Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Адамгершілік -асыл қасиет

05 сәуір 2013, Жұма
Категориясы: Тәрбие сағаты
Адамгершілік – асыл қасиет (презентациясымен)
Мақсаты: оқушылардың бойына рухани - адамгершілік қасиеттерді ұялату үшін мейірбан, ақылды, шыншыл, қайырымды, т. б. адамдық асыл қасиеттерді игеру ықпал ету мақсатында өтіледі.
Көрнекілік: күлімдеген күн, түнерген бұлт, кемпірқосақ суреттері.
Нақыл сөздер:
1. Адамның ішінде болмайды аласы,
Оларды бұзатын нәпсінің таласы.
(Шәкәрім)

2. Дос кешірім сұрағанда иілікпен адамның күнәсі - ысырапшылық күнәсімен бірдей.
3. Адам бір тәуір іске жарамаса да, өзін аспаннан түскендей ұстауды ұнатады.
4. Адамның адамшылығы - ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, құрбы, жақсы ұстаздан болады.
(Абай)

Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру. Баяу күй орындалып тұрады, оқушылар орындарынан тұрып, сәлемдескеннен соң, тәрбие сағаты басталып кетеді.
2. Оқушылар орындарына отырып, музыка әуені тоқталады, сол кезде есік қағылып, хат әкелінеді. Хатта бүгінгі тәрбие сағатының тақырыбы жазылған екен.
Тақырып баяндалып, сабақтың мақсаты аяқталған соң, сынып жетекшсі кіріспелеу әңгімесін әңгімелеп кетеді.
- Адамшылық деген не? Бұл сұраққа жауап беру үшін рухани бай адам деген қандай адам, рух деген не?- деген сұрақтар төңірегінде ой өрбітемін.
1 - оқушы: Рух - деген адам бойындағы бір қуат. Ол қуат адам бойында кездесетін барлық жақсы қасиеттермен жасайтын барлық игі істерінің қайнар көзі.
2 - оқушы: Жаратылыстың барлығы екі қарама - қарсы нәрседен тұрады. Ақ - қара, күн - түн, ыстық - суық, жақсы - жаман. Адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер рухтан туындайды, ал жаман қасиеттер нәпсінің көрінісі болып табылады. Адам денесі бір болғандықтан оның ішінде билік үшін үнемі осы екі қуаттың – «рух пен нәпсі» күресі жүріп жатады.

