Негізгі > Тәрбие сағаты > Әдептілік – әдемілік белгісі

Әдептілік – әдемілік белгісі


15-11-2013, 18:12. Орналастырған: гулжанар
Тақырыбы: «Әдептілік – әдемілік белгісі»
Мақсаты: әдептілік туралы ұғым қалыптастыру, әдептілік, инабаттылық жайында оқушылардың ойын дамыту, қоғамдық ортада өзін - өзі ұстай білуге, оқушыларды адамгершілікке, әдептілікке, қарапайымдылыққа және кішіпейілділікке, әдептікке, ізгілік пен мәдениеттілікке, үлкенді сыйлауға, кішіге үлгі бола білуге тәрбиелеу және жаман әдеттерден аулақ болуға, өз халқының салт – дәстүрін үйрене отырып, әдет әліппесін дарыту.
Әдіс – тәсілдері: сұрақ – жауап, көрініс көрсету, баяндау, ой толғау.
Көрнекілігі: сыныпты безендіру, әдептілік туралы жазылған қанатты сөздер, өсиет сөздер мен мақалдар, адамгершілікке байланысты суреттер, құпия хат.
Барысы:
1. «Әдептілік - әдемілік» (ойталқы)
2. «Құпия хаттар»(хаттармен жұмыс)
3. «Әдептілік әліппесі»
4. Қорытынды.

Мұғалім: Қайырлы күн, құрметті оқушылар! Бүгінгі біздің «Әдептілік – әдемілік белгісі» атты тәрбиелік шарамызға қош келдіңіздер! Балалар, бүгінгі тәрбие сағатымыз тақырыбынан көріп отырғанымыздай әдептілік, мәдениеттілік, ізгілік жайында болмақ. Әдепті болу деген сөздің мағынасы өте кең. Олай дейтініміз: адамның жасаған әрбір іс – қимылы, жүріс – тұрысы, сөйлеу мәнері, өзін - өзі ұстай білуі оның әдептілігі, мәдениеттілігі жайлы сыр шертіп тұрады. Қазір мен сіздерге осы әдептілік жайлы бірнеше сұрақтар қоямын, сұрақтарға жауап берулеріңіз арқылы сіздердің әдептілік жайлы ойларыңызды тыңдағым келіп тұр. Ендеше бүгінгі осы тәрбиелік шарамызда біз көптеген мағлұматтар алып, ойларымызды кеңейтіп, сіздерге кішкене де болса болашаққа жол көрсетерміз деп ойлаймын. Сонымен, біз бүгін мына тақырыптарға кеңінен тоқталатын боламыз.
1. «Сәлемдесу - әдептіліктің белгісі»
2. «Қоғамдық көліктегі әдептілік»
3. «Дастархан басындағы мәдениет»
4. «Мәдени – көпшілік орындардағы әдептілік ережелері»

Тақырыбы: «Сәлемдесу - әдептіліктің белгісі»
Сұрақтар:
1. Адамгершілік қасиетінің қайнары сәлем берудің мәнін түсіндіріп өтіңіздер?
2. «Әдепті елдің баласы алыстан сәлем береді»деген аталы сөзге түсінік беріп өтіңіздер?
3. «Ассалаумағалейкум» сөзінің мағынасын ашып беріңіздер?
4. Балалар, сіздер сәлемдесу түрлерін білесіздер ме?

1 – оқушы: Қазақ тәрбиені амандасудан, есен – сау сұрасудан бастаған. Кейбір егде адамдар «Ассалаумағалейкум» дегеннен – ақ кім екенін білдім» деп жатады. Бұл кездейсоқ айтыла салған сөз емес, олай болса мәнісіне үңіліп көрейік.

2 – оқушы: Біріншіден, сәлем берген кісінің дауысының шығуын, сәлем беру ырғағын байқайды. Екіншіден, сәлем бергенде өзіңді қалай ұстайсың, қалай тұрасың? Үлкендер осының бәріне де назар аударады, сынайды.

3 – оқушы: Үлкеннің алдындағы сәлемің, басшымен амандасу, қол қысысың да бірталай нәрсені аңғартады: егде кісінің не жас баланың қолын қаттырақ қысып жіберсең, дөрекілігіңіз бірден көрінеді.

Мұғалім: Әдеп, адамшылық амандасудан басталады. Ақ сақалды атаны, ақ жаулықты әжені құрметтеу, жалпы өзінен үлкенге сәлем беру, алдынан кесіп өтпеу жас ұрпақтың қастерлі парызы екенін есте сақтауымыз керек.
«Қоғамдық көліктегі әдептілік»
- Сен өзін күнделікті мінетін автобусты аялдамада көп тосып тұрдың, шаршадың. Көлігің келіп тоқтады да, сен ішке еніп бос орынға келіп жайғастың. Келесі аялдамада үлкен қария кісі мінді, бос орын жоқ. Сен не істер едің?(Оқушылар өз ойларын ортаға салады).
1 – оқушы: - Қоғамдық көлікке басқаларды итермелемей, мәдениетті түрде кіру керек.
- Жол ақысын төлеуді ұмытпа.
- Көлік ішіндегі адамдарды қағып – соғып, итермелеме, дауыс көтеріп ұрыспа. Абайсызда қағып кетсең кешірім сұра.
- Үлкен кісілерге, мүгедектерге, балалы аналарға орын бер.
- Билетіңді аяқ астына тастай салмай, көліктен шыққаннан кейін арнайы жәшікке сал.
Мұғалім: Әдепті адамдар – қоғамның баға жетпес байлығы әрі мәртебесі. Адам болатын бала барлық жақсы қасиеттерді үйреніп, жаман мінез, әдеттерден, ұнамсыз қылықтардан аулақ болуға тырысуы керек.

