Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Жасөспірім жауапкершілігі

25 қыркүйек 2014, Бейсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Жасөспірім жауапкершілігі
Мақсаты:
• 1. Жасөспірімдердің қоғамдағы, ата - ана алдындағы міндетін, жауапкершілігін кеңінен дәріптеу.
• 2. Жасөспірімдер мен ата – ана арасындағы қарым – қатынастың нығаюына ықпал жасау.
• 3. Негізгі тұлғаның өз өміріндегі орнын, атқаратын міндетін, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін, дүниесінің күрделі құрылымын түсіну және өзін - өзі тану арқылы дара тұлға ретінде өзін үздіксіз бірқалыпты қалыптастыруға баулу.

Барысы:
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Жасөспірімдік жас – сындарлы жастық кезең. Осы кезеңде адам өзінің ішкі жан дүниесіне алғаш рет үңіліп, онда болып жатқан өзгерістерді түсіне бастайды, алайда өзгерістердің себептері түсінікті бола бермейді. Сондықтан да жасөспірімдік жас дағдарысының физиологиялық және психологиялық мәнін сезіне отырып, оған қолдау мен көмек көрсетуге тура келеді.
11 - 13 жасқа дейін балаға сыртқы орта маңызды рөл ойнайды. Ол сыртқы ортамен үлкен қызығушылықпен танысады, өзінің қиялы мен эмоциясын қосады. Ал жасөспірімдік дағдарыс кезеңінде бала өзінің жан - дүниесіне назар аудара бастайды, іштегі толқуларына қызығушылықпен қарап, айналасындағы адамдар арасында өз дәрежесі мен өзінің бірегей болмысын білгісі келеді.
Нұргүл: Жасөспірімдік жас – барлық салаға өзгерістер әкелумен қатар, денсаулықта да өзгерістер байқалады. Балада физиологиялық, психологиялық өзгерістер орын алады. Осы мәселелер бәрі түйінді проблемаға айналады. Бала үшін ол – ауыр жүк. Алайда жасөспірім осы кезеңнің сынақ уақыты екенін әлі сезбейді. Әлеуметтанушылардың зерттеулері бойынша, әр оныншы бала осы кезеңде өзі - өзіне қол жұмсау туралы ойланады екен. Әр бесіншісі мынадай сөз айтады: «Ештеңе де жақсы емес, үмітім үзілген, жылай бергім келеді». Жалғызсырау сезімі оларға қорқыныш ұялатады.

Осы тұста оқушыларымыз сіздерді жасөспірімдердің құқықтарымен таныстырып өтеді.
«Сенің құқығың!»
Гүлназ: 14 - бап
1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
2. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсітуге болмайды.

Айбек: 15 - бап
1. Әркiмнiң өмір сүруге құқығы бар.
2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай - ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.

Гүлназ: 16 - бап
1. Әркім өзiнiң жеке басының бостандығына құқығы бар.
2. Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi. Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады.
3. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы.

Айбек: 17 - бап
1. Адамның қадір - қасиетіне қол сұғылмайды.
2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық - зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.

Гүлназ: 19 - бап
1. Әркім өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету - көрсетпеуге хақылы.
2. Әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым - қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркін таңдап алуға құқығы бар.

Айбек: 22 - бап
1. Әркiмнiң ар - ождан бостандығына құқығы бар.
2. Ар - ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс.

Нұржауған:
Жасөспірім өмірінде оның мектептегі ұжымы, оның достары, жасөспірімдік жастың соңғы кезеңінде бірге жүретін ортасы үлкен рөл атқарады. Ата - анамен қарым - қатынасы жақсы орныққан болса да, олар достарды алмастыра алмайды. Бұл баланың ересек өмірдегі шынайы, реніштер мен қуаныштардың алғашқы тәжірибесі. Балалар оның басымдықтарын достары арқасында қалыптастырады.

Ситуациялық жағдайларды шешу.
Көшедегі көрініс
Абылай: Шыңғыс бүгін Камалдың баласының тойы ғой, білесің бе?
Айбек: Ия, ия, айтпақшы Дамирлер бүгін жиналайық, той қызықтаймыз деген. Саған хабарласқан жоқ па?
Абылай: Жүр, ендеше солай қарай барайық, бар қызықтан құр қалармыз.
Айбек: Кеттік, жолшыбай Ердосқа соға кетейік, ол да барар мүмкін.
Абылай: Ердос, біз той болып жатқан жерге бара жатырмыз. Балалар да сол жақта жүр, бізбен бірге жүрсеңші.
Рүстем: Жоқ, мен әуелі ата-анама ескертуім керек, әйтпесе алаңдайтын шығар.
Абылай: Ту, ата-анаңа ескертіп не істейсің, біз секілді айтпай кетіп қалмайсың ба, сұрансаң, жібермей қояды.
Рүстем: Жоқ, балалар, мені жібермейді, бара алмаймын. Ол жақтан ішімдік ішкен адамдар кездесіп, бір нәрсеге душар болармыз.
Абылай: Онда өзің біл, ертең «көп қызықтан қалдым» - деп өкініп жүр ме!
Айбек: Осы кезден бастап көшеге үйрене бермейсің бе?

Құрметті ата - аналар, осы жағдайға байланысты сіздердің пікірлеріңізді білсек.
Марфуға: 1. Ата – ана қай жерден қате жіберіп отыр?
Айғаным: 2. Мектеп инспекторына: - Осы жағдайда оқушылар және ата-аналар қандай жауапкершілікке тартылады?