3 - оқушы: Рухтың мекені - адамның жүрегі. Жүрек жылуы, махаббат, ар - ұят, қайрат, мейірімділік, жақсылық, адамшылық осы жүректен туындайды.
Күн адамның рухы болса, күн сәулесі - ақыл дейік.
4 - оқушы: Рухани бай адам - ең алдымен әділ, шыншыл, мейірімді, кешірімді, қанағатшыл, ақылды болады. Осындай қасиеттері бар адамда адамшылық мол болады. Адамгершілік ұғымында да осы аталған қасиеттермен бірге аяушылық, сүйіспеншілік, жан аямай еңбек етушілік т. б. көптеген сапалар кездеседі.
Бүгінгі сабақта осы сапалардың біразы туралы пікірлескенді дұрыс санадым.
I. Шаттық шеңбері.
- Балалар, бәріміз шаттық шеңберіне жиналайық. Бәріміз атымызды атап, мағынасына тоқтайық.
2. Ойымызды өрбітіп, бойымызға адамгершілік нәрін егу үшін тақтаға ілінген Күннің суретіне қараңдаршы.
Жарық күн - көлегейленіп тұр, күнді біз мейірбан, жан шуағын төгетін құдіретті ананың біріне теңесек, біз оның жүрегіндегі көлеңке сезімін сейілтейік, ол үшін бетіндегі түнерген бұлттарды ашайық.
Кәне, бірінші бұлт. Сенің шешуің не, сен неге түнере қалдың?
Бұллтағы бірінші тапсырма: баяу ән әуенімен барлығымыз жағымды ойларға берілеміз, рухани жан азығын бесік жырынан бастаған адам, әуен ырғағында тамаша ойларға беріледі. Жағымды ой ойлауға бір минут уақыт беріледі.
(Бірнеше оқушыдан ойлаған ойлары сұралады).
- Менің әскердегі ағайым аман - сау жүрсе екен.
- Аңсаған оқуыма түссем екен.
- Жер шарында тыныштық болса т. б. ойлар айтылады.
Мұғалім:
- Осындай жағымды ойлардың сендердің бойларыңа қайырымдылық, өмірге сенімділік әкеледі.
Көрініс: Үш ана басы қосылып, әңгімелесіп тұрды.
Бірінші ана:»Менің балам өте ақылды, өнерлі, әнші, математикадан нашар болғанмен болашақта керемет бір танымал кісі болатынына сенемін»,- дейді баласын мақтап.
Екінші ана:»Менің балам әдемі, таза киінгенді ұнатады. Ақшаның да есебін жақсы біледі. Шамасы балам болашақта үлкен бизнесмен болады - ау»,- деп мақтанады.
Үшінші ана үндемей тұрып қалады
Сол кезде үш ана қарияның жолдан өтуіне көмектесіп, қолтығынан демеп, сөмкесін көтерісіп келе жатқан баланы көреді. Бұл үндемей қалған үшінші ананың баласы еді. Қария балаға алғысын жаудырып кете берді.
Үш бала аналарына жақындады. Алғашқы екі ананың балалары аналарынан балмұздаққа ақша сұрай келді. Ал, үшінші бала анасына бүгінгі сабақтан «бестік» баға алғанын айта келді.
Сұрақ? Қай баладан болашақта не күтуге болады?
(Оқушыларды сөйлете отырып, сұраққа жауап алу.)
1 - бұлт ашылды - қайырымдылық қасиетін білдік.
Екінші бұлтты сейілтеміз.
Мұғалім: Ұлы Абайдың
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол;
Адам болам десеңіз», деген өлең жолдарын қалай түсінуге болады? Ол қандай қасиеттер?
1- сұрақ: Неге үйрену керек? (Оқушылар өлеңді жалғастыру арқылы жауабын айтады)
«Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой -
Бе асыл - іс, көнсеңіз...»Шын мәнінде нағыз адам болу үшін адамгершілікке тән, жағымды жақсы қасиеттер, жақсы сипаттар - адамдық, әділеттілік, достық, махаббат, ар - намыс, сабырлық, батырлық, т. б. осылардың ішінен ақын жастардың бойындағы адамгершіліктің негізгі қасиеттері ретінде «бес асыл іс: талап, еңбек, терең - ой, қанағат, рақым туралы даналық ой толғауын айтады.
Талап. Абай 44 - сөзін «Адам баласының ең жаманы - талапсыз»- деп бастайды да талаптың түрлері көп болатынын баяндайды. Талаптың ішіндегі ең зоры - бір өнерді таңдап, содан нәтиже шығармай тынбаушылық. Сонымен бірге оқып, талапкердің өнерлес кісімен сыйлас болуының қажеттігін айтады. Абайдың түсінуінше талапсыздық түрлері - ынтасыздық, ықылассыздық, жігерсіздік.
Керек іс бозбалаға талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан сөйлеп,
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық,
деп Абай талаптың дарынды, ынталы дамытатыны, сондықтан да халықтың «талапты ерге нұр жауар» деген сөзді бекерге айтпағаны туралы ой толғайды.
Еңбек - бұл дүниедегі құдіретті күш, діни ұғымда құдай болса, ғылыми ұғымдағы бірден - бір жасампаз ұлы күш - еңбек. Абайдың тұжырымдауынша әуелі құдайға сыйынып, сонан соң өз қайратына сүйеніп еңбек еткен адам нағыз азамат болып саналады.
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған,
Би болған, болыс болған өнер емес
