Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Жез қоңырау сыңғыры

09 шілде 2017, Жексенбі
Категориясы: Сценарий
Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы

Жез қоңырау сыңғыры

Бұйыртады тағдыр, шіркін, әр адамға несібін,
Кеше емес пе ед мектеп - ұя бұларға ашқан есігін.
Енді, міне, содан бері зулап жылдар өтіпті,
Мектебімен қоштасар сәт бұларға да жетіпті.

Ұғынды ма арлылығын, тәтті өмірдің нар жүгін,
Ақ бантикпен қоштасады қыз бала да дәл бүгін.
Бүр жарды ма кеудесінде асау сезім елім деп,
Адуындау ерке ұлдың да мұрты қапты тебіндеп.

Аңсаушы еді кеше ғана осы күнге жеткенін,
Енді бүгін сезім басқа, қия алмай тұр мектебін.
Қыз баланың кірпігінде мөлдір тамшы іркілді,
Сыр бермейді ұлдар жағы, қимаса да бұл күнді.

Қоңыраудың сыңғыр қаққан үні құлақ жарады,
Жез қоңырау бұлар үшін соңғы рет ән салады.
Бұл бір шындық мойындайтын кім - кімге де рас тым,
Отырмайды енді қайтып партасына кластың.

Айырбастар кез келді енді оқушылық қаламын,
Тыңдамайды қайтып енді ұстазының сабағын.
Өмір - ана бұларға да "сен есейдің, біл" дейді,
Енді қайтып мектебінде оқушы боп жүрмейді.

Қимайды олар сол шәкірттік күз, көктемін, қыс, жазын,
Өкінеді күні кеше ренжітсе ұстазын.
Сыңғырлайды қоңыраудың қайта - қайта жез үні,
Сыр береді мұндай сәтте жас жүректің сезімі.

Қоштасады мектебімен өмір - асу асады,
Бұлар орнын бүгін, міне, басқа толқын басады.
Жол береді жас ұрпаққа келе жатқан талапты,
Әз - ұядан түлеп ұшар қағып еркін қанатты.

Асыруға бойындағы білімі мен білігін,
Кетеді ме басқа жерде жалғастырып білімін.
Басқа жердің гүлзар бағын мүмкін барып аралар,
Мектебіне, бәлкім, бір күн ұстаз болып оралар.

Оралмайды оқушы боп неге, неге бірақ та,
Жауап іздеп таба алмайды ешкім мұндай сұраққа.
Өйткені бұл - өмір заңы өзгерте алмас еш адам,
Өзгертер тек құдірет бар: бір тәңірім - жасаған.

Естіледі шалғайлардан өмір - күйдің күмбірі,
Армандарға жетелейді жез қоңырау сыңғыры.
Ұшты ұядан, қалар артта тәтті сезім - бала шақ,
Шақырады алыстарға, шақырады болашақ!

Он жылдан соң...

Тал бесігіңнен таңғажайып сыр таба алдым,
Есіңнен әлі кете алмай жүр - ау балаң күн.
Он көктемнен соң ойларға толы өмірмен
Шәкірттік шаққа оралдың.

Есіңде әлі балалық сырда жүзгенің,
Естелік жібін он көктем бойы үзбедің.
Оралып қайта өзің қалдырған кешегі
Балалық күнді іздедің.

Сағыныш сезім жүректе алау жандырған,
Өткені рас осынау жылда сан думан.
Бойжеткен қыздың шәкірттік белгісі бір кезгі
Ақ бантик қайда қалдырған.

Өткен күндерді айттың ба бүгін ертек қып,
Қалайша мынау аз ғана сәтте ержеттік.
Шәкірттік шағын еске алған анау жігіттің
Кездері қайда тентектік.

Он көктем бойы өтіпті дәурен, тұрмапты,
Уақыт атты әмірші бүгін тіл қатты.
Сандаған жылдар сабырмен келіп бойыңнан
Балалық күнді ұрлапты.

Өткен бір шақпен жараса білсең, жаның ұқ,
Табиғатыңнан шын сезім жатса табылып.
Оралдың бүгін ойларға толы көңілмен
Кешегі күнді сағынып.

