ойын сауық отауы
Балалы үй – базар
06.10.2018 9 352 1 Дауыл

Балалы үй – базар

Бұл қызықты
Балалы үй – базар
Кез келген отбасының қызығы мен шыжығы – бала. Бала – өмірдің жалғасы, өзеніңнің арнасы. Оның әр қылығы шаршағаныңды басып, көңіліңе жылылық ұялатады. Дегенмен, мұндай қуаныштың барлық отбасында бола бермейтіні өкінішті - ақ, әрине. Әйел болып жаратылғаннан кейін өмірде баласыз өту ең үлкен бақытсыздық сияқты. Сондықтан да кейбіреулері бұл тағдырымен келіспей соңғы үмітін артып, әлемнің ең жақсы дәрігерлеріне, естіген емшілеріне барып емделіп жатады. Бірақ бәрінің жолы бола бермейді - ау. Ондай жағдайда басқа әйелдердің тастап кеткен баласын бауырына басып, бақытын тауып жатқандар да жоқ емес.

Міне, осы тақырып мен отырған бір топ жастардың ортасында қызу талқыланған еді. Сонда жанымызға жаңадан келіп қосылған бейтаныс қыз өз әңгімесін бастады.

– Мен көпбалалы отбасынан шыққанмын. Әке - шешем өте балажанды, сондықтан біздің үйде өзге балалар да еркін жүре береді. Бірақ әкемнің әкпесі кейде анама келіп алып: «Бала туа бересің. Ертең оның барлығын қалай асырайсыңдар? Жан - жақтан бауырымды жеп қоятын болдыңдар»,– деп ұрыс шығарып кетеді. Таңғалатыным, анам оған осы күнге дейін шыдап жүр. Неге айтып тастамайсың десем: «Е, қызым, ол да қайбір жетісіп жүр дейсің? Жалғыз тұратынын білесің, ең болмаса жетектеген баласы да жоқ. Менің базарым – балаларымды көріп іші қайнамайды дейсің бе? Болмашы нәрсеге кінә артып ұрсысатыны – жанының ауыратындығын білдіргісі келмейді де»,– деп жауап берді. Шынында да ойланып қарасам, ол өте бақытсыз жан екен. Жолдасымен баяғыда ажырасып кеткен. Қызметі, үлкен үйі, бір сөзбен айтқанда барлық жағдайы бар, ал баласы жоқ. Кенже сіңлім дүниеге келетін кезде маған бер деп сұрапты. Бірақ анам әбден көңілі қалған адамға баласын қалай берсін?

Кішкентай кезімде мені де жанынан қалдырмайтын. Әсіресе, туған ауылына баламен барғанды ұнататын. Жолда келе жатып: «Біреу мені сенің мамаң ба деп сұраса, иә деп айта салшы»,– дейтін. Алдымыздан шыққандар міндетті түрде сөйтіп сұрайтын да. Өйткені мен оған қатты ұқсайтынмын. Мүмкін, сондықтан болар, мені ерекше еркелетіп, бар сұрағанымды алып беретін. Әйтсе де менің өз анам бар емес пе? Жазғы демалысым бітуге аз қалғанда ата - анамды, бауырларымды сағынып, үйге асығатынмын. Ал ол бір күнге болса да кешігуге тырысатын.
Бұрын жыным келсе де қазір жаным ашиды. Не дегенмен, әдемі зәулім үйінде жаны бар жалғыз өзі ғана ғой.

Иә, дүние бақыт болмайды. Әйел бақыты ана болу, сүйіктісінің жары болу. Өкінішке орай, қыздың әкпесі бұл қағиданы кешірек түсінген сияқты. Анасының айтқаны да рас. Кейбіреулері жанының жарасын жасыру үшін айналасындағыларға шабуыл жасайды. Бірақ олай істеу керек пе? Егер жағдайды өзгертпесе мүлдем жалғыз қаламын деп қорықпайды ма екен?

– Ал менің ағамның үйленгеніне он бес жыл болды. Орталарында балалары жоқ. Бірінші әйелінде ұлы қалған, бірақ анасы оны көрсетпейді,– деп Жандос та әңгімесін бастады.

