ойын сауық отауы
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ
17.05.2016 8 566 0 Дауыл

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ

Өлеңдер
Абай Құнанбаев

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ.
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ.

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,
Қабырғалы жотасы болса күшті.
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,
Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.
Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,
Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.

Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,
Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.
Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,
Көтендігі шығыңқы аламайлы

Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,
Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.
Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,
Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.

Шідерлігі жуандау, бота тірсек,
Бейне жел, тынышты, екпінді мініп жүрсек.
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,
Белдеуге тыныш тұрса, байлап көрсек.

Тығылмай әм сүрінбей жүрдек көсем
Иек қағып, еліріп жүрсе әсем.
Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан жуас,
Разы емен осындай ат мінбесем.

Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бұлбұл қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.
Абай Құнанбайұлының басқа өлеңдерін қарау

Тіл өнері жайлы. Жүсіп Баласағұн Тіл өнері жайлы. Жүсіп Баласағұн
Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар, Қор қылар тіл, кететіғұн бас болар. Тіл — арыстан есік баққан ашулы, Сақ болмасаң жұтар, ерім, басыңды!
Адамның бет пішініне қарап психологиялық бейнесін ашуға болады! Адамның бет пішініне қарап психологиялық бейнесін
Үшбұрышты бет. Кең маңдайлы, мәрт мінезді, тұңғиық көзді, иегі шығыңқы адамдар. Бұндай келбет интуициясы жоғары, өзін сүйетін, қызғаншақ,
Жұмбақтар. Адам. Адамның дене мүшелері туралы жұмбақтар. Жұмбақтар. Адам. Адамның дене мүшелері туралы
Жұмбақ. Таудан биік, теңізден терең. (Ақыл)
Жел Жел
«Тәңірі ие, атпады ғой таңың!»- деп, Күңіреніп жатыр тұтқын уһілеп. Естіледі терезеден темірлі, Тұрса керек тыста жүйрік жел гулеп.
Емен мен қамыс Емен мен қамыс
Бір көлдің Емен айтты Қамысына, Сыбайлас көптен бергі танысына: «Жаратқан мені Құдай сонша артық, Мықты деп, жер жарылад дабысыма.
Абай Құнанбаевтың өлеңдері №2 Абай Құнанбаевтың өлеңдері №2
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ. Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды, Ой желке, үңірейген болса сағақ. Теке
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×