Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


«Абайды оқы, таңырқа...»

15 қаңтар 2016, Жұма
Категориясы: Сценарий
Жамбыл облысы, Шу ауданы,
Төле би атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Мақашева Нұрзия Сағындыққызы

«Абайды оқы, таңырқа...» әдеби - сазды кеш.
Мақсаты:
Ұлы ақын Абай шығармашылығын ата мұрамыз ретінде қабылдап, жаңа буын жас ұрпаққа танытып, терең меңгерту.
Түрі: Әдеби - сазды кеш.
Көрнекілігі: Көрме, интерактивті тақта, Абай туралы фильмнен үзінділер, презентация

Жоспары:
1. Алғы сөз.
2. І бөлім – Абай туралы.
3. ІІ бөлім – Абай өлеңдері.
4. ІІІ бөлім – Абай аудармалары.
5. VІ бөлім – Абайдың қарасөздері.
6. V бөлім – Абайдың әндері.
7. Қорыту.
«Абайды оқы, таңырқа...» әдеби - сазды кеш.

(Абайдың дүниеге келуі туралы шағын киносюжет көрсетіледі.
Артынан Абайдың әні жай ойнай бастайды, экраннан Абайдың портреті шығады. Портреттің астында «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» (Абай) – деген сөз жазылып тұрады. Сахна сыртынан Ж. Жабаевтың өлеңі оқылады.
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Қарсы келер Абайдың кім бетіне.
Экраннан кештің тақырыбы, мақсаты ашылады.)
Жүргізуші:
- Армысыздар, құрметті көрермен қауым! «Абайды оқы, таңырқа...» атты әдеби - сазды кешімізге хош келдіңіздер! Бүгінгі кешімізді өткізудегі негізгі мақсатымыз: Ұлы ақын Абай шығармашылығын ата мұрамыз ретінде қабылдап, жаңа буын жас ұрпаққа танытып, терең меңгерту.
Бұл шара «Тіл мерекесі» аясында ұйымдастырылып отырғандықтан, тілі басқа, тілегі бір әр халықтың ұлы ақындары Абай, Пушкин, Лермонтов, Гете шығармашылығындағы рухани тамырластықтың, үндестіктің шеңберінде өткізіледі. Бүгінгі кешімізде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде Абай өлеңдері оқылып, әндері айтылып, көріністер тамашалайсыздар.
Ендеше кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!
І бөлім – Абай туралы
– Абай - қазақ даласын надандықтың айсыз қараңғы түні бүркеп, тұншықтырып тұрған кезде, еліне дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға ағып түскен жарық жұлдыз. Ол мың қырлы, мың тәлімі бар ұлы ақын. Осы уақытқа дейін Абай туралы қанша айтылып, қаншама зертеу жұмыстары жазылып келсе де, ол әлі талай тың жұмыстарға негіз болмақ. Осы орайда Абайды сан зерттеген М. Әуезов былай деген: «Абай – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек, сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым.» М. Әуезовтен бастап қазақ ақын - жазушыларының кейінгі ұрпағында Абайға соқпай өткені жоқ. Осы ақындардың Абай Құнанбайұлы туралы өлеңдерін тыңдап көрелік.
1. «Шын хакім, сөзің асыл, баға жетпес» Мағжан Жұмабаев
2. «Абайға» С. Дөнентаев
3. «Тіл кестесін үйреткіш Абай бізге» Иса Байзақұлы
ІІ бөлім – Абай өлеңдері.
- Абай Құнанбайұлы өлеңді 14 жасынан жаза бастады, бірақ ол өлеңдері қалжың, сықақ өлеңдер болды. Ол ақындыққа ұзақ мойын бұрған жоқ. Ақын атануды намыс та көрді. Өйткені ол заман ақындарының беделі, қадірі болмады. Абай өзі де олар туралы былай дейді:
Қазаққа өлең деген бір қадірсіз
Былжырақ ақындары түк ақылсыз.
Ескі бише отырмын бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Тек 80 жылдары 35 жастан асқаннан кейін, өлең туралы көзқарасын өзгерте бастайды. Осы уақытқа дейін оның өлеңдері өз замандасы «Көкпай» атынан танылып жүрді. Бір отырыста ол Көкбайға «Сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзіме алайын» - деген екен. Осыдан бастап Абай ақындыққа біржола бет бұрады.
