Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары

11 маусым 2013, Сейсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
«Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары»

Мақсаты: оқушыларды қазақтың ұлттық аспаптарымен таныстыру, аспаптық музыкаға деген қызығушылығын ояту;
а) білімділік: әр аспаптың шығу тарихы жайлы түсінік беру, жасалу ерекшелігі, дыбыс бояуың түсіндіріп, ұлттық аспап туралы білімдерін жетілдіру;
ә) дамытушылық: оқушылардың есте сақтау қабілеттерін дамытып, музыкалық аспаптарда ойнай білу қабілеттерін дамыту;
б) тәрбиелік: қазақтың ұлттық аспаптарын мақтаныш тұтуға тәрбиелеу, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру және оны құрметтеуге баулу.

Сабақтың көрнекілігі: музыкалық аспаптар суреті, аспаптар, кітаптар көрмесі, буклет, видео, слайд.

Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру бөлімі.
Сәлеметсіздер ме балалар! Біз бүгінгі тәрбие сағатында қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен танысып, олардың түрлерімен, ойнау әдісі мен жасалу жолымен танысамыз.
- Оқушылар қазақ халқының қандай музыкалық аспаптарын білесіңдер?
- Домбыра аспабының құрылысын кім айтып бере алады?
- Күй дегеніміз не?
- Күйші дегеніміз кім?
- Күйшілерді айтып беріңдерші?
Ендеше оқушылар бүгінгі тәрбие сағатымыздың негізгі бөліміне көшейік.

II. Негізгі бөлім.
Өткен ғасырлар үніне құлақ түрсек, біздің ата – бабаларымыз тастан, ағаштан, өсімдіктен, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізден, ішектен, қылдан т. б. алуан түрлі заттардан дыбыс шығаруға болатынын аңғарып, қарапайым музыкалық аспаптар жасап алды. Сол ұмыт болған қазақ халқының аспаптарын қайта жаңғыртып, олардың кең түрде насихатталуына мол еңбек сіңіріп, соңына қыруар мұра қалдырған Болат Шамғалиұлы Сарыбаев еді.
Болат Шамғалиұлы Сарыбаев көне аспаптарды жинауға 1960 ж. бастап кіріскен екен. Сол жылдары Алматы консерваториясының ұстазы Б. Сарыбаевтың үйі ерекше мұражайға айналды. Ол жинаған аспаптар саны 300 - ге жетті. Зерттеуші еліміздің түрлі аймақтарынан көне аспаптарды тауып, оларды зерттеп, жетілдіріп, орындау әдістерін меңгерді, шәкірттерін баулыды. 1968 жылы көне ұлттық музыкалық аспаптардан ансамбль ұйымдастырды. Б. Сарыбаев аспаптарды ойнау тәсіліне қарай мынадай түрге бөледі: үрлемелі, ұрмалы, сілкімелі, ысқышты, ішекті, шертпелі, тілшекті.
«Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл - сәл кем бұра.
Нағыз қазақ, қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра» - деп ақын жырлағандай, халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылығы мен дүниетанымын дәл суреттеп жеткізе алатын қоңыр үнді домбыра екені даусыз.

Домбыра аспабының қалай пайда болғанына байланысты қазақ халқының ортасында сақталған аңыз аса мол. Солардың біразын Б. Сарыбаев, Қ. Жұбанов, Ө. Жәнібеков, А. Сейдімбеков еңбектерінде жақсы көрсеткен.
Домбыра және домбыра күйі туралы сөз қозғағанда осы зерттеушілердің еңбектеріне сүйенеміз. Ақселеу Сейдімбек «Күй шежіре» еңбегінде осы аңыздардың екеуіне ерекше назар аударады. Соның бірі Шығыс Қазақстан обылысы Күршім ауданының тумасы Арғынбек Қилыбаев ақсақалдың айтуымен хатқа түскен «Қос ішек» күйінің аңызы.