– Бірде ағам екеуміз қалада кездесіп қалдық. Әдетте ол маған ешқашан сырын ашпайтын. Ішіне сыймай кетті - ау демін, сол күні алдыма бәрін жайып салды. – Ұлымды көргім келеді. Бірінші әйелім көрсетпеймін дейді, екіншісі барма дейді. Екі оттың ортасында не істерімді білмеймін. Естуімше, балам қатты ауырып қалыпты. Емдеуге қыруар ақша керек екен, ал кеселге кедергі болмаса кеш болатын түрі бар. Екінші әйелімнің туыстары мықты дәрігерлер. Егер олар қолға алса бірдеңесі болар еді. Соны айтып көрші десем, бедірейіп, саусағының ұшын да қимылдатқысы келмейді. Жасыратыны жоқ, өзі де бала көтере алмай жылап жүр. Балалар үйінен бала алайық дегеніме: «Мен біреудің баласын жақсы көре алмаймын. Қанының қандай екенін құдай білсін. Ертең басымызға бала емес, пәле болады»,– дейді. Сөйтіп, менің балама да жаны ашымады ғой. Мүмкін, мейірімі түсіп көмектессе, бір баланы бауырына басса, Алла тағала бізге де оң көзімен қарар ма еді? Қолымнан келер шара жоқ, жанымды қоярға жер таппай жүрмін,– деп сөзін аяқтады. Айтып отырып, көзіндегі жасын жасыра алмады. Соңғы кезде ішімдікке салынып кеткені де осы шығар деп ойладым.

Әрине, жеңгесі қорқатындай да бар. Қан адамға әсер етпей қоймайды. Дегенмен, тәрбиенің де маңызы зор. Тіпті шын пейілімен «асыранды» деп емес, «туғаным» деп бақса бала айнымаған әке - шешесі болып шыға келетіні сөзсіз. Ондайды талай көзіміз де көрді, естіп те жүрміз. Сондықтан бала асырап алғанда тұрған ештеңе де жоқ деп ойлаймын. Мұндайда, ең бастысы, тәуекелге бару керек сияқты. Өйткені екі жан бірін - бірі қанша сүйсе де етегінен тартып тұратын бала керек емес пе? Иә, онсыз отбасының бақыты баянды деп айту қиын - ақ.
Дереккөзі: АЙНҰРДЫҢ КҮНДЕЛІГІ

Туыстық атаулар сыры: бала Туыстық атаулар сыры: бала
Бала (ұл / қыз) – ата-анадан тараған ұрпақтарды айтады. Жеті атадан санағанда бірінші буыны. Олар жынысына қарай «ұл», «қыз» деп аталады. Балалы үй
Екі ағайын Екі ағайын
Бұрынғы өткен замандарда екі ағайын бауыр өтіпті. Олар аталарынан мұра боп қалған шаруамен айналысады екен.
Балалар жайлы қысқа жазбалар (Статусы о детях) Балалар жайлы қысқа жазбалар (Статусы о детях)
Бала – біздің бақытымыз. Оларсыз мына әлем бақыттан ада болмақ. Бала – өмірдің мәні. Баласыз үйде жылу жоқ, жайлылық жоқ, қуаныш жоқ. Бала – сенің
Ұзату тойына арналған тілектер Ұзату тойына арналған тілектер
Бала бақытын қыздан іздейді, Қыз бақытын түзден іздейді - деген екен дана бабаларымыз. Біздің қызымыз бақытын сіздің шаңырақтан іздеп тапты.
Бала тәрбиесіндегі еврейлер ұстанатын қағидалар Бала тәрбиесіндегі еврейлер ұстанатын қағидалар
Баланы әр ұлт өзінше тәрбиелейді. Бала кезден көрген тәрбие өсіп - өнгенше оның бойына азық болады. Қазағым «тәрбие – тал бесіктен» деп бекер
Баланың бақытына жауапты кім? Баланың бақытына жауапты кім?
Мейірімді жүрек баланың жүрегіне жол табады. Әр баланың өз несібесі мен ырыздығы болады. Баланы жақсы көру мейіріммен тәрбиелеу әр ананың қолынан
Пікірлер (1)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Дауыл
#1 Дауыл Бас редактор 11 қазан 2018 16:40
Балаларға арналған тақпақтар
Кішкентай бала

Мен кішкентай баламын
Кітап оқи аламын.
Дәптер, қалам, сызғышты
Сөмкеме өзім саламын.

Бөпешім
Әлди, әлди бөпешім,
Жат бесікте көкешім.
Неге жылай бересің,
Ертең-ақ жүріп кетесің.

Гүлдер
Гүлім, гүлім, өсе бер,
Әдемі боп, асыл боп.
Күндей жайнап кете бер,
Қызыл, сары, жасыл боп.
×