Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ою-өрнек түрлері

04 қазан 2013, Жұма
Категориясы: Технология
Сабақтық тақырыбы: Ою - өрнек түрлері.

Сабақтың мақсаты:
Білімділік: оқушыларға ою - өрнек еріктілігін дамыту туралы толық мағлұмат беру;
Дамытушылық: кәсіби және жылдамдық дағдыларын дамыту, алған білімдерін өз бетінше қолдана білуін қадағалау, эстетикалық талғамын қалыптастыру;
Тәрбиелік: оқушыларды осы өнер түрімен қызықтыру, ұқыптылыққа, еңбексүйгіштікке, сұлулықты қабылдау сезімін ояту, эстетикалық талғамдылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ - жауап, өз бетінше сарамандық жұмыс.
Сабақтық көрнекілігі: үлгілер, дайын ою - өрнек суреттері.
Пәнаралық байланыс: сызу, бейнелеу өнері, тарих

Ұйымдастыру кезеңі:
• Оқушылармен сәлемдесемін;
• Оқушыларды түгендеймін;
• Оқушылардың құрал – жабдықтарын түгендеу;
• Оқушылардың зейіндерін сабаққа аударту.

Үй тапсырмасын тексеру.
Өткен тақырыпты қайталай отырып, оқушыларға тақырып бойынша сұрақтар қою.

Жаңа сабақ
Ою - өрнек, орнамент (лат. ornamentum – әсемдеу, сәндеу) – әр түрлі заттарды (үй - іші мүліктері, тоқыма бұйымдар, еңбек құралдары, қару - жарақ), архитектуралық ғимараттарды әшекейлеуге арналған, жүйелі ырғақпен қайталанып отыратын әрі үйлесімділікке құрылған өрнек - нақыштар.
Ою - өрнек ісі тым ерте заманнан бастап - ақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді. Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады. Ал өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортаң атауы іспеттес. Сондықтан көбінесе ою - өрнек деп қосарланып айтыла береді.
Қазақстан аумағында Ою - өрнектің ең қарапайым элементтері Андронов дәуірінен жеткен көне әшекейлерінен байқалады. Мұндай әшекейлер “жал”, нүкте, ирек тәріздес болып келеді. Ою - өрнек түрлі геометриялық пішіндерден құралып, зерлеу, дәнекерлеу, оймалау, кестелеу, құйма - жапсыру әдістері арқылы жасалады. Ұлттық Ою - өрнек көбіне өзіне тән белгілерінің жүйелерін қазақ халқының қалыптасуымен әрі республиканың қазіргі аумағын мекендеген Азияның басқа да халықтары мәдениетімен тығыз байланыста дамыды. Бұл ортағасырлық архитектуралық ғимараттардағы көгеріс және геометиялық ою - өрнектерден (Бабажы қатын күмбезі. 10 - 11 ғасырлар Айша - Бибі кесенесі, 11 - 12 ғасырлар, Ахмет Иасауи кесенесі, 13 - 14 ғасырлар т. б.) айқын көрінеді.
Ою - өрнек дәстүрлі тоқыма өнері үлгісінде (гобелен, текемет, алаша, сырмақ), кестеде (киім - кешек, тұрмыстық заттар), ағаш, мүйіз, сүйек, ғаныш, металл мен теріге өрнек салу мейлінше жетілдіріле түсті. Қазақ ою - өрнегінің негізгі түрлері: геометриялық, зооморфтық пен көгеріс және қиял - ғажайып өрнектер (бойтұмарлар, аспан әлемінің белгісі). Олардың аса маңызды элементтері: қошқар мүйіз, құс таңдай, түйе табан, үш жапырақты, бес жапырақты, т. б. Ою - өрнектің геометриялық элементтері шаршы, ромбы, жұлдызша түрінде), сондай - ақ, көгеріс өрнектері (гүл, жапырақ, бұтақ түрінде) ағаш ұқсатуда, әсіресе үй жиһазы мен ыдыс - аяқтарда, музыка аспаптары мен аңшылық қару - құралдарында сақталып қалды.
Ою - өрнектердің түрлері.
«МҮЙІЗ» - қазақ оюының ең көне мәнері. Ою - өрнектің бұл элементі мүйізді мегзеуден шыққан. «Мұйіз» ою - өрнек кейде ұсақ, кейде ірі болып келеді. Ұсақ түрлері ағаш, сүйек, мүйіз сияқты нәзік қолөнер саласында қолданады. Ірі түрлері сырмақ, текемет, алаша, кілем, сәулет өнерінде сан түрлі мәнерде қолданылады.

«ҚОСМҮЙІЗ» ою - өрнегі қойдың, ешкінің, сиырдың екі мүйізін ғана бейнелейді және кейде «ырғақ», кейде «ілмек» деп аталатын оюларды «қосмүйіз» дейді. Үй жиһаздары мен тұрмыстық заттарды, киім - кешек, қару - жарақтарды безендіру үшін пайдаланатын қой, ешкі, сиыр, бұғы, марал сияқты жануарлардың қос мүйізін бейнелейтін ою - өрнек.