Ертеде бір аңшы жігіт болыпты. Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы - маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек – қарынын алып тастайды. Содан арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі дейді. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішек - қарынын қарға - құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге бөлейді. Сол жерде аңшы жігіт «қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын» - деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады. (күй тыңдату Құрманғазы «Адай» орын: Мұрат Әбуғазы)

Шертер - қазақ халқының шертпелі музыкалық аспабы. Шертер - қазақ халқының көне ішекті музыкалық аспабы. Кей деректерге сүйенсек, бұл аспап домбыра мен қобыздың арғы тегі болып саналады.
Сырт келбеті қобызға жақын, көлемі жағынан домбырадан кіші. Шертер аспабы ағаштан ойылып, шанағы ешкі терісінен қапталған. Ішегіне аттың қылы тағылады. Ойнау тәсілі домбыра тартуға ұқсайды. Дыбыс күші қапталған тері мен ішектердің қалыңдығына байланысты. Бастапқы кезде аспапта перне болмаған. Көп ұзамай перне орналастырып аспаптың беткі жағы біраз өзгеріске ұшыраған. (бейнебаян)

Қылқобыз – қазақ халқының ұлттық аспаптарының ішіндегі ең көне аспап. 9 - 10 ғасырларда өмір сүрген Қорқыт ата дәуірінен бері қылқобыздың сарыны үзілмей келеді. Қылқобыз – екі ішекті, ыспалы музыкалық аспап. Жалпы, ұлттық аспаптардың ішінде қобыз үнге бай, киелі, қасиетті деп танылады. Сонымен қатар, қанша ғасырлар қойнауынан жетсе де қобыздың бұрынғы түрі мен қазіргі түріндегі үні бір сарынды. Себебі, оның ішегі ықылым заманнан бері жылқының қылынан тартылып келді, ысқышы да. Оның қылқобыз аталуы да сондықтан. Қылқобыздың ішіндегі ең үлкен түрі – «нар қобыз». Қылқобызды халқымыз киелі аспап ретінде қастерлейді. Қазақ қобыздың үні шыққан жерге жын - шайтан жоламайды деп ырымдайды. (үнтаспа «Қылқобыз сарыны»)

Жетіген – (жеті ішекті) көп ішекті шертіп ойналатын музыкалық аспап. Жалпы тұрқы ұзынша, жәшік тәріздес, бетіне жұқа тақтайдан қақпақ жабылып, үн беретін ойықтары салынады. Жетіген аспабының жасалуы да, ойнау әдіс - тәсілі де өте күрделі. Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған. Аспаптың құлақ күйі осы асықтарды әрлі - берлі жылжыту арқылы келтірілген. Ішек сандары жетеу болғандықтан, аспап жетіген аталған.

Жетіген туралы аңыз. Ерте кезде ауылда бір қария тұрады. Оның жеті ұлы болыпты. Бір жылы қатты жұт болып, адамдар тамақсыз қалады, сөйтіп қарияның үйіне қайғы орнайды. Аштықтан үлкен ұлы Қания өлгеннен кейін қария кепкен ағаштың бөлігін алып, оған ішек салып, тиек қойып, «Қарағым» күйін орындайды, Төралым деген екінші ұлы өлгеннен кейін екінші ішек тартып, «Қанат сынар» деген күй шығарады, үшінші ұлы Жанкелдіге ол «Құмарым» күйін, төртінші ұлы Бекенге «От сөнер», бесінші ұлы Хауасқа «Бақыт көшті», Жұлзарға «Күн тұтылуы» атты күй шығарады. Ең кіші ұлы Қиястан айрылған қария жетінші ішекті тартып, «Жеті баламнан айрылып құса болдым» атты күй орындайды. Аспаптан қайғыға толы көп дыбысты ала отырып, орындаушы әртүрлі әуен арқылы өзінің балаларының бейнелерін көрсетеді. Бұл шығарылған әуендер одан әрі дамытылып, аспапты орындаудағы күй - пьеса түрінде бізге «Жетігеннің жетеуі» деген жалпы атпен жеткен. «Жетіген» деген атау екі сөзден тұрады: жеті және ән» - «жетіген» деген ұғымды береді. (бейнебаян)
Адырна - қазақтың көп ішекті шертпелі аспабы. Аспаптың шанағы қуыс, беті көн терімен қапталады. Б. з. б. аңшылар ұстанған көне аспап саналады. Оның көне үлгісі әуелде садақ тәріздес болған. Кейін бұғы, марал, киік, бөкен тәрізді аңдарға ұқсастырып жасап, мүйіз бен құйрықтың екі арасына ішектер тартып ойнаған. Адырнаны тізенің үстіне қойып, басын иыққа тіреп, ішектерін іліп тартып кейде шертіп ойнайды. Адырнаның ішегі шуда жіптен немесе тарамыстан тағылады, аспаптың тұрқы 48 - 50 см., қалыңдығы 8 - 10 см, 7 - ден 13 - ке дейін ішектер тағылады. Адырна қазіргі кезде фольклорлық әуендер мен шағын күйлерді орындауға қолданылады. (бейнебаян)

