ойын сауық отауы
Қарға - Спандияр Көбеев
27.03.2019 2 112 0 Дауыл

Қарға - Спандияр Көбеев

Өлеңдер
ҚАРҒА - Спандияр Көбеев
Жақсыдан ғибрат ал жай жүргенше,
Істеген ісін істеп шамаң, келсе.
Көңіліңді бұзықтыққа бір де бұрма,
Қашан бір әдеттеніп үйренгенше.
Жауыздың залымынан өнеге алма,
Қалып боп, жуса кетпес өле-өлгенше,
Тағы да қара таудай зияны бар,
Тиетін бассаң қадам, жөні келсе.
Оралдың ақ иығы тақтай қанат,
Аспанмен көтеріліп қағып қанат.
Бір қора қойға түсіп, арасынан
Әкетті бір қозыны, тұяқ қадап.
Бір қарға анадайдан оны көріп,
Қалыпты еліктеймін деп бұ да сорлап.
Ойлайды мен де бірін алайын деп,
Тұяқты ұшып барып салайын деп.
Құдайым жөнін берсе, соныменен
Азырақ тамақтанып қалайын деп,
Бірақ мен ұшқаннан соң, қозыны алмай,
Өзімнен төмендерге көзім салмай.
Бекер, жай тұяғымды былғамаймын,
Болмаса үлкен қой мен қошқарлардан.
Бүркіттің жаманы да болады екен
Көргенім бұрын жоқ еді бұдан бөтен.
Тұяғын әдейі барып қойға салмай,
Бәрінің ең үлкені қозы ма екен?
Бұлай деп қарға батыр қанат қомдап,
Құдайым жөн берсін деп езі оңдап,
Көп қойдың арасынан қарап жүріп,
Түсіпті бір қошқарға әдейі таңдап.
Болғанда қошқар қандай, өзі үлкең
Семіріп кеңшілікте жүрген шіркін.
Тұяғын қадап алып арқасына,
Ұшады көтерем деп дүркін-дүркін.
Бірталай әкетем деп азаптанды.
Орынсыз жоқ нәрсеге қинап жанды!
Құс жаманы қарға түгіл қасқырдағы,
Шамасы кеп әкете алмас ондай малды.
Созылып күш түскен соң тілерсегі,
Аяғын шығара алмай біздің сері,
Басына ақырында қайғы түсті,
Таянып келгеннен соң елер жері.
Осылай масқара боп батыр қарға,
Қарқылдап, байбаламдап жатыр қарға,
Қойшылар қанат-құйрығын бірдей жұлып,
Беріпті ойнаңдар деп балаларға.

Өтірікші - Спандияр Көбеев Өтірікші - Спандияр Көбеев
Бұл кезде атқа мінген жігіттердің, Білмеймін шаһар халқын қырдағы елдің, Жанымен пар өтірік бір қыссасы Кім біледі қашан барып түзелерін.
Қауіпті достар - Спандияр Көбеев Қауіпті достар - Спандияр Көбеев
Жауыздың алдар кезде тілі тәтті, Көрінер балдан зия инабатты, Кіріп ап іші - бауырына бір момынның, Қолына түскеннен соң зар жылатты.
Қасқыр менен қозы - Спандияр Көбеев Қасқыр менен қозы - Спандияр Көбеев
Арамдап әй, ақмақ, аузың, малып. Сөзіңе құлақ қоймас болса жаман, Жақындап бері келші маған таман, Суымды әдейі келген бүлдіргенде, Не қылсам болады
Қарға мен түлкі Қарға мен түлкі
Ашылып түлкі жүрді жапандарда, Тамақ іздеп жол шекті сапарларға... Ешнәрсені көре алмай келе жатса, Көзіне түсті алыстан жалғыз қарға.
Қарға мен бүркіт Қарға мен бүркіт
Қой жайылып жаздыгүн Шыққан екен қияға. Аспаннан бүркіт құйқылжып, Сорғалап келіп ыраға, Бір қозы іліп ап кетті Құздағы қиын ұяға.
Күн шығады да, батады Күн шығады да, батады
Күн шығады да, батады, Абақтым қара әрі тар. Түнде, күндіз күзетшілер Тереземді бақылар.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×