Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Достық - ұлы ұғым

05 қаңтар 2019, Сенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Достық ұлы ұғым.
Мақсаты: достық туралы жақсы пікір қалыптастыру, балалардың достық ой - пікірлерін дамыту, достықты қадірлей білуге тәрбиелеу, адал дос таба білуге баулу, балалардың арасында жағымды қарым - қатынас орнату, бір - бірлерін сыйлауға, адал дос болуға үйрету.
Міндеті: қарым - қатынастағы достық ұғымы туралы түсінік беру, балалардың арасында достық сезімдерін дамытуға ықпал ету, балаларды сыйластыққа, әдептілікке, шынайылыққа, адалдыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: мақал - мәтелдер, суреттер, бейнеролик, интерактивті тақта.

"Шаттық шеңбері"
Балалар, біз барлығымыз шеңберге тұрайық. Біздің шеңберіміз қандай тамаша!
Армысың досым,
Кел, маған қосыл.
(Қолмен шақырады).
Алақанға салып алақан,
Шеңберге бірге тұрайық.
(Қолдарын ұстайды).
Жер шарындай айналып
Әлемге жарық, ұқсайық.
(Айналады).
Қолымызды көтеріп,
Күннің нұрын алайық.
(Қолдарын көкке созады).
Ортамызда күн нұры,
Құшаққа оны алайық.
(Құшақтасады).
Барлығы хормен:
Шаттанамыз бәріміз,
Өміріміз көңілді.
Мәңгілік достықпен
Мақтанамыз бәріміз!

Мұғалім: Жарайсыңдар, балалар, ал бүгінгі тәрбие сағатымыз достық, достық қарым - қатынас туралы болады.
- Адамдардың бір - біріне адал сенімі, өзара тілеулес ортақ көз - қарасы достыққа ұластырады. Достық дегеніміз - адамдардың өзара жауапкершілігі, сыйластығы мен бір - біріне қамқорлығы. Достық қарым - қатынас адамдарға өзара сенім жүктейді. Достар бір - біріне қуанышта да, қиыншылықта да ниеттес, қамқор болады.
Достық - сыйластық, мейірбандықтың мөлдір көзі. Оны уақыт та, қиындықта үзе алмайды. "Достық" деген сөздің мәні кең. Ол туралы өте ауқымды айтуға болады. Ал сендер қалай түсінесіңдер? Ой - пікірлеріңмен бөлісіп көрейік.
Балаларға сұрақтар:
1. "Достық" сөзін қалай түсінесіңдер?
2. Достар қандай болу керек?
3. Сендердің достарың бар ма?
Мұғалім:
Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бірде оның замандастары: - Достық нешеу?- деп сұрақ қояды. Сонда Әйтімбет айтқан екен: - Достықтың екі түрі болады. Бірі - адал достық, екіншісі - амал достық. «Енді оны қалай ажырата аламыз» дегендерге: - Адал достық өмірлік нұсқа боладды, амал достықтың өрісі қысқа болады, - деп берген екен.
Мұғалім: Біз досқа сенеміз, досқа әрдайым көмектесуге дайынбыз. Біз досымызға өз құпиямызды айтып сене алады екенбіз.
Сыныпта бір - біріне деген достығын, қамқорлығын, өзара сыйластығын ақындардың шығармашылықтары арқылы жеткізетін оқушыларымыз да бар. Бір сәт сол оқушыларымызды тыңдасақ.

1 - оқушы: Арай
Досым саған сенемін, сеніп өтем.
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен,
Достық деген өмірдің көрігі екен,
Достық деген адамның серігі екен.

2 - оқушы: Бекзат
Достық деген - таусылмайтын қазына,
Көктемде де солып қалар гүл емес.
Қарамайды ол сыйдың көп пен азына,
Сырлас болсаң шақырмай кел - тілегім.
Шын шақырсам саған ұқсап тіл қатпай,
Жауымның да келетінін білемін.

3 - оқушы: Аружан
Достық - әдеп сыйластық,
Дос - өмірлік қимастық.
Достық жасап адамға,
Достаса біл қашанда.

4 - оқушы: Адилет
Достар бірге жүреміз,
Бірге білім аламыз.
Бірге ойнаймыз, күлеміз,
Міне, біздер қандаймыз?!

5 - оқушы: Фариза
Достық - әдеп, сыйласым,
Дос - өмірлік қимасың.
Достық - игі жақсылық,
Достық ниет - жақсы үміт.
Достық жасап адамға,
Достаса біл қашанда.

