Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Халық дәстүрі – асыл қазына

07 қаңтар 2019, Дүйсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Сабақтың тақырыбы: Халық дәстүрі – асыл қазына
Құндылығы: Ұлттық тәрбие
Қасиеттері: Адамгершілік, инабаттылық
7 сынып
Мақсаты: оқушылардың халық дәстүрі туралы ұғымдарын кеңейту. Ұлттық салт дәстүрді шынайы өмірде дәріптеуге тәрбиелеу.
Міндеттері:
білімдік: оқушыларға халық дәстүрінің маңыздылығы туралы түсінік беру;
дамытушылық: оқушыларды халық дәстүрінің мәнін түсініп, оны қадірлеп, бағалай білуге баулу.

1 Шаттық шеңбері
Оқушылар мұғаліммен бірге шеңберге тұрып, бір - бірімен сәлемдеседі. «Қазақы дастарханым» әні орындалады. «Ұлттық ойындарға» байланысты алып отырып, өзіне белгілі салт - дәстүрді атап береді. Мұғалім оқушылардың жауаптарын тыңдап, топ бойынша орындарына отырады.
Бейнефильм «Қазақы дәстүр»
Бейнефильм туралы ойларыңыз Бүгінгі сабақтың тақырыбын хабарлайды.

ҚАЗАҚЫ ДАСТАРҚАНЫМ
Сөзін жазған Ж. Боранбаев
Әнін жазған М. Ілиясов
Бүгінгі ел ішінде
Дәстүрді жалғастырған.
Татулық белгісі ме?
Жағалай малдас құрған.
Қайырмасы:
Ей, менің асқар тауым!
Қазақы дастарқаным.
Өзіңсің бақ - берекем,
Ақ қайнар бастауларым.
Анаға ақ пейілді
Иілсе келін - балаң.
Ықылас, ізет еткен
Сыйластық елін табам.
Қайырмасы.
Дәм татар талай ғасыр,
Ұрпақтар абай болсын.
Кірлетпей таза ұстасын,
Халықтың шар айнасын!
Қайырмасы.
Толықсып туған айым,
Наурызым, айналайын.
Өзіңсің ырыс - құтым,
Қуаныш, думан - тойым.
Қайырмасы.

2 Бейнефильмге байланысты әңгімелесу
Мұғалім оқушылардың халықтың өмір тәжірибесі, халық даналығы, оның маңызы туралы білімдерін жинақтап, ортаға салуы үшін олармен әңгімелесу жүргізеді. Әңгімелесу кезінде оқушыларға төмендегідей сұрақтар қойылады:
• Халықтың өмір тәжірибесі ұрпақтан ұрпаққа қалайша жетіп отырған?
• Халық даналығының мақсат - мүддесі неде?
• Халықтық дәстүрден қандай өнеге - үлгі алуға болады?
• Өзің үшін маңызы бар халқымыздың игі дәстүрлері туралы айтып беріңдер.
Мұғалім оқушылардың осы сұрақтарға жауап іздестірулеріне көмектесу үшін көрнекі құралдарды пайдалануға жағдай жасайды. Оқушылар сахналық көріністі, бейне түсірілімді, бейнефрагментті, фотосуреттерді қарап шығады. Әрбіреуіне жеке жеке тоқталып, талдау жасалады.
Эльмира мұғалім: оқушыларды тыңдап, салт дәстүрлерге толығырақ тоқталу
Айжан мұғалім: «Жетім көрсең жебей жүр демекші», қазақ халқының қанына сіңген бұл дәстүр осы күндері де сақталған. Қайырымдылық, жомарттық - бір адамның екінші адамға немесе адамдар тобына қарымтасыз, міндеттеусіз қызмет қылып, жақсылық жасауға шын пейілділігі, нақты ісі арқылы көрінетін өте жақсы қасиеті.
Жаңа ақпарат
Жаңа ақпаратта ұсынылған Ғ. Мұстафиннің дәстүр жайлы айтқанымен танысу оқушылардың түсініктерін кеңейте түседі.
Әр халықтың өзінше дәстүрі бар. Дәстүрдің де жақсы - жаманы болады. Жаманы жолшыбай қалып қояды, жақсысы ғасырдан ғасырға кете барады.
Қазақ дәстүрі ата - ананы, үлкенді сыйлауға баулиды. Үлкенге сәлем беру, жол беру, алдынан көлденең кесіп өтпеу, қонақты қарсы алу, төрге шығару, жақсы қабақпен аттандырып салу, жолдас - жораға қайырымды болу сияқты дәстүрлер өмір бойы ескірмейді.
Халықтық жақсы дәстүрлерді ешбір ұлы адам аттаған емес, әрбір жас дәстүрді қорғаушы, орындаушы әрі дамытушы болғай - ақ.
Ғ. Мұстафин