«Көршінің «көмегі»»
Азаматша Бейсенкүл өзінің терезесінен бірнеше күн бойына екі жасөспірімді қадағалады. Екі жасөспірім көрші қабаттағы үйде тұрады. Қанат пен Жомарт бірнеше күн қатарынан азамат Есеновтың машинасын түртіп айналып қарап жүрді. Бір күні таңертең Есенов есігінің алдына шықса машинасының екі доңғалағы жоқ екен. Бұны естіген Бейсенкүл есіктің алдына шығып: «Сенің машинаңның доңғалағын ұрлаған Қанат пен Жомарт. Өйткені олар сенің машинаңды бірнеше күн бойы айналшақтап жүрген», - деді.

Сұрақтар қойылады:
1. Азаматша Бейсенкүл дұрыс жасады ма?
2. Мұндай жағдайда Бейсенкүл не істеуі керек еді
3. Бейсенкүл біреуге жала жапқан сөзі үшін жауап бере ме? – сұрақ инспекторға қойылады.

Қымбат: Жасөспірімдік жастың бір ерекшелігі – өз ісінің дұрыстығын дәлелдеу болып табылады. Оны түсіну қиын, алайда балаңызбен бірге тәуекелге бел байлауға тура келеді. Осылайша оған біршама жақын болып, өзіңіздің тапқырлығыңызды көрсетесіз.
Әзіл мен оптимистік сезімді ұмытпаған дұрыс. Жасөспірім басынан өткен оқиғаның бәрінде трагедияның үлесі бар деп ойлайды.

Айғаным: Жасөспірімдік жас дағдарысы процесінде көп кездесетін физиологиялық және психологиялық өзгерістер мынадай нәтижелерге әкеледі:
 өз бет - әлпетіне деген қызығушылық;
 тәуелсіздік пен еркіндікке ұмтылу;
 құрбыларымен топтасу;
 өзінің жеке кеңістігіне деген қажеттілік және оны қызғану;
 кесіп айту, үзілді - кесілді пікір;
 қаталдық көрсету арқылы ренжу.

Сұхбат бөлімі:
1. Жасөспірім жауапкершілігіне ата - ана ретінде ықпалыңыз қандай?
2. Балаңызбен өз жас ерекшелігіне қарай еркін ашық әңгімелесіз бе?
3. Қазіргі уақытта жас балалардың түнде көшеге шығуы кездеседі. Осыған қандай шаралар қолданасыздар?
4. Қылмыс жасағаны үшін жасөспірімдерге қандай жазалар қолданылады?

Ардақ:
Өмірің болсын десең сенің сәнді
Ойланып, айналаңа қара мәнді.
Адам бол! Білімі тасқан, өнері асқан
Өзіңе сүйсіндірер басқа жанды.
Салауатты мақсатың - өмір сүру,
Өмірдің мағынасын керек білу.
Ішімдік, нашақорлық сенің жауың
Пайдасы сол – бұл жолдан аулақ жүру.

Мұғалім:
Мен жігіт 15 - 30 арасында,
Бұл шақта көп бересі, аларымда.
Жан жағым толған мақсат, толған таңдау,
Алайын анасын ба, мынасын ба,
- деп арқалы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай болашақта шалыс қадам баспай, өз өмірлеріне жауап беретін ата - анасының емес бүкіл алаштың азаматтары болады деген сеніммен, келген ата - аналар мен заң қызметкерлеріне алғысымызды білдіре отырып, бүгінгі кездесуімізді аяқтаймыз.
Сау болыңыздар!
13 780
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Құқықтық тәрбие оқушы тұлғасын қалыптастыру негізі
Құқықтық тәрбие оқушы тұлғасын қалыптастыру негізі
Мақсат дегеніміз - бір нәрсеге ұмтылу, іске асыру.
Өзін – өзі тану пәні бойынша әдістемелік бірлестігінің жылдық жұмыс жоспары 2017 - 2018 оқу жылы
Өзін – өзі тану пәні бойынша әдістемелік бірлестігінің жылдық жұмыс жоспары 2017 - 2018 оқу жылы
Өзін – өзі тану пәні бойынша әдістемелік бірлестігінің жылдық жұмыс жоспары 2017 - 2018 оқу жылы Өзін - өзі тану пәнінің әдістеме бірлестігі Мақсаттары: • өзінің өмірлік айқындамасын анықтау; • түрлі мәселелерді адамгершілік қағидаларға сәйкес
Сүйіспеншілік - өзін-өзі тану қағидаты
Сүйіспеншілік - өзін-өзі тану қағидаты
«Өзін - өзі тану» білім беру бағдарламасы – жас өскелең ұрпақтың рухани жан дүниесіне нәр беруші, ол – адамның өзін - өзі тануы, бақыт пен өмірлік табысқа жету үшін өзінің шексіз мүмкіндіктерін аша алуы.
Мен және менің жасөспірім балам
Мен және менің жасөспірім балам
Әрбір ата - ана өз тәжірибесінен біледі: бала дамуындағы жасөспірімдік кезеңнің басталуы оның физиологиясының, психикалық реакциялары мен мінез - құлқының айтарлықтай өзгеруімен байланысты болады. Жасөспірімдік шақты дағдарыс жасы деп атауы
Жасөспірімдердің ата - аналарына арнаған психологиялық кеңес
Жасөспірімдердің ата - аналарына арнаған психологиялық кеңес
Жасөспірімдік кезеңнің ерекшеліктері туралы, баламен қарым - қатынаста болатын өкіндірерлік қателіктерге, жасалуы оңай бірақ дұрысталуы қиынға соғатын қателіктерге ұрынбауға мүмкіндік беретін ережелер туралы ақпар беру.
Жасөспірімдердің ата - аналарына психологиялық көмек
Жасөспірімдердің ата - аналарына психологиялық көмек
ШҚО, Риддер қаласы, "№ 14 орта мектебі" КММ педагог - психологы Нуриманова Лаура Алибековна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×