ойын сауық отауы
Б. Mомышұлы қартайған кісінінің ағзасының ескіруі мен жалған дүниеде сыйластықта болу қажеттілігі туралы әңгімесі
24.03.2020 416 0 Admin

Б. Mомышұлы қартайған кісінінің ағзасының ескіруі мен жалған дүниеде

Бұл қызықты

Бауыржан Mомышұлы қартайған кісінінің ағзасының ескіруі мен жалған дүниеде сыйластықта болу қажеттілігі туралы әңгімесі

– Ассалаумағаликум, аға!
– Уағаликумсалам. – Баукең созған қолымды күлімсірей алды.
– Кел, қарағым, мына жерге отыр. Залға баруға әлі ерте. Дастархан жасағанша босқа күтіп қаламыз. Мен үйреншікті орныма тез жайғастым.
– Денсаулығыңыз қалай, аға?
– Онша мақтарлық емес. Терлей берем. Терлегенді жек көретін кісі едім, төзбеске амал жоқ. Тіпті қатын үрейленсе керек, бір - екі рет жедел жәрдем шақыра да жаздады. Мен ырық бермедім. Шақырса, емдейміз деп алып кетуі мүмкін. Ауруханадан әбден мезі болдым, аурухана да менен мезі. Күйгенде ашық тымаудан емес, жабық, жасырын тымаудан күйдім. Шүкір, кешелі бері біраз тәуірмін.
Кресло арқалығына сәл шалқая, сөйлеп отыр.
– Бұдан бірер жыл бұрын Москваның қалалық дәрігері, профессор Ивановскийге барып көрініп:
– Сырқаттанып жүргеніме үш жыл болды,– дегенімде ол тексере келіп:
– Сіздің ауырғаныңызға үш жыл емес, отыз жыл болған, жолдас полковник. Осы кезге дейін жастық қызулықпен білмей келгенсіз, – деді.
Мен 1941 жылдың бесінші желтоқсанында жонарқамнан жараландым. Оқ омыртқама тиіп, сүйегін біраз майыстырғанмен жұлынға жетпей қалған. Жұлынға жетсе, бітті ғой, сеспей қатамын. 1942, 1943 жылы екі рет контузия алдым. Соның бәрі жинала келіп, жүйкеме әсер еткенге ұқсайды. Тегінде адам ашуланам деп ашуланбайды ғой. Кейде болмашы нәрсеге кейитінім де бар.
Өткен жексенбіде жаяу жүрген пайдалы ғой деп таяғыма сүйеніп, 28 - ші панфиловшылар паркіне барған едім, көрмеймісің /оң аяғын сол тізесіне қойып көрсетті/, мына табаным төрт жерінен ойылып шыға келді. Сүйек пен терінің арасында ет жоқ. Адамнан ет қашқан соң, күш те қашып, тез шаршағыш келеді екенсің.
Қолының сыртындағы көк тамырын ұстап, маған қарай жақындата түсіп:
– Міне, мынау көк тамырлар бос жатыр. Жан - жағынан тіреу боларлық ет жоқ. Саусақтарым қалам ұстай алмайды. Кейде жазуды доғарып қойғаныма қапа боламын. Есіме Всеволод Вишневский түседі. Еліміз оның елуге толған тойын төсекте ауырып жатқанында тойлады. Көп ұзамай өзі қайтыс болды.
Бірде оның бір топ жазушы достары көңлін сұрай бардық. Серіктерімнің бірі:
– Всеволод, не жазып жүрсің?– деді.
–?
– Он бес жыл болды бір кітап жариялаған жоқсың. Осыдан кейін өзіңді қалай жазушымын деп санайсың? Тамаша талантың бар, жазсайшы?– дегенінде:
– Күнделік жазып жүрмін. Ол жұрттыкіне ұқсамайды. Мен онда ащы шындығымызды көрсетпекпін. Сондықтан өзімді жазушымын деп толық есептеймін,- деген еді. Ол қайтыс болған соң арнайы комиссия құрылып, оның әлгі күнделігі жоғары бағаланды. Соны еске алып, саған әңгіме айтып жүргенімді көңліме медеу тұтамын.