«АРҚАРМҮЙІЗ» деп аталатын ою - өрнек қойдың мүйізін бейнелейтін оюдың түрі. Бұл элемент «қошқармүйізге» өте ұқсас, бірақ, оған қарағанда шиыршықтанып, тармағы одан көбірек болып келеді (кілем, тұскиіз, сырмақ, кесте, киім - кешек пен үй жиһаздарында кездеседі).

«ҚОШҚАРМҮЙІЗ» ою - өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қоюдың құлағын долбарлайтын тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады. Текемет, сырмақ, басқұр, алаша, кілем, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрлерінде кездеседі.

«ҚЫРЫҚМҮЙІЗ» ою - өрнегі біріне - бірі жалғаса, тармақтала қосылған, кеп мүйізден құралған ою - өрнектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төртбұрыш ішінде бейнеленеді, кейде бұтақтың ағашы тәрізді тармақталып, жайылып бейнеленеді. Бір - бірімен қосылған бірнеше тармақты көп мүйізді оюлардан құралады

«СЫНЫҚМҮЙІЗ» морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою - өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, сондай - ақ әр түрлі қалталарды безендіру үшін пайдаланылады, ал сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне ұқсайды.
«ӨРКЕШ» ою - өрнегі түйенің қос өркешін бейнелейді. Сырмақ, текемет, тұскиіздерге салынатын ою - өрнек композициясында көбірек кездесетін элемент. Қазақ оюында мал мен аңның қос мүйізін, түйенің қос өркешін, биенің қос емшегін бейнелеу тек симметриялық тепе - теңдік үшін ғана емес, сонымен қатар береке - бірліктің, көбеюдің символын білдіреді.

«ШЫНЫГҮЛ» ою - өрнегі гүлді тұспалдап тұрады. Бұл өрнек «төртайшық», «итемшек» оюларына ұқсас келеді. «Шыныгүл» ою - өрнегі айға, мүйізге, жапыраққа ұқсас элементтерден құралған.

«ГҮЛ» ою - өрнегі гүл өсімдігінің барлық түрлерін тұспалдап тұрады. Бұл өрнектің түрі үш жапырақты ою - өрнектен басталып, он екі жапырақты ою - өрнекке дейін қолөнер бұйымдарында кездеседі.
«ШЫТЫРМАН» ою - өрнегі көп жапырақты есімдік пен көп тармақты мүйіз және геометриялық фигуралар аралас келетін күрделі өрнек. Мұндай өрнектер заттардың бетіне көп тармақ болып желіленіп келуі бүтін бір сюжетті (жайлау, орман, жазық дала, кең сахара) мегзеп жасалады

«ТІС» ою - өрнегі малдың, аңның тісіне ұқсас, аққара түсті шақпақтан құралатын, шахмат тақтасына ұқсас ою - өрнек. Кесте тігуде бұрыштарын қарама - қарсы түйістіріп отыратын тік сынық сирек тігістердің өрнегінде қолданылады. Мұны «тіс», «иттіс» деп те атай береді.

«БӨРІКӨЗ» ою - өрнегі бөрінің көзін, қасқырдың басын, құлағын, сондай - ақ «бөріқұлақ» деп аталатын жапырақты бейнелейді

Сабақты қорытындылау
Оқушылар бүгін біз ою – өрнек туралы толық мағлұмат алдық. Сонымен мына сұрақтарға жауап беріңдер
• Ою – өрнек дегеніміз не?
• Ою - өрнектің неше түрін білесіңдер?
• Зергерлік бұйымдарға көбінесе қандай өрнектер пайдаланылады?
• Кілемде қандай ою - өрнектер басым?

Оқушы білімін бағалау.
Үй тапсырмасы. Оқып келу және ою – өрнекті қағаздан немесе матадан қиып әкелу.
45 544
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Бисерден Сакура ағашының бұтағын жасау
Бисерден Сакура ағашының бұтағын жасау
Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебінің технология пәні мұғалімі: Альжанова Роза Зейнуллақызы
Ою-өрнек түрлері
Ою-өрнек түрлері
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қармақшы ауылы, №113 «Қаракөл» қазақ орта мектебі директордың бағдарлы ісі жөніндегі орынбасары Байсалбаев Дархан Абдуллаұлы
Бисерден бұйымдар жасау технологиясы
Бисерден бұйымдар жасау технологиясы
Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебінің технология пәні мұғалімі: Альжанова Роза Зейнуллаевна
Жүннен жасалатын бұйымдар
Жүннен жасалатын бұйымдар
Қызылорда қаласы №197 қазақ орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі: Альжанова Роза Зейнуллаевна
Кілем тоқу
Кілем тоқу
Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі: Альжанова Роза Зейнуллаевна
Матаны пішуге дайындау жұмыстары.
Матаны пішуге дайындау жұмыстары.
Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі: Әлжанова Роза Зейнуллақызы Сабақтық тақырыбы: Матаны пішуге дайындау жұмыстары. Сабақтың мақсаты: Білімділік: оқушыларға мата туралы толық мағлұмат беру, мата пішудің әдіс –
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×