ойын сауық отауы
Жұмбақтар. Адам. Адамның дене мүшелері туралы жұмбақтар.
11.08.2018 32 780 1 Дауыл

Жұмбақтар. Адам. Адамның дене мүшелері туралы жұмбақтар.

Мақал-мәтелдер
Адам. Адамның дене мүшелері туралы жұмбақтар

Таудан не күшті? (Адам)

Өлсең де өлмейді, өлмесең де өлмейді (Адамның есімі)

Көрмеген ешкім, дәмін татып. Қара орман асты, ұйыған қатық. (Адамның миы)

Даладай кең, теңіздей терең. (Адамның ойы)

Таудан биік, теңізден терең. (Ақыл)

Даладай кімнің кең пейілі? Данадай кімнің мол мейірі? (Ана)

Отынсыз, сусыз піскен ас, адамның бәрі ішкен ас (Ана сүті)

Дүниеде не жұмсақ? (Ананың алақаны)

Маған да, саған да, жақын туыс – бес адам. Үш әріптен тұратын, оңға оқы, солға оқы, өзгермейді еш одан, бәрі де өз жұратың, айтады кәне: кім атын? (Ата; Ана; Апа; Аға; Іні)

Тілсіз болса да хабар береді. (Ауру)

Дәу үңгірдің қақпасы, жабылады, ашылып, жоқ болса да топсасы. (Ауыз)

Құрамалы сырық, берсең ырық. Кетесің тұрып, барасың жүріп, қаласаң, отырасың бүгіп. (Аяқ)

Екі атым бар тынбайтын, өзімді ғана тыңдайтын (Екі аяқ)

Сырты орман, алды жазық құрлықты, араласаң, табасың жеті құдықты. (Бас)

Қос жиек, ортасы ақ сүйек. (Ерін)

«Ти» десем - тимейді, «тиме» десем – тиеді (Ерін)

Қос дөңгелек мөлдіреп, ішінде бар қарашық, алғы жаққа елжіреп, қарайды ылғи таласып (Жанар)

Таппайтын тағат, тығулы сағат. (Жүрек)

Мұрыннан кетпейді, қолға түспейді. (Иіс)

Бір беткейде екі көл (Көз)

Жағасы құрақ, мөлдір суат. (Көз)

Көреді бәрін өзгенің, көре алмайды өздерін (Көз)

Жарық қылып қос тоғайдың етегін, қос шырақ тұр, айтшы ол не екенін? (Көз)

Қос батыр қатар тұрса да, бірін – бірі көрмейді. (Көз)

Кішкене ғана тостаған, жер дүниені бастаған (Көз)

Екі көл – кіл тынған, екі ну – құлпырған. Жатса да қатар жарысып, көрмепті бірде танысып (Екі көз, екі қас)

Күндіз қасыңнан қалмайды. Бірақ, ешкім ұстай алмайды. Қорқақ па, қараңғыға бармайды (Көлеңке)

Суда жатады, өзі батпайды (Көлеңке)

Тепсем тебілмейді, көмсем көмілмейді. (Көлеңке)

Мен жүгірсем, ол да жүгіреді, мен мүдірсем, ол да мүдіреді (Көлеңке)

Алақаныңмен басарсың, ұстай алмай сасарсың.
(Көлеңке)

Атқа мінбейді, жаяу жүрмейді, күніне мың шақырым жерді шарлап, ұясына қайта оралады. (Көңіл)

Жүйрікте не жүйрік? (Көңіл)

Жотада бар кеуіп жатқан жалғыз оқпан. (Кіндік)

Тақырда тайдың ізі (Кіндік)

Сыртқа шығар жолы тұйық, түсі шымқай қызыл сұйық. (Қан)

Дөңнің сыртқы қабаты – қарлығаштың қанаты. (Қас)

Қабақта бар қалың тоғай, жолсыз - ақ табарсың оңай. (Қас)

Қосылғанда қос шебер – қыруар – қыруар іс өнер. (Қол)

Бунақты көсеу, тармағы бесеу. (Қол мен саусақ)

Қатар өскен дос құсап, екі жақта қос бұтақ. Әрқайсында бірі қысқа бірі ұзын бес бұтақ. (Қол мен саусақ)

Сөз ұққыш – қос тұтқыш (Құлақ)

Бір таудың екі жағына, екі қалқан жабысқан. Жақын барсаң маңына, сезе қояр дыбыстан. (Құлақ)

Күмбір - күмбір қарағым, қартайғанша жарадым (Құлақ)

Алқапта бар биік тау, алды тік жар қиық тау. Қос үңгірі желдетіп, ауа жұтар селдетіп. (Мұрын)

Екі көрші, бірі – пысылдауық, бірі – сақылдауық (Мұрын мен ауыз)

Мөлдіреп екі көл жатыр, ортада дөңес бел жатыр. (Мұрын мен көз)

