Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Әркімнің ата-анасы әулиесі, немесе ата-ананы құрметтеу

23 қараша 2012, Жұма
Категориясы: Тәрбие сағаты
БҚО, Шыңғырлау ауданы,
А. Тихоненко атындағы ОЖББМ
Математика-информатика пәні мұғалімі
Жекенова Акмарал Канатбаевна

Тақырыбы: «Әркімнің ата – анасы әулиесі» немесе ата – ананы құрметтеу туралы.
Мақсаты:
1) Әр оқушының кісілік келбетін сомдау. Ішкі сезімдері мен тебіреніс толқындарын ояту. Осыған орай оқушының адамгершілік, ақыл –ой, эстетикалық мәдениетін қалыптастыру.
2) Баланы әдепті де әдемі, білімді азамат етіп шығару ата – ананың қасиетті борышы екендігін ұғындыру. Әке – шешесін, бауырларын қадірлеп, құрметтей білуге, құрбыларын сыйлай білуге үйрету.
3) Қоршаған ортамен, айналадағы адамдармен қарым – қатынасты дамыту.
Көрнекілігі: слайдтар, нақыл сөздер, суреттер, т.б.
Сыни Тұрғысынан ойлау технологиясы бойынша өткізілді

Мұғалім: Ата – ананы құрметтеу – барша адам баласы өнеге еткен қасиет. Қай ұлт, қай халықтың ой қазынасын ақтарсаң да, алдыңнан шығатын сөз – әр адамның өз әке – шешесін қадірлеу керектігі. Халқымыздың мақал – мәтелдерінен, даналық сөздерінен де ата – ананың қадір – қасиеті туралы айтылған «Анаңа ауыр сөз айтпа, атаңа ауыр жүк артпа», «Ата – ананың қадірін білмеген – халық қадірін білмес» дегендей асыл сөздер өте көп.

І қызығушылығын ояту.
Халқымыздың мақал мәтелдерін, даналық сөздерінен де ата-ананың қадір-қасиеті туралы айтылған асыл сөздер көп.
«Ой қозғау» стратегиясы.
(Берілген сөздерден мақал – мәтелдер, нақыл сөздер құрастыру)
Ата , сөз, болғанда , ауыр, анаңа, сөйлегеннен, артпа, жүк, анық, атаңа, ұл, айтпа, қадірін, білерсің, тұрып, ананың, жалалы, балалы, достың, қызы, без. т. с. с

Мақал-мәтелдер
● «Алты аға бірігіп әке болмас,
Жеті жеңге бірігіп ана болмас».
● «Баланың бас ұстазы ата-анасы».
●«Атасы тұрып ұл сөйлегеннен без,
Анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без».
● Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік.
● Ағайын алтау, ана біреу.
● Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер.
● Ата – анаңның қадірін балалы болғанда білерсің.
Ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің.
● Атасы тұрып, ұл сөйлегеннен без,
● Анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без.

ІІ мағынаны тану
«Джиг СО» стратегиясы.
Әке – асқар тау
Болаттай берік, құрыштай қайсар рухы бар әкенің өз перзентіне көрсетер үлгі - өнегесі мол. Отбасының, балалардың, әке – шешесінің қамын ойлап, туған – туысқа көмек жасайды. Шығыс халқы “Әкеден артық арман жоқ, әкеден артық қорған жоқ, әкеден артық дана жоқ, әкеден артық пана жоқ” деп әкені айрықша дәріптеген.
Дін мұсылман жолында Әкені құрметтеу – айрықша парыз. « Әкеге бағыну – Аллаға бағыну. Оның алдында күнәһар болу – Алла алдында күнәһар болу» дейді Пайғамбарымыз.
Әкеме
Асқар тау әкешім бар, сүйенішім,
Ізгілік, адалдықты сүйеді шын.
Қабақ шытса балалық қылығыма,
Ешқашан болмақ емес ренішім.
Ойлайды әрқашанда бала қамын,
Көремін аялаған алақанын.
Әкемнен алған асыл қасиетті,
Елімнің керегіне жаратамын.

Ана – аққан бұлақ
Ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан «Ананы» ардақтамайтын халық та жоқ. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймай, көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп, аяғынан тік тұрғызатын да ана. Олай болса Ы. Алтынсариннің бала ұғымына лайық тілмен ананың қадір – қасиетін жүрекке жылы етіп жеткізген «Ананың сүюі» деген өлеңін тыңдалық.
Кім сендерді балалар, сүйетұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетұғын.
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын.
Кім сендерді балалар, тербететін,
Еркелетіп, ойнатып, сергітетін?
Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын көлдететін.
Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең.
Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,
Хат жазып, тұр ұмытпа, төбесі көкке жетсін.
Кім сағынар сендерді, келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтып келгенде адам болып,
Еш арманым болмас дер өле-өлгенше.

