Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Іздегенде табылатын қасыңнан

30 сәуір 2015, Бейсенбі
Категориясы: Өзін өзі тану
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы,
Негізгі білім беретін №221 Аққұм мектебі
Педагог - психолог Сейітова Гүлзада Пернебековна

Өзін - өзі тану 8 сынып
Тақырыбы: Іздегенде табылатын қасыңнан
Құндылықтар: Достық, сыйластық, татулық.
Қасиеттер: Мейірімділік, қамқорлық.

Мақсаты: «Дос», «достық» ұғымдарының адамгершілік құндылық ретіндегі мәнін ашу.
Міндеттері: Достық, сыйластық, татулық құндылықтарының адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру;
Оқушыларды өзара сыйластыққа, бір - біріне көмек көрсетуге, бірін - бірі қолдауға, қамқорлық жасауға баулу;
Мейірімділікке, достыққа, татулыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі: Оқу құралдарына назар аударып, сәлемдесу.
2. Тыныштық сәті. (Сөзі Т. Молдағалиевтің, әні С. Бәйтерековтің «Жан досым» әнін тыңдау)
- Кім өзінің әсерімен бөліскісі келеді?
3. Үй тапсырмасын тексеру.
«Кешірімділік – көңіл кеңдігі» эссе.
4. Әңгімелесу
• Достық деген не? Оны қалай түсінесіңдер?
• Достың көп болуы мүмкін бе?
• Өз достарың жайлы не айтасыңдар?

5. Мәтінмен жұмыс.
Екі дос (аңыз)
Екі дос бір егістікте жұмыс істейтін. Бірінің отбасы, балалары бар, ал екіншісі жалғыз басты еді. Күн батқанға дейін жұмыс істеп, достар тапқан өнімді тепе - тең етіп екіге бөліп алатын. Бір күні жалғыз басты адам ішінен: «Өнімді және шыққан пайданы тепе - тең бөлгеніміз дұрыс болмады, мен жалғыз тұрамын, сондықтан да айтарлықтай көп қажеттілігім де жоқ» деп ойлады. Осындай оймен, түн сайын бір қап өнімді досының үйінің алдындағы сарайға жасырын апарып тұрды.
Досы да ішінен: «Өнім мен пайданы бірдей бөлгеніміз дұрыс емес, менің отбасым бар, қартайған шағымда олар маған қарайды. Ал досымның болса ешкімі жоқ, қартайған кезінде оған қарайтын адам болмайды» деп ойлайды. Осылайша бұл түн жамылып, үйден шығып досының қорасына өнімді апарып тұрады. Алайда қорадағы қаптардың саны неліктен азаймайтынына екі дос түсінбей жүреді. Бір түні бір - бірінің қорасына жасырын қап тасып жүргенде, олар кездесіп қалады. Сонда ғана олар болған жайдың мәнін түсінеді. Қаптарды жерге қоя салып, достар құшақтаса кетеді.
• Аңыз әңгіменің идеясы неде?
• Достардың бір - біріне деген адал ниеті мен достығын қалай бағалар едіңдер?
• Өз достарыңа көмек көрсеткен кездерің бар ма?
6. Жағдаятты талдау
Мұрат пен Арман екеуі 6 - сыныптан бері дос. Екеуінің дос екенін ата - ана - лары да біледі. Қазір олар 9 - сыныпта оқиды. Екеуі де оқу екпіндісі. Олар үнемі сабаққа бірге дайындалады. Бірақ Арман соңғы кезде көп өзгерді. Сабағы да төмендеді. Мұрат бұрынғыдай хабарласып сабаққа дайындалуға шақырса, таусылмайтын сылтау айтады. Бүгін Арманның өзі Мұратқа қоңырау шалып:
- Егер менің ата - анам сұрап жатса, «екеуміз сабаққа дайындалып жатырмыз» деп айта салшы, мен Азаматпен бірге компьютер клубына ойнауға барамын» - деді. Азамат 10 - сыныпта оқитын көрші бала. Мұрат не дерін білмеді. «Жоқ, мен олай айта алмаймын» деп айтса, досының көңілі қалады. «Иә, жарайды» десе өзі жақсы танитын Арманның ата - анасын алдаған сәті, көз алдына келді.
- Мұратқа мәселені шешуге қандай кеңес бересіз?
7. Оқу ақпараты.
Мұғалім әңгімелесуден соң оқушылардың пікірін түйіндей келіп, ер оқулықта берілген ақпаратпен таныстырады.
Адамдардың бір - біріне деген адал сенімі, өзара тілеулес ортақ көз - қарасы достыққа ұластырады. Достық дегеніміз адамдардың өзара жауапкершілігі, сыйластығы мен бір - біріне қамқорлығы, рухани жақындықтары. Достық қарым - қатынас адамдарға өзара сенім жүктейді. Достар бір - біріне қуанышта да, қиыншылықта да ниеттес, қамқор болады. Достық - сыйлас - тықтың, мейірбандықтың мөлдір көзі. Оны бақыт та, қиындық та үзе алмайды.
8. Мұғалім сыйы
Достық өлкесінің заңы М. Шаханов.
Алдымызда қанша сауал тосылды,
Өмір бізді ерте үйірді биіне.
Сәби кезім.
Бірге ойнайтын досымды,
Ертіп бардым нағашымның үйіне.
Сәбилік шақ!
Сүттей аппақ кезең бұл,
Аңғал, бейқам балбұлақтай сыңғырлы.
Д Досым «киіп көремін» деп әжемнің
Аңдаусызда көзәйнегін сындырды.
Енді қайттік, амал - айла азайып,
Құтылуға өткел іздеп тарықтық.
Досым менің ұяң еді ғажайып,
Әжем өте қатал еді, жарықтық.
- Бала мұнша бола ма екен мазасыз,
Қане, қайсың көзәйнекті сындырған?
- деді әжеміз,- қалдырмаймын жазасыз,
Сындырған кім? Алдыма кеп тұр жылдам!
Енді қайттік, кім ұсынбақ көмегін?
Бұл қырсықтан құтқармақ боп досымды:
«Мен сындырдым, кешіріңіз... мені дедім...»
Дедім үнсіз төмен салып басымды.
Бір ерекше дүлей мінез тосып ек,
Шіркін, адам табиғаты - ай сан қырлы
Қанша ашулы болғанымен осы рет,
Әжем мені жазалаусыз қалдырды.
Лезде қайта көтеріліп еңсеміз,
Көңіліміздің айдынынан күн күлді.
Сол сәтте інім сыбыр етті:
«Сенбеңіз, Көзәйнекті қонақ бала сындырды».
Әжем кенет ашу буып күйгелек,
Ашу буып аң - таң болып қалды да:
- Жүр бері,- деп құлағымнан сүйрелеп,
Ертіп барды нағашымның алдына.
«Қой, бәйбіше, дау тудырма бекерге,-
Деп нағашым әңгімесін жалғады,-
Айып па екен, өзін беріп қатерге,
Ер жігіттің досын қорғап қалғаны.
Достық деген ізгіліктің алаңы,
Оған куә ғасырлар мен замандар.
Отанын да сатып кете алады
Қиын шақта досын сатқан адамдар!».
9. Үйге тапсырма
Оқулықтағы тапсырманы оқыңдар. Ондағы түйінді ойды тауып, себебін түсіндіріп келіңдер.
Әбунасыр әл - Фараби
Тіршілікте құрыштай бол төзімді
Сан мәртебе алдаса да өзіңді.
Тағдырыңды еш уақытта жазғырма,
Тіпті кейде болса әзәзіл азғырған.
Өрге жүзген өнегелі ісімен,
Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен.
Жүргендер көп достық атын малданып,
Алайда тек қалма оған алданып.
10. Түйіндеме (Мұғалімнің қорытынды сөзі)
Достық - адам өмірінің үлкен бір арнасы. Әр адам дүниеге келгеннен кейін, жан дүниесіндегі сырын бөлісетін дос іздеуі заңдылық. Халқымыз «Алтын берген дос емес, ақыл берген дос» деп тегін айтпаса керек. Дос - тықтың маңызды белгісі - берік әрі терең эмоциялық жақындық. Ол - адамның бір - біріне сөз жүзінде де, іс жүзінде де адал және шынайы болуы. Дос - бір ауыз сөз айтпастан сені түсінетін, қиын - қыстау кезеңде қолдау көрсетіп, қуанышыңды бөлісетін, сен үшін қуанатын жан. Олай болса, барлығымыз да адал дос бола білейік дегім келеді.

