Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік

08 қаңтар 2013, Сейсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік»

Мақсаты: 1. Оқушылардың бойында Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмірін салыстыра отырып, өз еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру. Ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын ояту.
2. Оқушыларға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүюге және ерлікке баулу. Желтоқсан оқиғасында ел қамын жеген ерлерді үлгі тұту, өнеге алуға және халқының тарихын білуге үйрету, достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, презентация, «Желтоқсан желі» коипі, «Аллажар» фильмі, түрме, фотосуреттер.

1-жүргізуші: Армысыздар ағайын! Еліміздің тәуелсіздік күні баршаңызға құтты болсын! Бабалардың арманы, аналардың тілегі болған бақыт-тәуелсіздік жиырмасыншы ғасырдың аяқталар тұсында біздің маңдайымызға дарып, алақанымызға қонды. Азаттық деген осынау қасиетті ұғымды жақындату үшін талай ерлердің жаны қиылды! Мемлекеттік тәуелсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің және қазақстандықтардың рухани әл-ауқатының, өз күшіне, еркіне, қуатына сеніп, бар мақсаттарын жүзеге асыруының, Қазақстандағы ұлттық келісім мен тыныштықтың кепілі. Мемлекетіміздің өсіп-өніп, шыңға жетіп өркендеуі – біздің жетістігіміз, халайық!

2-жүргізуші: Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 21 жылдығына арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
21 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп, дамып келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқшанда айтып өтеміз.
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.

1-жүргізуші:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!

Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан - жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан - Гүлстан!

2-жүргізуші:
Шайқалмасын ешкімнің шаңырағы,
Бақыт көрсін Отанның сан ұланы - дей келе құттықтау сөзді мектебіміздің директоры Марат Есімханұлы Шемпаевқа беріледі.

1-жүргізуші:
Желтоқсанда шындық жырын
Шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Айналайын, айналайын жас өркені халқымның.

1-оқушы:
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, айналайын жас қайраты халқымның.

Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған
Намысыңды жықпай өттің нәубе, дүлей маусымнан.
Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.

Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріндей ер намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!

1-жүргізуші:
Қазір бұл күн қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы, әрі бақытты күн. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақ халқында бұрын болмаған ең ауыр да, әділетсіз көтерілістің
бірі.
2-жүргізуші:
Енді міне, осы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді.

Көрініс:
Алаң. Құлпытас жаны. М. Шаханов және қыз бен жігіт, ана, оқушы.
Жігіт: Алматыға жолым түсіп келе қалсам мен міндетті түрде Республика алаңына соғамын. Есіме марғау дүниені дүр сілкіндірген қасіретті де қасиетті Желтоқсан оқиғасы түседі. Себебі, алаңға егемендік үшін құрбан болған Қайратпен бірге мен де болған едім.

Қыз: Мен де осы алаңға келсем, барлығы маған не айтасың дегендей болады.
Ақтық сөзің армандарың хатта қалды
Көріп жүрміз қиып ап сақтағанды
Қайрат! Қайрат!
Сен мені естимісің
Лагерде сен шірітпей, ақтап алдың, - дегім келеді және келген сайын осы сөзді қайталай беремін.
Ортаға ақырындап ана шығады. Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қояды. Жанында немересі болады.
Ана: Ия, айналайын балапандарым!
Өсер елдің қай сәттерде бірлік болмақ қалауы
Лаула, лаула Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Өздеріңдей ар - намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда тиісті емес еңкеюге жалауы.

1-жүргізуші:
Орыны ағалардың бізбен толсын,
Сәбилер ағалардың жолын қусын.
1минут үнсіздікпен еске алайық,
Аруақ ағалардың ырза болсын.
Желтоқсан құрбандарын еске алып 1 минуттық үнсіздік жарияланады.
(Залдан көрініс қоюшылар шығып кетеді)

2-оқушы:
Жас арудың жанарында – Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан.
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында – Желтоқсан.
Жауыздықты жасаған да – Желтоқсан,
Жаңа ғұмыр бастаған да – Желтоқсан.
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да – Желтоқсан.
Намысымның шырағы да – Желтоқсан,
Сұрқай өмір сынағы да – Желтоқсан.
Жігіттердің ұраны да - Желтоқсан,
Жаңа күннің шуағы да – Желтоқсан.

