Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Жазғы балалар демалысын қызықты ойындар арқылы тиімді ұйымдастыру

15 шілде 2018, Жексенбі
Категориясы: Сценарий
Жазғы балалар демалысын қызықты ойындар арқылы тиімді ұйымдастыру
Мінекей оқушылар да, ата-аналарда, тіпті мұғалімдер де асыға күткен биылғы жазғы демалысқа жеттік десек болады. Жыл бойы уақытының көбі партада отырып оқып-жазуға кеткен оқушы, демалысын асыға күтеді. Бұл – табиғи нәрсе.

Мектептегі дене шынықтыру сабақтары мен спорттық үйірме жұмыстары енді уақытша тоқтайды. Жаз уақытында ата-аналар ең ұзақ демалыс (каникул) кезінде балаларының тоғыз ай мектептегі уақыттары секілді дене тәрбиесі, спорт жаттығуларымен үзбей, жүйелі, тұрақты айналысуын ұйымдастыра ала ма? Ұйымдастыру қиынға соғады. Оның себебі ата-ананың уақыты да, мүмкіншілігі де жетпей жатады. Ата-ана үшін ең бір тиімді жолы бар. Ол жол көптеген жылдар бойы ұйымдастырылып жүрген балалардың демалыс-сауықтыру лагерлеріне балаңызды жіберу.

Балалардың жазғы тынығу лагерлері әр түрлі болғанмен олардың мақсаты мен міндеттері бірдей: балаларды тынықтыру, қызықтыру, денсаулығын нығайту, білімін кеңейту, тәрбиелеу. Осы мақсат, міндеттерді орындау үшін түрлі жұмыстарды ұйымдастырады. Ол жұмыстардың негізі болып әрқашан түрлі ойындар қала береді.

Сондықтан төменде ойындарды жіктеп, балаларды қызықтырады-ау деген тақырыптарда бірнеше түрлерін беріп отырмын. Ойындардың негізгі мақсаты қысқаша беріліп отыр. Бұл ойындарды бұрыннан танымал ойындармен бірге пайдалана отырып, баланының ойы мен тәрбиесін жеке тұлға ретінде заманауи талаптарға сай ұштауға, одан әрі дамытуға қадам басамыз деп ойлаймын. Ойындарды жас ерекшелігіне қарай өзгертіп, икемдеуге оңай, әрі балалардың өздеріде өздігінше жүргізе алатындай жеңіл.

І Қимылды ойындар
Тақырыбы: Айдаһардың құйрығы
Мақсаты: Балалардың дене қимылдарын жетілдіре отырып бірлесе қимылдауға, ауызбіршілікке жетелеу.
Ойынға қатысушылар бірінің артынан бірі тізбектеле белдерінен ұстап тұрады. Ең бірінші тұрған адам –«айдаһардың басы». Ең соңғысы - «құйрығы» болады.
Ойын кезінде көңілді музыка қойылады. «Айдаһардың басы» ең күрделі жолдармен жүре отырып өз «құйрығын» ұстап алуға тырысады. Оның мақсаты – ұстап алу, «құйрықтың» мақсаты – ұстатпау, қайткенде де қашып құтылу. Егер «құйрық» ұсталып қалса, ол - «бас» болады. Ойын өз жалғасын табады.

Тақырыбы: Қызыл табан
Мақсаты: Балаларды ұжыммен жұмыс жасауға, ұйымшылдыққа, шыдамдылыққа, әдептілікке үйрету.
Ойынның шарты түсіндіріледі. Осы лагердегі бір адамның табанына «қызыл табан» белгісі жапсырылған. Ол белгі кез-келген адамда болуы мүмкін. Қай топ сол адамды бірінші тауып, әуелі әдепті сөздер көмегімен табанын көрсетуін сұрап, дәл тапса, солар ұтады.

Тақырыбы: Көңілді маймылдар
Мақсаты: Еркіндік бере отырып тыңдауға, тәртіптілікке шақыру арқылы шыдамдылыққа, ұжыммен бірге қимылдауға үйрету.
Жүргізуші- «Маймылдарың апасы»:
Біз – көңілді маймылдар,
Өте қатты шулаймыз,
Алақанды соғамыз,
Еденді де таптаймыз.
Ұртымызды үрлеп,
Әндетеміз гулеп.
Төбеге де секірдік,
Маңдайға саусақ келтірдік.
Құлағымыз – қалқан,
Құйрығымыз – салпаң.
Бірақ тәртіп – қатаң,
«Үш» дегенде апаң-
Бәрің тілді алыңдар,
Қозғалмай, қатып қалыңдар!

