ойын сауық отауы
Қасқыр менен кісі - Спандияр Көбеев
06.03.2019 1 305 0 Дауыл

Қасқыр менен кісі - Спандияр Көбеев

Өлеңдер
ҚАСҚЫР МЕНЕН КІСІ - Спандияр Көбеев
Жауызға шамаң келсе етпе рақым,
Жейтұғын жиіркенбестен кісі хақын,
Ешуақытта жақсылығыңды пайда білмес,
Артынан жамандығы тұрар жақын.
Еңбегін, ондайға еткен зая болып,
Жанға қас кесепаты тиер зақым.
Мысалы қасқыр менен бір кісіден
Нанбасаң көрсетейін ғибратын.
Белгілі жауыздығы барлық жанға,
Білмейтін қасқыр жайын пенде бар ма?
Асығып тамақ іздеп келе жатып,
Аңқау сорлы қалды түсіп бір қақпанға,
Жұлқынып олай - былай соры қайнап,
Құтылды азаптанып әрең зорға,
Барды сасқалақтап келе жатқан
Көре сап қуды аңшылар шыққан аңға.
Аларып екі кезі жаны шығып,
Тұруға жер таба алмай бой таса қып,
Артынан сасқалақтап қуып жетті,
Кісіні келе жатқан егін соғып.
Кісіге жайын айтып келе сала - ақ,
Алды деп өлтіруге аңшы қамап,
Қайтсең де мені жасыр ұмытпаспын,
Деп,— қасқыр,— жақсылығыңды,— тұрды жылап.
— Әй, кісі, бір жақсылық мен де етермін,
Қуанып сені тұрмын көріп пана - ақ.
Қабыңа мен кірейін, аузын бұ да
Жүре бер жөніңменен — деді,— арқалап.
Көзінен тұрғаннан соң жасын төгіп,
Ескі ісін тексермеді кісі сөгіп,
Қабына кіргізді де арқалап ап,
Ләм деп сез айтпастан кетті жүріп.
Кешікпей келді аңшылар тарсылдатып,
Мылтық, қылыш, найзасын жарқылдатып,
Кісіден келе - сала сөз сұрады,
Бір қасқыр көрдің бе кеткен қашып.
Кісі айтты:— жаңа алдымнан кетті қасқыр,
Шоқыдан ана тұрған етті қасқыр,
Тезірек кешікпестен ұмтылыңдар,
Ендігі бір ағашқа жетті қасқыр.
Сілтеген жеңіменен кетті аңшылар,
Көрінбей бір ағаштан өтті аңшылар,
Қабыңның, аузын шешіп енді мені
Қасекең егіншіге дейді шығар.
Қабының кісі тұрып аузын шешті,
Қуанып, секіріп - ақ қасқыр түсті,
— Етерсің бір жақсылық маған дағы,
Жүре бер жөнін, тауып,— деді кісі.
Кісіге сол арада аузын ашып,
Жүрме деп аяғыңды қадам басып,
Өлімнен алып қалған егіншімен
Ұялмай тұрды кәпір жамандасып.
— Жеймін,— деп,— қарным ашты, тап - тап берді,
Не дерін білмей кісі ұрды сасып,
Бейшара сол арада ой ойланды,
Дәрмен жоқ құтылуға одан қашып.
— Әй, қасқыр, не себепті жейсің мені,
Өлімнен құтқарып ем жаңа сені,
Жамандық жақсылыққа бола ма екен
Орынсыз құр күшіңнің бар ма жөні.
Кім бұрын жолыққанға төрелетейік,
Сол егер дұрыс десе жей бер мені,
Осылай ерегісіп тұрған жерде,
Қаңғырып бір жағынан түлкі келді,
Түлкіге кеңестерін етті олар паш
Жасырмай бастан - аяқ болған рас,
Ең түбі қапқа кіріп шыққанын да
Баяндап қасқыр тұрды ұрып құлаш.
— Жоқ сезді айтпаңдаршы,— дейді түлкі,
Менен басқа біреу болса етер күлкі.
Дорбаға үлкен қасқыр сыйды деген
Нанбаймын өтірікке қызыл шикі.
— Рас, деп,— езеуреді екеуі де,
Ант ішіп нандырам деп өксіп мүлде,
Сыюым рас,— дейді қасқыр дағы,
Шырағым, еш жалғансыз деп түлкіге.
— Нанбаймын өтірікке қапқа кірмей,
Шынымен сыйғаныңды кезім көрмей,
Сонан соң әділдікпен ойға салып,
Бола ма екеуіңе тере бермей.
– Жарайды,— деп қасқыр басын қапқа тықты,
Естірсіз тыңдасаңыз көп қызықты,
Басыңды ғана жасырып па ең? — деген кезде,
Шыдамай сасқалақ сорлы кіріп кетті.
Кісіге қаптың аузын бұ деді енді,
Сенің де қимылдайтын жөнің келді,
Көрсетші қызығына мен қарайын
Қалайша соғып жүрсің дейді егінді.
Дегенде егін соққыш ағашымен
Жинап ап бар қаруын шамасымен
Қасқырды дүмпілдетіп ұра берді,
Манадан көріп тұрған ызасымен.
Кер дейді енді қаптың аузын ашып,
Болған соң біраз ұрып мауқын басып
Шыға сап алды - артына қарамастан
Қасекең бетіменен кетті қашып,
Артынан түлкі қалды сақ - сақ күліп
Естіген әділ төрем көптен жүріп,
Құтылды осылайша бір өлімнен
Жауызға етемін деп көп жақсылық
Бір байдың қорасында екі төбет,
Күндіз ұйқы, қызметі — түнде күзет,
Бір күні күн шуақтап жатып қатар,
Екеуі әңгімені құрды кезек.
Жолдас боп біраз жылдан тұрмыз байда,
Қызметпен тамақ асырап етіп пайда,
Күніне екі - үш рет бір таласпай,
Қоймаймыз, әй жолдасым, жүрмей жайға.
Қан қылып үсті - басымызды қызыл ала,
Жейтұғын тамақ келсе тұра сала
Қоймаймыз сүйек - саяққа бір таласпай,
Ақылсыз сықылданып бала - шаға.
Шын ықласпен күлкі мен ойын да жоқ,
Тамақтан тысқары уақыт жайшылықта да.
Кел, дос боп еткізейік қалған күнді,
Ұнаса көңіліңе, Ақтөс аға.
Алып соқ осылай деп құрды кеңес,
Ұнатпай Ақтөс дағы етпеді егес,
Шынында татулыққа не жетеді,
Шырағым, бұл ақылың теріс емес.
Екеуі уағда етіп сол арада,
Жаласып аузы - басын тұра сала,
Белгісін қол алысудың қылып жатыр,
Бір - біріне табандарын созып және.
Уағдасы таласпасқа бұдан былай,
Өкініп өткен іске жылай - жылай,
Қолына не түскенін бөліп жемек,
Азды - көп ырзықтарын берген құдай.
Бір жүрмек күндіз - түні бірге жатып,
Қонғандай қуанысып. кетпес бақыт,
Итімен бөтен жердің бір таласпақ,
Күш қосып бұдан былай әрбір уақыт.
Алып соқ уағда айтып Ақтөс пенен
Жатқанда жақындасып күндегіден
Асбапшы бір қызметкер соған қарай,
«Ка... ка...» деп сүйек атты терезеден.
Уағда ұмытысып еткен антын,
Бұзысып жаңа ғана болған қалпың
Таласып сол арада өлер болды,
Сорлы иттер қан қылысып үсті - басын.
Таласып - қырылысып біздің ерлер,
Біз сөзде уағдалы деген серлер,
Сол жерде өлісуі де мүмкін еді,
Егерде айырмаса қызметкерлер.
Бұл сөздің ғибраты не дүр енді,
Сенің де сөйлейтұғын жөнің келді,
Расында осы екі ит деп білеміз бе,
Тәржіманың пайдасынан көрсет жөнді.
Ит емес, итке ұқсас адамдарды
Ғибрат қып еттік бәйіт надандарды,
Сатса пұл, сойса соғым болмайтұғын,
Пайдасын ала ма деп жамандарды,
Мысалы екі жаман болар жақын,
Сенімін, Мың мәртаба беріп антын.
Бір - бірін осалдықпен көрместей боп,
Адам көп жоқ нәрседен айрылатын.

