды қажет етеді. Тілмен түсіндіре алмайтын жайтты бимен жеткізуге болады. Биде де аса терең философиялық ой жатады. Көңіліңізге шаттықпен рахатты би бере алатыны сөзсіз. Би өмірді ұзартады, жұмысқа, өмір сүруге деген құштарлықты арттырады әрі өзіңді сұлу сезінуіңе көмектеседі.
Бидің адам баласы үшін тигізер пайдасы:
Бидің қимыл - қозғалысы жүректі қажытпай, адамның көңілін көтеріңкі ұстауға ықпал жасайды.
Би жаттығулары арқылы адамның ми тамырлары кеңейеді, қоректік заттар мен оттегі көптеп келеді.
Үнемі иіліп, көтеріліп тұрудан көздің ішіндегі қан айналымы жақсарып, оны ұстап тұрған бұлшық еттер шыңдалады.
Би – жақсы ұйқының көзі.
Бидің жаттығулары адам баласының тәнін ғана дамытып қоймай, рухани жақтан да тәрбиелейді.
Бимен айналысатын адамдарда Паркинсон ауруы болмайды.
Пайдаланған дереккөзі: kazgazeta.kz
sdumedia.kz/