Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


АСТАНАНЫҢ КӨРКЕЮІ (ЭССЕ)

26 тамыз 2012, Жексенбі
Категориясы: Ұстаздарға
Астана!.. …Шаһарлар-бізді қоршаған табиғи ортадағы адамдар қолы­мен жасалған күрделі жа­сан­ды орта! Оның әр ғимаратына сәулетшілердің, инженер-құры­лысшылардың дарыны, еңбектері, ой-армандары өрілген. “Қалалар-біздің планета­мыз­дың әлемі, қала­лар — өткеніміз де, бүгініміз де, болашағымыз да”, – деп толғанады заманымыздың заң­ғар жазушысы Шыңғыс Айтматов.

Қала салу мұрасы – адамзат ба­ла­сының ғажайып көркемдік дамуы­ның ерекше құндылығына жатады. Оның адамдардың қоғамдық-саяси, тұрмыстық өмірінде алар орны баға жеткізгісіз. Сондықтан да, Пушкин кезінде Петербургті “Еуропаға ашыл­ған терезе” десе, Гоголь жалпы сәулет өнерін әлемдік өшпес жыл­намаға теңеген. Адам қызметінің интегралы-қалалар салудың компо­зициялық тәсілдері жайлы Қазақ­стан аумағында сонау неолит және қола дәуірлерінде-ақ білген. Ал, ерте­дегі грек тарихшылары Сыр­да­рия бойына салынған қалалардың көптігін таңдана жазса, орыс ғалымы С.П.Толстов сырдариялық сақтардың афригидтік дәуірге дейін-ақ ғимараттарды күм­бездеп жабуды шеберлікпен игер­ген­дерін ғажап көреді. Ұлы бабамыз Әл-Фарабидің “Ғылымдар тізбегі” трак­татындағы архитектуралық формаларды салу­дың геометриялық әдістері бүкіл Таяу және Орта Шығыстағы құрылыс өнерінің негізін қаласа, екін­ші бір ұлы бабамыз Әбу-л-Уафа әл-Бозжани “Гео­метриялық дене­лер­­ді салу жайыттары туралы” трак­татында архитектура формаларын салу әдістерін, Гияс-ад –Дин әл-Каши бабамыз “Арифметика кілті” трак­татында архитектуралық фор­ма­ларды салудағы тепе-теңдіктің практикалық әдістерін айқындаған.

Елбасымыздың басшылығымен салынып жатқан, Һәм сымбаты мен сырына әлем таңданыс білдіріп отыр­ған Астананың бойынан әл­бет­те, әлгінде айтқанымыздай, қала са­лу­дағы Шығыс даналығын іргетас ете отырып, әлемдік архитек­тура­ның да ең озық қырларын кіріктір­ген осы заманғы сәулет өнеріндегі синтездік сұлулықты көріп, мерейіміз өсе түсуде.

Айтары жоқ, бүгінгі Астана шын­­дығында да әлемдік сәулет өнерінің шығыстық архитектура дәстүрлеріне таған қалаған қыр­лары­нан өрілген қайталанбас тұл­ғасымен, ішкі тіршілік рухының жа­сам­паздыққа, адамзаттық асыл мұ­раттарға арна тартқан болмыстары­мен таңдандырады.

Көзі қарақты, зердесі ояу кез кел­ген жан Астананы аралай жүріп, оның ғимараттарындағы архитек­тура­лық өрілудің еуразиялық дәс­түр­лер негізіндегі шығыстық тағ­ан­нан тамыр тартқан египеттік қара­пайымдылықты да, грекиялық сұлу­лық пен таңдай қақтырар көне ал­ек­сан­дрия­лық және ви­зан­тиялық жайылма күм­без­дік шешімдер­ді де, римдік арка­ларды да, бағзы готи­калық құ­рылыс сора­п­тарын аң­ғартар готика-арабтық нақыштарды да бай­қар еді. Астана­ның арх­и­тектурасында­ғы бұл қайта­лан­бас өзіндік кескін­дер оның ХХІ ғасыр қаласы және әлем қаласы деген аттарына әбден сай.