6 - оқушы: Мәншүк
Дос құшақтан босамасын қолдарым,
Осы менің, осы менің арманым.
Достығыма сенетін жан аз болса,
Онда, құрбым, менің әлсіз болғаным.

7 - оқушы: Ерлан
Дос дегенің - асыл зат,
Мәңгілікке таусылмас.
Доссыз адам болмайды,
Бәрінен де дос қымбат.

8 - оқушы: Ұлмира
Шын дос үшін қалайда,
Тік қатерге басыңды.
Айыра біл алайда,
Досың менен қасыңды.

9 - оқушы: Нұрлан
Жақсыменен дос болсаң,
Алдыңнан шығар еліктеп.
Жаманменен дос болсаң,
Сыртыңнан жүрер өсектеп.

10 - оқушы: Қ. Айдана
Не жетеді, нағыз досқа, асылға,
Қуансаң да, қайғырсаң да қасыңда.
Қиналады - сен қиналсаң болғаны,
Ұйықтамасаң - ұйықтамайды ол - дағы.

11 - оқушы: Берекет
Достық екен өмірде ең керегі,
Достық болып дүние дөңгеледі.
Өзендегі толқындар дос боп ақты,
Қанымыздай жүгіріп кеудедегі.
Ағаш біткен дос болып тербеледі,
Тағдыр досқа бақытты тең бөледі.
Сүйеп келе жатқандай бірнеше қол,
Бірнеше қол осынау жерден мені.

Мұғалім: Балалар кейде біз асығып жүріп, ізгі сөздерді айтуға үлгермей қаламыз. Одан досымызды ренжітіп аламыз. "Рахмет", "Кешір" деген сөзді айтуға ұмытып кетеміз. Нағыз достар бір - бірінің көңіліне қарап, ренжітпейді, кешірімшіл болады.
Достар қиын сәттерде көмекке келеді, татулықты қадыр тұтады. Балалар достықтың өз заңдары бар:
1. достықты қадірлей білу;
2. доспен шыншыл болу;
3. кешірімшіл болу;
4. әр сәтте жанында табылу;
5. сыйлай білу;
6. көмекке келу;
7. досқа адал болу;

Жағдаяттан шығу.
1. Сенің ең жақын досың өзінен кіші баланың ұялы телефонын тартып алды. Сынып жиналысында оны талқылап жатыр. Ол сенен көмек күтіп тұр. Сен не айтар едің?
2. Сенің досыңды үлкен балалар күш көрсетіп соғып жатыр. Сенің оларға шамаң жетпейді. Сен не істейсің?

Мақалды жалғастыр
1. Кемшіліксіз... іздеген адам... қалады. (дос, доссыз)
2. Дұшпан... айтады, дос... айтады. (күлдіріп, жылатып)
3. Жаңылмайтын... жоқ, сүрінбейтін тұяқ... (жақ, жоқ)
4.... жаңасы жақсы,... көнесі жақсы. (киімнің, достың)
5.... ақшаң болғанша, көп досың.... (көп, болсын)
6. Ақылсыз... ақылды дұшпан...( достан, артық)
7. Досың мың....,... біреу болса да көп (болса да аз, дұшпаның)

Мұғалім: Достық - бұл үлкен ұғым. Сендердің тату достықты қалаған жүректегі қуаныш, үміт шоғы өмір бойы сөнбесін, шырақтай сәуле шашып, жана берсін. Мейірімді жанарларыңнан тараған жылудай жер дүниені жылытсын деп тілеймін. Осы ізгі тілек, игі ниеттерің орындалсын деген үмітте, тамаша әнмен бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтайық.
Ән: "Достар"
Достық - ұлы ұғым жүктеу
12 955
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Дос және достық
Дос және достық
Оқушыларды адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу, өзімшілдіктен, менмендіктен тағы басқа жаман әдеттерден аулақ жүруге үйрету
Адал достық
Адал достық
Оқушылардың арасында жағымды қарым - қатынас орнату, бір - бірін сыйлауға, адал дос болуға және қоршаған ортамен дос болуға үйрету, коммуникативтік өрісті дамыту.
Сен және сенің достарың
Сен және сенің достарың
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қарауылкелді орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Тулегенова Мейрамгул Назаровна
Дос болайық бәріміз
Дос болайық бәріміз
Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Мичурин орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Кукеева Орынкуль Исмагуловна
Достық неден басталады?
Достық неден басталады?
Тынышкүл Абилдаева Астана қаласы, №56 «Береке» балабақшасының тәрбиешісі
Достық. Махаббат
Достық. Махаббат
Астана Гуманитарлық колледжінің химия мен биология пәні оқытушысы Оразбек Муздальафа Омарқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×