1-жүргізуші:
Ия, ол күн тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986 жылдың 16 желтоқсан еді. Таңертеңгілік сағат 10.00 да бар жоғы 18 минутта 26 жыл елді үздіксіз басқарып
келген Д.А.Қонаев түсіріліп, орнына Г.Колбин ешкімнің пікірінсіз-ақ ұсынылған еді.
2-жүргізуші:
Осыдан 25 жыл бұрынғы Алматы оқу орындарының бірінің жатақханасының алдындағы оқиға. Көрініс.
Көрініс
- Қыздар, мен газет әкелдім.
- Не жаңалық шығыпты?
- КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Д.Қонаевты алып, орнына
В.Колбинді тағайындапты.
- Колбин деген кім екен?
- Қайдан келіпті?
- Колбин Ульяновтан келіпті.
- Қазақстанды өзіміздің қазақстандық азамат басқарсын!
- Біз демократияны талап етеміз.
- Қане жүріңдер, қыздар, жігіттер алаңға кетейік!

3-оқушы:
Сүймейтұғын болдық қой, сүймей ғұмыр
Көлеңкеміз күннен де тимейді нұр.
Колбин деген кім екен, қайдан келген?
Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл?
Тәуелсіздік оңайлықпен келмейді,
Бізге оны ешкім аяп бермейді.
Тәуелсіздік – Қайрат, Ляззат, Ерболдың,
Тас көшеде тас-талқан боп өлгені.

1-жүргізуші:
Алаңға шығып өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына солдаттар мен милиция қызметкері қарсы қойылды. Қыз жігіттерді аяусыз таяққа жықты, түрмеге қамады. Ербол, Ляззат, Сабира сынды жаңа ғана бүршік атып келе жатқан тал шыбықтай жастарымыздың өмірін үзді.

2-жүргізуші:
Иә, ізгілік атаулыдан күдер үзіп, ең соңғы үміті, бар сенімі күйреген, рухани езілген балаң жігіт Қайрат. Қайрат есіл ер көзі тірісінде жазған өлеңдері адам жүрегін тебірентеді.
Соның бірі «Менің тағдырым».

4-оқушы:
Өмір бойы жолым болып көрмеді,
Жылап келем бұл дүниеге келгелі.
Қайғы шаңы басты менің денемді,
Түспейді шаң сілкінсем де мен енді.

Жолдаған сәлемімді дос алмады,
Шын ба екен-ау тас керең боп қалғаны.
Айта берем, айта берем қайбірін,
Ауыр менің, ауыр менің тағдырым.

Тағдыр мені аямады, қорлады,
Жалынсам да, жыласамда болмады.
Қараңғы өмір бақытым жоқ, жоқ менің,
Армандаған ақ сәулеге жетпедім.

5-оқушы:
Тұрса да биік өр басын,
Қазаққа бақыт орнасын.
Сексен алтыншы жылғыдай,
Желтоқсан желі болмасын!

Күн кешіп лапылдаған жастарым,
Дүрліктірді желтоқсанның аспанын.
Жерді, дінді, тілді баба дәстүрін
Қорғау үшін көтерді олар бастарын.

1-жүргізуші:
1986 жылыдың сол бір қасіретті күні «Шеру ұйымдастыруға қатысы бар» деген жалған айыппен қаншама зиялы азаматтар жазаланды, жұмыстан қуылды. Бірақ ол үшін жауапқа тартылған ешкім болған жоқ.

2-жүргізуші:
1986 жылғы 16 желтоқсан күні Д.Қонаевтың орнына Колбин келіп, 17-сі жастар Брежнев атындағы алаңға бейбіт және саяси шеруге шығады. Шеруге шыққан жастарды саперлік күрекпен, дубинкамен, су атқыш машинамен, итпен және т.б. таратады. Ертеңіне 18-желтоқсан Қайраттың үйі.
Көрініс.
Сахнада Қайрат пен жеңгесі дастархан басында отырады. Үйге милиционер жігіт кіреді.
Милиция: Біз органнан келдік. Қайрат Рысқұлбеков деген азаматты тұтқындауға келдік. Прокурордың санкциясы бар. Міне!
Жеңгесі: Қайрат, бері кел.
Милиция: Тез жинал, бізбен бірге кетесің.
Жеңгесі. Ойбай-ау бұларың не? Жұдырықтай баланың не жазығы бареді? Әке-шешесіне не бетімізді айтамыз.
Милиция: Жеңеше, сабыр етіңіз! Бұл жігіт бір төбелеске қатысыпты. Анық – қанығын тексерген соң қайтарып жібереміз.
(Осы кезде Қайратты милиционер алып кетеді.)

6-оқушы:
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын, айналайын жас өркені халқымның!

Желтоқсан-заман толғағы байтақ даланың,
Шарпысқан сәтті үміт пен күдік наланың.
Қайрат, Ләззат пен Сәбира
Құрбаны болған жаланың.