Сыбызғы - қазақтың үрмелі көне музыкалық аспабы. Қурайдан, ағаштан, кейде жезден де жасалады. Ұзындығы 600 - 650 см не 700 - 800см болады. 3 - 4 ойықты. Сыбызғы ойықтарынан демді жай немесе күшті шығару арқылы түрлі дыбыс әуендері туады. Сыбызғы негізінен бақташылар арасында кең тараған. Бұл аспаптың жетілдірілген түрі фольклорлық - этнографиялық ансамблдер мен оркестрлерде қолданылады. (бейнебаян)

Сазсырнай - үрлемелі аспап. Сазсырнай ысқырып ойналатын флейталар тобына жатады. Кейбір сазсырнайдың ысқырғыш тетігі болмайды. Оған қазақ халқының сазсырнайы мысал. Сазсырнайға ұқсас аспаптар көптеген халықтарда кездеседі. Атауы әр халықтың өз тілінде айтылатын аспаптың пішіні де әр түрлі. Оның пішінін шеберлер құсқа, балыққа, көп басты атқа, жұмыртқаға ұқсатып жасай берген. Сазсырнайдың дыбыс диапазоны терция, кейде октаваға шейін барады. 1971 жылы Отырарда жүргізілген қазба жұмыстарда саздан жасалған қаздың жұмыртқасындай музыкалық аспап табылған. Аспаптанушылардың зерттеуінен өткен бұл сазсырнай үш дыбыс шығарады. Олар екінші октаваның “ми - бемоль”, “фа”, “соль” ноталары. (үнтаспа)

Шаңқобыз - қазақтың көне музыкалық аспабы. Ағаштан, темірден кейде күмістен жасалады. Ағаштан жасалған шаңқобызға жіп байланып, сол жіпті серпіп тарту арқылы ортасындағы тілше тербеліп, дыбыс шығарады. Ол ашалы сым темірден немесе күмістен жасалған. Белгілі бір музыкалық әуен шаңқобыз арасында бекітілген тілін саусақпен шалып тарту арқылы орындалады. Негізгі дыбысы тілдің мөлшеріне байланысты. Дыбыс көлемі бір октава шаңқобыз тартушы тіл қимылы арқылы да түрлі дыбыстар шығарып отырады. Кейде орындаушылар саусақтарына қоңырау іліп алып та ойнайды. 19 ғасырда музыкалық аспап ретінде көбіне әйелдер пайдаланды. Шаңқобызға арналған «Қыз зары», «Қыз ұзату», «Қыздың мұңы» әуендері мен «Шаңқобыздың толғауы» сияқты күйі де бар. (бейнебаян)

Мүйіз сырнай - ескі үрмелі мүйізді аспап. Ол үш тесікті мүйізден жасалады. Сырнай - сыңсымалы дыбыспен ерекшеленеді және жол сапарларда хабар беруші аспап ретінде қолданылған.
Ұран - әскерлер қолданатын үрмелі музыкалық аспап. Ұзындығы әртүрлі екі түтікшенің әрқайсысында үш саңылау бар.
Бұғышақ. (бейнебаян)