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиынннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп - тегіс жұмыр келсін айналасы. - деп өлең сөзге жоғарғы баға беріп, төрге шығармақ түгілі, таққа отырғызды. Ақындық мақсатын айқындап, өлең сөз арқылы халыққа қызмет етуге бел байлайды. Осы тұрғыда Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңін тыңдайық.
Абай өлеңдерінің тілі көркемдіктің ең жоғарғы дәрежесіне айналады. Сөзі аз, мағынасы көп терең Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың жаза алмағанынан емес, тыңдаушылардың түсінерлік дәрежесінің төмендігінен. Өз уақытында тыңдаушы таппаған Абай Құнанбайұлы талай күйінеді. Бүгінгі таңда біз Абай арман еткен көзі ашық, көкірегі ояу қазақпыз. Ендеше Абай өлеңдерінен өз дәрежесінде қабылдай білуге міндеттіміз. Кезекті ұлы ақынның өз өлеңдеріне берейік.
1. Қазақ тілінде – «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»
2. Орыс тілінде - «Күз»
3. Ағылшын тілінде - «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»
ІІІ бөлім – Абай аудармалары.
Абай бар жоғы 4 жыл мұсылманша 3 ай орысша оқыған екен. Соған қарамастан өзінің талабы мен зеректілігі, зор еңбегінің арқасында ана тілін басқа араб, парсы, түрік тілдерін игерген. Соның ішінде Абайдың орыс тіліне ықыласы ерекше болған. Бұл қызығушылығын Петербургтен жер аударылып келген жас төңкерісшіл Михаэлис шыңдай түсті. Олардың қалай танысқанын тамашалайық.
Көрініс «Кітапханада»
- Михаэлистің көмегімен Абай орыс, батыс әдебиетімен терең таныса бастайды. «Дүниеге көзімді ашқан - Михаэлис» - деген екен досына риза болған Абай. Ол орыс классиктері Пушкин, Лермонтов, Салтыков - Щедрин, Некрасов, Толстой шығармаларын оқып білумен қатар, олардың шығармаларын қазақ тілінде аударған. Сол арқылы қырдағы қалың қазаққа Европа мәдениетінің есігін ашқан.
Алғашқы танысқан орыс ақыны Александр Сергеевич Пушкин болды. Оның «Евгений Онегині» Абай көңіліне тіпті жақын келеді. Осы шығармадан үзінділер күйінде 8 өлең аударды. Бұл өлеңдердің ішінде «Татьяның сөзі» қазақ даласының ән болып таралды.
Татьянаның хатын орыс, қазақ (ән) тілдерінде естиміз.
1. Орыс тілінде - «Татьянаның хаты»
2. Қазақ тілінде – «Татьяна сөзі»
- Абай Құнанбайұлының аудармашы ретінде шеберлігі сонда, кей аудармалары тың өлеңнен артық шығып жатты, Сөзбе - сөз аударма дейміз бе, аналитикалық аударма дейміз бе, жоқ еркін аударма дейміз бе, осы тәсілдердің бәрін шебер пайдаланған. Сондай аудармалардың бірі «Қараңғы түнде тау қалғып өлеңі». Бұл өлеңді Абай орыстың ұлы ақыны Михаил Юрьевич Лермонтовтан аударады. Ал Лермонтов болса немістің ақыны Гетеден аударған екен. Үш елдің үш ұлы ақындары Гете - Лермонтов - Абайдың өмірі мен шығармашылығында, дүниетанымы мен көзқарастарында көп ұқсастық, үндестік байқалады. Осы аударманың да ерекше сәтті шығуының да сыры осы болса керек. Ендеше осы өлеңді үш тілде тыңдап көрейік.
1. Неміс тілінде
2. Орыс тілінде
3. Қазақ тілінде
- Орыс ақындары Пушкин, Лермонтовтан басқа ерекше мән беретін аудармалар Крыловтың мысалдары. Шаншып алма ашшы тіл, ызалы күлкі, кекесін Абайдың өз шығармаларында да жиі қолданылады. Крыловтың әшкерелеушілік рухы өзіне жақын сезілгендіктен, оның 13мысалын аударды. Сол мысалдардың бірін тамашалап көрейік.
1. «Шегіртке мен құмырсқа» мысалы (ағылшын тілінде көрініс). 6 а сынып
2. Орыс тілінде
3. Қазақ тілінде
ІV бөлім – Абайдың қарасөздері.