«Нашақор» деп «ұлтшыл» деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір күнде,
Қайғыға халық батқан күн.

КӨРІНІС
Кезекші: Заключенный Рыскулбеков на допрос.
Тергеуші: Айыпкер Рысқұлбеков, сен Мир мен Сәтбаев көшелерінде жасақшыларды көрдің бе?
Қайрат: Егер ол көшеге бармасам оларды қайдан көремін?
Тергеуші: Савицкийді сен өлтірдің бе?
Қайрат: Жоқ, өлтірген жоқпын?
Тергеуші: Сенің ұрып жатқаныңды біреу көріпті ғой.
Қайрат: Олай болса мені сол адаммен беттестір, бұл өтірік жала.
Тергеуші: Ах, ты, декабрист несчастный. Я тебе покажу өтірікті! Жала
дейді еще! Ей, Рыскулбеков, сен, «Савицкийді өлтірдім» деп
мойныңа ала сал, сонда сенің жазаң жеңілденеді. Егер,сен
Савицкийді өлтіргеніңді мойындасаң, әкеңе тиіспейміз.
Әйтпесе әкеңді де…
Қайрат: Жолдас тергеуші, бұл жала ғой! Өлтірмеген адамды өлтірдім деп қалай мойындаймын, адам түгіл тышқанды да өлтіріп көрген емеспін.
Тергеуші: Заключенный Рыскулбеков, сен ақымақ болма,
«Савецкийді өлтірдім» деп мойында. Бұл – бір. Сен әкеңнен 4 мың сом алып, мына менің алақаныма сал, бұл – екі. Түсіндің бе, мақұлық?
Қайрат:
Жолдас тергеуші! Айылда әзер күнін көріп отырған ата-анамды ақша деп қинағым келмейді және не үшін ақша төлеуім керек?
Не үшін? Ешқандай қылмысым жоқ.
Тергеуші: Әкетіңдер, құртыңдар, атыңдар!

2- жүргізуші: 5 «А» сынып оқушысы Баян Жұлдыздың орындауында «Атамекен әні»
1-жүргізуші:
Маңдайына жазылған аз ғана ғұмырдың соңғы сағатына дейін мынау алдамшы дүниеден рахым күтіп, күдерін үзбеген сұңғыла жігіттің көңілі кім үшін, не үшін мерт болуға тиіс екенін сезе бастаған тәрізді.
КӨРІНІС
Темір тордың ішінде Қайрат өлең жазып отыр. Өлеңін оқиды.
Қайрат:
Қайнама қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.
Сөйлесем даусым жетпейді,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға.
Осы кезде екі жендет Қайратты сот залына әкеледі.
Хатшы: Сот келеді, тұрыңдар!
Хатшы: Отырыңдар!
Сот үкімді оқиды.
Сот: -Алдындағы сот нәтижесі бойынша:
Қазақ КСР Жоғары сотының сот мәжілісі залындағы ашық сот отырысында 1987 жылдың 25 мамырына дейін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтың айыптау ісін қарай келіп, жоғарыда айтылған оқиғалардың негізінде Қазақ КСР қылмыстық істер жүргізу кодексінің 287, 299 және 301 баптарына сәйкес соталқасы Үкім етеді.
Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков кінәлі деп табылып мынандай қылмыстық жазаға тартылсын.
Қазақ КСР Қылмыстық Кодексінің 60-бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан, 65-бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ КСР қылмыстық кодексінің 171-1 бабы бойынша ең жоғары өлім жазасына , атуға кесілсін.
Апасы: -Жоқ, бұл үкім дұрыс емес. Менің балам ақ, ол қылмыскер емес.
Хатшы: -Тынышталыңдар. Орындарыңызға отырыңыздар.
Сот: Қайрат Рысқұлбеков ақтық сөзің бар ма?
Қайрат: Бар.
”Ақтық сөз” өлеңін оқиды.
Қайрат:
”Ақтық сөзің не?” – деген,
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтамын оны халқыма,
Жоқ пиғыл менде жасымақ.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
”Еркек тоқты - құрбандық”,
Атам десең атыңдар!
Хош аман бол артымда,
Ағайын, туған-азамат.
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым саған аманат!
Сот: -Бүгінгі сот жабық.
Екі жендет Қайратты залдан жетеледі. Осы кезде апасы баласының соңынан жүреді. ”Қайрат” анама өлеңін оқиды.
Қайрат:
Мейірімді ақ жүзіне анамның,
Көңіл жүдеп, көз жасаурап қараймын.
Кешір ана, кешірімшіл едің ғой,
Кемістігі көп-ау мына балаңның.
Кейін білдім, кеш ұғындым, өкінем,
Өкінем де, басымды иіп өтінем.
Кешір, ана, кешірімшіл едің ғой,
Қолыңнан тым ерте ұзап кетіп ем.