Барша анаға тән қасиет осындай, балалар. Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде де ең алдымен ананы құрметтеу парыз екені айтылады.
«Әуелі анаңа, тағы да анаңа, тағы да анаң, содан соң әкеңе жақсылық жаса», «Егер атаң мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер», «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, парызыңды өтей алмайсың», «Кімде-кім ата-анасының ризалығын алған болса, Алла оның өмірін ұзартады».
Міне, балалар, біздің дініміз де Ананы бәрінен де артық ардақтауды талап етеді.
Ана жайында мынадай аңыз бар. Оны қазақтың дарынды ақын қызы жерлесіміз Ақұштап Бақтыгереева әдемі де әсерлі жырға айналдырған. Бұл –ананың баланы қаншалықты шексіз сүйетінін білдіретін көңілсіз мысал. Ата-ананың үміт-арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілеуі балаға бағышталған.
Ана әрекеті, ана арманы, ана мейірімі, ана сүйіспеншілігі, ана жүрегі, қысқасы ана әлемі туралы көп жазған классик жазушымыз – Ғ. Мүсірепов. 1977 жылы жазған “Ана жыры” әңгімесінде ол “ Өмірге ғибрат таратушы дүние жүзінде екі адам болса, оның біреуі – ана, ал ол жалғыз болса –соның өзі” дегенді нық айтады.
Бала – бауырыңдағы құрақ
Ата-анасыз өмір жоқ, яғни адам жоқ. Демек ата-ана өмірінің жалғасы – бала. Бала – ата-ананың бауыр еті. Баланың кісілік келбетін қалыптастыратын ортасы – өзінің ұшқан ұясы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»,- дейді халқымыз. Айналадағы адамдарды сыйлау ата-ананы құрметтеуден басталады. Әке-шешесін, бауырларын қадірлеп, құрметтей алмаған адам өзге ешкімді сыйлап та жарытпайды.
Еш уақытта ата – анаңа қарсы келме, шапылдасып бетінен алма. Оларға дөрекі сөйлеме. Адам болған соң әркімнің мінезі де әр түрлі болады. Кей ата-ана баласына оғаш ісінің терістігін байыппен түсіндіріп, қателігіне көз жеткізе отырып тәрбиелесе, балаларының теріс ісін сезгенде, айқай ашуға басатын оғаш қылықтың жолын қатал мінезбен қиып тастауға тырысатын ата-аналар да бар. «Ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге». Қалай болғанда да әке-шешенің ойлайтыны – тек жақсылық. Айналайын деп арқаңнан қақса да жаман қылығына күйініп, жерден алып жерге салып жатса да – балам жақсы болса екен деген тілегі.

ІІІ толғаныс
«Болжау» стратегиясы.
Мұғалім: ХІ ғасырда жазылған «Қабуснама» деп аталатын ғажайып педагогикалық кітап бар. Оны Қайқаус деген ғалым 63 жасында өзінің ұлы Гиланшахқа арнап жазған екен. (Өсиет сөздерін оқимын).
- «Ей, перзентім, ата-ананы құрметтеудің қажет екендігін ақыл-ой, парасат тұғырынан байқап білгейсің. Өйткені әрбір перзенттің тегі ата-ана ғой. Не үшін ата-ананы құрмет жасаймын деп, ойыңа алма. Олар сен ...
(Әңгімені осы жерден үзіп, балаларға әрі қарай өз ойларымен жалғастыруын өтінемін)
Балалардың ойын тыңдаймын. (Балалардың ойын тыңдағаннан кейін өсиет сөзді әрі қарай оқимын).
Олар сен үшін өзін өлімге де қиятыны белгілі. Сені жан-ділімен жақсы көріп, тәрбиелеп жүрген ата-анаң көңілін қалдыратын құрттай да іс жасасаң, сен ешқандай да жақсылыққа лайықты жан емессің, өйткені кімде-кім ата-ананың жақсылығын білмесе, басқа біреудің жақсылығын да бағаламайды. Егер сен, ...
(Әңгімені тағы да үзіп, балаларға әрі қарай өз ойларымен жалғастыруын өтінемін. Балалардың ойын тыңдап, өсиет сөзді әрі қарай оқимын. )
Егер сен, өз перзентім құрмет қылсын десең, ата – анаңды құрметте, сен ата-анаңа не істесең, саған перзентің де соны жасайды. Перзент – жеміске, ата-ана жеміс ағашына ұқсайды. Жеміс ағашын жақсы күтсең, жемісі де, дәмі де жақсы болады. Сол сияқты ата-анаға деген ізет, құрметіңді аямасаң, саған деген олардың ізгі тілегі қабыл болғаны».
Лев Толстойдың әңгімесі
- Бір үйде төрт адам бар. Ата, бала, келін немере. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты темір табақпен береді. Бір күні шалдың немересі ағаш жоныпты. Әке-шешесі:
- Балам, не істеп отырсың?- сұрайды.
- Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын»,- депті баласы.
Мұғалім: Ата-ананың қадірін, дос-жолдас, тума туыс, жақын адамдарының қадірін білу, дер кезінде бағалау қажет екендігін еш уақытта ойларыңнан шығармаңдар. Дүние кезек. Сендер де өмір бойы жас болып тұрмайсыңдар. Сендер ата-аналарыңды сыйласаңдар, сендердің балаларың да қартайғанда өздеріңді бағатын болады.
«Әкесін сыйламаған кісіні баласы сыйламайды». Ата-анаңды құрметтесең, сен де сондай игілік көресің». Осы сөздер естеріңде болсын, балалар.

