Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Бозбала мен бойжеткен

28 сәуір 2013, Жексенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Тақырыбы: Бозбала мен бойжеткен

Мақсаты: Оқушылар арасынан қабілетті, өнерлі, ынталы, жігерлі жеткіншектерді анықтау; ұлтымыздың салт - дәстүрін құрметтеуге, тілімізді сүюге, тапқырлық пен шешендікке тәрбиелеу.
Түрі: сайыс
Көрнекілігі: нақыл сөздер, шарлар, гүлдер, кеспе қағаздар, асықтар.
Барысы:
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі 8 - 9 - сыныптың 5 жігіті мен 5 бойжеткені арасында өткізілгелі тұрған «Бозбала мен бойжеткен» сайысына қош келдіңіздер.
Мың бұралған арулар билей басып,
Келеді міне ортаға толқып, тасып,
Аруларын сыйлаған халқым менің,
Көңілді қошеметпен қарсы алайық,-
деп сайысқа қатысқа қатысатын бойжеткендерді ортаға шақырамыз.

Жүргізуші:
Уа, халайық, халайық,
Мұнда назар салайық,
Ата жолын жалғамақ.
Ел дәстүрін қолдамақ.
Жігіттер шықсын ортаға, -
деп жігіттерді ортаға шақырамыз.
(Әр қатысушының бойындағы өнері мен жетістігі аталып, жеке - жеке таныстырылады)

Жүргізуші:
Сайыста бақ сыналар, бап сыналар,
Бас жүлдені өнерлі, тапқыр алар.
Кім өнерлі, кім тапқыр – шешу қиын
Қазылар алқасы болмаса, нақ сын айтар, -
демекші, кез - келген сайыс бағалануы тиіс. Яғни, сайыстың ара - жігін ажыратып, әділдік айтып, тура шешім қабылдайтын қазылар алқасымен таныс болыңыздар.
(Құрамы үш адамнан тұратын қазылар алқасы сайланады)
Бұл сайыс барысында қатысушы қыз - жігіттер жұп тауып алады да, бірігіп, сайыс шарттарын орындауы тиіс. өз бойындағы өнерін, тапқырлығын, шешендігін көрсете білген жұп қана «нағыз бозбала мен бойжеткен» атағын жеңіп алады.

Жүргізуші: Құрметті сайыскерлер, алдымен, мына берілген қиықтар арқылы, жұптарымызды таңдап алайық. Сәйкес келген қиықшалар жұп болып саналады.
Енді, мына қоржыннан асық таңдап алып, кезек номерлеріңізді анықтаймыз.

Номерімізді анықтап алдық, ендеше, орындарыңызға жайғасуларыңызға болады. (Әр жұп номерлеріне сәйкес орындарына отырады)
Сайыс бөлімдері:
Сәлем - сөздің анасы
Мақал - сөздің мәйегі
Ұшқыр ой
Жұбыңды танисың ба?
Өлең – сөздің патшасы
Жаңылтпаштан жаңылмайық
Өнерлі өрге жүзер
Сұлу би - сымбат мүсін айғағы
Сыйлық - тарту

«Сәлем - сөздің анасы» бөлімі
Жүргізуші:
Армысың, айналайын дархан халқым,
Сақтаған ұлтымыздың берік салтын.
Тіл ұшына оралар кездескенде,
«Сәлем – сөздің анасы» деген халқым.
Топ алдына шыққанда басын иіп,
Сәлемдесу парызы әрбір жастың.
Өнерлерін паш етер сайыскерлермен,
Сәт те келіп қалғандай танысатын,-
Әр жұп өздерін таныстырады.

«Мақал – сөздің мәйегі» бөлімі
Жүргізуші: Ең мәдениетті нағыз қазақ әр сөзін мақалмен әрлеп сөйлейтіні баршамызға аян. Енді әр жұптың сөз саптауларына кезек берейік. Ол үшін алдымен сіздерге мақал айтылады. Ал, сіздер осы мақалда қандай сөз бар, сол сөздің біріне мақал құрауларыңыз тиіс (мақал кезек бойынша жалғасады). Қай жұп мақалды көп тапса, ұпайлары да көбейеді.
Мысалы: «Ердің атын еңбек шығарады», «Ер елімен жақсы», «Жақсы сөз жан сүйсіндіреді, жаман сөз күйіндіреді», «Шешен сөзінен сынады, иен көзінен сынады» т. т.

