Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қызмет етем халқыма

11 мам 2013, Сенбі
Категориясы: Өзін өзі тану
ҚЫЗМЕТ ЕТЕМ ХАЛҚЫМА.
Мақсаты: ана тілінің, туған халқының, кіндік кескен жерінің жалпы адамзаттық құндылық ретіндегі мәнін ашу. Ана тілін, өз ұлтын, Отанын сүюге тәрбиелеу.
Міндеттері:
- ана тілінің туған анасындай қасиетті де қастерлі екенін ұғындыру;
- ана тілі мен туған ұлтын қастерлеу арқылы өз халқының мәртебесін ұлықтау дағдыларын дамыту;
- ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Ш. Әлдибекұлының «Жаныма менің үңілсең……» өлеңін оқушылар шеңберге тұрып, кезекпен дауыстап оқып шығады:

Туған жердің тауының
Суреті тұр кеудемде.
Ағыл - тегіл жауынын
Ұнатарсың көргенде.

Ақ шуағын шұбатқан,
Жанымда сөнбес күнім бар.
Кетпейтін үні құлақтан,
ән - жырымды ұғыңдар.

Адалдығым - намысым,
Жүрегімде,
Қанымда.
Елім үшін бар ісім,
Мөлдір шықтай арым да.

Туған жердің самалы
Өн – бойымда еседі.
Құсы әнге салады,
Ақша бұлты көшеді.

Жарқ - жұрқ еткен жасыңды
Көгімнен көріп сүйінсең.
Табасың кіл асылды,
Жаныма менің үңілсең.

Дәйексөз
Шәкәрімнің бір шумақ өлеңі оқылады:
Адамдық борыш, ат үшін,
Барша адамзат қамы үшін,
Серт берген еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін.

Мәтінмен жұмыс
«Оқып үйренейік» айдарында Кеңшілік Мырзабековтың «Отаныңа қызмет ет!» өлеңі таныстырылады:
Отаныңа қызмет ет! Қызмет ет Отанға!
Балам саған, осы менің бұйрығым да, батам да!
Қатардағы солдат болу - жүру емес қатарда,
Қатарды құр көбейткеннен қатарында атанба!
«Қатарыңнан оз дер едім, оған көзім жетер ме?
Оза алмасаң, озбай - ақ қой, тек алқынба бекерге.
Туған жерді мен сияқты түк қалдырмай арала,
Бара алмасаң, бармай - ақ қой шетелге.
Мен жимадым, жинамасаң, жинамашы дүние,
Мен сияқты оны өзіңнің жеңдір көңіл күйіңе.
Мен сияқты кеш оралма келініме, үйіңе,
Жан жарымдай жарың болса - ау көнетұғын иіңе.
Мен сияқты, мен сияқты……
(Мен кімге үлгі болып ем.)
Жүрдім бірақ Отанымның сүрлеу соқпақ жолымен.
Отаныңа қызмет ет! Қызмет ет Отанға!
Осы ұранға рухтан да, осы ұранға тебірен!

Өлең оқылып болған соң, мен «Отанды сүю отбасынан басталады, Отанға қызмет еткенің, өзіңнің жарқын болашағын үшін қызмет еткенің» дей келе, мәтін бойынша сұрақтар беремін:
*Отанға қызмет ету кімге және не үшін қажет?
*Құр қатарды көбейтіп жүру дегенді қалай түсінесіз?

Оқулықтағы ауызша тапсырманы орындаймыз.
Оқушылар алдымен өлеңді кезекпен дауыстап, түсініп оқиды. Бұл өсиет - сөздердің иесі ҮІ - ҮІІІ ғасырлардан бастап Қазақ халқының дара мемлекет болуының тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Күлтегін екенін түсіндіріп, оның Монғол жерінде табылғанына тоқталып өтемін. Одан соң «Түркілердің ірі хандық мемлекетін құрған ұлы түрік қағанаты Күлтегіннің бейнесінен батырға тән қандай қасиеттерді байқадыңыздар? Деген сұраққа жауап алынады.
«ҮІ - ҮІІІ ғасырлардан бастап Қазақ халқының дара мемлекет болуының тарихындағы ұлы тұлғалар ретінде кімдерді атар едіңіз?» деген сұрақты біздің замандағы мемлекеттік қайраткерлермен толықтырамын.

КҮЛТЕГІН
Халықты көтермек боп:
Терістікте - оғыз халқына қарсы,
Шығыста - қытай, татары халқына қарсы,
Көп қолмен он екі жорық жасадым.
Сөйтіп, Тәңірі жарылқады.
Бағым болғандықтан,
Сәті түскендіктен,
Өлімші халықты тірілттім.
Жалаңаш халықты тонды,
Кедей халықты бай қылдым.
Аз халықты көп қылдым,
Тату елге жақсылық қылдым.
Төрт бұрыштағы халықтың
Бәрін бірге қылдым.

