ойын сауық отауы
Үш қиян - Мұрат Мөңкеұлы
01.10.2018 2 985 0 Дауыл

Үш қиян - Мұрат Мөңкеұлы

Өлеңдер
Үш қиян - Мұрат Мөңкеұлы

Бұл толғау жаңа низам жүріп, ел «штатқа» көніп, елді оязнай, болыс, ауылнайлар билей бастаған заман түріне айтылған. Айтылуы 1873 жылдың шамасында болған.

1
Заманнан заман оралған,
Дүние шіркін соны алған –
Адыра қалғыр бұ қоныс
Қайырсыз екен озалдан.

2
Қайырсыз неге десеңіз,
Асанқайғы, Қазтуған,
Орақ, Мамай, Телағыс —
Қалған екен солардан.
Біз де бір сондай болармыз,
Артық па едік олардан?!

3
Еділдің бойы — қанды қиян,
Жайықтың бойы – майлы қиян,
Маңғыстау бойы — шанды қиян,
Адыра қалғыр үш қиян!
Үш қиянның ара бойынан
Жеті жұрт кетіп жол салған.
Жеті жұрттың кеткен жер,
Қайырсыз болған неткен жер?!
Адыра қалғыр көк Жайық,
Көпір салып өткен жер,
Асанқайғы, Казтуған,
Орақ, Мамай, Телағыс,
Шораның шұбап кеткен жер.

4
Тұлпар мініп, ту алған,
Дұшпаның көріп қуанған,
Алмасын қанға суарған,
Аруақты ерлердің
Абыройын төккен жер,
Керегесін кескен жер,
Кесіп, бұршақ еткен жер,
Ердің соны — Исатай
Бармағын тістеп өткен жер!

5
Жеті жұрт көшіп кеткен соң,
Атамыз қазақ баласы
Қонып, мекен еткен жер.
Мыңнан - мыңнан жылқы айдап,
Жүзден - жүзден нар байлап,
Дәулеті қалың біткен жер.
Аузы түкті кәуірдің,
Басы шошақ қалмақтың
Қанын судай төккен жер.
Алма мойын аруын
Ерлерім олжа еткен жер.
Күндердің күні болғанда,
Таршылыққа қалынды,
Қайырсыз болған неткен жер?!

6
Адыра қалғыр көк Жайық,
Садағын сала байланып,
Астана жұртын айналып,
Ерлерім енсеп желген жер.
Мыңнан - мыңнан жылқы айдап,
Ақтылы қойдың өрген жер.
Шалқыған дәулет мол бітіп,
Қызығын жұртым көрген жер.
Емендей белін бүгілтіп,
Жібектей жалын төгілтіп,
Еріні төмен салынған,
Құйрығы күлте малынған,
Күдері бел, күпшек сан
Бедеу атқа мінген жер.
Аузы түкті кәуірді
Ерлерім айдап келген жер,
Қысырақтай бөлген жер.
Күндердің күні болғанда,
Таршылыққа іліндің,
Жеті жұрт кетіп бөлген жер!

7
Шаңдаттырып даласын,
Талқан етіп қаласын,
Атамыз қазақ болғанда
Әлденеше шапқан жер.
Қоралап айдап дұшпанды,
Үргеніш пен Бұхарға
Сарыала алтын, ақ күміс
Қарық олжаға батқан жер,
Алтыннан тұмар таққан жер.
Қырғауылдай қызыл нар,
Қыз - келіншек жиылып,
Қызықпенен артқан жер.
Айыр өркеш сары інген,
Кілем жауып үстіне,
Қыл арқанмен тартқан жер.
Мыңнан жылқы айдаған,
Жүзден нарды байлаған,
Салтанат түзеп мырзалар,
Тамашаға батқан жер.
Қайырсыз болып барады - ау,
Атамыз өткен Асан би
Мұны да құтсыз деп айтқан жер!

8
Мұның құтсыздығының белгісі:
Алтыатаның ар жағы,
Талөкпенің бер жағы,
Сақмардың бойын жайлаған,
Сарғая бие байлаған,
Ақсуда тайы ойнаған,
Еңсемді кәуір басар деп,
Едіге бидің көшкен жер.

9
Қойды мыңнан өсірген,
Жылқыны санға жеткізген,
Арпа, қауын төктірген,
Жеріне жеміс ектірген,
Тоғыз жылдай сарғайып,
Қойына қошқар салмаған,
Еркегі қатын алмаған,
Қабыршақты, Қарасу,
Қанатымды залым қияр деп,
Қарға бойлы Қазтуған
Қайғыланып көшкен жер.

10
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Тұлпардан өзге мінбеген,
Салқындыққа алқара күс тон киген,
Салтанатқа салпы ерінді нар артып,
Салқамдыққа жорғадан өзге мінбеген,
Жасқұстың арғы тұмсығы
Жәңгірдің қала салдырған,
Негіз етіп қалдырған,
Нәріктің ұлы ер Шора
Айқайласып, шуласып,
Баланы кәуір сұрар деп,
Мұңайып ханның көшкен жер!