Қайғы қылышы торлапты - ау кейде аспанды,
Жабығып келіп жанардан бүгін жас тамды.
Іздедің қайта жүрегің мұңға малынып
Жоғалтып алған достарды.

Өткен бір күнге апарып қыз бен ұлыңды,
Уақыт - кеме өзіңе бүгін бұрылды.
Есейіп қанша кетсең де солай, достарға
Сезімің болсын бұрынғы.

Ұғынып соны жаныммен мен де жай табам,
Бойыңнан сенің сағыныш сазын байқағам.
Кешегі күнге шәкірттік доспен бір жүрген
Оралшы бүгін қайтадан.

Осылай ет те әсем бір әнге сал бүгін,
Оралып тұр ғой өйткені саған бал күнің.
Шаттықты күнде өздеріңе ғана арналған
Думанмен атсын таң бүгін!

Шәкірт толғанысы

Күні кеше мұның бәрі есімде,
Еркелей кеп туған жердің төсінде
Алғаш рет аштым мектеп есігін -
Қазыналы мол білімнің бесігін.

Оны ойласам, кеуде жайлап кетеді өрт,
Білім - нұрға басқам қадам төтелеп.
Отырғызды партаң мынау сенің деп,
Алғашқы ұстаз өзі әкеп жетелеп.

Мен осылай білім нәрін теріппін,
Болмаса ұстаз, оны қайдан көріппін.
Сол үйретті, сырын білдім өмірде
"Әліппедегі" қырық екі әріптің.

Достар таптым мен бұл жерде жаңаша,
Ойын салдым үзілісте жараса.
Еске түссе, көңіл бір сәт толқиды,
Бала кезгі өмір әр кез тамаша!

Жылжып жылдар бір орында тұрмады,
Бала шақты уақыт кеп ұрлады.
Кеше бала, бүгін түлек болыппыз,
Жас түлектің жаңғырықты қырда әні.

Айтшы, достым, мұның енді несі мұң,
Тербеткенбіз мол білімнің бесігін.
Есейтіпті әлдиімен уақыт,
Кез келіпті жабар мектеп есігін.

Ұстаздармен қоштасар сәт келіпті,
Болашағың болсын дейді көрікті.
Міне, есейдің, өз жолыңды тапқын деп
Әз - ұямыз ақ батасын беріпті.

Қақ қанатты, іркілме енді, қомда да
Дейді бізге жатыр алда жол дара.
Мұның өзі айтуға тек жеңіл - ақ,
Мектебіңді қия алмайсың сонда да.

Қия алмайсың бала кезгі көктемді,
Қия алмайсың жылы шуақ өткенді.
Бір - ақ сәтте ер жеткізіп есейткен
Уақытқа арта алмайсың өкпеңді.

Мұндай сәтте қиын көз жас төгілмеу,
Мұндай сәтте қиын екен егілмеу.
Достар, қане, бірге қанат қағалық,
Қатар ұшсақ болар, бәлкім, жеңілдеу.
5 212
0
  • 100
2 дауыс


Жаңалықтар
Күләш Ахметова - Талапкерге
Күләш Ахметова - Талапкерге
Арманыңда, жаныңда жалын ән бар, Жас талапкер, сөзіме көңіл аудар Бұрынғыдай күтпейді мектеп сені, Бұрынғыдай соғылмас қоңыраулар. Мектеп қайта есігін ашпас енді, Өмір – ұстаз, ақылды, ақ шаш өңді. Басқаша енді үйретер бар сабағын, Қоңыраулар
Отыз жыл болды ұядан ұшқан күнге
Отыз жыл болды ұядан ұшқан күнге
Отыз дейтін шамшырағы тұр өрде, Дегендей - ақ өткен жолды түгенде. Кеше олар іні болып еді баршаға, Өздері енді аға боп жүр біреуге.
Бұл - кешегі жауынгердің ұрпағы
Бұл - кешегі жауынгердің ұрпағы
Бейбіт күнде қымбат боп әр Жеңіс күн, Ортасында жүрді олар көп істің. Қарт әкелер - майдангерлер тұлғалы Солдаттары еді зұлмат соғыстың.
Ұл
Ұл
Авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы
Cоңғы қоңырау
Cоңғы қоңырау
Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Жаңаөзен ауылы, К. Шакенов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нұрмұхамбетова Сауле Советхановна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×