Ұлағат сөздер.
1. Ата-ананы ұмытқан жас – опасыздың опасызы, рақымсыздың рақымсызы. Ғ. Мұстафин.
2. Ата-ананың қадірін білмеген – халық қадірін білмес.
Ғ. Мұстафин.
3. Ата бабасын сыйламау – азғындықтың белгісі.
А. С. Пушкин
4. Баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, азап соры.
В. А. Сухомлинский

Сауалнама жүргізу Сіздер қандай ата-ана боласыздар?
(Сұрақтарға “иә”, “жоқ” немесе “білмеймін” деп жауап бересіз)
1. Сіз бос уақытыңызды шын көңілмен (охотно) өз іні-қарындастарыңыз бен бірге өткізе аласыз ба?
2. Балалар ұжымына (компаниясына) тап келсеңіз, олармен бірге ойын ұйымдастырып, ойнайсыз ба?
3. Сіз өз сыныптастарыңызбен оңай тіл табыса аласыз ба?
4. Егер қажет болса, сіз төменгі сынып мұғалімдерінің орнын ауыстыра аласыз ба?
5. Ауру адамға аяушылық жасайсыз ба?
6. Сізді қасыңыздағы адамдар сыпайы және сәлемі түзу (приветливый) деп санай ма?
7. Көңіл күйіңіздің нашарлығын қоғамдық ортада көрсетпеуге тырысасыз ба?
8. Сәбиге түсініксіз нәрсені түсіндіре аласыз ба?
9. Өзіңнен кішілерді күтіп, бағу міндетін өз мойныңа ала аласың ба?
10. Сіздің айтқаныңызды кіші достарыңыз қызығып тыңдай ма?
11. Үйдегі балалардың қасында қалу үшін алдын-ала жоспарлаған ісіңізден айни аласыз ба?
12. Өзіңнен кішілерге өз пікіріңіздің дұрыстығын дауыс көтермей ұғындыра аласыз ба?
13. Сіз өзіңізді баланың орнына қойып, оның көзқарасымен қарай аласыз ба?
14. Егер сізден жасы кіші адам сіздің қатеңізді айтып немесе сізге ескерту жасаса, оған ренжімейсіз бе?
15. Егер сізге көңіл күйінің нашар екендігін айтып арызданса, сіз оны ренжімей тыңдайсыз ба?