11
Садағын сала байланған,
Астана жұртын айналған,
Жауды көрсе — жайнаған,
Жай тасындай қайнаған,
Мың қалмақты, кез келсе,
Айдарынан байлаған,
Көгендеп қойдай айдаған,
Қараша, Құбан – қанды су,
Ақтөбе, Бозан — данды су,
Үшөзен, Самар – жанды су,
Бестерек, Еділ бетінен,
Бұлдырған мен Бадашы
Көп қалмақтың ішінен,
Бесешкі таудың шетінен,
Билікті кәуір алар деп,
Қараның ұлы Сидақтың
Кайғыланып көшкен жер!

12
Алты жыл балшық бастырып,
Тоғыз жыл керіш соқтырып,
Сусынын шайға қандырып,
Хандығына жұртын нандырып,
Адыра қалғыр Аштархан,
Әз Жәнібек хан салдырып,
Ақылын кәуірге алдырып,
Айласы құрып, кеткен жер!

13
Бірсіндеп садақ асынған,
Біріндеп жауды қашырған,
Адырнасын атқа алған,
Атар оғын тайға алған,
Қорамсаққа қол салған,
Қозы жауырын оқ алған,
Атқан оғы зырқырап,
Еділден өтіп жоғалған,
Еділде тұрып оқ атса,
Жайықта оғын жоғалтқан,
Жайықта тұрып ырғаса,
Еділде оғын жоғалтқан,
Бір атқанда он атқан,
Атқанын қардай боратқан,
Бір өзінің белінен
Елу алмас тоздырған,
Атағын жұрттан оздырған,
Ерегесіп келгенде,
Ескі ауруды қоздырған,
Тұла бойы қалталы,
Қарыс қара балталы,
Үсті толған күймелі,
Құнан бұқа шүйделі,
Жараған айғыр шекелі,
Күжірейген бура келбетті,
Көн жамылған көр бетті,
Айдаса, жөнге жүрмеген,
Адамның тілін алмаған,
Айдаһардың тынысын
Қолыменен барлаған,
Аштарханнан ақырса,
Атаңа нәлет қалмақтың
Алтын туы жығылған,
Өгізтауда өкіртіп,
Он екі ханды өлтірген,
Дегеніне келтірген,
Адыра қалғыр ит Нарын,
Орақ пенен Мамай да,
Ойдағы дәурен болмас деп,
Ойран салып көрген жер!

14
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Тұлпардан өзге мінбеген,
Дұшпанға оғын кезеген,
Заманында өзінің
Аз бен көпті теңеген,
Құрмаласқан құдада,
Құдайласқан доста да
Артығым кетті демеген,
Жорық жортып жүргенде,
Жылқы еті болмаса,
Өзге азық жемеген –
Боқсақтың бойы боз қамыс,
Жаңбыршының ұлы Телағыс,
Елімді кәуір алар деп,
Заманы қалай болар деп,
Тынши алмай, көшкен жер!

15
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Жайық пенен Еділден,
Сағыз бенен Жеміңнен
Тастан көпір салдырып,
Тайсойған мен Қарабау
Мекен еткен жерлерің,
Шалқып жатқан көлдерің —
Дендерден бергі баурайдан
Қазтуған шұбап өткен жер!

16
Ақтөбе менен Қорғанша —
Асанқайғы бабаның
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып,
Әңгіме құрып кеткен жер!

17
Қарақұтан мен Қалдыбай,
Жаңғызағаш, Жақсыбай —
Күлектің ұлы қарт Қожақ,
Естерек ұлы Тарғынның
Тарыққанда ақыл сұрай барған жер.

18
Қалдығайты, Бұлдырты,
Жер реңкін қарасаң,
Көдесінің түбі сайын бір жылқы,-
Қарақыпшақ Қобыланды
Тұлпар мініп желген жер.
Аузы түкті кәуірді,
Басы шоқты қалмақты
Ерлерім айдап келген жер,
Қысырақтай бөлген жер!

19
Өлеңтінің аяғы,
Шідертінің қоспасы,
Аңқатының басы — Тасоба,
Он сегіз жыл атысып,
Орманбет бидің өлген жер,
Он сан ноғай бүлген жер,
Орта бойын сырлаған
Оқ жаңбырдай жауған жер,
Мұсылманның басынан
Дәреже тайып, ауған жер!

20
Қырық таңбалы Қырымның,
Он таңбалы Ұрымның,
Сегіз санды Сейілхан,
Он екі баулы Өзбектің,
Бұрынғы он сан Ноғайдың,
Кетейін десе, жөн таппай,
Адыра қалғыр үш қиян,
Қол ұстасып жүрген жер!

21
Байеке мешіт салдырған
Шыңғырлаудың сағасы,
Елек пенен Жайықтың —
Екеуінің арасы,
Бесобаның даласы
Айсаның ұлы Әнеттің
Дұшпанды қырып алған жер,
Қылышын қанға малған жер!

