Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ислам дінінің пайда болуы және оның әдет - ғұрыптары мен дәстүрлері

12 наурыз 2013, Сейсенбі
Категориясы: Тарих
Тақырыбы: Ислам дінінің пайда болуы және оның әдет - ғұрыптары мен дәстүрлері

Мақсаты: А) Ислам діні пайда болғанға дейінгі Араб түбегіндегі наным - сенім жағдайы,
Ислам дініндегі сенім негіздері, бес парыздың міндеттелуі мен жалпы ерекшеліктері және бүгінгі күнгі таралу деңгейі туралы түсінік беру
Ә) Оқушылардың бойында гуманистік дүниетанымның негіздерін, рухани адамгершілік құндылықтардың, жеке сенімнің жүйесін қалыптастыруға ықпал ету.

Көрнекілігі: Дүниежүзінің саяси картасы, бейнетаспа, слайдтар, діни оқулықтар, сұрақтар

Түрі: Дөңгелек үстел

Шақырылған қонақтар: ауыл имамы Әбуғали Жорабеков, Қажы Шайзада Досанов

1 оқушы: Ислам діні Арабияның жергілікті тұрғындарына жататын арабтар арасында қалыптасты. Семиттік халықтардан өрбитін олардың тарихы Ибраhим пайғамбарға дейін жалғасады. Еврейлер мен арабтар Ибраhим пайғамбардан тарайды. Екі ел Ибраhимнің екі әйелінен туылған Исқақ пен Исмайыл атты ағалы - ініліден өсіп - өнген.
Егіншілікпен айналысқан көшпелі бәдәуи арабтар араб түбегінде ғана емес, көршілес Месопотамия, Сирия, Палестина жерлерінде де мекендеген. Йемен, Мекке, Ясриб сияқты Оңтүстік Арабияның шағын қалалары сауда жүретін жолдардың бойында орналасқандықтан, бұл қалаларда негізінен сауда - саттық жақсы дамыды.
Арабтардың көпшілігі, әсіресе көшпелілері пұтқа табынған. Ежелгі семиттерден қалған дәстүрлері бойынша олар, Айға, Күнге, табиғи күштерге, әруақтарға табынды. Арабияның оңтүстігінде заттар мен тастарға табынатын фетишизм болған.
Семиттердің көшпелі тайпалары ерте дәуірлерден бері Арабияның ұшы - қиырсыз шөлінде мал шаруашылығымен айналысты.

2-оқушы: Ислам тарихын зерттеушілер Ислам діні келмей тұрып, адамзаттың рухани азғындыққа ұшырағанын жазады. Әлсізді қанау, жарлы - жақыбайды қорлықта ұстау секілді адамдық пен гуманизмнен алшақ болды. Мұндай жағдайлар тек араб жерінде ғана емес, басқа да елдерде орын алды.
Исламға дейінгі дәуірде Арабстанда нәпсіқұмарлық шегіне жетіп, құмар, зинақорлық, маскүнемдік, зұлымдық, ұрлық, зорлық, өтірік - өсек кең етек алды. Әйелдерінің қыз босанғанын намыс көріп, одан құтылу үшін қыз балаларды тірідей көміп тастау сияқты тұрпайы салт болған. Исламға дейінгі кезеңде Арабстан халқы ру - руға бөлініп, әр тайпа өз тәртібіне бағынып, өз дәстүрін ұстанды. Олардың арасында Ибраhим пайғамбардан қалған таза дінге сенетін «ханифтер» де болды. Сонымен қоса арабтарда қонақжайлылық, намысшылдық сияқты жақсы қасиеттер де болған. Араб халқында шешендік өнер кеңінен тарады. Ол заманда ақындар елінің зиялысы еді.

