2019 жылы ұл балаға қойылған ерекше есімдер.
Қазақ ер азамат, жігіт, баланың қазақша есімдері мен мағыналары
Әлихан – араб тілінен енген ғали мен ханның қосындысы. Ғали "әлидің" синонимі, биік, аса, зор, заңғар деген мағына береді.
Айсұлтан – "ай" мен "сұлтан" сөздерінен жасалған есім, сәби айдай болсын, өз ортасында сұлтандай қадірлі болсын деген ниетпен қойылады. Сұлтан араб тілінен – "билеуші, әкім".
Нұрислам – "нұр" мен "ислам" сөздерінен құралған. Араб тілінде нұр – жарық, сәуле, ал "ислам" дініміз болғандықтан, Алланың нұры жаусын деген ниетпен қойған.
Әмір, араб тілінен – бастық, әкім, билеуші. Біріккен тұлғалы есімдер: Әмірбай, Әмірбек, Әміржан, Әміртай, Әмірәлі.
Әлинұр – "әли" мен "нұр" сөздерінен жасалған есім. Әли, араб тілінен – аса, зор, заңғар; Нұр – жарық, сәуле.
Ерасыл – аса аяулы, нағыз батыр.
Әли – араб тілінен ғали – биік, аса, зор, заңғар. Біріккен тұлғалы есімдер – Әлиасқар, Әлиакпар, Әлиахмет. Синонимдері: Ғали, Қали, Әлі, Алы.
Рамазан – араб тілінен рамадан – күйдіруші, жандырушы. Араб елдерінде бұл өте ыстық ай. Мұсылман жыл санауының тоғызыншы айы, осы айда туған балаға осындай есімдер қойылған.
Санжар — көне түркі тіліндегі Саншора есімінің дыбыстық тұрғыдан өзгерген түрі. Көне түркі, қазақ тілінде сан – "он мың", "шора – ер, батыр" деген мағыналарды білдіретінін ескерсек, "бір өзі он мың қолға тең ер, батыр" мәнінде қойылған есім екенін байқаймыз. Ғасырлар бойы айтыла келе, Саншора - Саншор - Саншар - Санжар болып өзгерген. Тағы бір мағынасы – бұзып өтуші.
Мирас — араб тілінен мұра, артта қалатын көз, тұяқ.
Арсен, Арсений – көне грек тілінен "арсениос" – батыл, ержүрек деген мағына береді.
Нұрасыл – "нұр" мен "асыл" сөздерінің қосындысы. Асыл – араб тілінен алынған әсил – 1) негіз, түбір, түп нұсқа; 2) шынайы, нағыз; 3) қымбатты, ардақты.
Ислам – түп - тамыры "салима", "юслиму", "ислам" яғни, бейбітшілік, аманшылық деген сөздерден бастау алады, ол Алла тағаланың "әс - Сәләм" деген көркем есімімен сабақтас. Ал шариғаттағы мағынасы – толық мойынсыну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа жалған құдайларға табынбау.
Алдияр, араб - иран. аллайар – Алланың досы; тақсыр, ұлы мәртебелі.
Расул, араб тілінен – 1) хабаршы. 2) елші, уәкіл.
Артем, грек тілінен "артемес" – аман, аурусыз, сау.
Мансұр, араб тілінен – 1) жеңімпаз, жеңіске жетуші. 2) құдіретті.
Диас – испан тілінен – күн, күндіз. Испания көтерілісшілерінің көрнекті басшысы Хосе Диас құрметіне 1936 жылы қойылған есім.
Дамир — түрік тілінде темірді осылай атайды. Мұндай есім қойғандағы ниет "темірдей мықты болсын" дегеннен туса керек. Тағы бір мағынасы – ар, ождан. Дамир есімді азаматтар іскер келеді, ерік - жігері мықты. Жақтастары көп.
Дінмұхаммед – Дін + Мұхаммед; Мұхаммед – "аса мақтаулы, мақтауға лайық".