«Ұшқыр ой» бөлімі
Жүргізуші: Қазақ халқы жұмбақтап, астарлап сөйлеп, айтар ойын тұспалдап жеткізе білген. Бұл бөлімде әр жұптың қаншалықты тапқыр, ойлары жүйрік екендігі анықталады. Сіздерге халқымыздың жұмбақ сөздері жасырылған кеспелер таратылады. Ойлануға 3 минут беріледі.

Қазақ халқының жұмбақтары:
1) Ертеде өзі сері, өзі әнші, өзі күйші бір жігіт болыпты. Бірақ, тұрмысы кедей екен. Пәлен деген ауылда үлкен той болатынын естіген жігіт бармақшы болып, әке - шешесінен рұқсат сұрайды.
Әкесі: «Балам, ауылың жіберсе барарсың»,- дейді. Сонда баласы: «Ауылың жіберсеңіз қалай, неге жібермейді, мен сіздерден рұқсат сұрап отырған жоқпын ба?» деп таң қалады.
Тойдың болатын уақыты жетіп, тойға жинала бастаған жігіт «ауылың жіберсе барарсың» сөзінің мағынасын түсініп, санын соғып қалған екен.
«Ауылың жіберсе барарсың» сөзінің мағынасын түсіндіріңіздер.
2) Ауылдағы ең үлкен сыйлы кісінің үйіне бір топ қариялар келеді. Қарттарға шай - суын, етін беріп, зыр жүгіріп жүрген келіні бір уақытта сыртқа шығып кетеді. Қараса, өзеннің арғы бетінде бір қойды қасқыр жеп жатыр екен. Сонда келін үйге кіріп, аталарына қарап - қарап қойып: «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Жанымаларыңды жонып - жонып жіберіп, тез жетіңдер» деген екен.
Келін нені жасырған?
3) Екі атты келе жатса, бір қойшы қой бағып отырса керек. Бұлар кездесіп, аман - саулық сұрасқан соң, қойшы екі аттының бірінен «Қасыңдағы жолдасың кім?» деп сұрайды. Сонда аттының айтқан жауабы: «Бұл кісінің шешесі менің шешемнің қайын енесі. Кім екенін өзің біл», дейді.
Атты кісінің бір - бірімен қандай жақындығы бар?
4) Ертеде бір ауылда қыз - жігіттер жиналып, бастаңғы жасайды. Бастаңғыға бір жұпынылау тұратын үйдің қызы да бармақшы болады. Әкесінен рұқсат сұрап, бастаңғыға қайтсе де баратындығын айтады. Сонда әкесі: «Қызым - ау, мен рұқсатымды берермін - ау, бірақ барғысбасың барғызбас», - дейді. Қыз «Барғызбасы несі, кім барғызбайды? Неге барғызбайды? Неге бармаймын? Барамын!» – деп қиғылық салады. Бастаңғы уақыты таянып, оған барар кезде, барғызбастың барғызбасы не екенін түсінген қыз бастаңғыға бара алмай қалады.
Қыздың әкесі не айтты?
5) Екі жақсы атқа мінген жолаушылар бір кісіге кездеседі. Жолдағы кісі былай дейді: «Мына кісінің жорғасын - ай, қыздан өткен жолдасын - ай». Сонда атты адамның бірі: «Бұл кісінің шешесі менің шешемнің қайын енесі. Мен бұл кісінің жан денесі», - дейді.
Бұл адамдар бір - біріне кім болғаны?
Жауаптары:
1) Жігіттің тұрмысы кедей, тойға киер киімі жұпыны болатын. Бұрын тойларға ауыл адамдарынан киім сұрап баратын болған.
2) Қонаққа келген қариялардың есімдері Өзенбай, Қамысбай, Қозыбай, Қасқарбай, Пышақбай.
3) Атты кісілер - әкесі мен баласы.
4) Қыздың бастаңғыға киіп баратын киімі жоқ.
5) Жолаушылар - әкесі мен қызы. Жауап берген жолаушы – қызы.