3-оқушы: Ислам – біздің заманымыздың 609 - 632 жылдар аралығында ( VII ғасыр) шығыс пен батыс мәдениеттері тоғысып жатқан Араб түбегінде пайда болған әлемдік діндердің ең жасы. Ол әлемде кең таралу жағынан екінші орында. Бұл кезде Араб түбегіндегі діни наным - сенім өте күрделілігімен ерекшеленді. Көне ғасырлардан келе жатқан иудейлік пен христиандық діндері де өз ықпалын сақтап тұрды. Христиан дінінің несториандық бағыты Сирия, Палестина, Месопотамияға тарады. Бұл кезеңде Арабияның маңайында Византия, Мысыр, Ақсум секілді христиан мемлекеттері қалыптасты. Оңтүстік Арабияның қалаларын христиан қауымдары мен храмдары жайлады. Бұдан басқа оңтүстіктегі арабтарға Ираннан келген зороастризм де өз әсерін тигізді. Арабтардың өз ішінде көпқұдайшылдық, пұтқа табынушылық та кең тараған еді. Бірақ, Ибраhим пайғамбардан келе жатқан бір Құдайға сенетін, пұтқа табынбайтын Ханиф дінін ұстанушылар да кездесті. Ислам діні міне, осындай күрделі уақытта пайда болды. Ол ортағасырлық араб халқын ортақ идеяға ұйыстыруда, біртұтас ел қалыптастыруда, жаңа саяси құрылым «халифаттың» орнығуында, әлемде «мұсылман үмбеті» деп аталатын жаңа қауымның түзілуінде маңызды факторға айналды.

4-оқушы: «Ислам» сөзі арабшада «бейбітшілік», «бағыну», «мойынсұну» деген мағыналарды білдіреді. Жаратушыны жалғыз, дара деп қабылдауымен Ислам монотеистік дін болып табылады. Негізгі ұстанатындары – Құран кітап пен Мұхаммед пайғамбардың өнеге етіп қалдырған іс - амалдары ( сүннеті ). Деректер бойынша, хазірет Мұхаммедке (с. а. с.) пайғамбарлық ақыл - ойы кемелденген 40 жасында қонған. Елшілік мітдетті 610 жылы Рамазан айында Хира тауының басында Жәбірейіл періште жеткізген делінеді. Періштенің жеткізген аяндары «уахи» деп аталған.
Мұсылмандарда адам Құдайдың құлы, ең алғашқы пайғамбар Адам (а. с.), ал ең соңғы пайғамбар хазірет Мұхаммед (с. а. с.) болып есептелінеді. Екеуінің арасында жіберілген пайғамбарлардың баршасына иман етіледі.
Адам Ата мен Хауа Ана шайтанның азғыруымен өздеріне тыйым салынған жемісті жеуімен Жұмақтан жерге түскен. Алайда, бұл христиандықтағыдай адам баласы о бастан күнаhар деген ұғымды білдірмейді.
Исламда адамның ең үлкен жауы - шайтан мен нәпсі болып табылады.
Хазірет Мұхаммед (с. а. с.) бұрынғы пайғамбарлар сияқты белгілі бір қауымдарға ғна емес, күллі адамзатқа жіберілген Алла тағаланың елшісі ретінде ерекшеленеді.

5-оқушы: Қоғамның түзелуін жеке адамдардың түзелуімен байланыстырған Ислам діні жеке адамның міндеттерін бекіткен. Ол «шариғат заңдары» деп аталған (араб тілінде «шариғат – тура жол» деген мағынаны білдіреді).

Исламдағы шариғат негізінен төрт мәселені қарастырады:
Шариғат

Сенім
Амал
Тәрбие
Құқықтық істер

Ислам дінінің бес парызы

Куәлік сөзін айту
Намаз оқу
Ораза ұстау
Зекет беру
Қажыға бару

6-оқушы: Қағба – Ислам дінінің қасиетті мекендерінің бірі. Дүние жүзіндегі барлық мешіттердің михрабтары осы жаққа бағытталған. Қағба – тас мәрмәрлардан жасалынған 15 метрлік биіктіктегі кубтан тұрады. Қағба тасы «кисуа» деп аталатын қара матамен қапталған. Кисуаның шеттеріне алтын жіптермен Құран сөздері жазылған. Қағба – мұсылман әлемінің орталығы. Бұл михрабы жоқ жалғыз мұсылман мешіті. Оның қабырғалары тек қана Құран сөздерімен әшекейленген.
Әйгілі қара тас Қағбаның оңтүстік шығыс бұрышында бір метрлік биіктікте орналасқан. «Қағбаның қара тасы» (мұсылмандар оны – «әл - хажарул - әсуәд» деп атайды.) Қағбаның шығыс бұрышында, күмістелген тағанмен орналасқан. Мәліметтер бойынша, алғашқы кезде тас ақ болған, тек уақыт өте келе күнәhарлардың қол тигізуінің нәтижесінде қарайып кеткен. Қажылықтың шарттары бойынша қажылық жасаушылар Қара тасты сүйгендері абзал. Ондай мүмкіндіктер болмаған жағдайда қол ұшын тигізумен шектеледі.

