Мен саған мұңды айтайын…
Мен саған мұңды айтайын…
Сен тыңда…
Үндеместен…
Баурап алып, сейіліп кеткен түсім,
Бөтен едік, бөлектеу еткен ісім.
Бейтаныс ек…
Екі әлем.
Екі ғұмыр…
Мені өзіңе байлаған неткен күшің?!
Мұңың, сырың анық - ау, таныс қайғың,
Бірде егіз -
Бірде енді алыстаймын.
Бейтаныс ек…
Бөтен ек…
Жолықтың да,
Неге жүрек төрінде қалып қойдың?
Әлде сенің көңілің тоймай мұңға,
Бата түссін деймісің мұздай сырға.
Ойдан кетпей жүргенің біреу сені -
Ұзақ жылдар сағынсын деп ойлайсың ба?
Аманаттап үмітті күзді күнге,
Ілініп ап сыр түннің түндігінде.
Маза бермей жүдетіп, жабықтырып -
Ұмытпасын деп жүрген тірлігің бе?
Маңдайыма жазылған сеңгірмісің?
Елестейді кейде алыс бұлдыр мүсін.
Әлде сенің сынаған түрің бе екен,
Шыдай түссін тағы да деп жүрмісің?!
Мен сырымды айтайын тағы кімге,
Сенсіз ғайып өмірдің мәні мүлде.
Мен төзермін, төземін, дегенменен -
Сен шыдамай сағынып қалып жүрме…
Мереке Ыбыраева
Дереккөзі: aqmeshit - zhastary. kz