Жеңістің отыз жылдығын жақсы тойладық қой. Ол маған үлкен күш - қуат, шабыт берді. Қолымның икемге келмегеніне қарамастан екі ай бойы өзімді өзім зорлап кітап жаздым. Мұны азаматтық борышым деп білдім. Жеңіс мерекесі өткелі бері қолым өзіме бағынбай қойды… Жаңадан бастап қойған тақырыбым бар. Біраз әл жиып алған соң жазуға отырамын деген үміттемін.
Аз - кем үнсіздіктен соң:
– Менің ауруым, балам, жүйке ауруы. Оған ем қонбайды,– деді тұнжырай қабақ шытып.– Жүрегім, өкпем, бүйрегім, асқазаным – бәрі жақсы. Профессор Ивановский:
– Қорқынышты дәнеңе жоқ, жолдас полковник. Сізге бірден бір ем – тыныштық, вам нужно уединение и покой,– дегенінде мен:
– Сонда қалай, менің енді тыныштық іздеп монастырьға баруым керек пе? Олар бар - жоғы еліміздің үш - ақ жерінде. Оның өзінде де бәрі қатаң бақылауға алынған. Ал қартайған - алжығандар үйі мені қабылдамайды,– дедім күліп.
Бұл әзіл ғой, қарағым. Бұл жанға батқан ауруды жеңілдетудің бір жолы. Білсең, ашуланудың да екі түрі бар. Бірдемеге көңлің толмаған кезде табанда айтып - айтып тастасаң, бойың бірден жеңілденіп сала береді. Ал сыртқа шығара алмай іштен тынған жаман екен. Ашуың біраз уақытқа басылғанымен қайта қозып, есіңді кетіреді.
Жүйке реакциясы деген де қиын. Анада ауылға барғанымызда бір кісі үйіне шақырды. Менің әдетім біреумен әңгімелескенімде жүзіне тіке қарап отырып сөйлесемін. Әлгі үй егесіне солай етіп, әңгіме айтсам, сөлпигеннен сөлпиіп, не жақтырмағанын, не жақтырғанын білдірмей, сөзімді естімеген адамға ұқсап отыр. Тіпті өзімен өзі. Мынаған не болған, есі дұрыс па деп ашуым келіп - ақ еді, соңынан білдім, байғұс керең екен. Енді қатынына қарап сөз айтсам, онысы күйеуіндей емес, сөзіме түсінген сыңай танытып, әлсін әлі басын изеп, бірдеме деп ыржиып күліп қояды. Бірақ бет қимылы, сөз төркіні, ыржиып күлісі менің айтқан әңгімемнің сырына мүлде үйлеспейді. Сөйтсем, ол да керең екен.,, Ойбай - ау, мұнысы қалай? Өңшең кереңге байып қалғанбыз ба?,, – деп өз өзімнен күліп жібердім.
Мына біздің үйдегі жеңгеңе де алғаш әңгіме айтсам, әлгілерше басын изеп, ыржиып күледі. Бірдеме сұрай қалсам, мүлде басқа жауап береді. Сөйтсем, бұл байғұстың да құлағы ауыр екен.
Баукең мұның бәрін бейне меңіреу адамға ұқсап мөлиіп, әртүрлі қимыл жасай отырып көрсетті. Мен көзімнен жас аққанша күлдім.
– Қарағым, білсең, берігірек, маған таман жақын отыр дей беретін әдетті мен солардан үйрендім.
Біраз күлісіп, көңілденіп алдық.
– Тіс салдырмасам, ет жеуден қалдым. Қазіргі қорегім – ботқа. Дүйсенбі күні тіс дәрігеріне бармақпын. Менің бір мінезім, кейбіреулердей тамақ таңдамаймын. Не берсе де жей беремін. Бұл жиырма бес жылдық әскери өмірдің үйреткені. Әскерде не берсе, соны жей бересің ғой.