7-оқушы: Иман шарттары. Ислам дінінде бес парыздан бөлек иманның 6 шарты да белгіленген. Әр мұсылманнан осыларға тұтас сену талап етіледі. Олар:
1) Алла тағалаға сену;
2) Періштелерге сену;
3) Кітаптарға сену;
4) Пайғамбарларға сену;
5) Ақырет күніне сену;
6) Жақсылық пен жамандықтың Алладан екендігіне, тағдырға сену.

Ислам діні бойынша Жаратушы жалғыз болып табылады. Осы тұрғыда ол монотеистік діндер қатарына жатады. Мұсылмандар өздігінен ешқандай нәрсенің болмайтындығына, сондықтан тауды да, тасты да, аспанды да, жерді, адамды да, ғаламды да өте құдіретті Жаратушы жаратқанына сенеді. Көпқұдайшылдық мына әлемнің жүйесін реттемейді, қайта бұзады деп иланады.

8-оқушы: Ислам сенімі бойынша, періштелердің нақты саны беймәлім. Алайда, төрт үлкен періштенің бар екендігі айтылады:
1. Жәбірейіл – Жаратушының үкімдерін пайғамбарларға жеткізуші.
2. Микәйіл – табиғат құбылыстарына, өсімдіктер әлеміне жауапты.
3. Исрафил – қиямет күнінің тууы және адамзаттың қияметте қайта тірілуі үшін қызмет
атқарады.
4. Әзірейіл – ажалы жеткендердің жанын алушы.
Ислами деректерде періштелердің нұрдан жаратылғандығы, тек қана құлшылықпен айналысатындығы, жынысы болмайтындығы, шаршау, жалығуды білмейтіндігі, ішіп-жемейтіндігі, күнә істемейтіндігі секілді ерекшеліктері айтылады.

9-оқушы: Тура жолды үйрету үшін пайғамбарлардың әрбіріне қасиетті парақтар түсіп отырған. Мұсылмандарға бұрынғы қасиетті кітаптарға да сену керектігі міндеттелген. Бұл тұрғыда мына аятты дәлел ретінде алға тартады: «(Мұхаммед(с. а. с.)) олар саған түсірілгенге сенеді және ақыретке анық нанады»(2. Бақара - 4).
Мұсылмандардың сенімінде, Құраннан бұрын түскен қасиетті кітаптардың ілкі мазмұны өзгерген. Ал, қасиетті парақшалар жайында нақты деректер жоқ..
Әлемдік діндердің қасиетті кітаптарына Зәбур, Тәурат, Iнжіл және Құран жатады. Аталған кітап иелерін мұсылмандар құрметтеп, Құран Кәрімдегі барлық нәбилер мен оларға түскен кітаптарға иман етіледі.

10-оқушы: Иман негіздерінің төртіншісіне Алла тағала жіберген пайғамбарлардың баршасына сену керектігі жатады. «Пайғамбар» сөзі парсы тілінде «хабаршы» деген ұғымды білдіреді. Құранда пайғамбарлар «расул»(елші), «нәби»(хабаршы) деп те аталған. Пайғамбар Жаратушының пенделерге жіберген хабаршысы.
Жаратушы пайғамбарларды арнайы таңдау арқылы өзінің әмірлерін, тыйымдарын, адал мен арамды адамзатқа білдіріп отырған.
Діндегі сенім бойынша, еш адам өз талпынысымен пайғамбар бола алмайды.
Адамзатқа жіберілген күллі пайғамбарлардың – міндеті адамдарды Алланың барлығына, бір екендігіне, Оған ешбір нәрсені серік қоспастан құлшылық етуге, ақырет күніне, қайта тірілу мен есеп күніне, Жаратушының пайғамбарларына, жаннат пен жаhаннамның хақ екендігіне сенуге шақыру болған.

