Інішегіме - Сәкен Сейфуллин
Інішегіме - Сәкен Сейфуллин
Ойынды қой, оқы інішегім, алға бас!
Жарқыратып ақ нұрменен көңіліңді аш.
Балалыққа жас миыңды алдатпа,
Ғылым үйрен, нұрға толсын кеудең жас.
Бұл заманда ғылым білу – өнер алды.
Аталарың оны білмей артта қалды.
Шырға қылып қызартқанға алданып,
Әр харамға ысырап қылып біткен малды.
Қамсыз жатып, артта қалып бұл күнде,
Я шырақсыз, я сәулесіз қараңғы үйде.
Сырттан қарап жаны ашитын адам жоқ,
Ағаларың жатыр, қалқам, бұл күйде.
Біз қараңғы үйде отырмыз, қарағым!
Басқа жұрттар жап-жарық қып шырағын,
Солардай боп біз де жарық көрейік,
Сендер де кеп шырақ жақшы, шырағым!