Өтірікші - Спандияр Көбеев Өтірікші - Спандияр Көбеев
Бұл кезде атқа мінген жігіттердің, Білмеймін шаһар халқын қырдағы елдің, Жанымен пар өтірік бір қыссасы Кім біледі қашан барып түзелерін.
Арыстан мен тышқан - Спандияр Көбеев Арыстан мен тышқан - Спандияр Көбеев
Көзі ұйқыда, көңілі ояу жатты арыстан Аң аулап, дымы құрып кеп алыстан Байқамай ойнап жүріп аңдаусызда, Үстімен кетті жүріп сорлы тышқан.
Аң ауласқан қоян - Спандияр Көбеев Аң ауласқан қоян - Спандияр Көбеев
Жиылып күшін қосып біраз аңдар, Ішінде қасқыр, арыстан қабыландар, Өлтіріп бір аюды жалаң жерде Әрқайсысы бет - бетімен талады олар.
Қасқыр менен қозы - Спандияр Көбеев Қасқыр менен қозы - Спандияр Көбеев
Арамдап әй, ақмақ, аузың, малып. Сөзіңе құлақ қоймас болса жаман, Жақындап бері келші маған таман, Суымды әдейі келген бүлдіргенде, Не қылсам болады
Қасқыр менен мысық - Спандияр Көбеев Қасқыр менен мысық - Спандияр Көбеев
Аңшылар аңға шықты мылтық алып, Иттерін жүйрік - жүйрік ертіп алып, Ішінде қалың тоғай ұйықтап жатқан, Бір қасқыр қаша берді тұра салып.
Қасқыр менен тырна - Спандияр Көбеев Қасқыр менен тырна - Спандияр Көбеев
Қасқырдың есітуге аты жаман, Қайтадан қалыпқа енбес дәті жаман, Түзеліп лауахазда кісі болмас, Шыққаннан дүниеге болса надан.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×