ойын сауық отауы
Көкшетау. Қасым Аманжолов өлеңі
04.09.2018 5 879 0 Дауыл

Көкшетау. Қасым Аманжолов өлеңі

Өлеңдер
Қасым Аманжолов өлеңі
КӨКШЕТАУ

Жаннаты жер мен көктің сұлу Көкше,
Ризамын бар ғұмырым Көкшеде өтсе.
Табиғат, таңғаламын тамашаңа,
Қандай күш жаратты екен сені ерекше.
Көп шығар көрмеген жер, дүние кең.
Сонда да тау бар ма екен Көкшеме тең?!
Берсе де Гейне - Рейнін, Гомер - Парнас,
Көкшемді мен айырбас етем бе екен?!
Құмарың Көкшетауды көрсең тарқар,
Адам түгіл аңның да көзін тартар.
Көктемде көреміз деп Көкшетауды,
Жосылар бұғы, марал, құлан, арқар.
Екі уақ ерсіл - қарсыл қайтқан құстар,
Көкшеге бір қонуға болар құштар,
Сықылды тіршіліктің жәрмеңкесі.
Ғажайып нендей сыр бар, нендей күш бар?!
Ұлпа бұлт бейне торғын орамалы,
Толқып кеп тау мойнына оралады.
Жайғандай жасыл ала жібек кілем,
Көкшенің кең құшағы, бар алабы.
Көк қасқа Көкшетаудың бетегесі,
Сықылды сепкен алтын күн сәулесі.
Тыңдаған бұлбұл үнін ойшыл орман,
Толықсып бас изесер ерте - кеші.
Секілді тоқсан ауыл тоқсан көлі,
Жалтылдап қарар - дағы тартар сені.
Аралап сұлу Көкше сай - саласын,
Шығады саяхаттап самал желі.
Тұп - тұнық қара барқыт түні қандай,
Рақат дүниесі ұйығандай.
Сұлудың алтын гауһар сырғасындай
Көкшенің иығында шалқиды Ай.
Көкшеге құмартқандай «көк қыздары»,
Жымыңдар алтын кірпік жұлдыздары.
Айналар аспан жайлап дөңгеленіп,
Көкшенің күмбезіндей жылжымалы.
Кербез тау көрінеді түстегідей,
Қарайсың түсіне алмай, тырс үндемей,
Бұп - бұйра төбелері қызықтырар,
Сұлудың сүп - сүйкімді бөбегіндей.
Шалқыған шымылдықтай атады таң,
Алқадай қойған қадап алтын шолпан.
Ішінде сол шымылдық Көкше сұлу,
Қарайсың көркіне сен болып аң - таң.
Суреттеп жеткізе алман қанша мақтап,
Келеді Көкше сұлу көп сыр сақтап.
«Өзгемнен осым қымбат» дегендей - ақ,
Көкшетау Бурабайын тұр құшақтап.
1939
Қасым Аманжоловтың өлеңдерін қарау

Көкшетау - Сәкен Сейфуллин Көкшетау - Сәкен Сейфуллин
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы. Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын. Жан - жақтан ертелі - кеш бұлттар келіп, Жүреді біліп кетіп есен - сауын.
Жас дәурен. Қасым Аманжолов өлеңі Жас дәурен. Қасым Аманжолов өлеңі
Жас дәурен – гүл жазира, қайран жазым, Тыңдаған ерке сұлу айтқан назын. Әсерлі ән, көк нөсер күй, сал домбыра, Жігіттің тебірентесің өнерпазын.
Нұрлы дүние. Қасым Аманжолов өлеңі Нұрлы дүние. Қасым Аманжолов өлеңі
Нұрлы дүние, шіркін дәурен, Ойлаймын ғой сені ылғи. Көкейімнен кетпей сәулең, Көкірегімде толқиды күй.
Қара ағаш. Қасым Аманжолов өлеңі Қара ағаш. Қасым Аманжолов өлеңі
Қашанғы қайсар қария, Қамкөңіл жалғыз қара ағаш! Жағасында дария Қыстай тұрдың жалаңаш. Жасартып сені келді жаз, Бұтағыңда бұлбұл құс.
Алматы. Қасым Аманжолов Алматы. Қасым Аманжолов
Жақсы екен ғой Алматым, Алтын үйек астанам. Осы екен ғой жаннатың Атам қазақ аңсаған. Келдім сені сағынып, Алтын ұям - Алматым.
Аспанымды бұлт торлап. Қасым Аманжолов Аспанымды бұлт торлап. Қасым Аманжолов
Аспанымды бұлт торлап, Құрыстырды денемді. Көзімнен жас домалап, Төктім сонда өлеңді.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×