Сұлу терек - Сәкен Сейфуллин
Сұлу терек - Сәкен Сейфуллин
Кербезісің маңызданған, сұлу терек!
Орандың желбіреген жасыл желек.
Тұрасың ырғатылып такаббарсың,
Басқа ағаш көрінбейді саған серік.
Сымбатты, оқтай түзу бойың мінсіз,
Бұл жақта сенде - ақ көрдім мұндай көрік.
Аспанға бой созасың үндемейсің,
Такаббар, жалғыз өскен дәтің берік!
Маңыңнан өтіп жатыр кедей, бай да,
Жас, кәрі, зорсынған да кішкентай да.
Біріне йілмейсің, қарамайсың,
Аспанда - ау, сенің көңлің Күн мен Айда.
Сұлуым! Айтшы маған сен сырыңды,
Такаббар болсаң дағы сен бір мұңды.
Ұстап тұр қу қара жер тамырыңды.
Көкке бой қанша созсаң жібермейді,
Сұлуым! Келші маған басыңды иіп,
Енгізші құшағыңа беттен сүйіп.
Оралып мойыныма жапырақтарың
Желбіреп жібектей боп тұрсын тиіп.
Есіттім Сарыарқадан, сұлу терек,
Әдемі жапырақтарың жасыл жібек.
Арқаның еркесіне иілмесең,
Босқа өткен сұлулығың неге керек?!