«Жұбыңды танисың ба?» бөлімі
Бұл бөлімде жігіттердің көзі байланады. Олар қыздардың қолдарынан ұстап, өз жұбын тауып алулары тиіс. (музыка ойналады)

«Өлең – сөздің патшасы» бөлімі
Сайыскерлер бөлім шарты бойынша берілген тақырыпқа сәйкес өлең жолдарын құрастырады. Уақыт 5 минут. (ән тыңдалады)

«Жаңылтпаштан жаңылмайық» бөлімі
Сайыскерлерге жаңылтпаштар айтылады. Олар тез қайталау керек.
Майқарағай басында мал қараған бала отыр,
Балқарағай басында бал қорыған шал отыр.
Құндызды өзім күндіз көрдім,
Сол құндызды көрген түні із көрдім,
Құндызды күндіз жүз көрдім.
Ақ терек пе, көк терек пе?
Көк терек пе, көп терек пе?
Көп теректер көк тіреп пе?
Көкті тіреп, көктемек пе?
Мен бақшаның қарбызын алдым,
Ол таудың жалбызын алды.
Жалбызын алса, жалғызын алды,
Жалғызын алса, жалғызы қалды.
Қарамайын қарағайдың
Қаламайын, жоламайын.
Қарағайдың қара майын,
Қасына енді жоламайын.

«Өнерлі өрге жүзер» бөлімі
«Өнерлі өрге жүзер» дейді халқым,
Өнерлі болсаң егер бұл да бір сын.
Қане жұртым көрелік өнерлерін,
Қағып таңдай, тамсанып, десіп шіркін, -
Біздің сайыскерлеріміздің бірі ән айтса, бірі билейді, бірі күй тартса, бірінің ағаштан түйін түйетін шеберлігі бар. Ендеше, әр жұптың өз бойларындағы өнерлерін тамашалайық.

«Сұлу би - сымбат мүсін айғағы» бөлімі
Ән мен күйді қатар берген санамызға,
Құштармыз - ау өнерге баршамызда.
Өнердің ең әсемін би деп айтсақ,
Қыз - жігіттер, биден құр қаламыз ба?-
Барлық жұптың көздері байланады. Сайыскерлер бір - бірін тауып алып, вальс ырғағында билейді.

«Сыйлық тарту» бөлімі
Бұрын қазақтың қыз - жігіттері бір - бірінің достықтарын нығайта түсу үшін сыйлық тарту еткен. Мінекей, сіздерге де қазақы дәстүрмен өз жұптарыңызға сыйлық табыстау қажет деп шарт қойылған болатын. Ендеше, сыйлық тарту кезегі де келіп жетті. Қанекей, өз жұптарыңызға жақсы тілекпен бірге сыйлықтарыңызды ұсынуларыңызды сұраймыз.

Қорытынды:
Қазылар алқасы қортынды шығарады, сайыскерлерді марапаттап, сыйлықтар табыстайды.
19 031
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Мен қазақтың қызымын (қыз сыны байқауының сценарийі)
Мен қазақтың қызымын (қыз сыны байқауының сценарийі)
Еліміздің ертеңі мына ұрпақтың қолында. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, бүгінгі қыз ертеңгі ана.
Қыз еркем, өнерімен көркем
Қыз еркем, өнерімен көркем
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы №9 жалпы білім беру мектебі Бастауыш сынып мұғалімі: Ниязова Жанылша Бековна
Даналығын халқымның мақтан етем
Даналығын халқымның мақтан етем
Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Ақадыр ауылы. Малик Армангуль
Мен сенің өміріңнің жалғасымын
Мен сенің өміріңнің жалғасымын
СҚО, Шал ақын ауданы, Жаңажол орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Габдуллина Гаухар Кажгалиевна
Көктем аруы қыздар арасында байқау
Көктем аруы қыздар арасында байқау
Мың бұралған арулар билей басып, Келеді міне ортаға толқып тасып. Аруларын сыйлаған халқым менің, Көңілді қошеметпен қарсы алайық.!
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×