Тұяқтас – қазақ тұрмыс салтында ежелден бар музыкалық аспап. Ұзатылатын қыз ұзатылуына 3 - 4 күн қалғанда қоштасу әнін айта бастайды. Әуенін тұяқтаспен сүйемелдеп отырады. Жаңа сойылған жылқының тұяғын кесіп алып, суға қайнатады, тұяқтың ішкі сүйегі босап, сыртқы қабығы бөлектенеді. Оны әбден ішін тазартып, күнге кептіреді. Бүгінде бұл аспап музыкалық аспап ретінде ансамбль мен оркестрлерде кеңінен қолданылады. (Бейнебаян)

Асатаяқ - тұтас ағаштан жасалған, оның басында темір теңгешелер, қоңыраулар ілінген, сілкіп ойнайтын аспап. Қоңыраулар күміс, алтын, қорғасын сияқты асыл тастардан жасалған. Қоңыраулар соғылғанда әдемі үн шығады.

Сақпан – (зырылдауық) қазақ халқының көне музыкалық аспаптарының бірі. Ертеде бұл аспапты малшылар мен бақташылар мал қайыру үшін қолданатын болған. Кейін зырылдауықтың “сақпан”, “шартылдауық”, “зымырауық” деген түрлері музыкалық аспаптарға айналды. Қазіргі кезде бұл аспаптар “Сазген”, “Адырна” көне аспаптар ансамбльдері мен әйгілі “Отырар сазы” оркестрінде қолданылып жүр. Зырылдауық аспабының жасалу әдісі күрделі болғанымен, ойнау тәсілі өте қарапайым. Ол музыкалық шығармаларда кездесетін оқыс дыбыстарды ойнау үшін қолданылады. Қазақ халық музыкалық аспаптары музейінде зырылдауықтың бірнеше үлгісі сақталуда. Олар белгілі шебер Дәркембай Шоқпарұлының шеберханасында қалпына келтірілген.

Дабыл – бұл «дабыл қағу» деген сөз. Дабыл ұрып ойналатын аспап. Даусы күркіреп шығады.
Дауылпаз – дауылпаздың бірнеше түрібар: қазандауылпаз, нардауылпаз.

Даңғыра - қазақтың көне ұрмалы - сылдырмақты, қатты дыбысты музыкалық аспап. Бұл бір жағы терімен қапталған, ішкі жағынан темір алқалар сақиналар мен сылдырмалар ілінген дөңгелек шығыршық. Даңғыра шамандық әдет - ғұрыптардың бөлінбес белгілемесі болып табылды.

Кепшік – қазақ халқының көне ұрмалы аспабы. Кепшікті тұтас ағаштан шауып жасаған. Кейінгі жетілдірілген түрлері тегенге ұқсас – дөңгелек шеңбер ағаш. Иіліп жасалған ағаш шеңберге иленбеген мал терісін айналдыра қайыс баумен байлап бекітеді. Тері әбден кепкен соң шеңбер кенересіне тартып қаптайды. Кепшіктің іші қуыс, бір жағы ғана көн терімен қапталады. Даңғыра аспабынан айырмашылығы шанағының ішіне темір теңгешелер ілінбейді. Дыбысы шаңқылдаған ащы. Кепшікте ойнау саусақ буындарының ептілігі мен икемділігін қажет етеді. Ертеде Кепшікті қыз - келіншектер бидай суырып, сұлы ұшырып, тары тазалау үшін тұрмыстық мақсатта қолданып келген. Кейін келе оны би ырғақтарын сүйемелдеуге, ал бақсы - балгерлер зікір салып, ауруларға ем жасағанда өз әуендерін сүйемелдеуге қолданатын болған. Музыкалық мақсат үшін соқпалы құрал ретінде пайдалану ісі осы бақсылардың өз дауыстарын сүйемелдеп зікір салу әрекетінен туындаған.

ІІІ. Музыка тыңдату.
Дәулеткерей «Кероғлы»
Сұрақтар:
1. Қандай аспаптар бар құрамында?
2. Қандай көңіл - күйде болдыңдар, не сездіңдер?
3. Кімнің күйі?