Мұны бұл үйдегілер /Баукеңнің Жәмила жеңгейге үйленгеніне екі - үш ай ғана өткен еді/ алғаш түсінбей,,, біздің істеген тамағымыз жақпады ма, қай жерінен қателестік екен? Әлде тәтті, қою етіп жасайық па, әлде сұйығы ұнай ма?,, деп әбден әуреге түсті. Тіпті қайта - қайта сұрап, менің мазамды алды. Өздері қою, тәтті тамаққа құмар. Зауқымның соқпайтынымен ісі жоқ. Тіпті онымен санасқылары да келмейді. Ол ол ма, жеңгең,, неге тамақ жемейсіз?!,, деп зіркілдеп, ұрсып та алады. Тәбетім шаба ма, шаппай ма, оны елейтін емес. Осындай қиындықты да бастан кешіріп жатырмын, балам.
Менің тағы бір әдетім, таңертең ұйқыдан оянған соң екі - үш сағатсыз тамақ іше алмаймын. Бұл да әскери өмірдің үйреткен тәртібі. Ауылдағылар да тұра салысымен тамақтанбайды ғой. Малын өргізіп, қорасын сыпырып, жуынып - шайынып бірер сағат жүреді. Ал қалада ше? Оны өзің білесің…
– Тамақ әзір, дастарханға келіңіздер?!– деген жеңгейдің даусы естілді. Ас үйге қарай өттік.
Баукең тартыншақтағаныма қарамай мені төрге оздырып, өзі есік жақта қалды. Іштей қысылып, түрлі ой құшағында отырмын.
– Нақсүйер, мынау /мені қолымен көрсетті/ палауды менсінер емес, бұл үйдің қазы - қартасы қайда дейді, – деген тәрізді әзіл айтып, Баукең бәрімізді күлдірді. Ол кісінің тамақсау емесіне өзімнің де көзім жетті. Бір рюмке коньяк ішіп, кішілеу тарелкадағы палаудан үш - төрт қасық қана алып жеді.
Дастархан жиналған соң ұйықтайтын бөлмесіне еніп, өз орнымызға жайғастық.
– Сүрағың бар ма?
– Ақментей батыр бабам туралы айтып беремін деген едіңіз.
– Есіме салғаның дұрыс болды, балам.– Ойлана отырып сөзін жалғады.– Қазақ өштеседі. Өштескенде сендерге ұқсап өштеспеген.,, Ер кезегі үшке дейін,, деген. Мысалы, бірінші рет екеуің айқасып қап, сен жеңілдің ғой. Сені жеңген батыр жеңдім деп ойлаған емес. Жағдай, кездейсоқ болды, амалсыз сөйтіп қалды дейді. Оның мұнысы нағыз адамгершілік!,, Әй, мен жеңдім!,,– деп сендерге ұқсап тасыраңдап, көкірегін көтерген емес.
Егер екінші рет белдесіп, жеңілсе,,, өзің біл, екі тізгін бір шылбыр сенің қолыңда. Ендігісін өзің шеш,, – дейді. Оның мұнысы:,, Енді қайттім, үшінші рет те жеңем бе деп қатты ойлансын,, – деген сөз ғой. Аяғына жығылуға намыс жібермейді.
Менің жетінші бабам Ақментей деген батыр болған. Осы ауыртпалық сол кісінің басына түсіпті. Алатаудағы Көксайдың жағасында Манастың немересімен сайысқан екен. Күллі қазақ, қырғыз жиналыпты. Ол кезде мылтық - сылтық жоқ. Кәдімгі қара күш қой. Соғыс түрі – жекпе жек. Елдің бәрі қарап тұр. Қырғыздың батыры бірінші ретінде жеңіп, екінші ретінде жеңіліпті.
– Е, жетті ғой, енді қойсаңшы, – деп Ақментей батыр өлтірмек оймен найзасын сұқпақшы болғанда:
– Батыр, ер кезегі үшке дейін деген. Бір рет сіз жеңдіңіз, бір рет мен жеңдім. Тастаңыз найзаңызды, – десе, шаншығалы тұрған найзасын Ақментей батыр лақтырып жіберіпті.
