ойын сауық отауы
Балаңа айтқан әр сөзіңе абай бол!
15.09.2019 2 000 0 Дауыл

Балаңа айтқан әр сөзіңе абай бол!

Бұл қызықты
БАЛАҢА АЙТҚАН ӘР СӨЗІҢЕ АБАЙ БОЛ!
Қайтып кері қайтпайтын бір нәрсе бар. Ол – ауыздан шыққан сөз. Көңілдің күйі қандай болғанымен астасып, сөз де сондай не ащы, не тәтті боп шығып жатады. Мұны қазақ мақалы: «Бал тамған тілден у да тамар», деп түйген. Пенденің жүрегі қазанда қайнаған ет секілді аунап, тұрақты тұрмайтыны хадистен белгілі. Осыған да байланысты халқымыз адамның тілін жүрегінің шөмішіне балаған. Яғни, дертті жүректен кесірлі ауыз қалыптасады. Ал, «кесірлі ауыздан кесапатты сөз шығады».

Иә, «адам көңілінен азады, тілінен жазады», дейді. Бұл – рас. Бүгінде көп ата - ана өз баласымен қарым - қатынасында сөз жауапкершілігіне тым салғырт қарайды. Сол сөздерінің салдарына саналы көзді жіберіп, сараламайтын да секілді. Егер «батыр ауыздан» шыққан сөздің ақыры сан соқтырарын білсе, абайлар ма еді?

Бұрынғы апалардан көбіне ашуы келгенде: «қараң қалғыр», «тұқымың құрғыр», «иесіз қалғыр» дегенді көп еститін едік. Ал, қазіргі аналар ұрысқанда «атаңа нәлеттен» бастап, соңын «албасты», «айуан»- мен аяқтайды. Орыс тілді папа мен маманың: «ешак», «дурак» деген «блатной» сөздерін қосайық. Баласы үн шығарса: «үнің өшкір» – деп, үндемей қалса: «тілің байланғыр» – деп, әйтеуір ашуына жақпаған баласын жазғырып бітеді. Ашулы емес, жадыраған жайсаң күйде, еркелеткен сөзінің өзі: «Өй, бұзық!», «Өй, бандит» деген сипатта. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз әрине. Тақырыпқа тұздық болсын, бір - екі оқиғаны мысалға келтіре кетейін:

Алланың бала деген сыйымен сүйіншіленетін орнымыз перзентхана ғой. Бойымда бұрын - соңды бастан өткермеген ерекше мейірім тасып, алғаш ана атанған кезім. Бір бөлмеде баласын құшақтаған үш ана жатырмыз. Сонда бір келіншек жаңа туған нәрестесін: «Уй, шөшқа! Уй, шөшқа» – деп, жақсы көргенінен еркелетіп болар емес. Оған қарап аң - таң күйдемін…

Енді бір туыс жеңгеміз: «Жынды осы! Осы бала жынды!» – деп, ортаншы баласына көп айтушы еді. Міне, жігіт боп қалған, өтпелі кезеңдегі ұлының қылықтарына сүйсінген түрі ме, әлде мақтанғаны ма, мүмкін ол кісінің де еркелеткені шығар. Әйтеуір, сол баласына көп шүйлігетін. Аяғы, анасының көзі тиді ме, әлде сөзі тиді ме, сол бала жынмен ауырып тынды. Үй - ішінің әбден берекесі кетіп, үркіп, қорқып, құттары қашты.

Тағы бір, бізге таныс жалғыз ұлы бар (қазір дүниеден өткен) үлкен кісі бар - тын. Дүниеге деген махаббаты, жалғыз ұлы мен одан тараған бес немересінен де артық еді. Баласының да, келінінің де ақшасы, тапқан табыстары сол әкенің билігінде болған. Оның рұқсатынсыз бір тиын жұмсалмайды. Бірде сол ұлы өзді - өз болып, аяқ киім сатып алып, үйге киіп келген. Әкесіне: «Жігіттер алып жатқан соң, мен де алып едім» – деп жөнін айтқаны сол, әкенің жүзі қуарып, бұл ісіне қатты наразылықпен: «сол кебіс саған кебін болсын!» – деп, қарғап жібереді. Шыдамы шегіне жеткен ұлы, бұл жолы қатты ашумен үйден шығып, содан оралмады. Әкесінің қарғысы қалт кетпей, атып ұрды да ұлының сол аяқ киімі соңғы киімі болды расында. Қатты ашумен көлігін ұшырта айдаған ол, ақыры апатқа ұшырап көз жұмды. Бұл менің қиялымның туындысы емес. Болғанның, өткеннің ізінен.

«Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» – деген. Енді байыбына барып, жазылғанның барысына қайта үңілейікші.
Зер салып қарасаңыз, бұрынғы кей қарттардың «тұқымың құрғыры» – өз ұрпағының ұлдарын жұтып, не болмаса «қараң қалғыры» – ұрпағын надандықтың қараңғылығында қалдырған болуы мүмкін.

Ал, «атаңа нәлет» деумен ашу шығаруға келейік. Қай атасын қарғап жатқанын өзі де білмейді. Ата - ананың баласына айтқан бұл сөзі кімге тиіп жатыр? Адамзаттың атасы Адам ғ. с. емес пе? Немесе, баланың атасы – ананың қайын атасы, ал әкенің – өз атасы ғой! Қазақтың ғұрпында келіндер қауымы қайын атасына қарғыс түгіл, оның есімін атап айтпаған. Ал, хадисте: «кісінің өз ата - анасын балағаттауы үлкен күнәға жатады», делінеді. Демек, қай атасына сілтесін мейлі, айналып келіп «қарғыс иесін табары» сөзсіз.
Еркелетіп «шөшқа», «бұзық», «күйдіргі», «бандит» деудің соңынан неге қорықпаймыз? Өз аузыңызбен тілеп алған соң, ертеңгі күні балаңыз сондай болып шықса, кімге өкпелейсіз?!

Сөйлер болсақ тек жақсы сөз сөйлеуді, болмаса үндемеуді бұйырған Пайғамбарымыз, ол кісіге салауат пен сәлемдер жаусын: «Сендердің әрбірің жауапкерсіңдер және жауапкершіліктеріңде болған нәрсе үшін сұраласыңдар» – деп ескертті. Ендеше ата - анаға берілген бала тек сый ғана емес, сонымен қатар – аманат. Аманат үшін міндетті түрде сұраламыз!

«Батаменен ел көгереді» дегендей, ашулы кездің өзінде ауызды мейлінше жақсы сөзге үйрету – өзімізге жақсы. Бір сөзді айтып алып өкіну – иненің көзіндей тесіктен шыққан өгіздің, қайта сол тесікке кіргісі келгені тәрізді болмайтын іс. Сөзіңіз қабыл боп кетсе, опық жейтін өзіңіз, ал сорлайтын балаңыз болады. Өкінгеннен пайда жоқ. Сондықтан балаңызға қатысты қандай да бір сөз айтпастан алдын, абай болыңыз, ағайын!

"Менің өмірімде қолданатын мақал-мәтелдер" жобасы туралы "Менің өмірімде қолданатын мақал-мәтелдер" жобасы
Назарбаев Зияткерлік мектептері жас ұрпаққа ұлттық және халықаралық білім беру тәжірибесіне негізделген білім беріп қана қоймайды, сонымен қатар
Адам денесінен шығатын иіс туралы Адам денесінен шығатын иіс туралы
Денесінен иіс шықпайтын адам жоқ. Мұны ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Әрбір адамның өзіне тән иісі болады екен. Адамдар бір - бірін осы иісі арқылы
Қырсыққа тап болмас үшін ауыздан шыққан сөзге абай болған жөн! Қырсыққа тап болмас үшін ауыздан шыққан сөзге
Бақытты тұрмыстың мәнін ашатын танымал мәтел: тыныштық – алтынмен тең бәрімізге таныс, алайда, құрбыңмен кездесіп баланың мінез-құлқы, енеңізбен
Тіл туралы мақал-мәтелдер Тіл туралы мақал-мәтелдер
Ашуың келсе – қолың тарт, Айтпас жерде – тілің тарт.
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа, Адам ойы түрленіп ауған шақта. Салған ән — көлеңкесі сол көңілдің, Тактысына билесін ол құлаққа.
Білімдіден шыққан сөз Білімдіден шыққан сөз
Білімдіден шыққан сөз Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, Көкірегінде болсын көз.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×