Ойынға қатысушылар тақпақты жүргізушімен бірге қайталап, әр түрлі қимылдар жасап, әбден еркінсиді. Бірақ «үш» деген сөзден кейін қозғалмай бір орында қатып қалады. Бірінші қозғалып қойғандар ең соңғы ойыншы қалғанша шетінен ойыннан шыға береді.

ІІ Аз қимылды ойындар
Тақырыбы: Айна
Мақсаты: Баланың зейіні мен байқампаздығын әрі әр түрлі дене қимылдарын жетілдіру.
Әр бала – «айна» болады. Жүргізуші әр айнаға бір барып, сол «айнаға» қарап, түрлі қимылдар жасайды. «Айна – бала» сол қимылдарды үлгіріп, әрі дәл қайталауы керек. Ең дұрыс «айна-бала» - жүргізуші болады. Ойын осылай қайталана береді.

ІІІ Логикалық ойындар
Тақырыбы: Балық, құс, аң
Мақсаты:
Жүргізуші ойыншылардың жанына барып жаймен ғана «балық, құс, аң»- деп айтып-айтып келеді де, бір ойыншының жанына барған кезде дауысын қаттырақ шығарып:
-Балық!(немесе аң, құс) –деп айтып қалады. Сол мезетте ол ойыншы бірден өзі білетін кез-келген балықтың атын айтып үлгеруі керек. Айта алмай қалса ол ойыннан шығады. Ойын ең соңғы ойыншы қалғанша жалғаса береді.

Тақырыбы: Мақал жарыс
Мақсаты: Мақалдардың мағынасын түсіндірумен бірге тәрбиелік жағын аша отырып, баланы ауыз әдебиетін оқуға, шешендікке баулу. Әр сөзді орынды қолдануға шақыру.

І нұсқа
Балаларды екі топқа бөлеміз. Жүргізуші әр топтың алдына келіп бір сөзді айтады. Сөздер алдын-ала дайындалады. Қай топ осы сөз кіріктірілген мақалдарды көп тапса солар ұтады. Мысалы: «тіл» деген сөзді қатыстырып мақал айту. «Тіл –тас жарады, тас жармаса бас жарады», т.с.с.

ІІ нұсқа
Қағазға жазылған әр түрлі мақалдар тең етіп екі топқа таратылады. Жүргізуші бір тақырыпты айтады. Сол тақырыпқа қатысы бар мақалы бар бала ортаға шығып, дәлелдер келтіріп, түсіндіруі керек. Қай топтан көбірек, әрі «дәлелі түсінікті» жауаптар болса, сол топ ұтады.
Тақырыбы: Тапқыштар
Мақсаты: Әр түрлі тақырыптағы астарлы сұрақтарға жауап іздеу арқылы баланың логикалық ойлауын дамыту.
Тапқырларға арналған әзіл викторина
Елекпен су тасуға болады ма? (болады, мұз күйінде)
Аңшы көлде жүзіп жүрген үйректерді бір оқпен атса, көлде неше үйрек қалады? (қалмайды, бәрі үркіп ұшып кетеді)

Есік пен терезенің арасында не тұр? («пен» тұр)
Орыс күнтізбесінде ең қысқа ай қай ай? (Май- үш әріптен тұрады)
Қай өзен ең қорқынышты ? (Тигр өзені)
Страус өзін құспын деп айта алады ма? (Жоқ, ол сөйлей алмайды)
Нені дайындауға болады, бірақ жеуге болмайды? (сабақты)
Жасыл доп Сары теңізге құласа не болады? (су болады)

Қай қолмен шәйді араластырған дұрыс? (шәйді қасықпен араластырған дұрыс)
Қандай сұраққа «иә» деп жауап бере алмаймыз? (ұйықтап жатырсыз ба?)
Жаңа жылда адамдарды жаппай құлататын табиғат құбылысы ? (мұзтайғақ)
Он жұмыртқа салынған себетті екі рет түсіріп алсаң нешеуі қалады? (бәрі жарылып қалады)

ІV Өзін-өзі тануға арналған ойындар
Тақырыбы: Жақсы сөз - жарым ырыс
Мақсаты: Баланың білетін бар жақсы сөздерін достарына айтқыздыра отырып, өзара сыйластыққа, достыққа жетелеу, әрі сөздік қорын молайту. Өзін-өзі тануға, өзінің тіл байлығын бағалауға үйрету. Баланың бойындағы ізгілікті ояту, түрткі болу.