11. Соңғы тыныштық сәті
«Достарым»
Әнін жазған: Оралхан Көшеров
Сөзін жазған: Хасен Закариянов
Орындайтын: Жанар Айжанова
Әнді тыңдай отырып «Ойтүйін жазу» парағын алып, оқушылар бүгінгі сабақ жайлы ойларын жазып, пікірлер білдіреді.
11 053
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Келісім түбі - жарастық
Келісім түбі - жарастық
Атырау қаласы, №9 Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Едишова Бибігүл
Достық қымбат өмірде
Достық қымбат өмірде
Ақтөбе қаласы, №53 орта мектебінің бастауыш класс мұғалімі Ермагамбетова Бакытгуль Токтаровна
Достық қымбат өмірде
Достық қымбат өмірде
Избасарова Раушан Тлегенқызы Солтүстік Қазақстан облысы, М Жұмабаев ауданы, Булаев қаласы
Достық
Достық
Байқоңыр қаласы, К.Э.Циолковский атындағы №2 жалпы білім беретін орта мектебінің 7 сынып оқушысы Жамбылова Гүлсая Ұстазы Жакупова Алмагуль Байдуллаевна
өзін-өзі тану
өзін-өзі тану
Павлодар қаласы Қ.Бекқожин атындағы №12 ЖОМ бастауыш сынып мұғалімі Жомартова Назым Нурхасымовна Пән: Өзін-өзі тану 3-сынып Сабақтың тақырыбы:Ұл бала мен қыз бала Сабақтың мақсаты: Балалардың «сыйластық», «достық» құндылықтары туралы түсініктерін
Біз достықты сүйеміз
Біз достықты сүйеміз
Жезқазған қаласы, № 10 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Әбіш Жансая Нөпірбайқызы.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×