22
Аққұмдының сағасы,
Есенбайдың құмасы,
Қос Қобданың арасы,
Ақсудан бергі маң дала —
Қазақтағы Қалқаман,
Ноғайдағы Мүлкәман,
Естектегі Еламан деген биінен,
Енді қалай болар деп,
Тарыққанда ақыл сұрай барған жер.

23
Темірде қырқып күземін,
Тепсеңнен ноғай асқан жер,
Астаусалды, Шытырлы,
Көлденең шыңның басынан,
Қарақұм, Борсық қасынан
Мал суарып асқан жер,
Маңғыстаудың үш түбек,
Үш жүз алпыс әулие,
Бес намаздың жайы үшін,
Қадамдап аяқ басқан жер!

24
Үргеніш пен Бұхардан,
Қоңырат, Ташкент, Қоқаннан
Орнықты қоныс ала алмай,
Адыра қалғыр бұ қоныс
Асан би шұбап өткен жер,
Ноғай да шулап босқан жер!

25
Еділді тартып алғаны —
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны.
Маңғыстаудың үш түбек
Оны дағы алғаны.
Үргеніш пен Бұхарға
Арбасын сүйреп барғаны,
Қоныстың бар ма қалғаны?!
Мал менен басты есептеп,
Баланың санын алғаны —
Аңғарсаңыз, жігіттер,
Замананы тағы да
Бір қырсықтың шалғаны!

26
Бәйіт еттім бұл сөзді,
Қайғы шегіп заманнан.
Заман азып не қылсын,
Ай орнынан туады,
Күн орнынан шығады,
Бұның бәрі адамнан.
Адамның азған белгісі —
Екі кісі дауласса,
Тату бол деп айтпайды.
Екі айырып арасын,
Арасынан пара алған!
Мұсылманның баласы
Қашуды қойды арамнан.
Шапағат, қайыр қалмады
Жақын - жуық жараннан.
Атқа мінген жігітте
Қалмады нәрсе қарардан —
Қайыр кетіп қазаннан,
Қуат кетіп азаннан.

27
Киім кисе, жеңі жоқ,
Етегі бар да, белі жоқ,
Бармақ сияр жері жоқ —
Қатпа болған түйедей,
Киеңкі болған биедей
Ел биледі бір сымпыс
Екі бұты таралған.

28
Дұшпан — тазы, біз — түлкі,
Қашсақ, ерікке қоймайды,
Інге кірсек, суырып,
Бір пәлеге жолықтық
Құлғанадай қадалған.
Бұл не деген ғаламат,
Қазынасы кең Құдайым,
Сақтағайсың саламат!

29
Саламат қайтіп сақтасын:
Берсең, түгел келмейді
Базарға қосқан аманат.
Болмаса едік масқара,
Байдан кетіп сақауат,
Пақырдан кетіп қанағат.
Діні басқа біреулер
Ел биледі аралап.
Бір пәледен мың пәле
Өсіп кетті балалап.

30
Замана қайтіп түзелсін:
Қоңсыдан туған би болды,
Бұ сықылды күй болды,
Көрген жұртқа таң болды.
Азамат ердің баласы
Айдарына малы жоқ,
Топ көрерге зар болды.
Қара кісі хан болды,
Қоспақтан туған қортықша
Қатарға шығып нар болды.
Асылзада баласы,
Дәулеті кетіп қолынан,
Қоңсысына құл болды.
Асылсыздың баласы,
Ақшасына сүйеніп,
Айтқан сөзі пұл болды.
Замананың адамы,
Заманың мұндай сұм болды!

31
Мен қауіп еткеннен айтамын:
Ақ борықтай иілген,
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін,
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп реңін.
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін!..

Заман – Ілияс Жансүгіров Заман – Ілияс Жансүгіров
Зар, зар, зар, зар заман, Зарлатып өткен о заман. О заман кетсін өзімен, Күлдірген бізді бұ заман.
Қазақ жері Қазақ жері
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер! Батырлар дүрілдеп өткен жер. Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер, Ғашықтар бір - бірін өпкен жер.
Ғасырлар съезі Ғасырлар съезі
Қырқыншы ма, Елуінші ме ғасырда Ғасырлар жиналып, ғасырлар съезін ашуда Адыра қалып алтының мен ураның, Парасат, ақыл арнаға сыймай тасуда.
Шаршадым білем Шаршадым білем
Шаршадым білем, Жантая кеткім келеді. Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі! Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой, Аузымнан түссе адыра қала береді.
Асық иіру Асық иіру
Сынайын бір сақаны, Иірейін құрғырға,- Айттырғанға қалқаны Толды ма екен он жылға?
Қытайлардың бойы бір ғасырда 10 сантиметрге өскен Қытайлардың бойы бір ғасырда 10 сантиметрге өскен
Ғалымдар: қытайлардың бойы бір ғасырда 10 сантиметрге өскен
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×