Келесі жолы қырғыздың батыры сауыт киіп мақтанып, дайындалып келіпті.
– Маңқа қазақ!
Ақментей батыр сауытсыз қарсы шығыпты. Ел қарақұрым. Қырғыздың батыры:
– Жеңген сенсің, қазақ. Кезек сенікі,– деп қасқая қарап тұрыпты. Ақментей батыр:
– Әй, басыңда бір түйір ақылың болса, бұл жолы да жеңілген сенсің! Кезекті саған бердім,– деп кеудесін тосады. Сауыты жоқ. Қырғыздың батыры ақылды екен, найзасын жерге сарт еткізіп тастап, аяғына жығылыпты.
– Батыр, билікті өзің айт!
Ақментей:
– Билікті мен де айтпаймын, сен де айтпа. Қырғыз - қазақ бір елміз,– дейді.
Сол кезде мизамның он бесі екен.
– Бірер күнде тағы шоғылыс болады. Түсіндің бе? Ел жиналсын. Сонда сен де сөйлеме, мен де сөйлемеймін. Қырғыз - қазақ бір елміз. Шешімін қариялардың өздері табар,– деп бұрылып кетіп қалады. Ауылдың жынды сүрейлері:
– Әкеңнің…Шешеңнің… Жатқан кісіні өлтірместен…– деп Ақментейді кінәлайды.
– Әй, билікті қарияларға бердім, – дейді оларға батыр.
Билер де ақымақ екен.,, Қырғызды шабамыз,, деп Ақментей батырды шақыртады.
– Уай, Ақментей батыр! Сен қырғыздың батырын өлтірмедің. Бізді көп олжадан құр қалдырдың,– деп боқтайды.
– Ақсақал, қатар жатқан елміз. Бір сайға /Ақсай - Көксай/ таласып, ұлдарымызды құл, қыздарымызды күң істемелік. Соны шешсін деп сіздерге билікті беріп едім. Оған сіздер түсінбепсіздер ғой.
– Әй, қу жуармек! Маған ақыл айтатын сен менің әкем бе едің?!– дейді ақымақ би ашуланып.
– Тұра тұрыңыздар! Мен сіздерге түсінер деп айтып едім. Ал енді кім жеңсе, батырын өлтірсе, ұлдарын құл, қыздарын күң істейміз дедіңіздер ғой. Соны жеңу үшін мені жұмсап отырсыздар ғой. Барсам, барайын. Шоғылыстың қашан болатынын айтыңыздар?
Ақымақ билер қырғыздарға хабар береді. Пәлен күні шоғылыс болады деп келіседі. Қырғыздар батырын дайындайды. Сауыт - мауытпен киіндіреді. Қызықты көреміз деп ел жиналады. Кімді кім өлтірері белгісіз. Бір кезде ортаға қырғыздың сауыт киген батыры шығады.
– Ақментей қайда?
Үн жоқ. Ол тағы айқайлайды.
– Қорқақ қазақ!– деп қырғыздар жағы ду - ду етеді. Мына жақта қазекеңдер намыстанып, Ақментейді боқтап жатыр. Тұлпары тұр, өзі жоқ. Сөйтсе, Ақментей топтың басқа жағынан шығыпты. Сауыты, найзасы, садағы жоқ. Қашырды білесің бе?
– Білемін.
– Қашыр ұрпақсыз болады. Ол мықты келеді, жартылай ат, жартылай есек. Өзі күшті, сусыз, шөлді жерде де төзімді. Ақментей батыр сондай қашырға мініп шығады. Қырғыздың батыры мұны мазақтап, тәлкек ету деп ұғады. Сауыт киіп, әбден жарақтанып алған. Ақментей сауытсыз, жалаңаш. Қазақтар:,, Ой, әкеңнің, садақтың бір оғы тисе, бітті ғой!,,– деп тұр. Қырғыздар:,, Ой, ақымақ, маңқа қазақ!,,– деп шуласады.