IV. Қызығушылығын ояту. (жұмбақтар жасыру)

Тартылған екі арқаны ұзын бойға,
Сөйлеуге сондай шебер тапсаң ойла.
Әр жерде аршындалған балдағы бар,
Ойнайды он бармағың білсе қайла. (домбыра)

Созылған үні,
Сүйкімді тілі.
Үрлесең ойнайтын,
Аспаптың бірі. (сыбызғы)

Тиіп кетсе жылаған,
Даусы көпке ұнаған. (домбыра)

Бір нәрсе қараңғыда қаймалайды,
Азынаса көмейінде мал жылайды.
Құйрығын қара жерге тіреп алып,
Келеді баяғының әнін салып. (қобыз)

Жылқыда ерен жүйрік қара арғымақ,
Мойыны жануардың бунақ - бунақ.
Айылын екі жерден мықтап тартып,
Кетеді қамшы бассаң зулап - зулап. (домбыра)

Ел қорғайтын ерлікке,
Батылдыққа ерлікке.
Әуенімен шақырған,
Қандай аспап балалар. (дабыл)

Қос қазақ екі жерден шынжыр арқан,
Сылдырап әр буыны үнін қосқан.
Он адам жолдас болып еңбек етсе,
Аралап он екі үйге қонақ болған. (домбыра)

Жеті шектен жеті түрлі үн шығар,
Әуезінен жеті тарау мұң шығар.
Ойнап кетсең, түрлі - түрлі жыр шығар,
Бұл қандай аспап? (жетіген)

Қос желі, үш жерінен қазығы бар,
Құбылған қоңыр желден азығы бар.
Желіні сабалайды дыңылдатып,
Байғұстың соншама не жазығы бар. (домбыра)

V. Дидактикалық ойын: «Аспапты тану»
Ойын ережесі бойынша аспаптардың үні үнтаспадан тыңдатылады. Оқушылар қандай аспап екенін айтулары керек.

1. қылқобыз
2. сазсырнай
3. шаңқобыз
4. сыбызғы
5. жетіген

VI. Бекіту.
1. Қандай аспаптармен таныстыңдар?
2. Б. Сарыбаев кім?
3. Көне музыкалық аспаптарды қай жылдан бастап зерттеді?
4. Ойнау тәсіліне байланысты аспаптар қандай түрге бөлінеді?
5. Ертеде ішектерді неден жасаған?
6. Бүгінгі тәрбие сағаты ұнады ма?
7. Көңіл - күйлерін қандай?

VII. Қорытынды.
Ұлы жазушы М. Әуезов «әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі» деген екен. Ендеше ән мен күйге құмар болып, қызығушылықтарың арта түссін деп бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
68 135
0
  • 100
2 дауыс


Жаңалықтар
Музыка өнері және қазақтың киелі домбырасы. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары
Музыка өнері және қазақтың киелі домбырасы. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары
Әр аспаптың шығу тарихы жайлы түсінік беру, жасалу ерекшелігі, дыбыс бояуың түсіндіріп, ұлттық аспап туралы білімдерін жетілдіру;
Қазақ отбасындағы музыкалық аспаптар
Қазақ отбасындағы музыкалық аспаптар
Қазақтың ұлттық аспаптарымен таныстыру, аспаптық музыкаға деген қызығушылығын ояту; әр аспаптың шығу тарихы жайлы түсінік беру, жасалу ерекшелігі, дыбыс бояуын түсіндіріп, ұлттық аспап туралы білімдерін жетілдіру
Музыкалық аспаптар
Музыкалық аспаптар
Қостанай облысы, Рудный қаласы, «№1 Қашар орта мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Ғаниева Мәдина Жаппарқызы
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары
Зырян қаласының № 9 қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі: Серғазина Ақерке Алтайқызы
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары
Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Үшқұдық мектеп – бақшасының музыка пәні мұғалімі Тулепова Гулайна Жаркынбековна
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары
Қызылорда облысы,Қазалы ауданы Басықара ауылы, № 182 мектеп Музыка пәні мұғалімі Ағыбаева Индира Әбдіәлімқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×