Мәтінмен жұмыс (Аудио мәтінді тыңдау)
Мәтінмен жұмыс жүргізу оқушылардың білімдерін кеңейтіп, олардың оқу белсенділіктерін арттыра түседі. Оқушылар сабақ тақырыбын ашатын аңыз әңгімені оқып, салт - дәстүрдің қаншалықты маңызды екеніне көздерін жеткізеді.
Мәтіннің мазмұнын жете түсіну арқылы оқушылар ата - бабамыздың ақылгөйлігі мен ұтқырлығына тәнті болады. Халқымыздың ата салтын адам баласының ғана игілігі үшін пайдаланып қоймастан, оны қоршаған ортаға қатысты қолдану арқылы өздерінің өмір салтын берік ұстанғанына көз жеткізеді. Сондай - ақ халық арасында кім болса да, атақ - даңқына, дәрежесіне қарамастан, ата салттан аттамау, оны сақтап, қадір тұтудың мәні қандай болатынын мәтіндегі оқиға дәлелдей түседі. Мұның өзі балалардың бойында халықтық дәстүрге деген сый - құрметтерін арттырып, мақтаныш сезімдерін тудырады, терең ой салады.

АҢЫЗ ӘҢГІМЕ
Баяғыда тасы өрге домалап тұрған бір хан жанына нөкерлерін ертіп, аң аулауға шығады. Орман кезіп, қыр асып келе жатса, алдынан екі көзі ботадай мөлдіреген, сауыры жез құмандай жылт - жылт еткен сұлу киік қаша жөнеліпті. Хан садақтан оқ атып, киіктің артқы аяғын жаралайды. Бір жағы құлама жар, екінші бүйірден хан нөкерлері қиқу салып, қыспаққа алғанда, жаны қысылған бейшара киік жан далбасамен сонадайдан көз тартқан ақбоз үйдің ашық тұрған есігінен ішке қойып кетіпті. Үй иелері жайылған дастарқаннан түскі тамақ ішіп отыр екен. Есіктен енген киік жаюлы дастарқаннан бір - ақ ырғып, төрдегі керегеге тұмсығын тіреп, солығын баса алмай тұрып қалыпты.
– Шығар киікті! – деп дауыстайды хан ат үстінде тұрып, төрде тамақ ішіп отырған қарияға. – Бұл тау тағысын түстік жерден қуалап келіп, сенің үйіңде қолға түсіріп тұрмын. Мұның менің олжам екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар?
Сонда қария:
– Сөзің орынды, хан ием. Киік сенің олжаң екені де рас. Бұл сорлы жаны қысылған сәтте менің төріме шығып кетті. Ортада дастарқан жаюлы жатқанын өзің көріп тұрсың. Ата салтымыз бойынша, дастарқанды аттап өте алмайсың. Көздеріне қан толып, бір - біріне өлердей жауыққан екі адамды татуластырарда дастарқан басына алып келмеуші ме еді? Тіпті хан болсаң да, дәстүрден үлкен емессің. Ал дәстүрді, қалыптасқан ата салтты бұзсаң, қалың елдің табасына қаласың, жолың болмайды, – депті.
Хан аталы сөзден жеңіліп, ат басын кері бұрыпты.

