Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ

18 желтоқсан 2012, Сейсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Атырау облысы, Исатай ауданы,
Зинеден селосы, Ю.Гагарин атындағы орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі Ақтаева Жанна Тұрланқызы

Тақырыбы: Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ
Мақсаты:
1. Оқушыларды «Сөз мәйегі - мақал» дегендей, ата-бабамыздан қалған өсиет сөздері арқылы адамгершілікке, ойын нақты, дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге үйрету.
2. Сөз өнері арқылы оқушылардың дүниетанымын кеңейтуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: қанатты сөздер жазылған плакаттар, шарлар.
Өтілу барысы:
Құрметті оқушылар! Бүгін біздің сыныбымызда «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» ойыны өткелі тұр.
Бұл сайысқа екі топ қатысады:
1. «Сұңқар» тобы.
2. «Барыс» тобы.
Құрметті ұстаздар сіздердің іштеріңізден әділ қазыларды сайлап алсақ.
Алдымен мақал-мәтел дегеніміз не? Қысқаша тоқталып өтсек: Мақал-мәтел – ата бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі жағынан шағын болғанмен, уақыт өткен сайын мағынасы тереңдеп, құны артып, қымбат қазынаға айналып келеді. Мақал-мәтел – тәрбиелік мәні зор, рухани байлық. Осы тұста мен осы мақал мен мәтел айырмашылығын түсіндіріп өткім келіп отыр.
Мысалы: Мақалда қорытынды, тұжырымды түйін айтылады. Айтылар ой нақты толық жеткізіледі. Мысалы: «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» деген мақалда елді қорғау, жерді қорғау нағыз жігіттің ісі екендігі айтылып тұр.
Ал, мәтелде ой тікелей білдірілмей тұспалдап, жанамалап айтылады.
Мысалы: «Көппен көрген ұлы той». Мұнда не көрсең де халықпен бірге көр, өз басыңның ғана қамын ойлама деген сөз тұспалдап айтылып тұр.
Біздің мақсатымыз, оқушының білімге деген құштарлығын, ізденімпаздығын, оқу деңгейін және ойын нақты дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге салмақты ой айтуға үйрету болып табылады. Ендеше біз бүгінгі сайысымызды бастайық.

1-тур: «Кім көп біледі?» Қатысушы топтар мақал – мәтел айтудан жарысады.(1 минут уақыт беріледі, сол уақыттың ішінде топтар қанша мақал айтса, ұпай саны да соған қарап қойылады)

2-тур: Мақал – сөздің мәйегі
(тақтада мақал-мәтелдің басы беріледі, қатысушы топтар мақалды жалғастырады)
1. Жақсы кісі байқап сөйлер, ...(жаман кісі шайқап сөйлер)
2. Ер еліне, ...(ит иесіне)
3. Балапан ұяда не көрсе ... (ұшқанда соны іледі)
4. Өнер - ағып жатқан бұлақ, ...(Білім – жанып тұрған шырақ)
5. Жақсының аты өлмейді ...(Ғалымның хаты өлмейді)
6. Көз жетпеген жерге, ...(сөз жетеді)
7. Отыз тістен шыққан сөз, ...(отыз рулы елге тарайды)
8. Дұшпаны көптер сақтана жүреді, ...(Досы көптер мақтана біледі)
9. Жалған достан ...(жау артық)
10. Өнерлінің қолы алтын, ...(өлеңшінің сөзі алтын)
11. Еңбек етсең ерінбей, ...(тояды қарның тіленбей)
12. Отан үшін күрес - ...(елге тиген үлес)

3 – тур: Кім тапқыр?
- Ал балалар, мен Сіздерге жұмбақ айтамын. Жұмбақ деген алақанды жұмудан, яғни қолдың ішінде бір нәрсені жасырып, жұмып тұрып, соны тап дегеннен шыққан. Жұмбақ жасырғанда айтылар нәрсені ойда бүгіп қалып, соған ұқсас нәрселерге теңеп, тұспалдап сипаттап айтады. Мысалы:
Тұрғанмен жырақ өзі,
Таусылмайтын шырақ көзі (Күн)

Шарты: Мұғалім жұмбақ жасырады, жауабын айту керек, сол жұмбақтың жауабын тауып айтқан соң, жауабына сәйкес мақал айту керек.
1.Жұмбақ: Шыңдары шырқау,
Көшіп жүр бір тау. (Түйе)
Мақал: Көрмес түйені де көрмес.
2. Жұмбақ: Жайған жастық сөгілді,
Аппақ мамық төгілді. (Қар)
Мақал: Қалауын тапса қар жанар.
3. Жұмбақ: Желден желігеді
Судан шегінеді. (От)
Мақал: Отан оттан да ыстық.
4. Жұмбақ: Жылт-жылт етеді
Жылғадан өтеді. (су)
Мақал: Судың да сұрауы бар.
5. Жұмбақ: Өзімнен өзгенің бәрін көремін. (Көз)
Мақал: Көз қорқақ, қол батыр.
6. Жұмбақ: Сылдырдан қорқады, шошынып жортады. (Қоян)
Мақал: Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді.