11-оқушы: Өлгеннен кейін қайта тірілу, мәңгілік өмірдің барлығы – барлық діндердегі секілді Исламда да негізгі сенімдердің бірі. Құран кәрімнің шамамен үштен бір бөлігінде осы сенім қуатталған.
Мұсылмандар о дүние бар, адамдар өлгеннен кейін қайта тірілтіледі, Жаратушының алдында осы дүниеде істеген әрбір ісіне есепке тартылады, сауапты істері көптері жаннатқа, күнәлары көптері тозаққа барады деп сенеді. Құлшылық жасау, қылмысқа, күнәға бармау, қоғам пайдасына жұмыс істеу, мұсылмандық парыз, қарыздарды өтеудің астарында осы сенім жатыр.
Ислам діні ақыретке деген сенімге Құрандағы мынадай аяттар арқылы шақырған:
«Күллі Аспан әлемін және жерді жаратқан әрі оларды жаратқан уақытта еш шаршап - шалдықпаған Алланың, өлілерді қайта тірілтуге құдіретінің толық жететінін(ақыретке сенбейтіндер) көрмейді ме? Иә, Ол әр нәрсеге толық құдіретті» (Ахқаф/33).

12-оқушы: Иман шарттарының алтыншысы – тағдырға иман. Тағдыр – араб тіліндегі «қадар» деген сөзден шыққан. «Өлшеу, бір нәрсені белгілі бір өлшем бойынша жарату, белгілеу» дегенді білдіреді. Ал діни терминологиядағы мағынасы - әлем жаратылғаннан бастап, болмыста болатын бүкіл құбылыстар мен жаратылыстардың қашан болатындығын, мезгілін, орнын, мекенін, ерекшеліктері мен сипатын Алла тағаланың ежелден яғни әу бастағы ілімімен белгіленіп, өлшеніп қоюы.
Тағдыр – осы әлемді және оның ішіндегі сан - алуан түрлі жаратылыс иелерін белгілі бір жүйе мен тәртіп бойынша басқаратын иләhи заңдылық.
Мұсылмандар барлық жақсылық пен жамандықтың Алла тарапынан жазмыш екендігіне сенудің өмірде көп пайдасы тиеді деп иланады. Олар: болған іске сабыр сақтау, үмітсіздікке салынбау, түңілмеу, өзін - өзі жұбату, болашақты уайымдамау.

Осы шараға көрермен ретінде қатысып отырған сыныптың басқа да оқушылары шақырылған қонақтарға өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, керекті жауаптарын алды.
23 312
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Дін және мәдениет. Исламның таралуы
Дін және мәдениет. Исламның таралуы
Дін және мәдениет. Исламның таралуы Конспект Қазақстанның оңтүстігіндегі және Жетісуда жүргізілген зерттеу жұмыстары қала тұрғындарының арасында әр түрлі діни наным - cенімдердің болғандығын білдіреді.
Имандылық – инабаттылық мұраты
Имандылық – инабаттылық мұраты
Салт - дәстүрді білуге, имандылыққа, бір - бірімен жақын қарым - қатынасқа, адалдыққа, мейірімділікке, инабаттылыққа баулу. Тәрбиелік шараға төрт сыныптан бес оқушыдан қатыстыруға болады.
Ислам тағылымы
Ислам тағылымы
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, №3 орта мектептің орыс тілі мен әдебиет мұғалімі Жанжигитова Гульнар
Дін және мәдениет. Исламның таралуы
Дін және мәдениет. Исламның таралуы
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы А. Жанпейісов атындағы № 105 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Бисенбаева Анар
Дін және мәдениет. Исламның таралуы. Ғылым мен білімнің дамуы
Дін және мәдениет. Исламның таралуы. Ғылым мен білімнің дамуы
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы №32 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Мусина Гүлшара Құралқызы
Ислам діні және Мұхаммед пайғамбар
Ислам діні және Мұхаммед пайғамбар
Шукурбекова Сауле Боранбековна №25 Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп - гимназиясының тарих пәні мұғалімі. Шымкент қаласы.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×