Аңыз әңгімедегі дәстүрге назар аударып, оны талқылау. Оқушылар өздері оқыған аңыз әңгімелерден осыға ұқсас мысалдар келтіреді.

Айжан мұғалім: Аталы сөздерге құлақ асып, салт дәстүрлерін сақтап қана емес, қазақ халқы қолөнерін де кеңінен пайдаланған. Осы туралы мен сендерге ертегі айтып берейін. Баяғыда бір хан болыпты, және ол ханның жалғыз ұлы болыпты. Сол ұлы бір күні саятқа шығып, алдына кездескен аңдарды қырып жойып келе жатқанда бір үкі оның бетіне шапшып, 2 көзін ойып жібереді. Соқыр болып келе жатқан хан баласы жардан құлап мерт болады. Содан хан іздеу салып, «кімде кім ұлымның қаза болғанын естіртер болса, соның басын аламын»- деп жарлық берген соң, оның өлімі туралы айтуға ешкімнің батылы бармайды. Сонда бір оюшы адам болған оқиғаның желісін сипаттап, сырмақ салады да оны ханның алдына жайып салады. Ол хан сырмақтың оюын тарқатып, ұлының биік-биік таулардан асып, терең сулардан өтіп, қалың орманды аралап, аңдарды аяусыз қырғанын, бетіне ұшып келген үкінің көзін ойып, соқыр болғанын, жардан құлап мерт болғанын түсініпті. Бұл жерден, балалар, оюшының асқан шеберлігін байқауға болады. Ал енді біз де қазағымыздың дәстүрін жалғастырып, оюларды салып көрейік. Алдарыңда жатқан тапсырмалар бойынша Paint бағдарламасында ұсынылған оюларды салыңдар. Салып болған соң әр топтан бір оқушы сол салған оюы туралы қысқаша айтып берсін. (Компьютерде тапсырмалар орындау)
Енді балалар компьютерлеріңде, жұмыс столында Дәйек сөз деген файлды ашып, дәйексөздерді оқып, топ ішінде талқылап, негіздеп беріңдер. 2 минут уақыт беріледі.
Мектеп: №5 орта мектеп
Мұғалімі: Құдабаева А. Б.
Халық дәстүрі – асыл қазына жүктеу
2 416
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Халық дәстүрі – асыл қазына
Халық дәстүрі – асыл қазына
Оқушылардың халық дәстүрі туралы ұғымдарын кеңейту. Қазақ халқының қанына сіңген ізгі адамгершілік қасиеттерінің халықтың салт - дәстүрлерімен сабақтастығын түсіндіру; Тәрбиелік мәні бар салт – дәстүрлерді бойына сіңіру.
Көшпелілердің салт - дәстүрі мен діни нанымдары
Көшпелілердің салт - дәстүрі мен діни нанымдары
Көшпелілердің салт - дәстүрі, діни нанымдары туралы біледі. Көшпелі тайпалардың өзіндік ерекшеліктеріне талдау жасай алады.
Қош келдің қызғалдақтай Наурыз
Қош келдің қызғалдақтай Наурыз
Балалардың наурыз туралы түсініктерін арттыру, ой өрісін, тілін, дамыту. Халқымыздың салтын әдет ғұрпын өнегелі, өнерлі азамат болып бірлікке, достыққа тәрбиелеу.
Ертегілердегі өлшем бірліктер
Ертегілердегі өлшем бірліктер
Қазақы өлшемдер жайлы іздену, мағлұматтар жинау және қазақ ертегілерінде кездескен қазақы өлшемдерді табу
Ата салтым – асыл мұрам
Ата салтым – асыл мұрам
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы "Сам орта мектебі" ММ Бастауыш сынып мұғалімі Койшыбаева Баян Кипчаковна
Салтым – асыл қазынам
Салтым – асыл қазынам
Атырау қаласы, Жаңаталап селосы, Жамбыл орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Иманғалиева Ботагөз
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×