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған...
деп өз елін отырықшылыққа, егіншілікке, ғылымға шақырады. Еңбекті «бес асыл істің негізгісі» деп бағалаған Абай:
Бақпен асқан патшадан,
Мимен асқан қара артық.
Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық...
Терең ой - адамды адам еткен еңбек болса, сол еңбек дағдысы барысында қалыптасқан адамды барлық жан - жануардан ерекше айырып тұрған екі қасиетті Абай жоғары бағалады. Оның біріншісі - ақыл - ой, екіншісі - сөз.
Қанағат. Абай адамгершілік, иман туралы толғаныстарында «Қанағат» ұғымына ерекше мән береді. Ақынның түсінуінше қанағат - барға риза білу, місе тұту, нысаптан шықпау, нәпсіге ермеу.
Рақым. Рақым дегеніміз ұғымдық философиялық тұрғыдан алғанда адамның өзге кісілерге жасайтын жақсылығы, мейірім - шапағаты мен көмегі.
2 сұрақ: Неден жирену керек?(Оқушылар өлеңді жалғастыру арқылы жауабын айтады)»Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ». Абай.
«Бес дұшпан»
«Адам болам десеңіз,
Оған қайғы жесеңіз,
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ -
Бес дұшпанын білсеңіз...»
деп адамның бойындағы жағымсыз қасиетті сынға алады. Ақынның түсіндіргеніндей, адамгершілікке жат, жаман қылықтар - арамдық, әдепсіздік, әділетсіздік, жағымпаздық, жылпостық, менмендік, қулық, сұмдық, пәлеқорлық, т. б. толып жатыр.
Өсек. Абай заманында ел арасына көп тараған, адамгершілікке жат, жаман қылықтардың бірі - өсек айту, өсекшілдік. Осы жайға реніш білдірген ақын 24 - сөзінде «... қазақ ортасынан ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып, өнерді, малды түздеп, бөтен жақтан түзу жол іздеп, өрістетерлік күн болар ма екен? деп армандайды.
Өтірік. Ақын өсекшілдікті опасыздықтың, арамзалықтың, екіжүзділіктің ең жексұрын көрінісі ретінде айыптайды, өсек аңға үйір, желбуаз жандарды өлтіре сынап, адамдар бойындағы өтірік айту секілді кеселдерді уытты тілмен әшкерелейді. Өсекте болар - болмас бір негіз болуы мүмкін, ал өтірік мүлде жалған, шындыққа, ақиқатқа ешбір жанаспайды.
«Расы жоқ сөзінің,
Ырысы жоқ өзінің.
Өңкей жалған мақтанмен,
Шынның бетін бояды»- деп өтірік пен өтірікшілердің бет пердесін аша сынайды.
Мақтаншақ. Абай өмір сүрген заманда ел адамдарының, әсіресе үстем тап өкілдерінің бойында жиі кездесетін жаман қылықтардың бірі - мақтаншақтық, даңғойлық. Ондай әулекі адамдар өзін дәріптеуді сүйетін, басқалардың алдында білімді, жағымды болып көрінгісі келетін бөспе, сөзге құмар, Абай сөзімен айтқанда, мақтаншақтар.
Еріншек. Адамдардың бойына біткен жаман қылықтардың ішіндегі ең жағымсызы - еріншектік. Абайдың түсіндіруінше: еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады.
Бекер мал шашу. Абай шығармаларында қолда бар қаржы мен мал - мүлкін дұрыс пайдалана алмайтын, өз пайдасын білмейтін, сырт көзге жомарт болып көрінуге тырысатын мақтаншақ адамдарды өлтіре сынға алған.
Мұғалім:
- Мынандай суретке көңіл аударайық. Суреттен нені көріп тұрсыңдар?
Жауап: қара ноқат немесе қара ноқаты бар ақ қағаз.
Шын жауап: қара ноқаты бар үлкен кеңістік.
- Иә, балалар, өмірдің көптеген көріністерінен, оқушылық өмірлеріңде сендер ақ түсті аңғармай, адамдар бойынан «қара» ноқатты көресіңдер. Былайша айтқанда, біз әр адамның бойынан жақсы жақтарын ғана көрсек, неге оның кемшілігіне көңіл аударамыз. Жақсы оқиғалардан гөрі, дау-дамай, қылмыстар жайында рахаттана әңгімелесеміз. Немесе сұқ саусақпен басқаны көздеп көрсетуге әуеспіз, сұқ саусақты көрсеткенде, қалған үш саусақтың өзімізге қарағанын байқамаймыз ба? Егер сені біреу сөгіп жатса, «мен ризамын» деп жауап бере қой делінген пайғамбар хадистерінде. Сондықтан, балалар, жаңағы өздерің айтқан нақыл сөздерден өнеге алып, өмірдің, достарыңның, ұстаздарыңның тек жақсы жақтарын қабылдай біліңдер. Мына жазылған нақыл сөзге көңіл аударыңдар:
Адамның адамшылығы - ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.
Абай.
Үшінші бұлтты сейілтеміз:
Рухани - адамгершілік қасиет - сүйіспеншілік. Ата - анамды сүйемін, туған жерімді, Отанымды, достарымды сүйемін. Осы қасиетке байланысты:
1 - қатар: Отанға сүйіспеншілік.
2 - қатар: ата - анаға
3 - қатар: махаббат, достық.
Сүйіспеншілікке төрт ауыз тақпақ құрайсыңдар.(Баяу музыка ырғағы, 3 - 4 минут уақыт). Тақпақтарын тыңдаймыз.