Қорытындылау
“иә” деген жауапқа 2 ұпай
“жоқ” деген жауапқа 0 ұпай
“білмеймін” деген жауапқа 1 ұпай
24-30 ұпай
Сіз міндетті түрде жақсы әке н/е шеше бола аласыз. Және де тамаша тәрбиеші боласыз
18-23 ұпай
Сізге бала тәрбиелеуде біршама қиындықтар болады. Сондықтан сіз жауап берген “жоқ”, “білмеймін” сұрақтар төңірегінде ойланыңыз
12-17 ұпай
Балаларды тәрбиелеу сіз үшін қиын және жағымсыз іс.
0-11 ұпай
Сізді әке немесе шеше болады деп ойлаудың өзі қиын. Егер сіз мұғалім болсаңыз, балалар үшін бұл үлкен бақытсыздық болар еді.
Қорытынды. Мұғалім:
Ата-ананы сыйлау адамзат баласына тән қасиет, Жер дүние жаралғаннан бергі уақыттан қалыптасқан имандылық жолы, еш бұзылмайтын жол.
Ата-анасының сөзін сыйлап, құлақ асу, пікірлес болу отбасы тіршілігінің бір ғанибеті. Сол арқылы бала ата-анасының мерейін өсіріп, өз ортасында төрден орын алуына көмектеседі. Керісінше, ата-анасының сөзін құлаққа ілмейтін өзі тағы жөн білмейтін жетесіз бала олардың сағын сындырып, төрдегі басын есікке сүйрейді. Баланың ұрысқақ, жанжалқой, дөрекілігі әке-шешеге жатса-тұрса да, жадынан шықпайтын қаупі, азабы болады. Ондай ата-аналар үнемі алаңдаумен күн кешеді. Олардың жанына өте қатты бататыны әлпештеп өсірген ұл-қызының ата-анасын адам деп елеп, олардың ауру сырқауын, қалы –қайғысын бір сәт те болса қаперлеріне алмайтыны.
Бұған қарама – қарсы еңбекқор, кіші пейіл, жарқын мінезді болып өскен ұл-қыз ата-анасының қас-қабағына қарап, хал-жағдайларын айтқызбай аңғарып, ішіп-жем, киім-кешек, ұйқы демалысын қадағалап, сәл нәрсенің өзін олардың көңілін тауып, мерейін өсіреді. Ата-ана да қателесіп, ағаттық жіберетін кездері болады. Әдепті бала ондай кезде зіркілдеп, дауыс көтермей балағаттамай, үлкеннің әлде қалай істеген ісі, сөзі, жаңына қатты батса да, сабыр етіп, өз-өзіңе бас, кешірімді бол. Ата-ананың мүмкіндігімен санаспай және ананы әпер, мынаны әпер деп орынсыз талап етуге болмайды. Балаларын басқалардан нашар өмір сүрмеуін, кемдік таршылық көрмей жүздері жарқын болуын ата-анадан басқа кім ойлайды. Бірақ жоқшылық қол байлау болып жатса, оны түсінбей, ата-анасының басқалардай дүние таба алмағандығын бетіне басу адамшылыққа жатпайды «Жоққа жүйрік жетпейтіндігін мойындап, сабыр қылу керек, ата-анаңа қолғабыс тигіз, дүниені өзің тап.
Халықтың дәстүр қағидаларында мынадай жазылмаған заңдар бар.
● Ата-анаға қарсы сөз айтпайды.
● Өз ата-анасын жамандамайды.
● Ата-анасы алдында, ақсақал, әйел алдында қанша ашуланса да, боқтық сөз айтпайды. Әр адам мұны бұлжытпай орындауы тиіс.
72 710
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
В. Сухомлинский. «Ақ шаш» Ғ. Орманов «Ана»
В. Сухомлинский. «Ақ шаш» Ғ. Орманов «Ана»
В. Сухомлинскийдің «Ақ шаш» мәтінінің негізгі мазмұнын ашу және Ғ. Ормановтың «Ана» өлеңінің мағынасын терең түсіндіру. Міндеттері: Мәтіннің, өлеңнің мазмұнын мағынасын ұғындыру.
Отбасым – алтын діңгегім!
Отбасым – алтын діңгегім!
Ақшұқыр мектеп – лицейінің мұғалімі Нуржанова Гульден
Ата-ананы құрметтеу туралы. Қайқаус
Ата-ананы құрметтеу туралы. Қайқаус
Ата-ананы құрметтеу туралы. Қайқаус
Сыйынар ем ана деген тәңірге!
Сыйынар ем ана деген тәңірге!
Сарсенова Мейрамгул Арыстановна Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ақкемер орта мектебі Мұғалімдердің «Шамшырақ» ғылыми - әдістемелік қоғамы «Талапкер» жас ұстаз мектебі
Ата – ананы құрметтеу туралы
Ата – ананы құрметтеу туралы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, №170 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Оңдашова Айнұр
Фариза Оңғарсынова "Жылу"
Фариза Оңғарсынова "Жылу"
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы, № 3 жалпы орта білім беретін мектеп КММ бастауыш сынып мұғалімі Жұмаханова Қасиет Бейсекқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×