Астананың қазіргі сәулеттік құрылысына қанағаттанғандығын біл­дірген Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев та еліміздің осынау бас қаласын болашақта көп ұлтты Қа­зақ­станның барлық адамдарының өмірлеріне аса қолайлы жағдай ту­ғы­затын, шығыстық және еуропа­лық мәнерлер мен мазмұндағы үн­дес­тікте салынған еуразиялық мега­полис тұлғасында көргісі келетінін айтты.

Еліміз үшін аса маңызды страте­гиялық мәнге ие транс-еуразиялық магистральдарға жақын орналасқан Астана қазір осы көліктік тораптар арқылы барлық бағыттарға шығып, экономикалық алыс-беріс байла­ныс­­тары үрдістерін одан әрі қыз­ды­ра түсуде. Президентіміздің тәуел­сізді­гіміздің алғашқы жылдарында-ақ, мақсат еткен “алдымен – эко­номика”. Мұраттарының табыспен арна тарта беруіне Астананың елі­міздің жүрегінде, қолайлы эко­логиялық жағдай аясына берік орнығып, Қазақстан эконо­микасы мен өндіргіш күштерінің ырғақты дамуында шын мәніндегі көшбас­шыға айналуы серпін жасауда.

Сөз ретінде айта кетелік, Аста­наның келешекте де кемелденіп, әлемдік бедел алуына елорда дамуы стартегиясының 2030 жылға дейінгі белгіленген негізгі төрт бағытын: бірінші – тұрақты экономикалық дамуын, екінші – қоршаған орта­ның қолайлы аясын сақтау мен қа­лалық жоспарлау мен дизаин, эко­ло­гиялық, инженерлік және көліктік инфрақұры­лымдардан өрілген қаланың ырғақты жұмыс істеуін, үшінші – қала жұрт­шылығының әлеу­меттік тұрмыс жағынан тұрақты марқаюын, астана­лықтардың қала тіршілігіне белсенді түрде тартылу­ын, төртінші – шаһарды басқару жүйе­лерінің әлемдік стан­дарттарға сай жетілуін қамтамасыз ету негіз болмақ.

Әлбетте, қай мекеннің де бол­сын қайырлылығы халқының лайықты өмір сүруіне жағдай туғыза алуында. Күн санап гүлденіп келе жатқан Астана өз тұрғындарының тұрмысына лайықты жағдай жасауға құлшынады. Әр жыл сайын еліміз­дің осынау бас қаласында инженер­лік-көлік инфрақұрылымдары, мектептер, емханалар, ауруханалар, мәдени-спорттық нысандар салы­ну­да. Елордада 2010 жылға дейін тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйелері арқылы бюджет қызмет­керлеріне арналған пәтерлер салу­дың арнайы бағдарла­масы іске асырылуда. Астананың негіз­гі каптиталына инвестиция салудың жыл сайынғы өсімі 30 пайыздан асу үстінде. Елбасымыздың бастамашы­лығы арқасында бұның басым бөлігін жеке инвесторлар қаржысы құрауда.

Бір сөзбен айтқанда Астана Қазақ­стан Президенті алға қойған эко­номиканы әртараптандыру клас­терлік бастамашылық пен жоғарғы техноло­гия­ларды дамыту, ғылым­дағы бәсеке­лестік басымдылықты жетілдіру секілді жолдарда табысқа қол жеткізуде.