Өзіңдікі – Елің де,
Өзіңдікі - Жерің де.
Өзіңді - өзің еткен бақ,
Тәуелсіздік төрінде.
Өзіңдікі - туың да,
От пен ауа суың да.
Жаса Қазақстаным
Белді бекем буын да.

Төртінші бұлтқа таядық. Тест тапсырмасы.
1 - қатарға. Сынып ішіндегі бір баламен сенің досың ойнағысы, қарым - қатынас жасағысы келмейді. Тіпті оны мазақтаңдар деп үгіттейді. Ал сен не істер едің?
а) Ештеңе білмегендей боласың.
ә) Достарыңмен бірге мазақ қыласың.
б) Достарыңның табалауынан қорықпастан, осы баламен достасқың келеді.
2 - қатарға: Ағаш дұрыс өсу үшін оған қай кезде көмектесу қажет?
а) Үлкен ағаш болғанда
ә) Көшет кезінде
б) Тал кезінде
3 - қатарға: Сенің үлкен әпкең шешесіне құрбысының үйіне сабаққа даярланамын деп кетіп, ал шындығында олар дискотекаға кетті. Егер шешең осы жайды сұраса, сен не істер едің?
а) Бұл жайында ештеңе білмеймін деймін.
ә) Бір дәлел ойлап табумен әпкеңді құтқарасың.
б) Шыныңды айтасың.
Бесінші бұлт. Таңғажайып алаң.
Рухани адамгершілік қатынастарына жататын адамның бір тамаша қасиеті жасырынып тұр - соны табамыз.
Ол «әдептілік» деген сөз болады.
Алтыншы бұлтты сейілтеміз, осы тапсырманы орындаған соң Күн күлімдеп шығады.
Ол тапсырма - сұрақтарға жауап.
1. Сөйлеу мәдениетін қалай түсінесің?
2. Махаббат сүйіспеншілігі деген не?
3. Аманат деген не?
Осы сұрақтардың жауабын дұрыс айта білсе деген мақсатпен Өтебай Тұрманжановтың «Ананың аманаты» деген тақпағын оқып берейін.
Сынып жетекшісі:

Күн ашылды.
Даламдай кең пейілім.
Жүрегім толы мейірім.
Мен үшін жоқ уағың
Бәріңе ортақ шуағым.

Осы жарқыраған күндей, мейірімді, жан шуақты, көңілдерің ақ, адамға тек жақсылық жасай білетін, адамгершілігі мол азамат болыңдар. Бүгінгі сағатта аз болса да, жақсылықтың нұрын, адамгершіліктің дәнін алдыңдар деп ойлай отырып, ашылған күннің соңындағы әсем кемпірқосаққа көңіл аудартайын.
1 - түс. Әр күнді жақсы ойлар ойлаумен бастаңдар.
2 - түсі. Күні бойы өзіңді қоршаған адамдардың бәрі туралы тек сүйіспеншілікпен және ізгілікпен ойлап жүр.
3 - түсі. Ұйықтар алдында бүгін қанша адамды қуантқаныңды, жұбатқаныңды, күлдіргеніңді еске түсіру үшін бірнеше минут арнап көр.
4 - түсі. Әнді жиірек тыңдағаның дұрыс, бәрінен жақсысы жаныңды жадыратып, рақатқа бөленесің.
5 - түсі. Басқалардың қажетіне жарай білуге талпын.
6 - түсі. Тыныштық сақтай білуге үйрен. Нәзік үнмен биязы сөйлеуге дағдылан. 7 - түсі. Жақсылыққа жақсылық - әр кісінің ісі, ал жамандыққа жақсылық - ер кісінің ісі деген нақыл сөз жаныңда жүрсін.

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
48 179
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Адамгершілік – рухани тәрбие
Адамгершілік – рухани тәрбие
Адамгершілік — бұл рухани тәрбие. Адамгершілік - адам бойындағы ең асыл қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Егер адамда адамгершілік қасиет болмаса,
Адамгершілік – асыл қасиет
Адамгершілік – асыл қасиет
Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Абай.
Адамгершілік - асыл қазына
Адамгершілік - асыл қазына
Адамгершілігі мол, жақсы қасиеттерді бойына сіңірген, әдепті, кішіпейіл болуға тәрбиелеу. Ой - өрістерін, сана сезімдерін, тілдерін, шығармашылықтарын дамыту;
Адамгершілік – асыл қасиет
Адамгершілік – асыл қасиет
Адамның бойындағы ұнамды - ұнамсыз қасиеттерді айта отырып балаларды адамгершілікке тәрбиелеу, адам бойындағы асыл қасиеттерді бағалай білуге адамдармен қарым - қатынас дағдыларын жасауға баулу.
Адамгершілік - асыл қасиет
Адамгершілік - асыл қасиет
Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент ауылы, Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Токтыбаева Гулмира Борибековна
Адамгершілік-асыл қасиет
Адамгершілік-асыл қасиет
Оқушылардың бойына рухани адамгершілік қасиеттерді ұялату үшін мейірбан, ақылды, шыншыл, қайырымды т.б. адамдық асыл қасиеттерді игеруге ықпал ету.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×