- Өз мысалдарларында көрсетілген адам бойындағы кемшіліктермен Абай өмір бойы күресіп келді. Қазақ халқының бойындағы надандық, шенқұмарлық, жалқаулық, енжарлық сияқты қасиеттер ызасын келтірді. Осы күрес жолында өз өлеңдерін қару етіп пайдаланды. Бірақ ол кезде Абай сөзіне құлақ салушылар аз болғанын
Ағайын бек көп.
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Немесе
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, найман жиналса,
Таңырқаған сөзіме.
Қайран сөзім қор болды,
Тобықтының езіне. - деген өлең жолдарынан байқай аламыз.
Абайдың күрестен беті қайтып, ендігі кезекте басқа жолды таңдауды ұйғарады.
Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазаққа қара сөзге дес бермедім.
Еңбегімді білерлік еш адам жоқ.
Түбінде тыныш жүргенді жек көрмедім. – деп қартайған шағында тыныштықты қалап, тек ақылшы, кеңесші болғысы келеді. Жастармен әңгіме үстінде өткізген уақытын өмірінің ең жақсы сәттері деген екен. Осы мақсатта өзінің бір алуан шығармалары «Қара сөздерін» жаза бастайды. Абайдың 45 қара сөзі бар. Енді соларға тоқтап өтелік. 17 қара сөзді әр тілде тыңдап көрейік.
1. Қазақ тілінде - қазақша (көрініс)
2. Орыс тілінде
3. Ағылшын тілінде
Ұлы Абай сабағы бізді кең өріс, жаңа белестерге бастайды. Оның шығармаларын қайталап оқыған сайын өзің рухани толыса түсуімен бірге, туған әдебиетіңе тереңірек үңіліп, оның келешек көкжиегінің алыс қиырына көз саласың.
Бүгінде Абайдан талай ұрпақ өрбіді. Шөбересінің өзі 80 келіп отыр екен.
Осы Гүлзипа Исраилқызының өлеңіне кезек берейік.
«Мәңгілік мәуелі»
V бөлім – Абайдың әндері.
Абай туралы айтып отырып, оның тағы бір қыры – сазгерлігі туралы айтпасақ болмас. Ақын өз өлеңдеріне ән де шығарып таратқан. Ол әндерінің ерекшелігі ойшыл адамның мұңды сырын шертуіне лайықтап жазған.
Бүгінгі кешімізді ұлы ақынымыздың сыршыл әндерімен аяқтағымыз келіп отыр.
1. «Көзімнің қарасы»
2. «Айттым сәлем, Қаламқас»
3. «» әуені флейтада
4. «Желсіз түнде жарық ай»
VІ Қорыту.
Абай - мың қырлы, мың тәлімі бар ақын. Бүгінгі кешімізде сол мың қырының бірерін ғана өзімізше түсініп, әңгіме етпек болдық. М. Әуезовтің өзі Абай дариясының тек бетін қалқыдым десе, біз тек сол дарияның жағасына қана келдік. Ал сол дарияның інжу - маржандарын теретін болашақ ғалымдар, ақын - жазушылар сендердің ішеріңде отыр деп үміттенеміз.
Осымен «Абайды оқы, таңырқа...» атты әдеби - сазды кешіміз аяқталды. Назар қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет. Хош сау болыңыздар!
7 589
0
  • 100
2 дауыс


Жаңалықтар
Абай және орыс әдебиеті
Абай және орыс әдебиеті
Абай, оның өмірі, шығармашылығын қалай меңгергенін анықтау. Өз бетінше іздендіруге, шығармашылық жұмысқа үйрету. Оқушылардың логикалық ойлауын дамыту, сөздік қорын байыту.
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!
Абайдың тереңіне үңілу
Абайдың тереңіне үңілу
Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Новорыбин орта - мектебі - бақшасы Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Хажат Алма
«Абай жолы» романындағы Абай бейнесі
«Абай жолы» романындағы Абай бейнесі
Ақтөбе қаласы, №34 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қартпағамбетова Дәмелі Қойбаққызы
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе
Әйтеке би ауданы, Комсомол селосы, Т. Жүргенов атындағы орта мектептің бастауыш класс мұғалімі: Искакова Шаригул Садуакасовна
Құлақтан кіріп бойды алар, әсем  ән мен тәтті күй...
Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй...
Қарағанды облысы, Абай ауданы, Шерубай Нұра негізгі мектебі бастауыш сынып мұғалімі Аманбек Дауренгул
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×