Әлем қаласы — Астананы отан­дық құрылысшыларымызбен білек біріктіре жүріп, жер жүзінің небір айтулы компаниялары да салуда. Олардың ара­сында көлік, инженер­лік инфрақұры­лым, жобалау мен құрылыс бағыт­тарына маманданған Түркия, Корея, Біріккен Араб Әмір­лігі, Жапония, Канада секілді елдер­дің мамандары бар. Астанада сауда операцияларымен, жобалау жұмыс­тары­мен, құрылыспен айналысатын Еуроодақ елдерінің 100-ден астам кәсіпорындары жұмыс істеуде. Еуроодақ елдері астанаға импорттық жабдықтар, мәшинелер, көліктер, түрлі механизмдер жеткізетін негізгі әріптестердің қатарында. Олардың ішінде Франция Астананың қазіргі күнде аса белсенді сауда әріп­тес­терінің бірі. 2007 жылы француздың ВСЕОМ/Gressard концерцумымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көтерме саудасы жүйесіне қатысты Астанамен арадағы белсенді жұмыс­тары басталды. Бұл жобаны Астана Ауыл шаруа­шылығы министрлігімен бірлесе жүзеге асыра бастады. Болашақта елорда басшылығы осы қарым-қатынастың арнасында Астанада осы заманауи ай­мақтық аса қуатты ауыл шаруашылығы өнімдерінің көтерме сауда рыногы құрылысын қолға алатын болады.

Осылайша, әлемдік деңгейге нық қадам басқан Астана бүгінде Орталық және Шығыс Еуропаның көптеген шаһарларымен бауырлас қалалар дәстүріне қосылды. Олар­дың қата­рында Мәскеу, Будапешт, Берлин, Варшава, Вильнюсь, Гданьск, Киев, Кишинев, Минск, Рига секілді жаһан­ның әсем де, тарихы бай мегополистері бар. Әлемнің осы қалаларымен Астана қала шаруашылықтарын басқару­дың, қаланың инфрақұрылымдары мен экономикасын дамытудың, мәдениет­тің оң істері тұрғыларында тәжірибелер алмасуда, бизнес-жүйе­лерімен де байланыстар орнатуда.

Астана қаласы шынында әлем­дік дәрежедегі саяси ғана емес, мәдени-рухани ірі шаралардың да көшін бастап келеді. Мәселен, қазір дүние жүзінде орыс тілінің халық­аралық жылы өтуде. Осы игі істің де алғы сапында Астана қаласының белсенділік танытуы қуантады. Бір ғана осы елорданың өзінде ұлы Пушкин мен Толстой, Достаевский тілінің қазақ мәдениеті мен рухани өміріндегі, тарихи жолындағы тыныстарына арналған ондаған шаралар өтті. Қыркүйек айының соңында Астанада Ресейдің халық­тар достығы университеті ғалым­дары­ның қатысуымен орыс тілі мен Ресей мәдениетінің күндері және қазан айында ХХІ ғасырдағы орыс тілі мен мәдениетінің халықаралық конгресі шақырылғалы отыр. Бұған да қазақстандықтар тарапынан зор ықылас, қолдау білдірілуі риза етеді, – дейді, бізге Ресей Федерация­сының Қазақстандағы Елшісінің кеңесшісі, Ресей ғылымы мен мәде­ниетінің елордадағы орталығының директоры Борис Калинич мырза. Астанамыз дамудың өзге де бағыт­тарында серпінді қадамдар жасауда.

Әлбетте, Астананың экономика­лық жетістіктері оның аймақтық және әлемдік рыноктардағы бәсе­келестікке төтеп бере алу қабілетіне тікелей бай­ла­нысты. Елордада қазір ғылым жетіс­тіктеріне арқа сүйеген өнеркәсіпті, инновацияларды игеру, тамақ өнер­кәсібін дамыту, туризмді өркендету секілді кезек күттірмес шаралар қолға алынуда. Қала тұрғындарын әлемдік деңгейдегі медициналық және білім беру, мәдени-спорттық қызмет түр­лерімен қамтамасыз ету шұғыл атқа­рылуда. Астаналықтардың шығарма­шылық қабілеттерін ашу мен қалып­тастыру да үлкен міндет ретінде мақсатқа айналуда.