2-жүргізуші: Алматы сәулет құрылыс институтының студенті Қайрат қазақ елінің 21-ші басшысы зобалаңына ұшырап, 21 жасқа келгенде, түрменің 21-ші камерасында, 21-ші мамыр күні қапаста дүниеден өтті.
Өлең: «Желтоқсан желі»

1-жүргізуші:
Желтоқсан оқиғасы Қарат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова, Ләззат Асанова тәрізді батырларымыздың бар екенін дәлелдеп берді.
Арада төрт жыл өткен соң 1990 17-желтоқсанда сол алаңға ескерткіш тақта қойылды.

7- оқушы:
Болсын осы ар алдында сөз ақтық,
Қан мен намыс болса бойда қазақтық.
Қайтпас қайсар қасиетті күреспен,
Алыппыз біз мәңгі теңдік,азаттық.
Әр қазақтың есінде сақталады,
Желтоқсандық өркендер ақталады.
Ер намысын қорғаған сарбаздарым,
Ерліктерің мәңгілік сақталады.

2- жүргізуші:
Желтоқсан жұлдыздары Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаhарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» тапсырылды. Сәбира, Ләззаттарға ақтау жөніндегі анықтама қағаздары берілді.
Серпіп бұлтты басқан елдің бар мысын,
Туды күнім әділетті арлы шың.
Алыс жолдан зарықтырып, шаршатып
Келдің бе сен, Азаттығым, армысың!

1-жүргізуші:
Осы оқиғадан кейін арада 5 жыл өткенде 1991 жылдың желтоқсан айының 16-сы күні қазақ елі шынайы тәуелсіздік алды. Тәуелсіздік, бұл-басымызға қонған бақ, бақыт.
Бас алаңда ел жосқан,
Жастар қаны жуған түн.

16 желтоқсан - Тәуелсіздік туған күн!
Көк аспанда тулардың
Желбіреген күні - бұл,
Елім деген ұлдардың
Елжіреген күні - бұл.
Жұпар шашқан гүлімнің
Жаңа ашылған күні - бұл.
Менің ана тілімнің
Бағы ашылған күні - бұл.
Еркін: Дүбірлетсін өңірді
Дүбірлесін дүлділі.
Қазақ деген елімнің Құтты болсын бұл - күні!
11 „А“ сынып оқушысы Қамбаров Архаттың орындауында ән.

Жүргізушілер: Бүгінгі «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік кешіміз аяқталды, қош сау болыңыздар!
14 223
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Тәуелсіз елім – Қазақстаным!
Тәуелсіз елім – Қазақстаным!
Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру. Тәуелсіздік үшін күрескен, желтоқсан құрбандарын еске түсіріп, желтоқсан құрбандарының ерлігі жайында түсіндіру.
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік – бақыт жолы» ертеңгілік сценарииі
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік – бақыт жолы» ертеңгілік сценарииі
Қазақстанның даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру. Ұлттық сана - сезімін ояту. Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру.
Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік
Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік
Тәуелсіздігіміз туралы әңгімелеп, жалпы түсінік беру. Отан, туған жер, Ата-мекенімізді құрметтеп, сүюге, патриоттық тәрбие беру. Туған елінің болашағына үлес қосып, елі, жері үшін қызмет етуге тәрбиелеу.
Тәуелсіздік тұтқасы – бізге аманат!
Тәуелсіздік тұтқасы – бізге аманат!
Желтоқсаншылардың бәрі де бір - бір батыр еді. Олар қара бастарының қамын ойлаған жоқ. Оларды «Мұзда жанған алауға» теңейтіндігіміз осыдан шығар. Кезінде белгілі қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев «Егер қазақ Желтоқсан оқиғасын ұмытса, өзін ұмытқаны»
Көк тудың желбірегені
Көк тудың желбірегені
Тәрбие сағатының мақсаты: Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмірін салыстыра отырып, өз еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру.
Желтоқсан желі
Желтоқсан желі
Бұл тәрбие сағаты 1986 ж. 16 - 17 желтоқсан күндері болған желтоқсан оқиғасына, онда бейбіт ереуілге шыққан, сонымен тарихта аты қалған желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға, онда қаза болғандардың рухына арналады.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×