Б. Адамбаевтың жазып алған «Абылай ханның сұрағы» атты шағын мәтіні тапсырма ретінде ұсынылған. Мәтінді оқушыға оқытып, мына сұрақтарға жауап алынады: Қараменде бидің жауабын талдап, түсіндіремін. Осы сұрақтарға сіз қазіргі уақыт тұрғысынан қалай жауап берер едіңіз?

Абылай хан бірде билеріне:
- Ұлт құты кім? Ру құты кім? Аймақ құты кім? Ауыл құты кім?- деп сұрақ қояды. Көпшілік жауап айта алмапты.
Сонда Қараменде би:
- Ұлт құты - хан, өзіңіз, ру құты - әділетті би, аймақ құты - қадірлі ақсақал, ауыл құты - келелі Балапан бәйбіше - дағы,- деп жауап берген дейді.
«Оқып үйренейік» айдарындағы Ә. Нұршайықовтың әңгімесін үйден оқып келу тапсырылады.

*Адамдық тілек, әкелік мейір, жауынгерлік ар - намыс деген ұғымдарды түсіндіріңіз.
*Жеңіске тек майдан алаңында ғана қол жеткізуге бола ма?
*Сіз үшін қазіргі уақытта жеңіс деген не?
*Адамды жеңіске жеткізетін қандай қасиеттер деп ойлайсыз? деген сұрақтар талқыланады.
Маған рұқсат етіңіз, жолдас комиссар!- деген өзгеше бір өктем үн саңқ ете қалды. Неге екенін білмеймін, мен селк ете түсім. Өйткені мен мұндай бірден жүректі дір еткізіп, солқ еткізіп миға шабатын, мойын бұрғызбайтын құдіретті үнді бұрын ешқашанда естімеген едім.

«Әлдебір қауіп төнгенде, тек қиядағы қыран ғана осылай шаңқ ете түсетін болар»,- деп ойладым да, тез басымды көтеріп алдым. Қарасам, кешегі тас мүсін аға лейтенант екі көзін Егоровқа найзадай шаншып, тіп - тік боп түрегеп тұр екен. Қайратты қара шашы сояу - сояу болып тікірейіп кетіпті. Бір көзім түскенде, жау танкісі келетін жолға айқыш - ұйқыш етіп шанышқан шойын рельстер біртіндеп биіктеп, қалың қара орманға айналып кеткен сияқты боп көрінді. «Бұл не айтар екен?» - деп ойлап, енді оның сөзіне құлағымды тостым.

- Мен - солдатпын,- деп бастады Момышұлы сөзін, комиссар бас изеп, сөйлеуіне рұқсат еткеннен кейін. – Мен бұйрыққа бағынамын. Егер бізді жаңадан жасақталып жатқан басқа дивизияға жіберу жайындағы бұйрыққа қол қойылған болса, онда мен осы қазір - ақ Алматыға қарай тарта беремін….
Осы кезде жұрт оның сөзін қостағандай боп, гуілдесіп кетті. «Апыр - ай, мына тас қайрақ қазақ менің көкейімдегі сөзді қалай дәл тауып айтты?»- деп ойлап, мен де бас изеп қалдым.
Бірақ Бауыржан сөзін бөлгенді ұнатпағандай, қабағын қатты шытып, тоқтап қалды. Оны аңғарған жұрт та тынышталды. Аға лейтенант алғашқы әуенімен жайлап айтып сөзін қайтадан жалғастырды:

- Алматыда менің әйелім мен балам бар, онда барсам, мен бір күн де болса солардың қасында боламын. Мынадай қырғын соғыстан кейін осындай мүмкіншілік туғанда, кімнің елге барғысы келмейді?! – Осылай деп, ол отырған жұртты қатулы қабақпен бір шолып өтіп, отты көзін қайтадан комиссарға бұрды. «Апыра - ай, мынаның көріпкелі бар ма, қалай адамның ішіндегіні дәл табады?» - деген ой тағы келді менің басыма. Осыны ойлап үлгергенімше, Алатаудың ақ иығы қайтадан шаңқ етіп, шың - құзды жаңғырықтырып жібергендей болды.