Қырық жұма қараңғы үйде тұрды. Алты жұма ауырып жатты. Жиырма жұма байланды, бір жыл бесікте жатты. Ол кім? (Сәби)

Бір бұтақта – бес тармақ, бәрінде бар мүйіз қалпақ. (Саусақ)

Белдеуде бес ат, бесеуі де қасқа ат. (Саусақ)

Бірі үлкен, бірі кіші – бес туысқан бірге ісі (Саусақтар)

Бөлінбейді қыдырып, кейде жатады жұмылып. Ағайынды бес құрдас, бірдей болып еш тұрмас. (Саусақтар)

Көсеуім басы ақ күміс. (Саусақ, тырнақ)

Оң жағымда бес сарбаз, сол жағымда бес сарбаз (Он саусақ)

Бір шыққан соң орнына қайтып кірмес, қай жақтан келерін адам білмес. Азаттығы сонымен дүниенің, онысыз тірі пенде өмір сүрмес (Сөз)

Қатар жатқан қос ін, аң кірмейтін бос ін. (Танау)

Өсіп тұратын демде, бұтақ сайын теңге. (Тырнақ)

Бірде төмен, бірде шығып жоғары. Сөз сөйлесең, қозғалыста болады. (Тіл)

Үңгір түбінде жалбырап, өсіп тұр жалғыз жапырақ. (Тіл)

Есігін ашсаң, сайраған бұлбұл. Есігін жапсаң, жайраған құр күл. (Тіл)

Үңгірді жайлаған, сүйексіз, тиексіз, жылмаңдап сайраған (Тіл)

Күміс қазықтың асы алтын (Тіл мен сөз)

Қамалда бар алақандай қызыл от. Отыз жаугер, көрсетеді қызмет. (Тіл мен тіс)

Үңгір толы асыл тас (Тіс)

Отыз екі батыр, екіге бөлініп, қамалып жатыр. (Тіс)

Отыз екі мықты, қаз - қатар боп шықты. Он алтысы асты, он алтысы үсті. (Тіс)

Үсті шарбақ, асты шарбақ, ортасында тұрар сарнап, жалғыз бармақ (Тіс пен тіл)

Қатар, қатар тас қойдым, жирен атты бос қойдым. (Тіс пен тіл)

Онсыз жақсы өмір жоқ, онсыз жақсы көңіл жоқ. Тәтті, бірақ жемейсің, керек емес демейсің (Ұйқы)

Өмірде не тәтті? (Ұйқы)

Асқар тауда қара орман (Шаш)

Жаратқан бәрімізді адам ата, пенденің жоқтан басқа бәрі қата. Көсілген көмекейің ақын болсаң, немене өз басыңда сансыз сапа. (Өрілген шаш)

Тау басы тұнық, қаптаған шыбық, қойсаң да қырқып, өсе береді, қайтадан шығып. (Шаш)

Шыңда бар орман, құсы жоқ қонатын. Тек қана қолмен, шөбі көп оратын. (Шаш)

Өзіңмен бірге өседі, өзіңмен бірге төсегі. Көргенде оны жіп дейсің, бірақ киім тікпейсің. (Шаш)
Дереккөзі: zagadki. kz
Жұмбақтар. Жыл мезгілдері. Жыл айлары. Тәулік туралы жұмбақтар

Тыйым сөздер мағынасымен Тыйым сөздер мағынасымен
Босағада тұрмау. - Қазақта жаманшылыққа жорыған, жетім балаға тән әрекет.
Жұмбақтар. Жыл мезгілдері. Жыл айлары. Тәулік туралы жұмбақтар Жұмбақтар. Жыл мезгілдері. Жыл айлары. Тәулік
Жаңылмастан жетеуі, Кезек қызмет етеді. (Апта, аптаның жеті күні)
Би билеу адамның көңіл - күйін көтереді Би билеу адамның көңіл - күйін көтереді
Би билеу адамның көңіл-күйін көтереді. Билеу сонымен қатар түрлі қозғалыстарды жасау арқылы қан айналымы жақсарып, бой жеңілдеп, ми тамырлары
Көз гигиенасы Көз гигиенасы
Көру мүшесі – көз. Сондықтан көз адамның ең маңызды дене мүшесі саналады
Сүюді бақыт дейтіннің бәрі.  Асылзат Арыстанбек Сүюді бақыт дейтіннің бәрі. Асылзат Арыстанбек
Сүйіп те тұрып, сүйікті болып, Сетінеп жаным, шерленем, Сүюді – бақыт дейтіннің бәрі, Әлі де сүйіп көрмеген.
Жеті қазына Жеті қазына
Жеті қазына. Ол жөнінде пікір таласы көп. Алайда қазақтар ертеде жеті қазынаға мыналарды жатқызған:
Пікірлер (1)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Дауыл
#1 Дауыл Бас редактор 13 қазан 2018 20:05
Мың адамның бірі — қыдыр, бірі — бақ.
×