Қатысушыларды шеңбер бойына отырғызамыз. Жүргізуші «жақсы сөздерді» айта отырып, қолындағы допты кез-келген балаға лақтыра салады. Допты алған бала дереу бір «жақсы сөзді» айтады да келесі балаға допты лақтырады. Жақсы сөздер тізбегі осылай жалғаса береді. Ойынның шарты бойынша айтылған сөздер қайталанбауы керек. Сөз таппай қалған, немесе қайталанған сөз айтқан қатысушы ойыннан шығады. Ойынның тағы бір ізгі шарты бар: ойыннан шығып қалған баланы досы «жақсы сөз» сыйлап қайта кіргізе алады. Бірақ бір рет қана бұл мүмкіндікті пайдалана алады.

Тақырыбы: Мамандықтар таңдау
Мақсаты: Баланың мамандықтар туралы білімін кеңейте отырып, еңбек ету арқылы өз мақсатына жетуге болатындығын ұғындыру.
Ортаға әр түрлі мамандықтар аты жазылған қағаздар тасталынады. Әр бала бір-біреуден алады. Әркім өзіне тиесілі мамандық бойынша: шағын көрініс, тақпақ, қысқаша монолог, сипаттама т.б. жасап, мамандықты барынша дәріптейді, презентация жасайды. Ойын соңында «Ең жақсы презентация» марапатталады. Барлық қатысушыларды қамту мақсатында әр түрлі марапаттар ұйымдастыруға болады.

Тақырыбы: Мен кіммін?
Мақсаты: Баланың өз бойындағы қасиеттері мен қылықтарын таразылауға үйрету. Әрі ол арды жақсы, жаман деп жіктей білуге, ажыратуға үйрету. Әділ болуға, шыншылдыққа тәрбиелеу.
Әр бала параққа екі бейне салады. Біреуі: күліп тұрған бала-күннің бейнесі. Бұл бейненің жан-жағына тек қана өз бойындағы жақсы қасиеттерін жазады. Екінші сурет: қабағын түйіп, түнеріп тұрған бала-күннің бейнесі. Бұл суретке керісінше өз бойындағы өзіне ұнамайтын қылықтарын жазады. Ең соңында әр бала өз жұмысына өзі баға береді. «Шыншыл бала» атағы беріледі.

М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі
РОӘБ әдіскері
Даулетбаева Гүлзира
26 478
0
  • 80
4 дауыс


Жаңалықтар
Жазғы демалыс лагерінің жұмыс жоспары
Жазғы демалыс лагерінің жұмыс жоспары
Жазғы демалыс лагерінің жұмыс жоспары.
Жазғы демалыс
Жазғы демалыс
Мәтінмен жұмыс. Оқылым. Лагерьде Жазғы демалыс басталды. Оқушылар лагерьге кетті. Лагерь қалың қарағайдың ішінде. Қасында үлкен көл бар. Көлдің жағасында кішкене қайық тұр. Балалар қайыққа мініп, серуендейді. Балалар көлге шомылады, балық аулайды.
«Күншуақ» жазғы демалыс лагерінің жұмыс жоспары
«Күншуақ» жазғы демалыс лагерінің жұмыс жоспары
Балалардың жаз мезгіліндегі демалысын, сауықтырылуы мен тиімді әрі мағыналы өткізуге жағдайлар жасау, қауіпсіздік ережелерін үйрету
Жазғы мектеп жанындағы сауықтыру лагерінің жүргізілген жұмыс есебі
Жазғы мектеп жанындағы сауықтыру лагерінің жүргізілген жұмыс есебі
Ұлттық болмыс пен халықтық ұғымдарды шәкірт бойына дарытуда отбасы мен ұстаздар қауымының тәлім - тәрбиелік шараларына қойылар талап жоғарылады.
Қош бол, қызықты лагерь!
Қош бол, қызықты лагерь!
Қарағанды қаласы, ЖОББ №53 мектеп - лицей Джолимова Жанат Зиядиновна
Мектеп жасына дейінгі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру
Мектеп жасына дейінгі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласы, “Достық” балабақшасы МКҚК меңгерушісі Достанова Әсел Жангелдіқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×