- Жоқ жолдас комиссар! Менің кеудемде адамдық тілек, әкелік мейірден басқа жауынгерлік ар мен намыс бар. Ол - осы отырған бәрімізге ортақ намыс. Кәне, айтыңыздаршы, осы отырғандардың ішінде жараланбаған жан бар ма? Жоқ қой! Ендеше, бұл дивизияның жүрген жолында көлкіп біздің қып - қызыл қанымыз қалды. Дивизияның гвардия атағын алуына бәріміздің де еңбегіміз сіңді. Олай болса, осында қалуға біздің қақымыз бар. Осы дивизия құрыған жерде біздің де бріміз қалмай, құрып бітуіміз керек! Ал дивизия құруға тиіс емес, құрымайды. Ендеше, ақырғы қасық қаны бойында жүрген азаматтар осы дивизияның құрамында болып, жеңіске жетуге міндетті!

Жауынгерлік ар - намысым менен осында - жауынгер жолдастарымның қаны төгілген дивизияда қалуымды талап етеді. Өлген жолдастарымның аруағы қашан қатардан шыққанымша осы дивизия туының астында болуымды талап етеді. Егер мен бұл жерден кетіп қалсам, онда мені өлген солдаттарымның рухы қарғаған болады!
Жоғарыда отырғандар да - адам. Адамдық сөздерге олар да құлақ асады. Біздің пікірімізді оларға жеткізулеріңіз керек…
- Мен - солдатпын!- деді қайтадан. – Солдатша соғыса білуге де міндеттімін. Солдаттың жүрегіндегі сөзді айтуға да тиістімін. Менің сөзім осы, жолдас комиссар.
Назар аударайық бөлімінде І. Есенберлиннің «Халқым мен туған елімді сүю - өзімнің еншіме тиген мұра деп түсінетін едім. Туған өлкемнің жасыл шалғынын да, шалқар көлін де құмайтты шөлін де сағымды белін де - бәрін бірдей жанымдай жақсы көремін. Оны ешкімге қиғым келмейді. Сонау желі қобыздай сарнаған сар даламды дүниенің ең сұлу жеріне айырбастамас едім. Міне сондықтан да ел - жұртымның, туған жерімнің келешегін ойлап, жас балаша жылаймын, қиналамын» сөзі оқылады.

Дәйексөз
М. Әлімбаевтың «Туған жерді сүю - парыз, сүю үшін білу - парыз, қасиетін ұғу - парыз, күзетінде тұру - парыз» деген шумақтарды талқылаймыз.

Жүректен жүрекке
Т. Қышқашбаев пен Ж. Қашқыновтің «Астана жыры» атты әнін оқушылар мен шеңберде тұрып шырқаймыз.

Сайын дала құт қонған мекен еді,
Даналарым алға елін жетеледі.
Төле би мен Қазбек, Әйтекенің
Есімдерін ұран ғып көтереді.

Бірге соғып жүрегі халықпенен,
Абылай хан сара жол салып берген.
Абыройын қазақтың асқақтатып,
Туған жерін бөледі даңқпенен.

Қайырмасы:
Алматым - бас қалам,
Ақорда - Астанам.
Бірің ай, бірің күн,
Егіздей қос қалам,
Алматым - бас қалам.
Ақмола - астанам.
Жарқырап жайнай бер,
Сендермен шаттанам.

Қазақстан достықтан жаратылған,
Досыменен арайлы таң атырған.
Бар әлемге танытқан қазағымды,
Халқымыздың Елбасы - дара туған.

Тәуелсіз ел ұл - қызы мақтанады,
Ел бірлігі, тыныштық сақтағаны.
Асқақтата думанды әнге қосар
Қос астана Алматы - Астананы.
38 814
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Мәңгілік ел – мәртебелі тіл
Мәңгілік ел – мәртебелі тіл
Қазақ тілі мен әдебиетінің мол мұрасымен кеңінен таныстыру, пәннің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру, тілдің мемлекеттік мәртебесін қалыптастыру.
Ана тілім - асыл мұрам
Ана тілім - асыл мұрам
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп - лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Алибекова Гульнара Сахиевна
Елім деп соғар жүрегім
Елім деп соғар жүрегім
Атамекен, Отан, туған жер ұғымдарының адамгершілік құндылық ретіндегі мәнін түсіндіру. Отанына, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу
Туған тілім - тірлігімнің айғағы
Туған тілім - тірлігімнің айғағы
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қарашоқат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ахет Гүлден Ермекбайқызы
Туған жер туралы ой
Туған жер туралы ой
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Опорный орта мектебінің 7 «а» сынып оқушысыЖұмалиева Шаттық
Тілім менің – тірегім
Тілім менің – тірегім
Кызылорда облысы, Қазалы ауданы, Айтеке би кенті орыс тіл мен әдебиеті пәні мұғалімі Калымбетов Болат Батырханұлы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×