4-тур: «Даналық ойдан дән ізде» сайысы
Шарты: Топтар сандарды таңдау арқылы өздері мағынасын түсіндіретін мақал-мәтелді таңдап, талдайды.
1- ұяшық: Апама жездем сай. 20
2-ұяшық: Тасты жерде егін болмас,
Текті бала тегін болмас. 30
3-ұяшық: Азға қанағат етпеген, көптен құр қалар.40
4-ұяшық: Жалған достан жау артық. 10
5-тур: «Не деу керек мұндайда?» сайысы
(Сіздерге бір-бір жағдаяттан беріледі. Сіздер осындай жағдайда айтылатын мақалдарды жазып оқисыздар)
1-топ. Ертеде Одағай деген өтірікші болыпты. Ол баласын өтірікке баулыпты. Бұған әбден машықтанған баласы өтірік айтпаса отыра алмайды екен. Бір жиында әкесінің қасында отырған ол:
- Аспанда ит қыңсылайды ғой, - депті.
- Ит ұшатын ба еді? – депті біреу.
- Бағана бір құс күшік көтеріп кетіп еді, әлі өлтірмеген екен ғой, - депті Одағай.
Сонда бір қария: - Апыр-ай, - деп өкінішпен басын шайқаған екен.
2-топ. Сырым Бөкен биге сәлем беруге барса, қарт: - Қай баласың? – депті.
- Даттың баласымын, - депті Сырым.
- Қой баға алмайтын жаманнан да қолақпандай ұл туады екен-ау,-дейді Бөкен.
6-тур: «Біз білмейтін бір мақал»
(Топтар күнделікті өмірде қолданылмайтын мақал-мәтелдерді айтып арнамалайды)
1. Қараңғыда тапқаныңды ханға берме,
Жарықта тапқаныңды жанға берме.
Мағынасы: еңбекпен тапқаныңды орынсыз шашпа.
2. Кісі болар баланың кісіменен ісі бар,
Кісі болмас баланың болып келер іші тар.
Мағынасы: болашақта жақсы азамат болатын бала кішкентайынан көпшіл, кеңпейіл болып келеді.
3. Өзін-өзі сыйлаған ер бақытты,
Өзін-өзі билеген ел бақытты.
Мағынасы: Адам әуелі өз қадірін білсе ғана ел мен жер қадірін біле алады.
4. Шын ер жеңсе, тасымас,
Жеңілсе жасымас.
Мағынасы: Қандай жағдай болса да, өз-өзіңді сабырлы ұстап үйрен.
Қорытынды.
Ата-бабадан қалған асыл мұра мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды ұмытпай, жадымызға сақтап жүрейік, балалар! Бүгінгі сайысқа қатысқан оқушыларға рақмет айтамыз.
Осымен сайысымыз аяқталды.
Сөз кезегі қазылар алқасында.
Жеңген топты марапаттау.

1. Қардай аппақ,
Балдай тәтті-ақ (қант)
2. Күнде оған қараймын,
Қарап шашымды тараймын. (айна)
3. Аяғы жоқжүреді,
Аузы жоқ сөйлейді. (хат)
4. Шыр-шыр етеді,
Құлағыңнан өтеді.
Ұстай алсаң,
Сөйлеп кетеді. (телефон)
5. Айналада ақ отау,
Аузы-мұрны жоқ отау. (жұмыртқа)
6. Қабат-қабат қаттама,
Ақылың болса, аттама. (кітап)
7. Өшірді, сүртті,
Өзгені құртты,
Өзін де құртты. (өшіргіш)
8. Үйреткен білімді
Қырық екі ілімді. (алфавит)
49 241
0
  • 40
2 дауыс


Жаңалықтар
1001 мақал, 101 жұмбақ
1001 мақал, 101 жұмбақ
Қазақ халқы сөз қадірін біліп, қасиетті сөздерді аузынан тастамай, қастерлеп келе жатқан халық екенін түсіндіре отырып, оқушылардың тіл байлығын, сөздік қорын дамыту және ойлау, есте сақтау қабілетін дамыту.
Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ
Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ
Мақал - мәтел, жұмбақтар айту арқылы оқушыларды көркем, ұтымды сөйлеуге, қиыннан қиыстыра білуге үйрету. Адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеу. Ата - бабаларымыздың өсиетін қадір тұтуға, мақал - мәтел, жұмбақ арқылы өз елінің ауыз әдебиетін сыйлауға
Мақал – сөздің азығы, Жұмбақ – ойдың қазығы
Мақал – сөздің азығы, Жұмбақ – ойдың қазығы
Ақтөбе облысы, Алға қаласы, Алға мектеп - бақшасы Нугманова Гаухар Тлеубаевна
Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ (интеллектуалды сайыс)
Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ (интеллектуалды сайыс)
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Аққұм бекеті, Негізгі білім беретін №221 Аққұм мектебінің химия - биология пәні мұғалімі Айтөреева Ақмарал Бақытқызы
Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ (қабілеті төмен оқушылармен өткізілген сайыс сабақтың жоспары)
Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ (қабілеті төмен оқушылармен өткізілген сайыс сабақтың жоспары)
Қарағанды облысы, Осакаров ауданы, №1 орта мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тусупбекова Жанар Куанышевна
Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ
Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ
Бастауыш сынып мұғалімі: Кайдакова Жанат Бекболатовна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×