«Дастархан басындағы мәдениет»
1. Тамақтану мәдениеті дегенді қалай түсінесіз?
2. Дастархан басында өзіңді қалай ұстау керек?
3. Дастархан жабдықтау мәдениеті дегенді қалай түсінесіз?

1 – оқушы: Тамақтану мәдениеті дегеніміз – бірқалыпты тамақтану, тағамдардың түрліше болуы, қай кезде және қандай мөлшерде ішіп – жей білу, дастархан басында өзіңді дұрыс ұстай білу.
- Столға қолыңды тазалап жуып, сырт киіміңді шешіп келіп отыру керек.
- Дастархан басында жан – жағыңа алақтамай, тыныш отырып тамақтану керек, әйтпесе тамағың дұрыс сіңбейді.
- Аузыңа тамақты толтырып алып қасыңдағы адамдармен сөйлеспе, аузыңнан тамағың шашырайды әрі сөзің түсініксіз болып шығады.
- Дастархан басында отырып қатты сөйлеудің, қатты күлудің, балағат сөздер айтудың қажеті жоқ.
- Дастархан басында аяқ – қолыңды кермей жинақы отыр.
- Амандасу үшін тағам тұрған столдың үстінен қол созу дұрыс емес.
- Тамақ ішіп болғаннан кейін қолыңды, аузыңды салфеткамен сүртуді ұмытпа.
- Рахмет айтуды да естен шығарма.

Мұғалім: Балалар, адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды ажырата отырып әдеп әліппесін бойымыздан шығармауымыз керек.
«Мәдени – көпшілік орындардағы әдептілік ережелері»
- Концерт басталып кетті, сен сәл кешігіп келдің. Өзіңнің билетте көрсетілген орның алдыңғы жақта. Сен не істер едің?(Оқушылар өз ойларын ортаға салады)

Мұғалім: Әдеп – діннің жаршысы.»Әдепті кісіде ұят бар, ұяты бар кісіде иман бар» делінуі бекер емес екен.
«Кітапханадағы әдеп»
- Сен кітапханада ертеңгі сабағыңа беріле дайындалып отырсың. Көрші столға екі оқушы келіп отырды да, қолдарындағы кітабын ретсіз парақтап, күбірлеп сөйлесе бастады, сенің көңілің бөлініп кетті. Сен не істер едің?(Оқушылар өз ойларын ортаға салады)

1 – оқушы: Кітапханамен дос бол, оған жиі баруды әдетке айналдыр. Кітапхана – қоғамдық орын, сондықтан ол да үлкен мәдениеттілікті талап етеді. Кітапханада тыныштық сақтауға қатаң талап қойылады, ешкіммен дауыстап сөйлесуге, қағаздарыңды ретсіз сытырлатып жаныңдағылардың көңілін бөлуге болмайды. Алған кітаптарыңды ұқыпты пайдалана біл, бетін жыртуға, шимайлауға болмайды. Дайындалып болғаннан кейін кітапханашыға өткізіп рахметіңді білдіруді ұмытпа.
Мұғалім: Жауаптарыңа рахмет, балалар. Енді тәрбиелік шарамыздың келесі бөлімі – «Құпия хаттармен» жұмыс бөліміне көшсек. Мен мұндағы «Құпия хаттарды» оқып, сіздердің пікірлеріңізді тыңдағым келіп тұр.
1 – хат: Құрметті достар!
Менің көршімнің бір баласы бар. Ол өтірікші, көзбе – көз өтірік айта қояды. Маған күнде келіп ойнағысы келеді. Мен онымен дос болып ойнаймын ба?
2 – хат: Құрметті достар!
Партада менімен бірге бір бала отырады. Ойнап – ойнап, тапсырманы орындамай, жазбай келеді. Сабақты менің дәптерімнен көшіріп алады. Мен бермесем, «Сен сараңсың» дейді. Мен не істеуім керек?

Мұғалім: Әдептілік – барлық адамға жарасатын қасиет. Ол – адамның жасынан алған тәрбиесіне, өскен ортасына, төңіректегі адамдардың қарым – қатынасына байланысты қалыптасатын қасиет. Ал, енді, балалар, әдептілік, сыпайылық туралы өлең, мақал – мәтелдеріңді тыңдағым келіп тұр. Қандай өлең жолдарын, мақал – мәтелдерді білесіңдер?
1 – оқушы: Әдептілік, ар, ұят – адамдықтың белгісі.
2 – оқушы: Жасында әдеп үйренбеген кісіден өскен соң қайран жоқ.
3 – оқушы: Әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал артық.

Мұғалім: Мақал – мәтелдеріңе рахмет, бүгінгі тақырыбымызға байланысты өлеңдеріңді тыңдасақ.
1 – оқушы:“Ақыл жастан, асыл тастан
Шығады” деп дарынды
Халық айтса, халық сөзі
Әрқашан да нанымды.
Сол өнердің жолын қуған
Осы сынып атынан,
Қабылдаңыз шын жүректен,
Сәлем сізге жалынды.
Мұғалім: Міне, балалар, бүгін өздерің бұрыннан білетін әдептілік жайлы білімдеріңді осы тәрбиелік шарамыз арқылы толықтыра түстіңдер деп ойлаймын. Енді осы үйренгендеріңді күнделікті өмірде қолдана біліңдер және өздеріңнен кіші іні – қарындастарыңа үнемі үйрете жүріңдер. Менің сендерге айтарым: адам әрқашан да бет сұлулығымен емес, ішкі жан дүниесімен, әдептілігімен, мәдениеттілігімен әдемі.
Кері қайту