Елорданың ең басты байлығы әрине, оның адамдары. Бүгінде Астанада 130 ұлт пен ұлыстардың өкілдері тату тіршілік кешуде. 45 конфессия өкілдері елорданың өміріне өзек болар түсіністікке қызмет жасауда. Астананың бір өзінде ғана Қазақ­станның кіші Ассамблеясына біріккен 26 ұлттық- мәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Бәрі де жасампаздыққа еңбек сіңіруде.

Еліміздің бас қаласының оңтүс­тік-батысындағы аспан аясына қол созған биіктігі 24 метрлік алтын түстес “Астана жұлдызы” стелласы­ның ұшар биігіндегі “Жел бәйше­шегі” жұлдызы мен көкке атылған қанатты пырақтарға әуежайдан келе жатқан қонақтар көз салмай өтпей­ді. Осы бір ескерткіш қазақ елінің жаңа ғасырдағы қуатын, қадірін, асыл мақсаттарын танытып тұрған­дай әсерге бөлейді. Сөз жоқ, бас қаламыздың бойындағы жасампаз­дық қайнар халықтық қасиеттері­мізден және де тұңғыш Президенті­міздің қажырлы қайраткерлігінен күш алуда.

Өмір атты ұлы тіршілігімізге күретамыр қанындай, жүрек жанын­дай серпін, қозғау салып тұратын елдік болмысымыздағы осынау жасампаздық қайнардың арқасында қазақ атты перизат халқымыздың азат аспанында Астана атты жарық жұлдыз әлемді таңдандыра, биікке самғап, жарқырай түсуде!
14 312
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
X - XIII ғасырдың басындағы Қазақстан мәдениеті
X - XIII ғасырдың басындағы Қазақстан мәдениеті
Қазақстан территориясындағы қалалардың пайда болуы мен дамуы, қолөнердің өркендеуін, сауда қатынастарын, сәулет өнері мен құрылыстың дамуын, дін және ғылым - білімнің дамуын қорытындылау.
9 - 12 ғасырлардағы қолөнер, сауда және шаруашылықтың дамуы
9 - 12 ғасырлардағы қолөнер, сауда және шаруашылықтың дамуы
9 - 12 ғасырлардағы қолөнер, сауда және шаруашылықтың дамуы Конспект Ортағасырлық қалалардың көбеюі тұтыну бұйымдарын көп өндіруді талап етті. Сондықтан қалаларда шеберханалар көбейе бастады. Қыш құмыра жасайтын шеберханалар Отырар, Құйрықтөбе,
9 ғасырдың екінші жартысы – 13 ғасырдың басындағы Қазақстан мәдениеті. Қалалық мәдениеттің дамуы
9 ғасырдың екінші жартысы – 13 ғасырдың басындағы Қазақстан мәдениеті. Қалалық мәдениеттің дамуы
4 ТАРАУ. 9 ғасырдың екінші жартысы – 13 ғасырдың басындағы Қазақстан мәдениеті. Қалалық мәдениеттің дамуы Конспект Ерте орта ғасырға (6 - 9 ғ.) қарағанда дамыған орта ғасырда (10 - 12 ғ.) отырықшылық мәдениет өркендеп, қалалар саны көбейген.
Архитектура және өнер
Архитектура және өнер
Архитектура және өнер. Конспект Жерімізде сәулет өнерінің тамаша ескерткіштері көптеп кездеседі. 7 - 8 ғасырларда басталып, бітпей қалған Ақыртас ғимараты төртбұрышты кесек тастардан қаланған. Білеулі ғимараты Қазақстан мен Қарақалпақстан
Қазақстан тарихы, адам және қоғам пәндерінен тақырыптық – күнтізбелік жоспар
Қазақстан тарихы, адам және қоғам пәндерінен тақырыптық – күнтізбелік жоспар
Қазақстан тарихы, адам және қоғам пәндерінен тақырыптық – күнтізбелік жоспар. Сыныптар: 8, 9, 10, 11
Астана – Қазақстанның бас қаласы
Астана – Қазақстанның бас қаласы
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Сарысай аулы, Сарысай негізгі мектебінің тарих пәні мұғалімі Бірмағанбетова Индира Есенқұлқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×