Қырғыздың батыры ақылды, әрі манаптың туысы екен. Осы күнде де тұқымдары бар. Сен жауынгер намысын білмейсің. Қарусыз кісіге біз қол көтермейміз. Нағыз жауынгер солай етеді. Баяғыда қанша қас болса да, қарусыз кісіге қол көтермейді екен. Қандай асыл дәстүр?!
Ақылды батыр қырғыз Ақментейдің алдына қарсы келіп, жекпе - жекке шақырады.
– Батыр,– депті Ақментей жалаңаш күйі.– Алыспақ бар, атыспақ жоқ. - Қырғыздың батыры сауытын, найзасын жерге тастайды.
– Алыспайық та, атыспайық та. Қатар жатқан елміз.
Сөйтіп екі жақ жарасады. Ақментейдің қатыны қырғыздың қызы болған. Екі ұл туған екен, екеуі де үйленбей ерте өліп кеткен. Ол кісіден ұрпақ жоқ.
Ақментей аулымыздың ұраны болатын. Көкпар шапсақ та, бәйгеге түссек те, ұрыссақ та Ақментей, Ақментей дейміз. Қырғыз - қазақ бір елміз деген сөз сол кісіден қалған.
Мен Шымыр, Шымырдың ішіндегі Бекболат Құлимын. Тоқсан тоғыздағы Жамбыл сәлем бергелі барғанымда:
– Е, Құли болсаң Ақментей батыр екенсің ғой,– деген.
– Иә, мен жетінші немересімін.
– Е, құдайға шүкір, құдайға шүкір,– деп Жәкең қатты қуанған еді.
Ақментей батыр туралы не бір поэма жоқ. Оның есесіне жетінші немересі шулатып жүр.,, Атағым бар, шатағым бар,, деген өлеңімді естісе, Ақментей бабам қуанар еді.
Анаңыз үшін дұға жасадыңыз ба? Анаңыз үшін дұға жасадыңыз ба?
Үйленгеніме 20 жыл болғанын атап өтуге дайындалдым. Мақсатым әйелімді разы қылып, тосын сый жасау еді. Кешкісін сөз бастадым. Өмір жолдасым,
Шаштараз бен кісінің әңгімесі Шаштараз бен кісінің әңгімесі
Бірде бір кісі шаштаразға келеді. Шашын қысқартып отырып шаштаразбен әңгімелесе бастайды. Шаштараз: - Не десеңіз де, мен Алланың барына сенбеймін, –
Келіннің жанұясындағы атқаратын шаруасы Келіннің жанұясындағы атқаратын шаруасы
Ата - енесінің, бала-шағасының, өзге адамдардың алдында күйеуімен ұрыспау, дөрекі мінез танытпау
Жұбайлар бар әңгімесі таусылған Жұбайлар бар әңгімесі таусылған
Тағдырыңды қатыгез де, сараң де, Сен сүйгенмен, ол сүймесе - шараң не? Махаббат ол — қос жүректің әні ғой, Өзіне сай дауыс керек әр әнге.
Әзім әңгімесі Әзім әңгімесі
Бір сөзім Мың бір түннен оқып жүрген, Өлең қып сол сөзімді айтқым келген. Болыпты ағайынды екі жігіт, Бағдатта Мұстапа мен Сапа деген.
Менің сырым, жігіттер, емес оңай Менің сырым, жігіттер, емес оңай
Менің сырым, жігіттер, емес оңай, Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай! Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім, Қазысы оның — арым мен бір - ақ құдай.
Қарағым Қарағым
Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме! Ойынға, құр қаларсың, көңiл берме. Оқымай ойын қуған балаларға. Жолама, шақырса да қасына ерме!
Сағат Сағат
«Шық - шық!» деп соғып тұр Тоқтаусыз бұл сағат. Дүниеде неғып тұр Адамзат бір сағат! Сорлы адам туғанда, Сұм жалған көңілі шат.
Жүргіншілер мен иттер Жүргіншілер мен иттер
Кеш мезгіл келе жатты екі кісі, Сөйлесіп, кеңесерлік болып ісі. Арсылдап бір ит шығып қақпа астынан, Бөлінді екеуінің әңгімесі.

Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз